Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Арман Әділбек. Нүктенің күбірі...

16.08.2020 5677

Арман Әділбек. Нүктенің күбірі

Арман Әділбек. Нүктенің күбірі - adebiportal.kz

Сандық

Олимп төбесі ме?

Нілдің түбі ме?

Өтүкен бауыры ма…

Әйтеу, бір алыс жақтардан

Жүректі суырып алардай сүркейлі шуыл жаңғырды:

- Сандық!

Фандораның сандығы десті біреулер оны түнеріп,

Бұлыттар шырқырай ақты қашыққа,

Келесі бір әлемді іздеп.

Тастар селіт етіп оянды

Қандай бір қиямет тумағын сездіріп.

Шойынқұлақтың сандығы десті және біреулер,

-Махаббат пен ерліктің

Әлмисақпен тете туған дұспанын

Тірі қалтыру мүмкінбе?!

Осы сәтте,

Құлақ тұнды

Қайқы қара еліктің қорқырап жығылғанындай,

Немесе,

Іңірдің есін шығарардай солқылдаған дүрсілден.

Шалқұйрықтың тұяқ дүбірі ме?

Алыптың түмен жылдық шыңырау қақпасын күркірей соққаны ма?

Беймәлім.

Мұсаның сандығы десті тағы бір білгіштер,

Құпиялық біткеннің кіліті соның ішінде,

– Аш-дағы,

Жер бетін жұмаққа айландыр.

Қол-аяғы қиылған жетімек ұлдың жылағаны ма?

Иесін жоқтаған қобыздың аңырағаны ма?

Белгісіз бір дауыс

Тау мен даланы өткендей болды күйдіріп.

Әлімді жиып ақыры мен де

Басымды көтеріп қарадым оларға,

Әркімнің қолында бір сандық,

Ешкім ешкімге қарап жатпай-ақ,

Ешкім-ешкімді естіп жатпай-ақ,

Өз қолдарындағы сандықтан

Көз алмай

Айғайлай береді,

Күбірлей береді тынбай…

Мағынасыздық

Ұзақ па?

Қысқа ма?

Кім білсін…

Қайтып келеміз

Қозғалмас көлеңкелерден мейлінше запы болған

Қабарыңқы соқпақты бойлап.

Жолдың бір шеті қып- қызыл бояу,

Бір шеті қараңғы түнек.

Аспан жақта темір қазық жұлдызы ағып барады

Жолағын еріне сүйреп.

Қайтып келеміз

Ескі һәм беймәлім әріптер тұнжырай аққан

Арықтың бойымен,

Соңымызда Хантәңір

Ай қадалған құлыптастарға

Самырсын исі бұрқырап тұрған дауысы шағылып

Мұнартып қана қалып барады.

Алдымызда Ван Гок суретіндегі сарғылтым іреңге малынған ауыл,

Немесе,

Коланың қаралтқым қоңыр түсімен көмкерілген шәһар.

Қайтып келеміз

Фәни мен бақидың қиылысында.

Соңымызда төбесіне тұман шөккен

Мешіттер,

Шіркеулер жерленген

Мазарлық.

Алдымызда қистай ұшқан жарық сәулелер

Шыңғыра майысып жұтылар

Алып қара үңгір,

Немесе,

Өмір мен өлімнің жұптасар жібек көрпесі.

Қайтып келеміз

Жүрмеске болмайтын сүрлеуді шиырлап,

Соңымызда бұрыштар,

Шеңберлер,

Қапастар мүлгіиді қуарып.

Алдымызда қапастар,

Шеңберлер,

Бұрыштар ашады құшағын жұтынып.

Нүкте ме?

Сызық па?

Кім білсін…

Қайтып келеміз

Баба мен баланың түйсігінен тоқылған қыл көпір үстінде.

Соңымызда кім қалды?

Алдымыздан кім күтер?

Барлығы сайрап тұр көкейде.

Сарай төріндегі жетімек

Инеліктің қанатынан аспанға көз жіберіп,

Жанарыңның жәннаттан ары бір мекендерге

Емін-еркін ұшып кеткені,

Қамыс шашағына себілген жылымық таңғы бу,

Көктемнің

төсектен еміс-еміс қалқыған

Ләззәтті дем әуезі болып естілгені.

Немесе,

Бас сүйекке өнген роза гүлінің

Көбелек түйсігіне ұйыған

шұғынық дәмі,

Лүп-лүп еткен сұлу тамырларының

Алақан сағымында әлдиленуі.

Немесе,

Тұманға тұншыққан аңыздай ұңгірде

Сығымдалған ырғақтардың,

Сүйек күлі іреңдес

бүгінгі көлеңкемді толқытқаны.

Немесе,

Тұнжырап жатқан әулие тастардың

кірпігі қағылғанынша

Нешелеген әулеттер жаңаратыны,

Аспан теңізінің толқынын түмендеген ғасырлардың

тозаңы бүркеп тұрғаны.

Немесе,

Шылымымның бұйратыла ұшқан түтіні

Қайсы бір бағытты бетке алып

Көрінбей кеткені.

Адасып кеткен ұлының Суретін

жоғалытқан әкедей-

бір нәрсе

Есіме түспей- ақ қойғаны.

Сағыну

Жаңбыр сіркіреп тұр,

Бұрынғыдан бір айнымай-ақ.

Тізіле себілген тамшылар ішінде

Әлде біреуі

Ештеңелерден бұрынғы

Самалдай шалқыған сәуірді,

Немесе,

Ақмарал жанарын

Есіме салады.

Қарашығыңдай ғана қараңғы тамшы қалқып барады аспанға,

Бұлтқа қарай,

Әлде,екеуіміз адасқан сырлы сарайды бетке алып.

Соңында қалып бара жатқан

Бостық пен барлығы

Тек қана,

Көзімнің ішінде күбірлеп.

Малмандай су болған

Тұйықтаулы көшелер,

Бүрісе ырғалған жапырақтар,

Көзді ашып- жұмғанша

Ақпа жұлдыздай

Жап-жаңа және ескі жолдарға жұтылған іздер,

Әп- сәтте сұрланып үлгірген көлеңкелер,

Өзгелер миында жөңкілген

Менімен титтей де қатыссыз уақыттар.

Жақұт тәжісі жарқырап тұрған бостандық

Қоңыр шапанды жалғыздыққа айланып кеткен…

Жаңбыр сіркіреп тұр.

Нүктенің күбірі

Біз түкке де тұрғысызбыз,

Және,

Біз бәрінен ұлымыз…

Ештеңе де,

Ешкім де байбына жетпейтін нәһән дүнйе шегіндегі тозаңдай ғана елеусіз түйдек болсақ та,

Өз тағдырымыз,

Өз махаббатымыз,

Өз хәбіріміз бар.

Тәніміз ана топырақ кіндігінде гүлмен бірге,

Қармен бірге ауа құшағында балбырап,

Рухымыз ымырыт сайын күн ғұмырлы қиялдың қауырсынында дірілдеп,

Көлеңкеміз әр түн сайын жапырақ тамыршаларын шарлап шалғайға кетеді.

Себебі-

Тас діңгектердің көкірегінде аңыз боп әдіптеліп,

Тас үңгірлердің түбінде ықылымның рауан сәулесін тамызған.

Қыш парақтардың жүзінде құдаймен тілдесіп,

Төрткіл дүниенің төрінде алғашқы қасіреттердің құшағында күрсінген.

Фапирустардың бетіне бағзы бір нәзіктіктің жылы демін сездіріп,

Балауыз шамдардың білтесі іспеттеніп рухы өртенген.

Сары құмға сирағы сіңген,

Көкжиекке кемері ілінген ескілеу үстелдің үстінде

Ақ қағаздың дидарындағы тәпсірлер секілді

Пешенелерден қалқып шығып пешенелерге дарыған.

Ол- махаббатпен ғадауаттан қайнап шыққан нұктелер.

Ол-қараңғыдай көп және жарықтай жалғыздар .

Сондағы ғаламды тарының қауызына кестелеген ғұлама суреттер,

Көшпелі алтындай қяндар қатпарында түлейтін абыз әріптер,

Ғұрдымнан қалқып шыққандай мұнарлы әуездер,

Мұхиттың жүрегінде жылтылдап жанады,

Желдің қанатында уақыттарды қиып өтеді,

Қобыздың мәңгілікпен егіз екі ішегіндегі үндерге сіңіп

Жамыраған жұлдыздардың жарығын жанай

Әлде қайда,

Әлде қашанға сапар шегеді.

Үйткені-

Ұжымақта татқан ең соңғы тағамның

Түйсігіме жылтыз жіберген жұпар исіндей,

Ғажайып бір дәм,

Немесе,

Тұман пердесін серпіп ашардай ұмтылу,

Немесе,самұрық сағымынан тоқылған есіктің ашылуын тағатсыздана күтіп,

Жер үстін аңсаған жанның жанарындағы құмарлық…

Ол-

Ғашықтықтың басталу нұктесі,

Және ақырласуы.

Біздің де.

Солай,

Біз түкке де тұрғысызбыз,

Және,

Біз бәрінен ұлымыз.

Әйнектің әңгімесі

Іш жақта

Мүлгіп отырған адам,

Сырт жақта

Жапырақтары сарғая бастаған ағаш.

Бөлме іші

Кітапқа толы,

Үстелде шарап құтысы мөлдіреп тұр,

Күлсалғыш,

Шалмадай шұбатылған көгілдір торғын түтін…

Сырт жақта

Жапырағы қураған ағаш.

Іш жақта

Меңірейген тастай суық қабырғалар,

Тат басқан кліт.

Сырт жақта

Қарғалар қауырсынын сылай ұшқан суық жел

Үзіліп жатқан жапырақтар дыбысын ертіп

Аулаққа зулайды.

Іш жақта

Өлген шыбын,

Қара қабықты қоңыздың қаудырлаған мәйттері,

Сырт жақта

Арсиған ақсоңке бұтақтарының ұшы

Аспанға тесірейген ағаш.

Терезедегі сынық әйнек хикая бастады…

Оның айтуынша:

Тырналардың әуелеп ұшқанын

Әйнектен көруге болмайды- мыс.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар