Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арман Шеризат: Өлең, ол да – мына мендей күрең ұл...

03.04.2019 984

Арман Шеризат: Өлең, ол да – мына мендей күрең ұл...

Таяуда өлеңге құштар жас талапкер Арман Шеризаттың қолжазбасын оқып көрдік. Бірден айтайық, ақындығына күмән жоқ. Мәселен, «хош аңқыған қиялымның ішінде ақ көбелек-балалығым жүрді ұшып» - дейді автор, өзінің «Көктем» деген өлеңінде. Әне, нағыз поэзия дегеніміз сондай – адам нанғысыз әлденендей жұмбақ дүниенің жұмақтық қақпасын алты ауыз сөзбен айқара ашып бере салады санаңызға әп-сәтте! Енді, ақылыңызды да әнтек жайқалтып, тіліңізді де күрмеп тастарлық қуатқа ие бесті қымыздың Арман өлеңіндегі әдемі қолданылысына қаралықшы:

Ағыла кеткен ащы жыр –

ашуы айғыр қымыздай.

Осылай басталған «Жасын» өлеңі былайша түйінделеді:

Қара Жер – шешем, әкем – Күн,

Қайғысын қатар көтердім.

Жасынды сүйем өлердей,

Жасын боп кетер ме екенмін!..

Абай мен Мәшһүр Жүсіп, Шаһкерім әулиелер жаңғыртқан ежелгі «Күн – Ата, Жер – Ана» танымынан белгілі қос Жаратушыға деген жас ақынның табынысының өзі алапат емес пе: «қайғысын қатар көтердім»! Демек, жасынды өлердей сүйген ақынның өзінің де бір сәт жалпағынан жайқала жарқ ететін жап-жасыл жасын болып та кете алатындығына және имандай сенесің. Өлең сендіреді. Өлең демекші, Арман өзінің алғашқы өлеңін «Тірі өлең» деп атапты. Ол да тегін емес. Оның құпиясы сондағы мына бір жолдарда сияқты: «Жарық Күннің уыз нұрлы саусағын Жанға малып, жазып келем тірі өлең». Әрине, «Күн саусағын адамның қалам етіп алмағы» мүлде қисынға келмейді. Бірақ, «Күн саусағын қалам ету» идеясы логикаға қаншалықты қайшы болса да, аталмыш өлең жолдары автордың поэтикалық кредосының сұлбасын дөп аңғартады. Әрине, ондайлық көркем пафос, мысалы, «Жарық Күннің сүт аңқыған шапағын, Жанға малып, жазып келем тірі өлең» түрінде болса, Ойдың образдық нанымдылығы да нақтыланып, көркемдігі де құлпыра түсер ме еді, қайтер еді.

Қош. «Тірі өлең» былай басталады:

Жазмыш – өлең,

Жаратушы – арғы Ақын.

Арғы Ақынды армандауға бар хақым.

Сананы арбап, дұғалайды сезімді

Қанатына шам байлаған қарға-Түн.

Ұшып қайда барады екен құс-ғұмыр?

Ойлай-ойлай, жан шошырлық ұсқыным.

Құс-ғұмырдың қанатының астынан

Қалың елге қара өлең боп түсті Нұр.

Осының өзі – «қанатының астына маржан тағулы» фольклорлық қараторғайдан» жаратылып ұшқан «қараөлеңдік-қарғатүндік» өзінше бір метаморфоза, кешегі қараторғайдай ғана кішкентай қара баланың бүгін нағыз Қара Өлеңге айнала, халқының қамын ойлай бастағандағы қағылез де қайсар кейпі.

Мен де өлеңге айналамын, білемін.

Өлең, ол да – мына мендей күрең ұл.

Тәңірінің жер бетіне үздіксіз

Жазып жатқан жұмбақ жыры – бұл Өмір!

Арманның «Тірі өлеңі», міне, осылайша әсем де көсем түйінделеді. Яғни, бұл өлең бізге байырғы ақын-бақсы бабаларымыз кемел түзген адамтану-табиғаттану-күнтану-құдайтану ілімінің мынадай қадымғы қағидатының санамызда қайыра жаңғыруына қабағат септесетіндігімен де бек қымбат: «Жаратушы жай сөздің иесі емес, ол – тылсым Өлең-Сөздің Ійесі, құдіретті Ақын. Оның жаратып жатқандарының бәрінің Өлең (Өлең: жұпар шөп; Жұпар Ән,.) болмағы да сондықтан». Осы ежелгі қарапайым қағиданың жадымызда сақталып қалғанмен, рухани мән-мағынасы әлі күнге зерттелмеген бір формуласы: «шөп те – өлең, шөңге де – өлең, өлең де – өлең».

Өзіміз көптен бері құлшына зерттеп жүрген байырғы күнтану ілімі қағидаларына сай келер мынадай да әдемі өлең жазған бауырымыздың келешекте мықты ақын болып шықпауы мүлде мүмкін емес:

Күллі ғалам жаратылған бөлшектен.

Әр бөлшекке Хақ құяды өлшеп дем.

Күн-Атаның сәбиіміз біз әлі,

Жер-Анамыз шығармаған емшектен.

Жаралғалы Күнге ұмтылып келеміз.

«Жер көтерген» жоқ ешқандай «Көк Өгіз».

Кімнің мұңын түйсінеді бұл жүрек,

Күннің нұрын түсінбесе өреміз?

Біздікі тек – тірлік ету, жобалап,

Нұрлы ақылсыз бәрімізге обал-ақ.

Ақырзаман жоқ қылады ғаламды,

Күннің Басы кеткен шақта домалап...

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы,

ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар