Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Арман Қани: Қоғамдық санаға батпандап кірген ауру ...

06.03.2019 4719

Арман Қани: Қоғамдық санаға батпандап кірген ауру мысқалдап шығуда

Арман Қани: Қоғамдық санаға батпандап кірген ауру мысқалдап шығуда - adebiportal.kz

Ақын Арман Қани биыл 65 жасқа толып отыр. Ол - Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Павлодар қаласының құрметті азаматы, Баянауыл ауданының құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін», «Тіл жанашыры» Құрмет белгілерінің иегері. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Павлодар облысына – 75 жыл», «Невада-Семей» қозғалысына – 25 жыл», «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл», «Қазақ хандығына – 550 жыл» мерекелік медальдарымен наградталған. Оқырман назарына ақынның «Найзатас» журналына берген сұхбатын ұсынамыз.

– Арман Бақтанұлы, тырнақалды өлеңіңіз есіңізде ме? Қашан, кімге, неге арналып еді?

Алғашқы тақпағым, өлең деп айтуға келмес, Ақбет тауға арналған болатын. Ол кезде Баянауылда, әкем Бақтанның інісі Әнуардың үйінде жатып, С.Торайғыров мектебінің 4-сыныбында оқитынмын. «Ақбет тауы жазда көгереді, Ақбет тауы қыста өзгереді» деген жолдары есімде қалыпты. Аудандық мәдениет бөлімінде істеп жүріп, шығармашылықпен айналысқан ағам Әнуар Қалиевтің және сынып жетекшім Бердалина Рымтай мұғалімнің менің талабыма мақұлдау білдіргені де есімде. Одан кейін Май ауданының Ақшиман орталау мектебінде 5-сынып оқығанымда Қалмаққырылған тауы жөніндегі ойларымды өлең жолдарына айналдыруға талпынғанмын. Қаламым ұшталғанда бұл тақырыптарға қайта оралып, өлеңдер циклін жаздым. Тіпті «Баянауыл жырлары» атты шағын жыр жинағым жарық көрді.

– Бұрын оқуға деген ниет жоғары болды да, сатып алатын кітап тым аз еді ғой. Қазір қай кітап дүкеніне барсаңыз да, көркем әдебиеттің небір жауһарлары қаптап тұр. Бірақ сатып алып, оқиын дейтіндей жұртта баяғы ниет жоқ. Қалай ойлайсыз, қазақтың көркем әдебиеті өз оқырманын жылдан-жылға жолғатып жатқан па? Егер жоғалтып жатса, оның себеп-салдары неде деп ойлайсыз?

Иә, ондай қатер бар. Біз қазір ақпарат тасқыны кезеңінде өмір сүрудеміз. Интернет, телевизия, радио, газеттер мен журналдар, түрлі брошюралар арқылы келіп жатқан ақпараттар тасқынын игеруге уақытымыз жетіспейді. Ал біздің бала кезімізде компьютер, телевизор, ұялы телефон болған жоқ, радио нүктелері кең таралмаған-ды, газеттер мен журналдардың саны да, таралымы да аз еді. Осындай себептерге байланысты қазіргі балаларға қарағанда біздің бос уақытымыз көбірек болды және рухани қажеттіліктерді негізінен кітаптардан алдық. Сабақтан тыс кезде, кейде сабақ үстінде мұғалімімізден жасырып әңгімелер, повестер, өлеңдер жинағын, тіпті роман да оқитынбыз. Көркем әдебиеттің қызығына беріліп кеткендігіміз соншалық, ұстазымыздың жанымызға келгенін аңдамай, қызықты кітабымыз бірнеше күнге тәркіленетін. Сөйтіп жүріп оқыған туындылардың мазмұнын өзге балаларға айтып беруге де дағдыландық.

Біз, осылайша, көркем туындыларды құрметтеп өсіп, кәнігі оқырман болып қалыптастық. Солай десек те, бертін әлеуметтік желілерді пайдаланушы әрі блогер болып алдық. Ноутбуктан шаршаған кезімізде көгілдір экран көрерменіне я радио тыңдарманына айналамыз. Қандай да бір автордың шығармасын оқығымыз келсе тағы да интернетті шарлаймыз... Рас, қалаған кітаптарын дүкеннен сатып алатын немесе кітапханалардан жаздыртып алатын оқырмандар да бар. Олардың саны бұрынғылардан әлдеқайда аз сияқты.

Бір қызығы, бұрыннан бері интернеттің игілігін көріп келе жатқан жапондар қазіргі кезде қайтадан кітап оқушы елге айналу үстінде дейді. Бәлкім, бұл үрдіс кейінірек бізге де келетін шығар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Стефан Цвейг. Пoэзия туралы миф

– Оқырманынан ажырайтындай көркем әдебиет өзінің баяғы биігінен құлдырап кеткен жоқ па осы?

Жалпы айтқанда, көркем әдебиеттің баяғы деңгейі, қазіргі деңгейі деген ұғымдар нақтылықтан емес, шарттылықтан туындаған өлшемдер, сондықтан екі заманның әдебиеттерін өзара салыстырып бағалау өте қиын. Ал кеңестік кезеңдегі қазақ көркем әдебиетінің деңгейін әлемдік классикалық әдебиет деңгейімен салғастыруға болар, тек одан көңіліміз көншімес. Классикалық туындылар қатарына Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы ғана қосылды. Сосын өзге елдер оқырмандары қазақ поэзиясын Олжас Сүлейменовтың жыр жинақтары арқылы ғана тұщынды. Өйткені, басқа ақындардың туындылары мен өзге тілдерді айтпағанда, ұлы Абайдың өлеңдері орыс тіліне аударылғанда түпнұсқасындағы сапасынан айрылып қалды. Ендеше, әдебиетіміздің алыбын тани алмаған ағылшын, француз, неміс, қытай, тағы басқа дамыған елдер жалпы қазақ әдебиетінің шоқтығы биік деп білуі неғайбіл.

Бірақ бұдан қазақ кеңес әдебиетінің деңгейі қазіргі қазақәдебиетінің деңгейінен төмен я жоғары болды деген ой туындамауы керек. Айырмашылықкеңестік кезеңде оқырман қауымының қарасы қалың, қазір сирек болуында ғана.

– Бұрындары қасаң талаптың, цензураның қырына ілігіп талай дүниелер жазылмай жататын еді. Еркіндік алумен бірге көркем әдебиетте де бостандық өрістеді. Бірақ селт еткізер дүние бар ма қазір әдебиетте?

Қазақ кеңес әдебиетіне қайта оралсақ, туындылардың цензура құрсауында дүниеге келгені рас. Алаш қайраткерлерінің көзі жойылды, еркін ойлы жазушылар – Ілияс Есенберлин, Қалижан Бекхожин, т.б. қудалауға ұшырады. Мән-маңызы, мағынасы, идеясы жағынан компартияның саяси, идеологиялық ұстанымына сәйкес келетін туындылар дәріптелді, авторлары ірілі-кішілі сыйлықтармен марапатталды. Әйтсе де, кеңестік қоғамның сұранысын қанағаттандырған дәл сол туындылардың келешек оқырмандардың көңілінен шығуы екіталай. Қоғаммен бірге қоғамдық сана да, ұлттық сана да өседі.

Кеңестік кезеңде аға буын жазушылар бара алмаған тақырыптарды егемендік кезеңіндегі дарынды замандастарымыз жеріне жеткізе жазып жүр! Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма реквиемі кімнің болса да жан-дүниесін селт еткізетін кесек туынды! Серік Ақсұңқарұлының азаматтық лирикасында жыраулар поэзиясымен де, Алаш ақындарының өлеңдерімен де үндесетін рух бар! Осы сияқты тегеуірінді дүниелер аз емес.

– Әдебиет – идеология, қаламгер – идеолог. Бүгінгі әдебиет және әдебиетшілер қауымы өзінің осы миссиясын атқара алып отыр ма?

Сірә, ешбір адам қазіргі қазақстандық қоғамда демократия, жариялық, пікір саналуандығы орын алғандығын терістей алмас. Жазушыларға «Ана тақырыпты жаз, мына тақырыпқа жолама! Өйтсең, темір тордың ар жағынан бір-ақ шығасың!» – деген сөздерді енді ешкім айта алмайды. Әр жазушының қандай тақырыпты көтеруі, қандай қырынан көрсетуі оның дарынына, біліміне, тәжірибесіне, дүниетанымына, саяси көзқарасына, ішкі мәдениетіне байланысты болып қалды. Жазушылар арасында билік тұтқасын ұстағандардың озық істерін әсіре мадақтаушылар да, осал тұстарын барынша сынаушылар да бар. Бірақ билікті бірыңғай қара бояумен немесе түгелдей ақ түспен көрсеткен жазушылар жоқ шығар, егер болса ондайлар әділдігін айтады деп ойламаймын.

Шығармашыл зиялылар қауымы ішінде қазақ халқының ұлттық мұрат-мүддесін, тарихын, рухани құндылықтарын әспеттейтіндер аз емес. Өз басым соларды ұлттық идеологияны жүргізу миссиясын өз мойнына жүктеген азаматтар деп білемін.

– Айтыңызшы, біздің өңір әдебиетінің дәл бүгінгі деңгейін бес балдық көрсеткішпен бағалар болсақ, қандай баға қояр едіңіз және неге сол бағаны қойған болар едіңіз?

Мен әдебиет сыншысы емеспін. Оның үстіне өңір әдебиетіне қандайда бір баға беруге морольдық құқым жоқ.

– Өңірлік әдебиетіміздің озық немесе ақсап жатқан тұстарына тоқталыңызшы... Кемшін жатқан жанрлар қайсы? Оған себеп не?

«Өңір қаламгерлері өзге өңірлердегі қаламгерлерге қарағанда озық дүниелер жазуда» немесе «Жерлестеріміздің шығармашылығы ақсап тұр» – деп айта алмаймын. Бәлкім, біздің туындыларымызда поэма, сатира жанрларында жазылғандары, балалар әдебиетіне жататындары азырақ шығар. Бірақ мен Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы болғаныммен: «Бізге мынадай жанрларды толықтыру қажет, мына жанрға ешкім бармапты, енді соларға қалам сілтеңдер!» – деп әріптестеріме тапсырма бере алмаймын. Мен түгіл Одақ басқармасының төрағасы да ондай пәрмен бере алмайды. Әркім өзінің дарынына, қарымына қарай жазады. Сірә, жанрларды түгендеу, жоғының орнын толтыру, реттеу кеңестік әдебиетте болған жайт шығар. Қазіргі кезеңде қажеттілігі шамалы. Қандай жанрдағы, қандай тақырыптардағы шығармалар сұранысқа ие, қаламгерлер соны қолға алады. Біздің заманымызда көп томдық романдарға оқырмандар табыла қояр ма екен?.. Ал детектив жанрына жазылған туындылардың өтімділігі жоғары.

– Қазіргі күні өлеңге әуес жастардың шоғыры өте қалың. Әлбетте, бұл қуанышты жағдай. Бірақ «Ақын» мен «өлеңшіні» шатыстырып жүргендер көп емес пе осы? Жастар «Өлеңнің жаны», «Өлеңнің рухы» деген ұғымды қаншалықты түсіне алады деп санайсыз? Жалпы, жастардың беталысын қалай бағалар едіңіз, кімдерді бөле-жара атар едіңіз?

Өкінішке қарай, жастар түгіл жасамыстардың арасында да күлдібадам дүниеліктерінен «жыр жинағын» шығарып «ақын» атанған өлеңшілер бар және аз емес. Әрине, қазіргі біздің қоғамда әр азамат кітап шығару құқығына ие, оған қол сұғу заңмен қудаланады. «Аңқау елге арамза молда» осы құқықты әккілікпен жеке басының пайдасына жаратуда. Ал сын көтермейтін дүниелерді баспасөз бетінде сынау – абыройсыз іс. Ондайларды көзге ілмей, елеусіз қалдырған дұрыс шығар.

Аға буынның соңынан қиқулап келе жатқан жастардың қарасы қалың. Кімдер озады, кімдер қалады, кімдер жарыс жолынан мүлдем шығады, мұны уақыт көрсетеді. Біздер тек шабысы ерекшелеу тай-құлындарға назар аударып, осылардан күні ертең тайбурыл тұлпар шығады-ау деп үміттенеміз. Дегенмен «Дәл солай болады! – деп те кепілдік бере алмаймыз. Тек бабына келіп, бағы жанғандар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Есерсоқтар ғана жабыны жарысқа қосып, шылбырынан ұстап алға сүйретеді я соңынан қамшылап қуып отырады, әпербақандар ғана жүйткіп келе жатқан қас жүйріктің маңдайына дойыр сілтейді.

Қазіргі тай-құлындар цензураның не екенін жете білмейді, бейнелеп айтсақ, «бұғалық», «құрық», «шідер», «тұсамыс» туралы түсінігі шамалы, сондықтан неліктен аға буынның еркін көсіле алмағанын түсінуі қиын. Құдайға шүкір, осы кезеңде жастардың жылт еткен дүниелерін жариялайтын интернет порталдар, сайттар, әлеуметтік желілер, мерзімді басылымдар жетерлік. Біздің аймақта «Найзатас» журналы, «Сарыарқа самалы», «Ертіс дидары» газеттері жастар шығармашылығына жүйелі қолдау көрсетуде. Бұлардан өзге университет басылымдары мен аудандық газеттерде жариялануына жол ашық. Жас ақындардың мүшәйралары мен айтыстары оқтын-оқтын ұйымдастырылып тұрады. Сондай мүшәйраларда жүлде алған жастарға деген үмітіміз зор, есімдерін өзгелерден бөліп-жарып атамай-ақ қояйын, өйткені бұл есімдер облыс жұртшылығына танымал, тіпті республиканың әдеби қауымына белгілі бола бастады.

– Қалам ұстаған жастарға өз шығармашылығын лайықты деңгейде жетілдіруде не жетіспейді деп ойлайсыз?

Жастарды ұлы ақындардың өлеңдерін оқумен бірге ерекшеліктерін зерделеуге үйреніп дағдылануға шақырамын. Олар ұлыларша жазуға талпынуы керек. «Болмасаң да ұқсап бақ». Өз басым жас кезімде Александр Блок, Марина Цветаева, Олжас Сүлейменов, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов тәрізді классиктер дүниеге әкелген өлеңдердің астын сызып тұрып оқуға машықтандым. Мұның пайдасы ересен болды.

Классикалық туындылар уақыт сынынан өткен іргетасы берік дүниелер, ал бұл күндері сәнге айналған өзегі қызғылт сөздер мен жадағай ұрандардан құралған жеңіл-желпі стильдер ертең-ақ қолданысқа жарамай қалады.

Дарынды ақындарға жұмыс уақытында күнделікті қызметін атқарып, қолы бос шақта шығармашылықпен айналысып, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» тірлік кешу оңайға соқпайтыны анық. Көбі қалыпқа сыймайды және шеңбер ішінде жүре алмайды. Поэзияның фанатына айналған қас таланттар арасында өзінің денсаулығын, қызметін, отбасылық өмірін шығармашылық жолына құрбандыққа шалатындар ұшырасады. Орыста – Сергей Есенин, французда – Артюр Рембо, бізде – Мұқағали... Олардың өмірлері өте ауыр және қысқа болғанын өзім жақсы білемін, сондықтан жас қаламгерлерге үлгі ете алмаймын. Дегенмен ақындық жолға түскен жастардың жүрегінде поэзияға деген шексіз махаббат, жан-тәнінде ақжарма адалдық болуы керек деймін. Жыр тұлпары өзіне жүрдім-бардым қарайтын талапкерлерге жалын ұстатпайды.

«Биліктің саяси қателіктерін өздеріне бас-көзге ұрып тұрып көрсетпегендер ақын емес!» – деп жастарды «рухты» өлең жазуға үндеп, солардың қолымен от көсегісі келетін арандатушылар арамызда жоқ емес, бар. Солардың жымысқы оймен айтқан сөздеріне арбалып қалған жастардың ертеңі - күңгірт. Келешегін жақсыға жорысақ та, махаббат лирикасы мен табиғат лирикасын жарытып жаза алмай жүрген жас қаламгерлердің саяси лириканың сарбазына айналып кетпейтіні бесенеден белгілі. Оларды былай қойғанда, қазіргі танымал жазба ақындар да, айтыскерлер де әлгі тақырыпқа келгенде көңілге қонымды тың ойлар айта алған жоқ. Көбі үкіметті жаудың үкіметіндей көретін оппозициялық көзқарастағы блогерлердің сөздерін қарадүрсін өлең жолдарына айналдырудан әрі аса алмайды.

Осындай жайттарды зерделей отырып аңғал мінезді кейбір жастарға сұрқия қулық-сұмдық атаулының бәрін саяси ілім сияқты әбден меңгерген «профессорлардан» сақтану инстинкі жетіспейді-ау деген байламға келдім...

– Көркем әдебиет саласы бойынша Мемлекеттік сыйлық деңгейіне дейін бәсекеге түсіп жатқан өңірлер бар. Айтыңызшы, біздің өңірден осындай биік деңгейлерге ұмтыла алатын шығармалар бар ма? Болмаса, неліктен?

Мемлекеттік сыйлыққа ие болатындар негізінен Алматы мен Астанада тұратын жазушылар екені жұртшылыққа белгілі жайт, ал солардың шығармалары арасында «Абай жолы» эпопеясына жетеқабылы бар ма екен?.. Мұндай жоғары марапаттан көбіне өңірдегілер қалыс қалатыны, тек Тыныштықбек Әбдікәкімов сияқты ілеуде біреу ілінетіні және ақиқат. Ендеше, барлық облыс жазушылары арасында мемсыйлық үшін өзара жарыс басталды деген ой туындамауы керек.

Алматыдағы Ғалым Жайлыбайдың жыр жинағы былтыр, Қарағандыдағы Серік Ақсұңқарұлының жыр жинағы бұдан бірнеше жыл бұрын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды, нәтижесі белгілі... Екеуінің туындыларының көркемдік сапасы лауреаттардікінен кемшін емес еді ғой.

Қызылорданың Шәкизада Әбдікәрімов деген мықты ақынын жас кезімнен жақсы білемін. Аса талантты ақын екені даусыз, тек жыр жинақтарының ешқайсына қандай да бір марапат берілмеген. Соған қарамастан, өзге ақындар да, жыр сүйер қауым да оның өзін қатты құрметтейді, өлеңдерін лауреаттардікінен бетер сүйіп оқиды! Айтпақшы, ортанқол жазушылар арасында лауреат атанғандары бар сияқты...

«Біздің өңірдегі мына жазушының мына туындысы мемлекеттік сыйлыққа лайықты» немесе «Ешқайсынікі лайықты емес!» деп кесіп айта алмаймын. Дәл солай кесімді пікір білдіру әдепке жатпайды.

Менің ойымша, өзге өңірлерге қарағанда отаршылдық езгіні көбірек көріп, ұлттық құндылықтардан жарым-жартылай айрылған өңір тұрғындарының ортасында Сұлтанмахмұттан қалған қоламтаны өшірмей, шама-шарқынша лаулатып отырған ат төбеліндей аз ғана шығармашыл зиялылар тобы қандай да болсын құрметке лайықты.

– Жазушылар Одағының өңіріміздегі филиалы ашылғалы бері басшылық жасап келесіз. Осы уақыт аралығында филиал тарапынан не тындырылды немесе нендей мақсат-міндеттер жүзеге аспай отыр? Оның себептері неде? Қысқасы, не ұттық, неден ұтылып отырмыз?

Филиал құрылғаннан бері өңірдегі жазушылар ұтпаса, ештеңеден ұтылған жоқ. Сол шақтан бастап одаққа жалтақтамай, өз мәселемізді көбіне өзіміз шешіп жүрміз. Айталық, қоғамдық бірлестіктің атынан аймақ басшысына өтініш жазуымыздың нәтижесінде филиалға біріккен жазушылардың барлығы және жас қаламгерлердің кейбірі қатарынан бірнеше жыл бойы әкімнің 300000 теңге мөлшеріндегі грантын иеленіп отырды. Кейінгі екі жылда өзге өнер салалары қайраткерлерімен бірге жазушылардың бір бөлігі осындай қаржылай қолдауға ие болды. Одақ мүшелерінің кітаптары жергілікті бюджет есебінен шығарылуда. Филиал атынан әкімдіктерге, Жазушылар одағына хат жіберілуі нәтижесінде жерлес қаламгерлердің мерейтойларына мүмкіндігінше қолдау көрсетіледі. Алматыда өтетін сьездерге, пленумдарға қатысуы үшін жол қаражаты мәселесі де оң шешімін табуда. Тіпті Астанада өткен ЭКСПО көрмесіне жазушылар тобын тегін апарып, алып келу мәселесі де оң шешілді!

Облыс әкімі зиялы қауыммен кездесуіне филиал мүшелерін де шақырып, ұсыныстарын назарға алады, өтініштерінің кейбірін тап сол жерде шешеді, біршамасының шешімін табуды тиісті басшыларға тапсырады.

Жазушылар одағы Мәдениет министрлігінің қолдауына сүйенсе, біздің филиал облыс әкімдігінің қолдауына сүйенеді, сондай-ақ мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен, ішкі саясат басқармасымен ынтымақтаса жұмыс істейді. Айта кетейік, өзге облыстар филиалдарының көпшілігінде мұндай ынтымақтастық жетіспейтін сияқты.

Дегенмен, жергілікті бюджет есебінен жазушылардың кітаптары шығарылып қана қоймай, қаламақысы да төленсе екен деген үмітіміз әзірше іс жүзіне асқан жоқ... Жазушылар одағының сьезінде авторларға қаламақы төлеу мәселесі көтеріліп, Мәдениет министрлігіне ұсыныс жіберілді. Бұл проблема республикалық деңгейде шешімін тапса, облыс көлемінде де қолға алынатын шығар.

Тап осы тұста астын сызып тұрып айтатын сөздерім: не Жазушылар одағы, не одақтың филиалдары біресе ақын, біресе жазушы кейпіне еніп жүрген халтурщиктерді талантты ақын, прозаик, драматург қылып шығара алмайды! Оларға Құдай тағала бермеген дарын-қабылетті қоғамдық ұйымдардың бере алмайтыны ақиқат!

– Сіз қоғамдық ортада аса белсендісіз әрі әрдайым әділеттілік үшін майданға түсіп жүресіз. Айтыңызшы, қаншалықты шыншылсыз және шыншылдықтың шаршататын кездері көп пе?

Қадари-халымша шындықты ту етіп көтеріп жүрген сияқтымын. Өз басымнан мысалдар келтірейін. 1969 жылы 15 жасымда ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» ұйымын құрып, компартияның ұлттық саясатына қарсы астыртын жұмыс жүргізгенім үшін бірнеше серігіммен бірге мектептен де, комсомол қатарынан да шығарылдым. Коммунистік режимді құрметтеушілер оқу-үлгерім табеліме тәртібі «3» деген баға қойып, білім алу құқығыма шектеу қойды, «Бұл – КГБ-нің қара тізімінде тұрған адам, демек, оның өлеңдерін обкомның органы болып табылатын газетке жариялау саяси қателік» деген дәйекпен баспасөз бостандығыма да шектеу қойды. Сөйтіп, жасөспірім шағымда шыңғырып тұрған шындықты айтқаным үшін ұзақ жылдар бойы қоғамның өгей баласы сияқты күн кештім. Шаршаған, тіпті түңілген кездерім де болды. Бірақ қайта ширықтым, ширадым. Тәуелсіздігіміздің арқасында кеңестік кезде кеткен есемді қайтардым, жоғалтқанымды таптым.

Әйтсе де, біз аңсаған егемендік кезеңінде де әлеуметтік, тағы басқа салаларда әділетсіздіктің жойылмағанын көзбен көріп отырмыз.

1989 жылдың ақпан айында Олжас Сүлейменовтың «Қазақстан» орталық телевизиясы арқылы Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстарды тоқтату жөніндегі үндеуіне Павлодарда іле мен үн қостым! Орталық Дзержинский (қазіргі Академик Сәтбаев) көшесінде қолыма плакат ұстап тұрған маған біреулер мүсіркеп қараса, біреулер келеке қылды! Сөйтіп талай қорлық пен мазақты басымнан өткеруге тура келсе де, өзім дайындаған талап хатқа он мыңдаған бейбітсүйгіш адамдардың қолын қойдырып алдым. Сонсын бұл іске жер-жердегі ақындар мен журналистерді, қоғам белсенділерін тартып, жұмыс ауқымын кеңейттім.

Семей сынақ полигонындағы жарылыстардан зардап шеккен өңірлер санатына Павлодар облысының Май, Лебяжі, Баянауыл аудандарын енгізу жөнінде «Невада-Семей» штабына өтініш хат жолдадым. Өкінішке қарай, облыс партия комитетінің І хатшысы Ю.А.Мещеряков бастаған партшенеуніктер полигон бастығы, генерал-лейтенант А.Д.Ильенкомен астыртын байланыс орнатып, жарылыстардың зардабын жоққа шығаруға тырысты. Осы себепті кейінірек ұйымдастырылған антиядролық митингілерде Ю.А.Мещеряковты жария сынап, оған сенімсіздік білдіру жөнінде қарар қабылдадық. Осылайша, біз сындарлы кезеңде обкоммен тартысты жағдайда жүрдік те, қаншама күш-қайратымызды соған қарсы жұмсауға мәжбүр болдық.

Тағы бір өкінішті жайт, сол оқиғадан ширек ғасыр өткен соң, 2014 жылы «Невада-Семей» қозғалысына 25 жыл мерекелік медалін облыс әкімдігінде жауапты қызметте істейтін шенеуніктер және қозғалысқа еш қатысы жоқ, есесіне әлгілермен жақсы қарым-қатынастағы бөгде біреулер иемденіп кетті! Сөйтіп, менен басқа, кезінде полигонның жабылуына атсалысқан белсенділердің барлығы далада қалды! Мұндай қиянатқа төзімділік таныта алмай, атаққұмарлардың аты-жөндерін атап тұрып республикалық БАҚ-та сын мақала жаздым! Нәтижесі – нөл! «Апырмай, осы біздің нағыз қозғалыс белсенділерінің еңбегін иемденіп кеткеніміз, шынында да, дұрыс емес екен» деген сөздерді тым құрығанда біреуі айтып, ұялсайшы!..

Орыстың «Наглость – второе счастье!» деген мәтелін жалаулатып, адами асыл қасиеттерді аяқпен таптап жүре беретін бетпақтардың шаршататыны рас, амал не.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Зәкір Асабаев. Барлығы да тұлға еді-ау немесе ән төресі «Қарлығашты» алғаш айтқан кім?

– Сізді өңіріміздегі аса белсенді тіл жанашыры деп біледі жұрт. Біздің облыстағы қазақ тілінің тәуелсіздік алған тұстағы ахуалы мен бүгінгі жағдайын қысқаша қалай салыстырып шығар едіңіз?

Ол кезде шовинистер мен нигилистер тарапынан қазақ тілінің өрістеуіне қатты қарсылықтар көрсетілді! Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі заң жүзінде берілгенімен, іс жүзінде қазақ тілінің өрісін кеңейтіп, қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиісті мемлекеттік органдар құрылмаған еді. Барлық іс-шараларды «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдары қолға алып, мүмкіндігінше жүзеге асырды. Көпшілік орындар мен көліктерде өзара қазақ тілінде сөйлескен бірді-екілі қандастарымызға ала көзбен қараушылардың қарасы қалың сол жылдарда тіл жанашырларының таудай жұмыс атқарғаны анық.

Енді заман басқа. Кезінде шовинистер мен нигилистерге дем беріп, қолтығына су бүркіп тұратын тәуелсіз орыстілді басылымдардың беті қайтты қазір. Кеңес үкіметін көксеуші топтардың рухани көсемі іспеттес экспартшенеуніктер мен тарихшылар дүниеден өтті немесе Ресейге қоныс аударды. Облыс бойынша қазақтардың саны диаспоралар санынан асты. Саннан сапа шығуда. Соның нәтижесінде Павлодарда отаршылдық заманынан қалған Дерибас, Ленин, Суворов, Кутузов көшелерінің атауларын қазақшаладық, осы өңірдің тумасы, академик Қаныш Сәтбаевқа, Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен Ашаршылық құрбандарына, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовқа, Баян батыр мен Малайсары батырға ескерткіштер орнаттық. Дегенмен, тіл саласында әлі де шешілмеген проблемалар бар, мұны ешкім жоққа шығармайды.

Қызыл империяның жетпіс жыл бойы жүргізген озбыр саясатының зардабын бірден түбегейлі жойып жіберу мүмкін емес қой. Қоғамдық санаға батпандап кірген ауру мысқалдап шығуда.

Айтпақшы, қазіргі жариялық пен демократия кезеңінде тіл саласындағы проблемаларды өзіне қара пиар жасау құралы қылып алған даңғазашылардың көбейе түскені байқалады. «Әуелде әп-әдемі ән еді, пұшық айтып бүлдірді» демекші, солардан кейін тіл проблемасын қозғауға кейде ұялады екенсің... Бір жақсысы, уақыт бізге қызмет етуде.

Тілдің бұрынғы және қазіргі жағдайы және шынайы тіл жанашырлары мен даңғазашылардың жай-күйі осындай.

– Ақын Арманды, қайраткер Арманды жұртшылық жақсы таниды. Отбасындағы Арманның болмысы қандай осы?

Үйіме алғашқы рет келген бір танысымның: «Атағыңнан ат үркеді, ал тұрып жатқан үйің болса мынау...» – деп қайран қалғаны есімде. Былайғы жұрт мені сән-салтанатты коттежде тұрады, қымбат шетел көлігін мінеді деп ойлайтын сияқты.

Мен қарапайым жұмысшының отбасынан шықтым, сондықтан қарапайымөмір сүру дағдыма айналған, оның үстіне отбасы бюджетіне құйылып жатқан қосымша табыс көзі жоқ. Қажыр-қайратымды дүние-мүлік жинауға емес, жақсы өлеңдер жазуғажұмсадым. Уақытымның қомақты бөлігін қоғамдық істерге арнадым жәнеотбасында материалдық байлықты емес, рухани құндылықтардыдәріптедім.

Рас, мен сияқты қоғамдық істермен емес, күмәнды істермен айналысатын «еті тірі», нақтырақ айтсақ, жылпос замандастардың көбі бай-бағландар сияқты өмір сүруде, жай-күйі ханға сәлем бермейтін дәрежеде.

Өз басым банктерден несие алмай күн кешсем, соған шүкіршілік етемін. 1990 жылдардағы дағдарыс кезеңінде Короленко көшесіндегі жайма базарда саудагерлерге жалданып, жүкші болғанмын. Сөйтіп,өзге жұмыссыздармен бірге «КамАЗ» толы көкөністер мен жеміс-жидектерді түсіріп бала-шағама нәпақа табатынмын. Сондай қиын шақтарда тұрмысы жүдеу отбасыма «Ел аман, жұрт тыныш болсын»,«Орнында бар оңалады» деген аталы сөздерді айтып, сабырға шақырған едім. Балаларымның бірі сонда мені әзіл-шыны аралас: «Еламан папа» деп атағаны бар...

– Сіз сүйіп тыңдайтындар әндер қайсы?

Қаршадай кезімнен екі әнді естіп өстім. Бірі – Жаяу Мұсаның әні «Ақ сиса», екіншісі – Мәдидің әні «Қаракесек». Менің әжем Кәсіп Жаяу Мұсаның қызы болса, атам Қани Мәдидің аталас ағайыны болатын. Осы себепті біздің отбасымызда Арқаның екі күрескер ақын-композиторының әндері шырқалып, өмірбаяндары жайында аңыз-әңгімелер айтылатын. Сол бабаларымыз сияқты жүрекжұтқан батыр әрі шыншыл ақын болуды қиялдап ер жеттік. Әлі күнге дейін туыстарымыздың басы қосылған отырыстарда әлгі әндерді шырқаймыз.

Қазіргі әншілерден Роза Рымбаеваны, Тамара Асарды, Қайрат Нұртасты, Димаш Құдайбергенді сүйіп тыңдаймын. Көлікпен жол жүргенімде солардың әндері жазылғанфлешканы автомагнитоллаға қосып қоямын.

– Сіз сүйіп көретін фильмдер қайсы?

«Бейбарыс сұлтан» фильмі керемет дүние, әлі есімнен кетпейді. «Әмірені» отбасыммен арнайы барып тамашаладым. Жалпы, кейінгі жылдары шыққан қазақ фильмдерінің көпшілігі ұнайды.

– Өзгенің қайсыбір ірілі-ұсақты пендешілігін қалай қабылдайсыз және оған кешіріммен қарай аласыз ба?

«Жақсылыққа жақсылық жасау – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық жасау – ер адамның ісі», «Таспен атқанды аспен ат», «Кешірімшіл болу – кеңдіктің белгісі» деген мақал-мәтелдердің мән-маңызын жете ұғынсам да кешірімшіл бола алмай-ақ қойдым. Шынымды айтсам, мен кекшілмін! Бойымдағы жаман қылықтардың бірі – кекшілдік! Оның себеп-салдарын өзімше байыптаймын.

Жасөспірім кезімнен көптеген қиянатты бастан өткердімемес пе. Мемлекеттік органдар қызметкерлері ғанамаған «саяси сенімсіз» адам ретінде өшпенділікпен қараса,кектенетіндей не бар, оларды қоғамдық жүйе солай тәрбиеледі ғой.Бірақ, жас жағынан өзімнің ағаларым мен әпкелерім шамалас өлеңшілер шығармашылық жолыма кесе-көлденең тұрып озбырлықжасаса, қайтып ұмытайын!

Қазақтың көрнекті ақындары Жұмекен Нәжімиденов, Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев шығармашылығымды жоғары бағалап, сәт сапар тілегеннен кейін әлгілер маған іштарлықпен қарап, жолымды кес-кестеп бақты! Ақыры не керек, «Аттыдан жаяу жүріп кек аламын, Жігіттер, шамаң келсе маған ұқса!» деп жырлаған әйгілі«бунтарь» Жаяу Мұсаның жұрағаты емеспін бе, «оппоненттерімнің» атақ-абыройына, шен-шекпеніне пысқырып та қарамай, өздеріне қарсы шаптым! Абырой болғанда, айтыс-тартыста жеңілген жоқпын.

Қазіргі кездеолардың есім-сойларынатау орынсыз шығар, алды дүниеден өтті, кейінгісі зейнетке шыққан соң өлеңшілердің қатарына барып өз орнын тапты...

Тағы бір айтатын жайт, шығармашыл зиялының кейпіне енген дарынсыз халтуршиктер енді соңымнан шыға бастапты. Жас шамасы інімнен кіші бір өлеңші және қарындасымның жасындағы бір жазғыш кеше әлеуметтік желілерде мен жайында өсек-аяң таратқан көрінеді, қылықтарына күлдім. Бірақ бұл ызалы күлкі еді...

Әйтсе де, жан дүниесі жарық тілекшілерім мен қара ниетті күншілдердің қақ ортасында қиындығы мол, қызығы да көп өзімнің ақындық жолыммен, ештеңеден қаймықпай, алшаң басып келе жатырмын.

«Жауыздықпен жас күнім өлтірілген…

Мен Ақиқат іздермін жер түбінен!

Көп таланып қотанда төбет итке,

Еркін өскен елсізде бөлтірік ем!

Енді ұлысам көкжалмен қатар тұрып,

Бөрі дүние бөрлігіп, жатар ұлып!

Ұлы даусым Ертістен уілдеген

Ақ Жайыққа құйылар қотарылып!

Боз Далада боздаған, ақ аруана,

Мен – Жұмекен жоғалтқан боталы үміт!

Жүрмін қазір, тұп-тұтас Ғаламшарды

Жұдырықтай жүрекке Отан қылып!

Ұлы Ғалам үніме селт етпесе,

Жан-тәніммен кетермін қопарылып!

Сонсоң тозақ отынан күл болармын,

Әлемді де күнәкар атандырып!»

«Патшайым Фариза әпкем» атты топтамадан, басқа да жырларымнан өзім жоғарыда баяндаған жайттар анық байқалады. Бейнелеп айтсам, менің өмір жолдарым менің өлеңдерімнің жолдарына айналып кеткен.

– Ареке, әңгімеңізге рақмет! Алдағы өміріңізге мықты денсаулық, шығармашылық табыстар тілейміз!

Әңгімелескен: Асыл ӘБІШЕВ,

«Найзатас» журналының бас редакторы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар