Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Арман Шеризат. Сұлуторы дүние-ай, сылаң қаққан...

30.05.2019 4620

Арман Шеризат. Сұлуторы дүние-ай, сылаң қаққан

Арман Шеризат. Сұлуторы дүние-ай, сылаң қаққан - adebiportal.kz

Алтайдан аққан Қобданың асау толқынындай арнасына сыймай тасып, асқақ рухты қасиетті қазақ жырына құйған ақын – Дәулеткерей Кәпұлы. Оның бойына ата рухымен де, ана сүтімен де дарыған ұлы қасиет – ақындық. Байырғы жұрттың бай тілімен өріліп жатқан ақын жырлары тайпалған жорғадай жүрісінен жаңылған емес. Жарық жалғана жанымен ғашық ақын:

Жапқым келмей қақпасын қара түннің,

Кей түндерде көз ілмей таң атырдым.

Жарығыңа ғашықпын, тәубе, Тәңір,

Тамшы сүттей сәулеңнен жаратылдым, - деп төгіле жөнеледі.

Ақындық – Тәңірдің берген ұлы қасиеті. Шеберлікті қалыптаса келе адам өзі шыңдаса да, қасиетті жаратушы ғана дарытады. Бесікте өлеңмен көзін ашып, қасиетін бала жастан танып, домбыраға жырын қосқан ақын бүгінде жазба поэзияның да ірі өкіліне айналған. Дара болмы­сты қаламгердің шығармашылығынан ұлттық рух атой салып, жусан иісі бұрқы­райды. Тіпті әлқиссасын «Тобылғы торы тіршілігім-ау» - деп бастайды ақын. Асау жырларын оқығанда тамырын текті түркіден тартқан қазақы болмысыңмен кісінесіп табысасың. Осыншалық ұлттық болмысты таным-түй­сігімен түсіне, жеріне жеткізіп жыр­лаған ақын сирек. Шұрайлы тілімен өрілген шырайлы жырлардың әр шумағын тебіренбей, еміренбей оқу мүм­кін емес. Оқырманға ай­тар сыры көп. Өне-бойынан Алтайдың аршасы, Тарбағатайдың бүлдіргені аңқыған өлең­дері табиғи әрі шынайы. Ақынның тағдыр-таланы да өзгеше. Әкесі ақын Кәп ақсақал - Қытайда, өзі - Моңғолия, баласы тәуелсіз Қазақ топырағында өмірге келді. Сондықтан өз тағдырын: «Мен- Тәңірім шашқан тары едім, Әр топыраққа көктеген!» - деп жырға қосты.


«Терісбұрау» жыр жинағы туған елге, жерге деген ыстық сезімнің қасиетті бойтұмары секілді. Поэзияда өзіндік қолтаңбасы бар ақынның бұл жинағы жылқы болмысты жұртына, уызында жарыған ұлтының ұлдарына үлкен ой салған кесек туынды. Бабалар танымы таспадай өріліп, өрнектей кестеленген. Бағзы заманнан бері бабаларымыз қасиет тұтқан адамзаттың алтын бесігі, өзі туған қасиетті Алтайды жырына қосып, былайша тебіренеді:

Алтайдан күн көтерілді

Ақ бесік - нұр мекенімді еске сап.

Аманат қылдым кімге төрімді?!

Қайқы бас ер мен бірге тебінгі,

Есіме түсті-ау ескі ошақ.

Менің айбалта төзімімді төске сап!

Міне, ақын жанының Алтаймен тілдесуі, әрине, бұл жерде ақынның ішкі рухының асқақтығы жыр жоларының әсем үйлесімділігі оқыған жанға бірден әсер етіп, қиялына қанат бітіреді. Шыққан күнге қарап тұрып кешегі қазақтың атақонысы болған Алтайды ескі алып, ертеңгі тағдырына алаңдайды. Осы тектес «Алтай астым, Алатауда түледім», «Өр Алтайдан өркен жайып гүл дестем», «Сұраған аға», «Сүйінші, қайың бүрледі», «Пердесін тұтқан жалқын күзгі ымырттан», «Мен - Алтайдан аққан Қобдамын!», т.б жырларында табиғат көркемдігі, туған жерге арналған ақжарма ізгі ниетпен бірге ата салт, тіршіліктің сан қыры көз алдыңа елестеп, көкірегіңді асқақ арман кернейді.

«Ұлым, саған не дейін, дертті уақыт» өлеңінде ұлы Ақытқа есімін қалай қойғаны жайлы сыр айтады. Қазақтың көрнекті ақыны, ағартушы, дін қайраткері Ақыт қажы Үлімжіұлының (1868-1940) өмірі мен шығармашылығын зерттеуіне арқау еткен ақын осы бір кесек тұлғаның болмысын ашып, халыққа кеңінен таныта түсті. Ақын, Ақыт қажы Үлімжіұлы жайында зерттеу еңбектің авторы. Бұл оның ғалымдық қыры. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында Қазан қаласынан тоғыз кітабы басылған Ақыт ақынның мұрасы Қытай мен Моңғолия қазақтары арасында кең тараған. Ақыттану ілімі де сол жақта бастау алған екен. Бұл ғылыми монография Ақыттану саласына қосылған сүбелі еңбек болып табылмақ.

«Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» - деп келген халықпыз. Жылқы қазақтың бір бөлшегі, ұлттық сана-сезімі, таза болмысы, тұрмыс-салты, әдет-ғұрыпы, поэзиясына айналған. Ол – көшпенділердің мәдениет пен өнерінің бөлінбейтін тұтас бір бөлігіндей. Орталық Азия, оның ішінде қазақ даласы – жылқының отаны. Жылқы - қазақтың ұлттық бренді. Сондықтан жылқының қасиетін осы елдің азаматтарындай ешкім сезініп, жырлай алмайды. Мұны көшпенді тірліктің ортасында өскен ақын ерекше сезініп, кестелі тілмен өрнектейді. Тіпті, сол махаббатымен оқырманын да ғашық етеді. Оған дәлел мына бір жолдар: «Қазақ дейтін қасқа айғырдың құлыны ем», «Құлынымда қоңырау таққан елім», «Құба таңда құлын даусы оятса», «Сұлуторы дүние-ай, сылаң қаққан», «Арман сені қайтейін, ардакүрең», «Кекілі сыланбады кербестінің», «Тебіндеп шыққан жылқыдай, Теуіп жеп келем ырзықты», «Үйреншікті қаласы болғанымен, Үркесоқтап қарайды жылқыкісі», «...Шекесін кеп қасып тұр, Жұртта адасқан бір құлын», «Қарагер атты босатып қасаң тағалы», «Тілініп езу, астымдағы асау басыққан», «Шипабұлақ шәрбатынан бір татса, Сақау жылқы, тісеу құнан айығар», «Астанада армандаумен отырам, Аяқтанбай жатқан торы құлынды» - міне тұнып тұрған сурет, тағдыр, тұтас өмір, барлығы да осы бір жолдарға сыйып тұрғандай. О бастан қазақ пен жылқы егіз ұғым. Жылқы табиғатын жақсы танитын қазақ қана осылай жырласа керек. Ал қазақы ұғымнан санасы ада, төл табиғатынан алыстап кеткен ағайынға ақынның өкпесі де бар:

«Сұлу жорғаны әспеттеп сөйлеп қайтейін,

Сұлы дорбаны білмейтін қандастарыма?!» - деп сынға алады.

Жүрегіміздің төріне жатқан сол дара болмысымыздан ажырап рухымыз әлсіреп қалғанмен біздің өрлігіміз, асқақтығымыз жылқыны көргенде өзінен-өзі бас көтереді. Себебі санамыздағы ұлттық кодты ешкім де өшіре алмайды. Ол рух ұлттық поэзиямызда сақтаулы.

«Бердіқожа баһадүрге» өлеңінде елінің намысын жанына жалау етіп, ормандай орыс пен жоңғарларға жасындай жарқылдап қарсы тұрған, атажұрттың қорғаны болған қазақтың мақтанышы Бердіқожа батырының ерлігіне тәнті боласың. Сондай-ақ, көзі тірісінде аты аңызға айналған батырдың кесір бодандықты мойындамаған өршіл рухы жыр тілімен өрнектеліп, айшықты сомдалған. Сонымен қатар, «Байрағы бұлтты жарған», «Қараторғай жағасы», т.б өлеңдері бабалардан мирас болып келе жатқан батырлық асқақтығы мен ерен ерліктерін ұрпаққа ұран етіп, кейінгі жастарға өнеге беріп қазақ ұлтының батырлығын, ұлылығын жалпақ жұртқа паш етеді.

Түркіден жеткен тектілік қасиеттер тонның ішкі бауындай бір-бірімен етене қабысып шешен тілмен әсем көркемделген. Туған ұлтының бойындағы осыншама ізгілік, даналық, батырлық қасиеттерін келер ұрпаққа үлгі-өнеге етуді мұрат еткен, осы жыр жинақтың өзі ешбір өлшеммен өлшенбейтін, баға жетпес құндылық.

Ақтангер ақын Дәулеткерей Кәпұлының шығармаларындағы заңғар тау, зеңгір көк, туған жердің самал желі, жұпарлы өсімдігі мен таңбалы тастары, шұрқыраған жылқылары, бұрқыраған жусаны бәрі-бәрі өлең-жырдың алтын өзегіне айналып, біртұтас тірі туындыға айналып отыр. Туған жердің табиғаты, оны мекен еткен аңқылдақ жандар, табиғаттың әрбір құбылысы өлеңмен өріліп, жан-жақты суреттелуімен қатар, өзіндік қолтаңбасымен дараланған тың дүниелер екендігінде дау жоқ.

Қарағай басын күн шалып,

Жүректің басын мұң шалып.

Немесе:

Жабырқау тартқан көңілім,

Жапырақ жайсын қайың боп.

деп, табиғат пен адам тағдырын жарыстыра, салыстыра бейнелей отырып, өлеңнің мән-мазмұнын терендетіп әсерлі еткен. Мұнан ақын поэзиясының көркемдік сапасын айқын аңғарамыз.

Ақынның өзі жырға қосқан текті жылқы жануары да жершіл емес пе?! Оның жүрегіндегі бір мұңы туған жерге деген сағыныш. Алтайдың арғы бетінен бергі бетке өткенде жүрегінің жартысы қалып кеткендей. Өкініштісі жақында болса алыс туған өлке өзгенің иелігінде қалды.

Шындығында әрбір ақын өлеңмен өзінің тағдырын жазады. Мына бір жолдарда қаншама сыр жатыр: «Киіктің жанарындай жаным жәудір», «Жүрегімнің ішіндегі Қазаққа, Жүрегімді сыйлағам!».

Ақынның түйсігін көне түркілік танымы түрткілеп оятқандай. Балбал тасқа айналған бабаларымен жыр тілінде сырласып кетеді.

Жота кездім, жүдедім,

Қыр басына түнедім.

Балбалтасқа бас сүйеп,

Қалғып кетсем – тілегім.

Таң нұрына боялсам,

Күнге құшақ жая алсам.

Балбалтастың жүрегі,

Бүлк еткенде оянсам.

"Сүтті іңір", "Бүлдірген ағып түскенше", "Шертолғақ", "Бөрісырғақ" жыр жинақтарын шығарған белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дәулеткерей Кәпұлына біз сөз етіп отырған "Терісбұрау" өлеңдер жинағы үшін жақында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Бұл ақын өлеңдеріне берілген үлкен баға. Оқырман ретінде біз де алған әсерімізбен бөлісіп, өз пікірімізді ортаға салдық. Құдіретті поэзияға сіз де үңіліп көріңіз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар