Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АЙМАҚТАР ӘДЕБИЕТІ
Арман Қани. Ертіс-Баян өңіріндегі әдеби өмір...

25.09.2018 9078

Арман Қани. Ертіс-Баян өңіріндегі әдеби өмір 12+

Арман Қани. Ертіс-Баян өңіріндегі әдеби өмір - adebiportal.kz

Ертіс-Баян өңірі әдебиетінің ірі өкілдері дегенде Бұқар жырау Қалқаманұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Естай Беркімбайұлы секілді тұлғалардың есімдері ойға оралады. Жалпы айтқанда, бұл өңір Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қошке Кемеңгеров, Иса Байзақов, Қалижан Бекхожин, Дихан Әбілев, Зейін Шашкин, Сәбит Дөнентаев, Қадыр Тайшықов, Мұзафар Әлімбаев, Зейтін Ақышев, Қалмұқан Исабаев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Мүбарак Жаманбалинов, Рамазан Тоқтаров, Нұтфолла Шәкенов, Аллажар Теміржанов, Аманжол Шәмкенов, Ахат Жақсыбаев, Мейрам Асылғазин, Есентай Ерботин, Төлеген Мұқаев сынды асылдардың кіндік қаны тамған өңір.

Қазақ әдебиеті қара шаңырағының бір-бір уықтары секілденген осы жазушылардың соңынан ілескен шоғырлардың қарасы кейбір тарихи кезеңдерде белгілі себептерге байланысты сирегені рас, бірақ үзілген емес. Павел Васильев, Всеволод Иванов, Антон Сорокин, Виктор Семерьянов тәрізді белгілі орыс ақын-жазушылары да осы өңірде шығармашылықпен айналысып, қазақ халқы жөнінде керемет шығармалар тудырды.

Қазіргі кезде Павлодар облысында Қазақстан Жазушылар одағының 12 мүшесі тұрады. Барлығы дерлік туындылары түрлі бәйгелерде, мүшәйраларда жүлделі орынға ие болған танымал қаламгерлер.

Жазушылар одағының облыстық филиалы өңір әдебиетін көркейту бағытында облыс әкімдігімен ынтымақтаса жұмыс істеуде. Соның нәтижесінде, жергілікті қаламгерлердің туындылары Астанадағы «Фолиант», Павлодардағы «ЭКО» сықылды озық баспаларда жарық көрді. Жас ақындардың ұжымдық жыр жинақтары да бірнеше мәрте басылып шықты. Өткен 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» ұстанымын жүзеге асыру мақсатында Баянауыл ауданы ақындарының «Баян-жыр» жинағы жеке шықты. Осы тұста Баянауылда талай тұлғалардың дүниеге келгенін, Баянауылда талай белгілі жазушылар бас қосқан ірі мәдени шаралар ұйымдастырылғанын және сол киелі мекенде 2007 жылы жас қаламгерлердің республикалық форумы өткенін еске алсақ, артық емес.

Облыс мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жанынан жергілікті жазушылардың кітаптарын шығару мәселесі бойынша сараптау комиссиясы құрылды. Басқарма тарапынан, әсіресе, шығармашыл жастарға мейлінше қолдау көрсету көзделген.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жергілікті жас ақындардың Қостанай, Қарағанды облыстарының жас ақындарымен ой бөлісіп, тәжірибе алмастыру мақсатында онлайн-кездесуі өткізілді. Аталған кітапхана мен Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімдерін ұйымдастыру дәстүрге айналған. Осы екі мәдениет орталығында құрылған жас ақындардың әдеби бірлестіктері түрлі мәдени шараларды жүзеге асыруда. Жақында ғана Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде республикалық жастар кеңесінің облыстық бөлімшесі ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Аталған жастар кеңесі жаңа шығармалдарды, тың туындыларды саралап, талдап, бағалау жұмыстарына кірісіп кетті. Сондай-ақ музей бірнеше ақынның бейнеролигін жасап, интернет желісі арқылы таратты.

«Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығы жанынан ашылған «Желдірме» өнер мектебінде тәлім-тәрбие алып шыңдалған жас ақындар облыстық, республикалық айтыстарда, мүшәйраларда жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Мұндай өнер мектептері Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатында және облыстың кейбір орта білім беру мекемелерінде нәтижелі жұмыс істеуде.

Екібастұз қаласындағы «Атамұра» өнер орталығында да шығармашылық үшін қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек әр аудандағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жанынан поэзия клубтары әдебиеттің мәртебесін көтеруге күш салуда. Мәселен, Баянауыл ауданындағы «Жыртұма» поэзия клубының мақсаты – жастар талабына қанат бітіру.

Соңғы 5-6 жылда облыстың әдеби-мәдени өмірінен тұщымды ақпарат беріп, салмақты һәм жан-жақты жұмыс жасап келе жатқан облыстық «Найзатас» әдеби-көркем журналы өңірдегі жас қаламгерлер мен аға буынды рухани байланыстырған басылымға айналды. Осы журналдың төл жобасы «Мөлдір муза» аясында аудан-аудандарда кездесу кештері өткізілді.

Павлодар, Екібастұз қалаларының және Баянауыл ауданы ақын-жазушыларының осындай кездесулері тартымдылығымен жұртшылықтың жадында қалды.

Жақында ғана «Ақбеттау» журналы қазақ руханиятының көшіне қосылды. Бұл да Ертіс-Баян өңірі әдебиетінің, тарихы мен өлкетану салаларының өсіп-өркендеп келе жатқанының көрінісі. Тағы бір назар аударатын жайт, облыстың бас газеті «Сарыарқа самалы» және «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының «Ертіс дидары» газеті әрдайым әдебиет беттерін беріп, жекелеген жергілікті жазушылардың шығармаларын да жариялайды. Мұның өзі жақсы туындыларға жол ашық екенінің бір белгісі емес пе?

Республикалық, облыстық деңгейдегі мерекелер мен атаулы күндерге орай ұйымдастырылған әдеби бағдарламаларда, поэзиялық кештерде жергілікті шығармашыл зиялылардың бастары қосылып, әсерлі әңгімелер, жылы естеліктер айтылады, өлеңдер оқылып, өскелең ұрпақтың санасына отансүйгіштік сезімдері сіңіріледі.

Биылғы 2018 жылдың өзінде ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына және ірі қоғам және мемлекет қайраткері Мұса Шорманұлының 200 жылдығына орай республикалық мүшайра ұйымдастырылды. Екі жыр жарысына да еліміздің түкпір-түкпірінен танымал ақындар қатысып, жаңа жырларын жолдады. Аталмыш әдеби шаралар жас ақындардың өңірімізде бас қосуына септігін тигізе отырып, тарихы терең, табиғаты тылсым өлкемізбен жақын танысуына мүмкіндік туғызды. Бұдан бөлек облыс тілдерді дамыту бастармасы, «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығы, облыстық «Халық радиосы» ұйымдастыратын жыр жәрмеңкелерінің де мән-маңызы елеулі.

Және бір ауыз толтырып айтатын жайт, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті тарапынан жергілікті шығармашыл зиялыларды жұртшылыққа танытып насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілгені. Атап айтқанда, университет «Кереку-Баян антологиясы» сериясымен облыс жазушыларының 35 томдығын, Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларының 20 томдығын, Иса Байзақов шығармаларының 3 томдығын, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 6 томдық шығармалар жинағын және «Павлодар Ертіс өңірі», «Мәшһүр Жүсіп Көпеев», «Сұлтанмахмұт Торайғыров» энциклопедияларын шығарған еді.

Әр жылдары танымал қаламгерлермен бірге дарынды жастарға да облыс әкімінің 200 000 теңге мөлшеріндегі гранты беріліп, қаржылай қолдау көрсетілді. Аймақ басшысы Болат Бақауов гранттар тапсырар алдында шығармашылық адамдарымен кездесулер өткізіп, олардың өтініш-тілектеріне назар аударады әрі оң шешімін де табады. Демек, біздің облыста жергілікті жазушыларға деген құрмет ерекше!

Ал, өңір қаламгерлерінің дарыны мен қабілет-қарымы қандай деңгейде? Бұл сұраққа біздің жерлестеріміздің туындыларымен танысқан мәртебелі оқырмандардың өздері жауап табады деген ойдамыз.

Сөз соңында Павлодар облысының қаламгерлеріне де «Аймақтар әдебиеті» жобасына қатысуға мүмкіндік тудырып, өңірлердегі әдебиетті насихаттау ісінде ілкімді жұмыс жүргізіп жатқан «Әдебиет порталының» ұжымына ризашылық сезімімді білдіремін.

Арман ҚАНИ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағы

Павлодар облыстық филиалының директоры.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар