Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арман Шеризат. Көкірегінде болсын көз

26.04.2019 1089

Арман Шеризат. Көкірегінде болсын көз

Жарық дүниеге келген әрбір адамға жаратушының берген өлшеусіз сыйы - көз. Айдай әлемді алдыңа жайып салатын өмірдегі ең қымбыт, ең асыл, ең аяулы - қос шырақ. Адам бойындағы тазалық пен мөлдірліктің айнасындай. Үлкендердің ең қастерлі дүниені «көзіңнің қарашығындай сақта» деп жатуы тегін емес. Осыдан-ақ көздің қадір-қасиетін бағамдауға болады.

Көз — нұрдың ұясы,

Көңіл — сырдың ұясы,– деп кеткен кешегі бабалар сөзі еріксіз ойға оралады.

Көз жар­қыл атқан жарықтан жаралған, тылсымнан сыр тартатын құдіретті күш. Әсілі, адамның көзі - ашық кітап сияқты, ішкі дүниеңді айтатын, құпияңды жеткізуші. Тереңіне үңілген сайын парақтап оқи бересің, ұға бересің, түсіне бересің. Көзіңде бәрі де өзінің шынайы қалпында айнымай көрінеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Арман Шеризат. Ойың – сөзіңе, сөзің – өзіңе айналмақ...

«Үміт еткен көзіңнің нұры - балам» -деп Ыбырайға батасын берген Балғожа би де болар баланың белгісін көз алдымызға келтіреді. Демек, халқымыздың адамтану ілімінде де көздің атқарар орны ерекше.

Көз көрген кейбір ғажайыптарды, сөзбен бейнелеп жеткізу кейде мүм­кін еместей көрінеді. Осындайда:

Көзіме сыйған дүние,

Сөзіме сыймай тұр менің – деген Төлеген Айбергеновтың тебіренісін бір сәт ұққандай боласың.

Екі көз – екі жұлдыз маңдайдағы ,
Көруші ең құбылысты қай – қайдағы.
Япырмай,сен де бір күн сөнермісің,
Қап – қара түнек болып маңайдағы.

-деп Қасым ақын жырлағандай, адамның қос жанары - өмір шырағы. Дүниенің ғажабын, мың құбылған бай реңкін ажыратып, түйсікке жалғайтын жайнап тұрған жас жанардың бірте-бірте нұры қайтып, алыс пен жақынды ажырата алмас жағдайға жеткенде, таяқпен түртіп жүретін жандардың жайын түсіне түскендей болатынымыз анық.

Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында: «Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұм­сығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя беріп, салғырттығы жоқ сергек қа­тал күзетші»...

Шаршы топқа келгенде қалың елді имендірген шалып түсер қырағы көз, қыран мінез - Құнанбай бейнесі көз алдыңызға келеді. Демек, адамның үнсіз көзқарасы арқылы айтар ойын, көңіл-күй ауанын алдын ала білуге болады.

«Адамды ұққың келсе - жанына жақын барып көзіне үңіл» дейді шығыс тәмсілдерінде. Біз хәкім Абай жырына үңіліп, ақын өлеңдеріндегі көздің қолданыс аясын қарап көрмекпіз.

Көзімнің, қарасы,

Көңілімнің санасы.

Бітпейді іштегі

Ғашықтың жарасы.

Махаббат – Абай өлеңдеріндегі айшықты тақырып. Ерекше шеберлікпен өрнектелген бұл өлең ақынның ыстық сезімін жеткізген. Аз сөзге көп мағына сыйғызған. Ғашық жан сүйген қалқасын «Көзінің қарасына» теңейді. Сүйіктісіне асыққан жігіт сөзінде ынтыққан жүрек лүпілі сезіледі. Ағынан жарылған ақынның ішкі сезімі, жүрек жарасына айналған ғашықтық күй жатыр.

Аласы аз, қара көзі айнадайын.

Жүрекке ыстық тиер салған сайын. (Білектей арқасында өрген бұрым).

өлеңде қазақ аруының сұлулығын сипаттайды, «Аласы аз, қара көз» жігіт жүрегіне от салып, асық етеді. Қазақ ұғымындағы қыз сұлулығының басты белгілерін тізбектей келіп, жалпақ жұртты тәнті қылатын келбетін кескіндейді, әсем сымбатын суреттейді. Кәмшат бөрік пен сылдыр қаққан шолпысы арудың көркін тіптен асыра түскендей. Өлеңдегі қыздың сұлулық белгілері: білектей бұрым, қара қас, ақ тамақ, мөлдір қара көз, маржандай аппақ тіс, бұраң бел.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тұрсын Жұртбайдың видео-лекциясы: Абай және жәдитшілдік

Ата-анаға көз қуаныш -

Алдына алған еркесі.

Қазақ «көз қуанышым» деп бала-шағасына, ұрпағына айтады. Ақын бұл өлеңінде ата-ананың көз қуанышы балалардың кейбір теріс мінездеріне, жағымсыз тәрбиеден пайда болған әдеттеріне қатты налып, сынға алады.

Өзіңде бармен көзге ұрып

Артылам деме өзгеден.

Бұл өлеңдегі «көзге ұру» тіркесі мақтаншақтықты, даңғойлықты байқатады. Өзгенің күндестігін қоздырып, өзінде барды көзге ұру ақылсыз адамның ісі. Көз алдыңа «Біздерде мынандай бар, мынандай бар» - дейтін Сұлтанмахмұттың өлеңіндегі мақтаншақ бай елестейді. Бұл өлең ойшыл ақынның ұрпаққа қалдырған өсиеті сынды, тағылымды өлең.

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Деп ақын фәни жалғанның баянсыздығына көз жеткізіп, көңіл сендіреді. Уақыттың алдында жаратылыс біткеннің дәрменсіздігін еске салады. Әрбір адам уақыт өте келе текке өткізген уақыты үшін өз ұжданы алдында қызарары анық. Бағасыз алтын уақытымызды немқұрайлылықпен пайдасыз дүниелер үшін жұмсап жатқанымызды білеміз. Өкінішке орай, біле тұра ұзақ сонар уақытты «өлтірудің» ақыры өзімізді өлтірумен тең екенін ұмытамыз.

Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.

Бұл жердегі жас баладай көрінгенге «көзін сату» елдің адалдық жолынан тайғанын көрсетеді. Ақын өз заманындағы қазақ қоғамының жікке бөлінген топтарын айқындап, әрқайсысының мінін ащы тілмен сынайды. Харекетсіз, еңбекпен адал терін емес, телміріп көзін сатқан теп-тегіс алармандықты айыптайды. Барлығын әрекетімен, өз қылықтарымен суреттейді. Табан ақы, маңдай тер емес, қулық пен айлаға сенген ортаның арсыздығына ашынады.

Танымассың, көрмессің,

Қаптаған соң көзді шел.

Ақын «көздегі шел» деп надандық пен қараңғылықты айтып отыр. Кері кетірер, теріс қасиеттерден адамның көзіне шел қаптап, надандыққа бой алдырса, одан ой-парасаты жоғары адам ғана оның қай жерде жолдан тайғандығын айта алады. Ал, хәкім Абай адамзаттың ой биігінен ұрпаққа тіл қатады. Осылайша, кемшілігін қатал сынға алады.

Тәңірінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз.

Абайдың ақындық, өлең, ән тақырыбындағы ең ғажап өлеңдерінің бірі. Өнердің ішінде өлеңді жоғары бағалап, ақындық шабыттың сыры, оның құдіреті жайында тебірене ой толғаған. Ақын шын шабытқа мінген кезде «Тәңірінің күні жарқырап, ұйқыдан көңіл ашар көз» деп суреттейді. Және, не туралы жазу керек, қалай жазу керек дегенге тоқталады. Рухтанып, бойында үлкен жігер күш пайда болып, шалқар шабыты келгенде ақын ұшқыр қиялымен қыранша сілкінгендей болады.

Ішімде қайғым қалың, көз жасым кем,

Адам жоқ, кімді дос деп мен шағушы ем?

Абай зама­ны­ның зарын, қазақтың әрекетін терең танымымен таразы­лайды. Ақынның қай­ғысын қалыңдатқан қар­тай­ғандығының емес, ке­мелдікке жетіп, сөзіне құлақ асып, мұң­дасарға жан таппай қи­налғаны сезіледі.

Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек,

Көзінен жасы шықса, бойына ем.

Австрия ғалымы Зигмунд Фрейдің зерттеулері бойынша, әйелдердің еркектерден көбірек өмір сүрулері, олардың көп және еркін жылауларына байланысты екен. Сонымен қатар көз жасы құрамында адамның қобалжу мен үрейлену сезімдерін төмендететін психотропты заттар да бар, сондықтан адам жылағанда жеңілдеп қалады. Бұл да бір Абай сөзінің дәлелі іспетті.

Білімдіден шыққан сөз

Талаптыға болсын кез.

Нұрын,сырын көруге,

Көкірегінде болсын көз.

Абайша айтсақ, сөздің нұры мен сырын тек көкірек көзі бар жандар ғана көріп, түйсіне алмақ. Сөздің нұры әлемге шұғыла шашып, сыры терең ойға батырады. Адамның көкірек көзі ашылса Тәңірісін танымақ. Маңдайдағы көзімізге емес, көкрек көзімізге сенсек ешқашан адаспаймыз. Ал, көкірек көзі – ішкі түйсіктің дүрбісі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар