Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Арман қуған, қиял қуған......

14.07.2018 7020

Арман қуған, қиял қуған...

Арман қуған, қиял қуған... - adebiportal.kz

1973 жыл, 2 қаңтар. Жаңа жылды қарсы алып, тойлап тастап, әдеттегідей сабаққа келгенбіз. Бірінші пардан кейін үзілісте буфетке барып келсем, аудиториядағылар бәрі бір жерге үйіріліп, үрпиісіп қалыпты.

- Мәлік Ғабдуллин қайтыс болыпты, - деді, Ұлықбек Есдәулет баршамызға естірте.

Тұла бойымды бір суық сезім шарпып өтті. Батыр ағамыз бізге «Қазақ ауыз әдебиетінен» сабақ берген еді. Курстастарымыздың ішінде үлкеніміз Жәнібек Кәрменов (марқұм) үнсіздікті бұзып, Мәлік Ғабдуллин туралы тебірене сөйлеп кетті. Сілтідей тынып тыңдап тұрмыз. Байқаймын, бәріміздің де еңсеміз түскен. Әйтсе де, Төрекелдінің түрі біртүрлі, сазарып барады. Екі көзі шүңірек тартып, сәлден соң мөлт-мөлт еткен жас моншақтары үзіліп түсе бастады. Ол төмен қараған күйі үнсіз өксіді. «Мұндай адам енді қайтып келмейді» деді ол күбірлеп.. Осы бір көрініс әлі күнге дейін Төрекелді десе есіме түседі.

Жалпы, қазақтың талантты адамдары арманшыл, қияли, алаңғасар әрі шексіз аққөңіл. Біздің курстың дені қаламгерлікке құлай берілген, есіл-дерті жазу-сызу болды. Әсіресе кітапқа деген құштарлық алапат. Сабақтан шыққаннан кейін, қарын тойдырып алып Пушкин кітапханасына бір-ақ тартамыз. Арамызда небір әдебиеттің «джунглиін» шарлап кететін жиһанкездерінің алдыңғы сапында Төрекелді болатын. Ол көне сирек қолжазба, кітаптар бөліміне жиі баратын. Әлдебір ескірген, мұжылған дүниелерге шұқшия қадалып қара кешке дейін тапылжымай отыруға бар.

Сол жылғы бірінші сәуір күні. Кітапханаға келіп, екінші қабаттың баспалдағынан Төрекелді кездесе кетті. Қолтығында төрт-бес кітап бар. Оқу залына асығып бара жатыр екен. Бас изесе өте шықтық. Сәл ұзағаннан кейін мен Төрекелдіні соңынан жүгіре жетіп:

-Төке, ұмытып барады екенмін. Бүгін кешкілік сағат 17.00 де ЖенПИдің жатақханасының алдына бар. Кластастарың бас қосады екенсіңдер. Сейітқұл көрсең айт деп еді.

  • Қай жатақханасы?
  • Үшінші. Кешікпей келсін деді.

Айтуын айтсам да өтірігім шығып қалмасын деп теріс бұрылып тайып кеттім. Төрекелдімен әлі де емін-еркін, арқа-жарқа үйренісіп кетпеген кезім. Содан не керек, кешке сағат тоғыздар шамасы, жатақханада шәй ішіп жайланып, бір кітаптың қызығына беріліп кеткен едім. Есік тарс ашылып, үсті малмандай су, ентіге көздері ұшқындап Төрекелдім жетіп келді. Келе мені жағамнан ала түсті.

  • Ой, Төке, не болды сонша, тоқта ей, бүгін бірінші сәуір ғой, ешкімге сенбе дегенді естімеп пе едің. - дедім сасып, алданған Төкеңнің бұлай ашуланғанын бірінші көріп. Төрекелді:

- Ал мен саған сеніп едім, сенен мұндайды күтпеп едім, әй, Жәке..» деді. Түтігіп кеткен. Ертеңіне сабақта ашуы басылған соң ақырын сұрап көрсем, жатақхана алдында үш сағат бойы күтіп, ақыры нөсер жаңбырдың астында қалады. Жатаханаға қарны аш, жеткен беті екен.Өзі өтірік айтуды білмейтін, бет алды күлмейтін, аңғал да адал, сенгіш адамға мұндай қалжың әп дегеннен ұнамасы анық еді. Жақсының өкпесі шай орамал кепкенше, Төрекелдімен кейін сырлас, дос болып кеттік. Мен Шоқан Уәлихановтың суретші екенін Төрекелдіден білдім. Ол алаш ардақтысының шығармаларын ыждаһаттылықпен оқып, зерттеп жүрді. Өзі де сурет салатын. Арагідік жып-жылы сезімге толы новелла жазушы еді.

Арада 17 жыл өткен соң , 1994 жылы Бейімбет Майлиннің 100 жылдығы Қостанайда тойланып, оған ел көлемінен қонақтар келді. Солардың қатарында Оңтүстік Қазақстаннан Төрекелді де келген еді. Осы Қостанайда курстастар Төрекелді Байтасов пен Серікқали Байменше де осы Бейімбет тойында бас қосып шүйіркелесе кеттік. Бірақ, тойдың абың-күбіңімен шер тарқатысып сырласа алмасақ та, сәтіне қарай сөйлесіп қалдық. Төкең тойға өзі шығарып жүрген «Жібек жолы» журналынның 5 нөмірі біріктілгеннұсқасынан 200 данасын ала келіпті. Ішінде курстастардан Серікқалидың, Қоныстың және Серік Жәнәбіл туралы материалдар да бар екен. Осы журналды парақтап отырып-ақ Төрекелдінің жанкештілігін, ақ-адал маңдай тер еңбегін сезуге болатын.

Қазақтың өнері мен әдебиетіне, көсемсөзіне қызмет етудің жарқын үлгісін Төрекелді осы бір журнал арқылы да көрсеткен еді. Арман қуған, қиял қуған енді мәңгі оралмайтын жастық шағымыздан әттең есімде қалғаны тым аз екен. Тек, ең бастысы - Төрекелді сияқты ақ жүректі, адал жандар қысқа ғұмырында басқаларға адамгершілік, ізгілік дегеннің қандай болатынын аңғартып кетті.

«Қазақ қазақтығын сақтағанда ғана азаттығын сақтай алады» - деген Төрекелдінің оймақтай ойынан-ақ парасат көкжиегі көрініп тұр!

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

жазушы, "Қостанай таңы" газетінің Бас редакторы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар