Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

14.01.2022 4826

Арылу 12+

Арылу - adebiportal.kz

«Мен өзімді өлтіруден асып түсетіндей, басқа бірдеңе істей алмайтынымды түсінсем де, өзімді-өзім өлтірген жоқпын»

Лев Толстой

Адам баласы – періштелік мораль мен жануарлық болмыстың арасындағы жаратылыс. Сен бүгін еңбекқор, маңдай теріңнің ләззатына бөленген адал деп айтуға жуықтау адам болуың, күні ертең адам өлтіретін және сол адам өлтіргенінен ләззат алатын жендетке айналуың мүмкін. Кеше елді имандыққа шақырған діндар, ал бүгін бала-шағаң күні-түні лағынет айтатын, қарызға батқан инбетчик, не картожник болуың әбден кәдік.

Бүгін халықтың қазынасына қол салған «Құдай атқан» жемқор әрі халықтың арман-мұратын аяқ асты еткен тоғышар, өз билігін аранын толтыру жолына арнаған қылмыскер болсаң да, ертең Түркістандағы Қожахмет Яссауи кесенесіне ел қорғаған батырлардың арасына «салтанатпен» арулап жерленуін өсиет еткен болуың мүмкін. Бұл нені білдіреді? Бұл – қоғамдағы адам бағасы критерийлерінің әркелкі жасалуында, ала-құлалығында.

Сенім мәселесінде де ыңғайға көше қоятын солқылдақтықты күнде көреміз. Кезінде, кәкемді Құдайға сенетін «зиянды элемент» деп жергілікті органдарға көрсеткен адам – бұл күнде имам. ХХ ғасырда «Құдай жоқ» деп, діндарлардың үстінен «елді бұзып болды» деп коммунистік партия ұйымдарына шағым түсіріп жүрген мұғалімдер бүгінде діни уағыз айтатын молдаға айналып кеткен. Осылардікі не жорық? Ұстаным қайда? Принцип қайда? Ұстанымы – пайда. Ысқаттан, құраннан бірдеңе түсе ме дегендіктен, осы жолды таңдап алған. Таңдау деуге тұратын болса, әрине. Олар сауап үшін жүрміз дер. Бірақ сауапты ақша үшін істейді. «Ақша үшін сауаптың құны көк тиын» дейді мораль кодекстері.

Біз де «негізгі ойымызды» бір қабат жылтырақ қағазбен қымтап қоямыз. Көбімізді бала күндегі шектен тыс атаққұмарлығымыз «көзге түсу» үшін сахнаға сүйреді, қолға қалам ұстатты не бокс қолғабын кигізді. «Қалай осы жолға келдің?» - деген сауалға жасымнан қызықтым деп жауап береміз. Сайып келгенде кейіпкерлерімізге алағызып, қосыла шапқымыз келгендіктен, сол кейіпкерге тілеулес жан автордың (ол жазғанда кезінде даңққұмарлықтың көзсіздігімен осы жолға түскен) ыңғайымен кеткендіктен жасырамыз. Ал орта жолда өнердің қатерлі белестерінен өтерде жүрегіміз дауаламайды. Қиындығына төзбейміз. Жазушы халықшыл болуы керек дейміз. Кім Қажығұмар Шабданұлы сияқты 50-60 жылын түрмеде өткізгісі келеді? Кім аяғын мойнына асып, аяқ-қолы қарысып, тар камерада ит қорлықпен ас ішкісі келеді? Өз қалауыммен осы жолды таңдадым деу – өтірік. Ол – жабынды. Ол – жылтырақ қағаз құндақ. Ақпаратқа мейлінше бөккен адам сол ақпараттың ағынымен бірдеңе істегісі келеді. Сол ақпараттар тасқыны сені осы жолға түсіреді. Өзіміз «жақсы адам», «жаман адам» деп адамдарды түлікке бөліп қараймыз. Ойшыл дегеніміз жалаң ақыл, жалаң мораль айта беретін адам болмауы керек. Өзінің өмір сүру практикасының қате тұстарын әжуалай отырып оқырманға ой салу – міне, ойшылдық. Л.Толстой – сондай ойшыл.

«Өмір жайында», «Арылу» атты Лев Толстойдың шығармалары – Кеңес үкіметі тұсында қатаң сынға ұшырап, оқуға тыйым салынған ой-таразысы ауыр еңбектерінің бірі. Жазушы аталмыш туындыны алғашында «Русское богатство» журналы редакторының өтініші бойынша мүнәһиб мақсұтында жазып, мақалалар сериясы кейіннен жүйелі жинаққа енген. Мақала атауы бастапқыда «Өмір мен өлім жайында» деп аталғанымен, көңілдегі күмәнді ойын параққа сарқа түсірген шақта тақырыптағы екінші сөзді алып тастауға мәжбүр болған. Себебі жазушы «ұғымындағы» бұл сөз шығарма аяқталған соң, мағыналық бояуын жоғалтқан. «Өмір жайында» еңбегі ой-толғам түрінде жазылса, «Арылу» – өмірдің мәні туралы неше жылдық азапты ізденісінің көркем формада берілген нәтижесі.

Өмір неден туды? Негізсіз бастаудан шыға ма, әлде материядағы әр алуан заңдылықтардың біте қайнасып, араласуынан шыға ма? Адамзатты осы тақілеттес сауалдар ежелден толғандырып келеді. Адамзат ғұмырының мәніне үңілген жазушы философияның күмән-күдігін, сан салалы ғылыми эксперименттерді терістейді. «Келдім қайдан, нетсем пайдам? Өлгеннен соң не боламды» ойлап, ақиқатты ар-ұжданынан іздеп, ғылым хақында былай толғайды: «Өмір туралы ғылым тілінде маған белгілі ұғым баршаға түсінікті тілде түсіндірілмейді, сондай-ақ одан шығатын ұғымдар да әдеттегі түсініктермен қабыса бермейді, яғни мағынасына сәйкес ойдан шығарылған атаулар иеленген жаңа, шартты түсініктер болып табылады».

Бұлар – түбі жеткізбейтін Зенонның (тасбақаға Ахилестің жете алмайтынын дәлелдейтін) парадоксы сияқты, теориялық құрдымға жетелеуімен бірге практикалық негізде шешуге болатын сауалдар. Яки Толстой мақаласының кіріспесінде мысалға келтірілген диірменшінің өз жұмысын тоқтатып қойып, диірменге қажетті судың неліктен өзеннен келетінін ойлауымен пара-пар дүние. Жазушы ғасырларға созылған даудың кесірінен «Өмір құпиясына» қаныққысы келген ортақ сауалымыз негізгі орталықтан жылжып, шығынып кеткенімізді, алғашқы мағынасынан алшақтақтағанымызды айтады. Лев Толстойға салсаңыз, былайша ойлауға мәжбүрсіз: тауды тесіп алтын-күміс өндіру, дүниені шарлап ұшу; ғылыми-техникалық революцияның сатылап дамуы, биологиялық электр-микроскоптар, жердің бір бұрышынан екінші шетіне дербес ақпарат таратушы ұялы телефон моделдерінің жетілуі, басқаша сипат алған соғыс түрлері, жоғары парламенттік палаталардың реформалары, филантропия, партиялардың таусылмас дауы, жоғары оқу орындар, ақ шашты ғалымдар... – мұның бәрі шынайы өмірдің сипаты емес. Бұл – жалпы адамзат үшін жинақталған ақпарат пен білім қорының жетілдірілген нұсқалары. Адам баласының саудасы, соғыстары, қатынас жолдары, ғылымы, өнері араласа қайнап жатқан күрделі әрекетінің бәрі естен танған тобырдың "Өмір" есігінің алдында сығылысуы ғана-мыс. Ғылыми прогресстің қазіргі орасан зор нәтижесі оның «жалған бағытын» ақтай алмайтынын айтады.

Біз «Өмір» деп адамдардың өзара қарым-қатынасын түсінетініміздей, тұп-тұтас ғылым «Өмір ағысы» деп жоғарыдағыны түсіндірумен әлек. Ертеде жын мен желге әмірін жүргізген, ерекше қасиет дарыған Сүлеймен пайғамбардың тұсында жындар қауымы Адам ата ұрпағына қатты шүйліккен. Ортасына от салып, бір-бірімен қырқыстырған деседі. Жаратушымыз сонда жындар қауымын басқаруды Сүлейменге тапсырған. Сүлеймен пайғамбар екі мәрте жындарды шынжырлап тастауға ұлықсат ала алмай, жаратушымыз үшінші ретте келісімін беріпті. Таң алагеуімде Сүлеймен қайран қаларлық оқиғаға тап келген. Сарайда ешкім жоқ. Көше – дала иен. Базар қаңырап бос тұр. Уәзірлерінен бастап бұқарасы түгел мешітте жиылып намаз оқуға кіріскен. Бір күн емес, бірнеше күн бойы мешіттен шықпай жаратушыға жалбарынумен болған. Сүлеймен пайғамбар жаратушыдан мұның сырын сұрапты. Сонда жаратушы:

- Ей, Сүлеймен келісімімді бермегенімнің сыры – осы. Араларыңда жын-шайтан жүрмесе өмірлеріңдегі бәсеке-бақастық, күнәға итермелеуші нәпсі-қызығушылық сап тыйылады, - депті. Көбіне діни наным-сенім мәселесінде осындай түп негіздегі ауытқулар болып жатады. Меніңше, қарама-қайшы ұғымдардан өмір ағысы туындайды. Өмір ағысын тудыру үшін ақ-қара бояулар қажет емес пе? Философия тарихына дейінгі ескі дәуірлерден бастап, жер жүзіндегі әр алуан халықтардан шыққан адамзат ұстаздары ішкі қайшылығымыздың күрмеуін шеше алатын нағыз игілік пен ақиқат өмірді танытып, темірқазық бағдарын ұсына білген. Әйткенмен 2600 жыл бұрынғы Пифагор теоремасы я осыдан 100-200 жыл бұрынғы физика-химия, биология, геометрия саласындағы ашылулар да қоғамға қалтқысыз, артық-кемсіз қызмет етіп келді ғой?!

Лев Толстой ғылымға қарата «Мен не үшін өмір сүремін?» - деп сауал қояды. Оған ғылым кідіріңкіреп барып: «Ұлан-ғайыр шексіз кеңістікте, өте ұзақ уақыт аралығында, шет-шегі жоқ күрделі құрылымдағы кішкентай бөлшектер түрін өзгертіп жатады, міне, осынау түр өзгерістерінің заңдарын түсінген кезіңде өзіңнің не үшін өмір сүретініңді түсінесің» - деп тіл қатады. Сонда адамның ішкі пікірі мен көзқарасын үнемі өзгерту үшін материалдық қажеттіліктер түр-түсін өзгертуге ұмтыла бермек пе? Көзқарас айнымалы болса, құндылық-дәстүріміз де өзгермек емес пе? Демек күллі өзгеріс атаулы алаңында көзқарастардың қайшылығы мен ұқсасы арасында бір түйін пайда болмақ. Осы түйін дәстүріміздің негізі болып табылмақ.

Бұл жауап та Толстойды қанағаттандырмайды. Бұлдыр ойдың тұманында тұлдыр басы адасып, дінге табан тірейді. Діндегі қасаң қағидалар мен құрғақ моральдар да көңілін көншітпей, ойы он, қиялы қырық саққа шабады. Дүниенің баянсызын, шіркеу пірәдәрінің екіжүзділігін көріп: «Өздерінің діни сенімдерін баяндағанда діндарлар өзіме бұрыннан жақын христиандық ақиқаттарға ақылға қонымсыз, қажетсіз көптеген нәрселерді араластырып жібереді екен, бірақ мені кері серіпкен бұл да емес; мені серіпкен жайт – бұл адамдар өмірінің дәл менікіндей болуы, бір айырмашылығы олардың өмірі өздері мәлімдеген діни сенімдеріндегі түпкі бастауларға сай келмейді», - деп налиды.

Жиылған жамағатқа жәдігөйлене, жарамсақтана, уағыз айтқыш дүмше молданы былай қойғанда, сөзінен танып, уәдесінен жалтарып, құбыласынан жаңылып шыға келетін қоғам өкілдерінің көп бөлігі «екіжүзді найсап па?» деп айран-асыр қаламын. Қазіргі қазақ қоғамында әділет, ынсап, рақым, мейірім секілді қасиеттер өлген. Ал әділет – Құдайдың бір сипаты. Құрметті молда, сіз хақ жолындағы әулиелікке құмар жан болсаңыз, неге осы бір әділетсіздікті әшкерелемейсіз? Таразыдан жеп, «қолдан келсе, қоныштан басып» тұтынушысының қалтасын қағып қалуды ойлайтын саудагер-сатушыңыз, көзапара қожайынын алдайтын құрылысшыңыз, көгілдір жәшікте парасатты көрініп, сыраханада пендешілігі бетіне бырысып шығып тұратын зиялы жазушыңыз, ебін тапса үкіметтен бөлінген тендерді екі асайтын кәсіпкеріңіз, қалыпты өмірде халықшыл көрініп, экранда биліктің сойылын соғатын журналисіңіз... – бәрі екіжүзді.

Осыны ойласам, жүрегім лоблиды. Жапон жазушысы Кобо Абэнің «Бөтен бет» романындағы лабораторияда беті күйіп, пластикалық операция істетіп, әйеліне бөтен әлпетте баратын кейіпкері бар емес пе? Көзіме тура сол әйелінің сатқындығынан қорланған бейкүнә кейіпкер елестейді.

Хош. Толстой ақсақал тағы бір тұйыққа әкеп тірейді. Лесная Полянадағы жекеменшік хуторының саябағында ойланып отырып, кенет: "Бәлкім, біз тағы бірдеңені түсінбеген шығармыз?» - деп дүрсе қояды. Келіспеске лажың қайсы? Және ол «бірдеңе» не? Ғайса «Сендерге қайтадан туу керек» деп нені меңзеді? Міне, біз осы ракурстан ойланайық? Адам өзінің парасатты санасы арқылы алдынан ашылатын игілікке өмірін арнаса, осы арқылы шынайы өмірге қол жеткізсе, оның пайдасынан өзге зияны бар ма? Расында, кімде-кім өмірін игілік пен ізгілік жолында құрбан етпей, хайуанға тән жаратылысының игілігіне арнаса, сол әрекетімен өзін өмірден айыратын шығар? Ғайса сөзінің астарындағы ақиқат-бейне осы ма?

Мен махаббаттан пайда болайын, не қажеттіліктен пайда болайын... Не болса да қоғам қатарында қарайып, тіршілік етіп жүрмін. Бірақ бір сұрақ маза таптырмайды. Бойымдағы «адами қасиеттерді» кімнен алдым және ол қасиеттер қандай сүзгі-сұрыптаудан өтті? «Мен ойлануға қабілеттімін, демек тірімін». Декарттық философияның күмәндану қағидаты бойынша бәріне күмәндануға құқылымын. Әлімсақтағы Адам атадан бастап маған дейін неше миллиард жыл өтсе де, қанша ұрпақ ауысса да, ол – менің өмірге келуіме себеп.

Данышпан Лев Толстой әкей (рухы шат, иманы саламат болғай) адами-зат қауымының жарық дүниеге ешқандай себеп-сылтаусыз, мән-мағынасыз келуі мүмкін емесін алға тартады. Айтса айтқандай-ақ, жетім шығармыз. Әйтсе де бізді құрсағында көтерген, бауырына басып жылытқан, жақсы көрген шешеміздің болғаны – сөзсіз ақиқат. Әгәрәкім тастанды болсақ, тастап кеткен қандай тылсым күш? Құдай дегеніміз – Өмір. Өмір дегеніміз – Құдай. Алгебра ғылымы «анық емес» ұғымдарға сүйенеді, сүйеніп келген һәм сүйене бермек. Дәл осы анық емес ұғымдарды «аксиома» деп атайды. Жазушы бойымыздағы адалдық пен арамдықты мизам таразысына салып, үкім шығарып отырған Құдай туралы аксиомаға «Өмір» деп ат қойған болар?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар