Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арман Шеризат. Көңілі көктем, жадыраған жаны жаз

25.04.2020 1241

Арман Шеризат. Көңілі көктем, жадыраған жаны жаз 12+

Айтыс өнері халқымызбен бірге жасап келе жатқан ауыз әдебиетінің айрықша бір саласы. Тарихы тереңде жатқан айтыстың бүгінде әр өңірде үлкенді-кішілі мектептері қалыптасқан. Әр мектеп өзіндік мәнерімен, айтулы ақын шәкірттерімен жалпақ жұртқа танымал. Бабадан жалғасқан жыр көшін өркениеттің өріне сүйреп келе жатқан сол мектептің ұстаз, жетекшілеріне еріксіз тәнті боласың. Заман талабына сай етіп, мәдениет ошақтары жанынан мектеп ашып, жергілікті басшылықтардың қолдауымен ай сайын болмаса да айтулы мерекелерде, тарихи маңызы бар күндерде ақындар аламанын өткізіп келеді. Оның қандай азап екенін көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп өстік. Руханияттың астанасы аталатын, тарихи маңызға ие Семей қаласында 1995 жылдан бері «Халықтық ақындар орталығы» жұмыс жасап келеді. Алаш топырағындағы ақындар мектебінің жетекшісі, ақжүрек, аңқыл ақын апайымыз – Дәмеш Омарбаева.

Табанынан тозып жүріп, өнерге талабы бар жастардың сол орталықта басын қосты. Әр шәкіртіне анадай мейірленіп, қиналып қалған сәтінде шырылдап жүріп балапанындай қорғады. Өзі де айтыс сахнасында Кеңес өкіметі тұсында, өнердің солғындап бара жатқан шағында Қалихан Алтынбаев сынды ұстазының соңынан еріп, елінің намысын жыртты. Атағы бір басына жетсе де, артына шәкірт ілестіріп өшпес із қалдыруды ойлады. Ойлап қана қоймады, сол жолда аянбай еңбек етіп күресті. Кіммен дейсіз ғой? Әрине өнерді ұқпайтын, сөзді танымайтындармен. Орыс тілді басшылардан талай опық жеді. Онысын айтып жатпаса да, жазған жырынан, жәудіреген жанарынан оқыдық. Пейіліңе қарай жазылатын пешене, тілеуіңе қарай беретін Тәңір бар ғой. Бәрін де маңдай тер, ерен еңбекпен жеңді. Ел мойындаған, алты алашты аузына қаратқан шәкірт тәрбиеледі.

Осы уақытқа дейін 150-ден астам шәкірт баптаған екен. Әр қайсына домбыра үйретуден бастап, ұйқасты, табан астында тауып айтатын тапқырлықты, тез ойлайтын ұшқырлықты, ақынға тән жан-жақты білімді, әуезді мақамды осының бәрін, ең аяғы үстіне киетін шапанына дейін тауып беріп, сахнаға шығарды. Басқаны ұмытса да, мұны ұмыту мүмкін емес шығар. Кейде шәкірттері бітіріп кеткесін ұзақ көрмей қалса сағынып «Итім-ау!..» еркелетін отырады. Сол сөзінің өзі жүрекке ыстық тиіп, жан жылытады.

Осы орталықтан тәлім алып, қазақ айтыс өнерінің туын көтеріп жүрген Әсем Ережеқызы, Ринат Заитов, Сара Тоқтамысова, Қарлығаш Әубәкірова, Нұржан Өмірбаев, Жалғас Зейноллаев, Жасұлан Тәжиев, Олжас Соғымбаев, Мирас Құсайынов, Дина Бәзілова, Тілек Тобықбаев, Айдана Сегізбаева, Назгүл Ибраева, Талшын Нұрланқызы, Ерлан Дәулет, Жасұлан Мақаев, Ардабек Ақбаба, Манарбек Сатыбалды, Нұрлан Бектібай, Қуандық Оралхан, Серік Қуанған, Әлішер Қыдырбек, Рауан Серікхантегі, Айбек Жеңісқазин, Рысгүл Досжанова, Дилназ Байекенова және тағы да басқа түлектер бар. Жазба поэзияда өзіндік өрнегін салған Бауыржан Игілік, Мерей Қарт, Біржан Ахмер, Медет Божан, Назерке Қабаева, Темірлан Темірбай, Жақсылық Асқарбек, Азамат Қажыбай, Байқуат Қуатбай қатарлы ақындар шықты.

«Халықтық ақындар орталығы» құстың қос қанатындай қылып айтыс пен жазбаны қатар алып келеді. Бірі айтыскер ақындар бөлімі болса, екіншісі жазба поэзия бөлімі. Дәметкен Омарбаева айтыс бөліміне жетекшілік етсе, «Ой-сана» атты жазба поэзия бөлімін көпшілікке танымал айтыс ақыны, «Қарғыба» жыр жинағының авторы Серік Молдабеков басқарады.

Дәметкен Омарбаеваның өмір жолына тоқталсақ, 1950 жылы, Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында дүниеге келген. Жетіарал орта мектебін бітіріп, Семей педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Әр жылдарда аудандық, облыстық ақындар айтысында бақ сынап, жүлделі орындар алды. Ақындығымен қатар, мамандығы бойынша мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ те берді. Республикалық деңгейдегі көптеген айтыста жарқырап көрініп, сан мәрте жеңімпаз атанды. Семей қаласындағы Жастар шығармашылық сарайы жанынан ашылған ақындар студиясының, яғни ҚР Мәдениет минстрлігінің шешімімен 2002 жылдан «Халықтық ақындар орталығы» атанған ақындар мектебінің жетекшісі ретінде жас таланттарды өнер бәйгесіне шыңдап келеді. ҚР мәдениет қайраткері. Республикалық айтыстарда көптеген шәкірттері жүлделі орын алғаны үшін «Ең үздік бапкер - ұстаз» деген атақ та алды.

Өнерде белгілі айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевты, өмірде Қанипа Бітібаеваны өзіне ұстаз тұтқан Дәметкен Серікбайқызы биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр.

Ақын жырымен, бауырында өткен балалыққа деген ыстық сағынышымен табиғатқа тіл бітіреді. Әсіресе, талай құпияны ішіне бүгіп жатқан тау мен тастарға тебірене көз салады. «Тарбиған Тарбағатай – жердің құты» деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, бұл таудың тасы тарғыл, табиғаты тәкаппар, тарихы терең. Бұл тауда халқымыздың қасиеті мен басынан кешкен қасіреті тұнған. Тамылжыған табиғатымен жанға жылу сыйлайтын Тарбағатайдың мөлдір суын ішіп, таза ауасымен тыныстап, жырға қосады:

Жотасы Тарбағатай тізбектелген

Жолдары өзгермепті-ау біз кеткенмен.

Төсінде өрнек салып өскен жерден,

Елесін жастығымның іздеп келем.

Жоталар өркеш-өркеш түйдектелген,

Елігің ем еркелік күйді өткерген.

Жартастан тікен-тікен тошала іздеп,

Тау кезіп, беткейіңнен жидек тергем.

Ақын нені айтса да, көркем тілмен өрнектейді. Ол үшін туған жердің тауы да, суы да, желі де қымбат. Сондықтан да өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Туған жерге деген махаббат айрықша көрініс тапқан. Бойына ақындық та, адалдық та, азаматтық та бәлкім сол махаббаттан дарыған. Шығармашылығы кіндік қаны тамып, шырылдап жарық дүниеге келген жерге, елге деген перзенттік сүйіспеншілікке толы. Сол өлеңдері арқылы оқырманын Отансүгіштікке, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелейді.

Өскен елім,

Өртіне шалдырмаған өскелеңін.

Сені сүйген жүрегім айнымастан,

Топырағыңа айналып кетсе дедім.

Ақын бәйгеге шәкірттерін үкілеп қосып келеді. Сол үкілі үміті ақталса арманының орындалғаны, еңбегінің жанғаны. Үкілеп қосуының да өзіндік мәні бар. Ырымшыл халықпыз ғой. Оны бір өлеңінде былай дейді: «Тарпаң мінез тағдырдың көзі өтпесін, жіберейін жырымнан үкі тағып.

Аяулы жар, ардақты ана. Оған қоса, болмысынан ақын. Бір бойына осы екі қасиеттің басын қосу зор еңбек. Дүниеге ана көзімен де, ақын көзімен де қатар үңіледі. Өршіл рух пен нәзік лириканы ұштастыра білген ақын елдің ықыласына бөленген жан. Ақындық пен аналық толғанысы өміршең екені де айқын.

Қоғамның кейбір көлеңкелі тұстарын да ашық айтып, сынап келеді. Мысалға, «Көріп келем» өлеңінде: қабырғасы сықиған ғимараттардан, «тамшылаған көздің жасын», базардан арба сүйреп, жүк көтеріп қажыған, «өлместің күйін кешкен жұртты», санасы саңылаусыз құлдыраған, «құлақ кесті құлды, арзан қыз бен азғындаған ұлды» көріп, осының бәрін көріп күйзелгенше, неге су қараңғы боп қалмадым» - деп күйінеді.

Бәрін де өлмеген соң көріп келем,

Үндемей тілді тістеп, көніп келем.

Дертінен арылмаған бұл қоғамда,

Туады қайдан ғана көрікті өлең.

Бес бала өртеніп, қоғамдағы әлеуметтік жоқшылық қуырып бара жатқанда ақын жүрегі мазасыз тулайды. Ішінен, іріп-шіріп, зор күнаға батып: «Періштелерді аямай, шырылдатып, тірідей, отқа өртеп, жатырмыз» деп шарқ ұрады. Жазықтылар жалғанды белден басып, жазықсыздар зардабын шегіп жатқанын айтады. Аңқау елдің ебін тауып, алаяқтарға майдай жағып, ілгері баспай, кері кеткенімізге күйінеді. Қара ниет, безбүйрек, қасиетімізді қашырып арсыз, заңсыз, қамсыз жұртқа айналып бара жатқанымыздан түршігеді.

Ақын өткен күнді еске алғанда телегей тебіреніспен жыр арнайды. Сүйіспеншіліктің басы жалаң сұлулық емес, нұрлы ақыл, ыстық жүрек, өткір мінез екенін ескертеді. Басыңнан кешкен өз қызығың жұртқа жасаған жақсылықтан ешқандай кем түспесін айта келіп, адам өмірінің осындай ізгілік пен мейірімге толы болуын тілейді.

Ой дегенің он бөлек,

Yйіріп уақыт танабын,

Табанда жер дөңгелек,

Шыр айланып барамын.

Өмірімнің тыртығын,

Орыны деп жараның,

Көңілімнің жыртығын,

Көйлегіммен жабамын.

Дана халқымыз «Ізгілік атаулының бәрі күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған»-дейді. Тіршіліктің алтын арқауы – Ана. Осы сөздердің астарында теңіздей терең мән жатқаны анық. Әр адамның ананың алдындағы парызы бар екенін ақын жырына арқау етеді. Сонау Хауа анадан тартып бүгінге дейін қаншама аналар ақ сүтін беріп, сонымен бірге адалдық, имандылық, адамгершілік қасиеттерді ұрпақтың бойына сіңірді. Сондықтан бар адамзат анаға бас иеді. Ақын дүниеден көшкен аяулы анасына бар сезімін ақтарым келіп:

Сен де өттің бұл жалғаннан қайран анам,

Сендегі мейірімді қайдан алам.

Әлемді әлдилеген асылым-ау,

Жұмақ іздеп мен енді қайда барам? -

деп түйіндейді. Оны енді таба алмасын да сезеді.

Жүрегіңді қарс айыратын «Қайран әке» өлеңі де тағдырлы жыр. Жеті жасында жетім қалған көңілдің салқын лебі еседі. Әкесіз жүдеген жүрек шемен шерге айналып, аңыраған ана құшағына тығылады. Ерте есейткен тағдырға назын айтып, қабірге айналған қадірлісіне мұңын шағады. Әкеге деген мәңгілік сағыныш жүрек қылын шертеді:

Серік еттім, төзім менен шыдамды,

Көргім келеді, басыңда қос шынарды,

Мен туған жер, құшағына сені алып,

Сен туған жер, мені ақын ғып шығарды.

Ақын Дәмеш Омарбаева биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Қазақ айтыс өнеріне, оның ішінде айрықша Шығыс өңірге ерен еңбегі сіңген адам. Осы өнер, шәкірттерім деп жүріп өзін ұмытқан ұстаз. Биыл өзі бас болып ашқан «Халықтық ақындар орталығына ширек ғасыр толып отыр. Бұл аз уақыт емес...

Осы уақытқа дейін жазған өлеңдері де бір кітап болыпты. Мен мысалға келтірген өлеңдерді өзінің қолжазбасынан алып отырмын. Ақынның мерейтойында жыр жинағы шығып, республикалық болмаса да, облыс көлемінде ақындар айтысы өтсе еңбектің еленгені болар еді. Әрине, бұл іс ұрпақ үшін, ертеңгі тарих үшін қажет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар