Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Арман Шеризат. Абайдың арманын арқалаған жан...

20.06.2019 4289

Арман Шеризат. Абайдың арманын арқалаған жан

Арман Шеризат. Абайдың арманын арқалаған жан - adebiportal.kz

Дұрыс өмір сүру дегеннің өзі дұрыс ойлай білуден басталады. Ой үлкен құдіретке ие. Дүниедегі барлық қараңғылық пен қасіреттің бастауы ойсыздықтан. Дүниені ой көзімен шолған ойшылдардың қашанда санасы жарық, ақырын жүріп адаспасы анық.

Әрбір ұлттың дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырушы ойшыл тұлғалар болады. Олар дәйім ұлтының көшін алға тартып, ұрпақтың жарқын болашағына қызмет етеді. Нені айтса да меңзеп, астарлап сөйлеп алысты болжайтын, көреген қазақ ойшылдығының тамыры тереңде. Сол қанша ғасырлар бойы жалғасқан қазақ ойшылдығының көкжиегін кеңейткен жаңа бір биігі, тобықтай түйіні – Абай! Бізді кешегі санамызды тұмшалап ойсыздыққа жеткізген кеңестік жүйенің арандай ауызынан алып қалған да сол - Абай философиясы. Күндей жарық ойлары санамызға сәуле төкті. Ұйықтап кеткен ұлттық санамызды оятып, қалам ұстаған барша қазаққа үлгі болды. Жігерін жаныды, намысын қайрады. «Тәуелсіздік» дегеннің өзі де әуелі сананың еркіндігінен басталады. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі тәуелсіз сана қалыптастыруында. Еркін санасы қалыптаспаған елдің ертеңі бұлыңғыр. «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» - деп күрсінген Абайдың арманын арқалаған жандар ғана аяулы азаттықтың парқын ұқпақ. Адамшылықтың шыңы болған Абай ілімімен сусындап, адамгершілік пен ізгілікті ту еткен Абайдың жолымен жүріп, бүгінгі тәуелсіз қазақ қоғамына да Абай сөзінің ауадай қажет екенін ұқтырып келе жатқан ойшыл-жазушы, көрнекті тұлға – Ғарифолла Есім.

Еліміздің егемендігінің қалыптасуына, ұлттық сананың қалыптасуына зор үлес қосып келе жатқан академик арысы Анахарсис, берісі Асан қайғыдан тартып, «Хакім Абай», «Данышпан Шәкәрім», «Кемеңгер Мұхтарға» дейін жалғасып, алтын арқауы үзілмей бүгінге жеткен қазақтың даналығын жан-жақты талдап, жаңаша көзқараспен зерделеп-зерттеп келеді.

Қазақ философиясының негізін қазақ тілінен тауып, филология мен философияны қатар ұштастырған ғалым сүбелі еңбектерімен, ой-толғауларымен халқының жүрек көзін ашып, қазақ топырағында жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырып, барынша кемелдендіру үстінде.

Ойшылдарды тереңдете оқып, оның палсафалық ойын түсіндіріп қана қоймай, жалпы Абай ғақылиясын өмірлік ұстанымы ретінде ұстанған ғалым кейбір қатып қалған қағидаттарды бұзып жаңаша ой ағынына, жаңаша көзқарасқа жол ашты.

Жан-жақты тұлғаның шығармашылығы сан алуан. Терең ойшыл, жазушы, ғалым, ұстаз, зерттеуші, филолог, анық абайтанушы, драматург, саясаткер, публицист. Қай қырына үңілсең де бай қазынаға толы. Еліміздің рухани саласының дамуына қомақты үлес қосқан академик Ғарифолла Есімнің әрбір шығармасы тіл шұрайлылығы, ой тереңдігімен ерекшеленеді. Олардың қай-қайсы да зерделі оқырманға олжа салатын танымдық, тағылымдық құнды дүниелер.

Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, өнеріне, ғылымына сіңірген еңбегі ерен ғалымның ерекшелігі ешқандай шеңберде қалып қоймай үлкен ауқым, кең өрісте ойлана білуінде. Ғұламалардың көрсеткен бағыт - бағдарын негізге алып, ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиеледі. Адам баласы үшін осынау қысқа өмірде уақытты дұрыс игере білудің мән-маңызын ұқтырып, қазақ жастарын дұрыс ойлай білуге жетеледі.

Туған жерін жүрегіне ту еткен жазушы өзінің қасиетті туып-өскен жері жайлы «Ақ өлең – аққулы мекен» атты елдің, жердің тағдырын, Ертіс өзенінің тұсындағы «Қиық» көлі, ондағы аққулардың тағдырын арқау еткен роман-эссе жазды. Тәуелсіздікпен бірге аққуы оралған - Аққулыда хакім Абайға ескерткіш тұрғызды. Отаршылдықтың озбырлығынан үріккен киелі сол аққулар біз үшін туған жердің төсіне тәуелсіздікпен бірге қанатына Абайды қондырып алып келгендей болды. Сол ескірткіштің ашылу салтанатында ағаның «Абаймен бірге мұнда қазақтың рухы келді» деп тебірене сөйлеген сөзі халықтың көңілін толқытып, көзіне жас алдырған еді. Сол сапарда адал перзенттің анасына арнап салған «Бижамал ана» мейрамханасынан да дәм таттық.

Еткен еңбек, төккен тер тұлғаны өз биігіне алып шықты. Бүгінде жетпістің төріне шыққан Ғарифолла ағамыз белгілі қазақ философы, коғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор. Бүгінде елімізге белгілі қаншама шәкірт тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаз, елдің мемлекеттік өміріне белсене қатысып, үлкен қоғамдық-саяси жұмыс атқарды. Көптеген ғылыми монографиялардың, мақалалардың, эсселер мен көсемсөздік туындылардың авторы. Жемісті педагогикалық қызметі мемлекет тарапынан бірнеше мәрте марапатталды.

Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» атты әңгімесіне арқау болған ғазиз жанды Ғазизаның басына белгі қойып, Күшікбай бекет-бұлағында қазақ қыздарының тағдыры жайлы кеңінен толғанған еді. Көркем мінезбен, ақылдылығымен өзін дүйім жұртқа сыйлата білген дана аналарымыздың жалғасы болған бүгінгі қазақ қыздарының тағдырына алаңдауы заңдылық. Өзі қазақ қызының батырлығы, талапшылдығы, қатал сынақтарға қайыспай қарсы тұра білуі хақында «Таңсұлу» пьесасын жазды. Бұл үлкен еңбек. Шынында, қызына қорған бола алмаған жұрттың қасиеті жоғалып, қасіреті артпақ.

Үнемі: «Ойшылдықтың ең үлкені дұрыс өмір сүре білу» деп жүретін ұстаз, жастарға: ниеті таза, Отанына, тіліне, тарихына адал, бар қазақ – бір қазақ деп білетін «Жақсы қазақ» болуды насихаттап келеді.

Ойшылдардың даналық дүниетанымын саралап, халқымыздың дүниеге деген көзқарасын жаңалауды мақсат етеді. Әлемдік ахуалдарға көз сала отырып, еліміздің жарқын болашағы үшін келісім мен бейбітшіліктің жаршысы болуға шақырады. Ізгілік ілімін насихаттайды. Дүниедегі күллі зұлымдық пен қатыгездіктің тамырын қиып, ізгіліктің жолында жүруді, сол жолда күресуді адамдық парызым деп біледі. Себебі, ізгілік нұрынан алыстаған адамды надандықтың қараңғылығы жұтпақ. Сондықтан да ойшылдар дүниеге ізгілік нұрын таратушылар болып табылады. Өмір дегеніміз де сол қараңғылық пен жарықтың бітіспес күресінен тұрады.

Әлемдік және ұлттық философияны тану жолында тынымсыз еңбек еткен ғалымның жазған зерттеулері ұшан-теңіз. «Мәңгілік ел» болудың айқындамаларын да ашып көрсетті. Олар – дәулет философиясы, іскерлік философиясы, дәстүр философиясы, қазақ қызы тәрбиесі, инновациялық ойлау философиясы және жақсы қазақ идеясы.

Ойшыл орысшылдық пен батысшылдықтан айығып, халқын нағыз қазақ болып өмір сүруге шақырады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар