Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Арқада қалықтаған аяулы жыр...

28.11.2018 5470

Арқада қалықтаған аяулы жыр

Арқада қалықтаған аяулы жыр - adebiportal.kz

27 қараша күні Астанада Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен белгілі ақын, «Шұғыла» газетінің бас редакторы, тарихшы, жазушы Сұраған Рахметұлының 60 жас мерейтойына арналған «Жан ғұмырым – Раушан» атты шығармашылық кеш өтті.

Сұраған Рахметұлы – жаңашыл өлең жазу мәнерімен, ұшқыр қиялымен, ойының тереңдігімен қалың оқырманға танылып үлгерген әйгілі ақын. Поэзия саңлағы сонау Баян-Өлгей өлкесінде тұрып-ақ, әлемдік әдебиеттің жауһарларын бойына сіңіріп, қазақ өлеңінің құдіретін жер-жаһанға паш етіп жүргені әмбеге аян.

«Қаламұш әлем», «Түске оранған күз» секілді бірқатар поэзиялық және ғылыми-тағылымдық жинақтарын оқырман қауымға ұсынып үлгерген шайырдың кешіне Астана тұрғындарынан бөлек, Көкшетау, Батыс Қазақстан, Семей, Алматы, Қарағанды қалаларынан еліміздің танымал қаламгерлері арнайы ат басын бұрды.

Поэтикалық кешті Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының директоры, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп, ақынның шығармашылығы жөнінде салмақты һәм салихалы ой-толғамдарын айтып отырды.

Алғашқыда Алаштың белгілі ақындары Ербол Бейілхан, Ықылас Ожай, Ұларбек Нұрғалым, Талапбек Тынысбек, Алмас Темірбай, Мерей Қарт, Мирас Асан кеш иесінің өрнекті өлеңдерін оқыса, Дәулеткерей Кәпұлы мерейтой иесіне арналған авторлық өлеңін тебірене толғады.

Кеш барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Сұраған Рахметұлына жолдаған құттықтау хатын министр кеңесшісі, ақын Бауыржан Қарағызұлы оқып, кеш иесінің иығына шапан жапты. Ал әнші Меруеш Башай Сұраған Рахметұлының сөзіне жазылған «Ана» әнін орындаса, Қайрат Айтпай күй шертіп, көпшіліктің көңілін тебірентті. Сондай-ақ қазақтың белгілі әншісі Нұрлан Өнербаев та өзінің әншашуын тарту етті. Аталған мерейтойына алыстан ат терлетіп келген танымал ақындар Светқали Нұржан мен Ерболат Баятұлыны да ізгі лебіздерін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Жан сырын ақтарған шайырлар ұлттық тамырдан нәр алған ұлағатты жырларын оқып, текті оқырманның ет жүрегін елжіретті.

Осылайша, атамекенін аңсап келген арқалы ақынның шығармашылық кеші Арқаның төрінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тылсым ойдың тереңдігіне еркін бойлаған ақынның поэзиясы Алаш жұртының асыл құндылығына айналғандай. Мағыналы һәм мәнді дүниеге сусаған жұртшылықтан соны аңғардық.

«Әдебиет порталы» ұжымы Сұраған Рахметұлын асқаралы 60 жасымен құттықтайды!

adebiportal.kz

Суретке түсірген: Нұрлан Нұрышов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар