Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Арман Шеризат. Өмір деген — бір көлеңке, бір шуақ....

24.05.2019 13635

Арман Шеризат. Өмір деген — бір көлеңке, бір шуақ.

Арман Шеризат. Өмір деген — бір көлеңке, бір шуақ. - adebiportal.kz

Адамға жұмбақ, Аллаға аян іс – тағдыр. Тағдырды әркім өзінше түсінеді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деп өткен бабаларымыз тағдырға сенген. Адам маңдайна жазылған жазмыштан асып кетпесе керек. Бұл туралы Ислам дінінде де кеңінен тоқталады. Тағдыр әрбір тіршілік иесіне тән. Әдебиет әлемінде ең өзекті мәселе адам тағдыры. Қоғамды тану үшін де, оның сан қилы қатпарын зерттеу үшін де адам тағдырына үңілеміз. Кейде адам тағдырына қарап Алланың құдіретін де тани түсеміз. Тағдырсыз талант болмайды.

Адамның тағдыры күнделікті тірлікте татқан шәрбаты мен тартқан азабы бірінен бірі туындап, бірімен бірі жалғасып келіп, өмір жолының қалыптасуына негіз болады. «Тағдыр» туралы түсінік әркімде әр қилы танымда қалыптасқан. Барша адамзат, оның ішінде қазақ дүниетанымының өзегі боларлық «тағдыр» ұғымына және оны жете танып түсінудегі қазақтың ұлттық дүниетанымдық ерекшеліктеріне тоқталсақ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР: Төлен Әбдік. Аялдамадан аялдамаға дейін

«Тағдыр» қазақ дүниетанымында да басты орын алады. Ол өте күрделі ұғым. Жалпы, бұл ұғымды діншілдер мен ойшылдар белгілі бір дәрежеде зерттеген. Біз өз тарапымыздан осы ұғымды түсінуге талпындық.

Ислам дінінде «тағдыр» дегеніміз Хақтың жазмышы, әуелде белгіленіп қойған, оған мұсылмандар ешбір қарсылықсыз, сабырмен көнеді. Пенденің шыдаммен сабыр қылып, шүкіршілік еткені үшін Жаратушы сый көрсетеді деген ұғым қалыптасқан. Жаратқанға деген сенім күшімен өмірден түнілмей, оның жайлы да, жақсы кезеңдерін күтіп, «тағдырдың» қиындықтарын сабырмен өткізеді.

Ал Үнді философиясында бәрі мойындайтын терең ұғымдар бар. Соның бірі - карма ұғымы. Карма – жазмыш заңдылығы, тағдыр адамға жасаған әрекетінің табиғатына қарай несібе сыйлайды. Егер адам өзінің менмендік пиғылдағы әрекетінен тазарып, тек жоғары құндылықтарға ұмтылып отырса, оның жолы ашылып карма жазасына ұшырамайды. Қарма идеясы ақ пен қара мәселесін жеткілікті түсіндіріп отырды. Бәрі өзіңе байланысты, өзінің әрекеттеріннің, істеріннің табиғатына байланысты. Жаман іс-әрекеттерің үшін міндетті түрде жауап аласың.

«Тағдыр» ұғымының танымдық табиғатын бірден тану қиын. Себебі, тағдыр түсінігі жекелеген адамдарда олардың жасына, пайым-парасатына байланысты әртүрлі болғандықтан, олардың көзқарасы әр түрлі болып келеді. Осы орайда, біз қазақ әдебиетіндегі тағдырдың көрініс берген сипаттарына қарап көрсек.

Аңыздағы Корқыт ата философиясының басты түйінінің бірі – жалған өмірдегі бар зұлымдық пек жауыздықтың басы деп танып, онымен күресу, өмірдің тұрлаусыздығын мойындау, мәңгілік өмірді аңсау. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов Қорқыт ата аңызы жайлы былай деп жазды: "...Аңыздарда оптимистік мағына басым. Қорқыт жайындағы аңыздардың тақырыбы - ажалмен алысу туралы тақырып. Қорқыт жазмыш, тағдыр даярлап қойған талайына қарсы алысады". Ал көрнекті ғалым, қорқыттанушы Әлкей Марғұланның зерттеуіне үңілсек: "Қорқыттың өліммен алысу туралы фәлсафасы - дүние тарихында өте сирек жолығатын, адам баласы тудырған ойдың ең жарқын бейнесінің бірі болып суреттеледі. Мұны тек Прометей мен Харта және гильгамеш туралы айтылған дүниежүзілік әдебиет мұраларына тенеуге болады."

Халқымыздың танымында «тағдырға» иілуден гөрі қанағаттанбаушылық басым екендігін аңғарамыз. «Тағдыр» өмірдің тұщысынан гөрі, ащысынан қолданыс табады.

Ал, өмірі қиыншылық пен азапқа толы ақын Сұлтанмахмұт өз өлеңінде тағдырды кінәламайды, керсінше:

Жақсылық көрсем өзімнен,

Жамандық көрсем өзімнен.

Тағдыр қылды деулерді

Шығарамын сөзімнен, —

деп, пенделіктен биік үлкен парасаттылық танытады.

Адам баласы күнделікті өмірде уақыт пен кеңістік, жақсылық пен жамандық, ар мен намыс, т.б. сөздерді жиі қолданса да, олардың мағынасын әртүрлі түсінетіні белгілі. Ол сөздердің беретін мағынасын ашу адамның білім деңгейі мен өмірлік тәжірибесіне қарай әрқилы болмақ. Адамның тіршілікте істеген амалдары, қызығы мен азабы, барлығы да – оның тағдыры. Тағдыр өзгермейді, оны хәкім Абайдың жиырмасыншы қара сөзінен көреміз: «Тағдырдың жарлығын білесіздер - өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол - тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес».

Көркем шығармада «тағдыр» көбіне адам мойнына артқан жүгі ретінде бейнеленеді. Кейіпкердің тағдыры оқырманның жан сезіміне ерекше әсер етпей қоймайды. Халқымыздың болмысында адамның өміріндегі сәтсіздіктердің көбі «тағдырға» қатысты. Әрбір жарық дүниеге шырылдап келген сәбидің маңдайында келешек өмірінің тағдыры жазылмақ. Бірақ оны білу мүмкін емес. Адам келеңсіздікке шалдыққан жағдайда, халық танымындағы «жазмыштан озмыш жоқ» деген түсінікке сүйенеді. Оны өзгертуге ешкім де дәрменсіз.

Өмірді танып болмай жатып, "жетімдік тағдыр" желкелеген балдырғанды өз тәрбиесіне алған Отанын ерекше сезіммен жырлаған ақын Қасым:

Өмірге ендім еңбектеп,

Шалқалап әкем шықты үйден.

Жетімдік тағдыр жетті ептеп,

Қабағын жаба түксиген,- деп рухын төмендетпей, намысын қайрай түсті.

Біреулер тағдырына разылық танытып, бақыттымын деп жатса, біреулер өмірден қуаныш таба алмай, өз көрген азабын «тағдырынан» көріп, жасаған қателерін түзеуге қамшының сабындай қысқа өмірі жетпей бармақтарын тістейді.

Адамның ойы, арманы, мұраты тағдырды жасайды. Сол сияқты адам тағдыры көркем шығармаларда да бірінші орында болады. Демек, халық болмысын ашу кейіпкер тағдырын танудан басталмақ. Тағдырды көрсетуде образдар галереясы қалыптасады. Әр заманның өз шындығы бар, сол дәуірдегі адам тағдырын, қоғамды жан-жақты зерттеп тану арқылы көркем шығарма туындайды. Әрбір адамның ішкі жан-дүниесі, мінезі осы тағдырды жасайды.

«Тағдыр» сөзіне қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мынандай анықтамалар берілген.

1. Адам еркінен тыс болатын оқиға барысы, түрлі жағдайдың тоғысу салдары.

2. Діни Құдіреттің жазуы, жазмыш.

3. Болып өткен өмір жолы, тұрмыс, болашақ.

Әсілі, талантты тағдыр қалыптастырады. Тағдырдың тақсіретін көп тартып, балалығы соғыс жылдарына тап келген қаламгерлер тағдыр жайлы көп толғады. Олар шынайылығымен көптің жүрегін жаулады. Мұзтаудың мұзбалағы атанған Мұқағали тағдырды бетпе-бет сырласуға шақырады.

Хабар жоқ саған кеткен елшілерден,
Ей, Тағдыр!
Сөйлесейік, келші бермен,
- деп тағдырға ашынысын, өкпесін өлеңмен өрнектейді.

Ал Қадыр ақын:

Тағдыр бұлты аспаныңда жүр шұбап,
Сарғаяды сүмбіледе жыршы бақ.
Өмір деген— бірде көктем, бірде қыс,
Өмір деген — бір көлеңке, бір шуақ,
- деп тағдыр жайлы үлкен ой айтады.

Тағдырды еш уақытта жазғыруға болмас. Алдағы тағдырың үшін үйден алған тәлім-тәрбиенің орны да ерекше. Ата-ананың жақсы өнегесін көрмей дұрыс тұлға қалыптаспайды. Тағдыр әуелі өзіңнен, ауызыңдағы сөзіңнен басталады. Шәкәрімше айтсақ, «Сөзіңді түзе - әдетіңе айналады, Әдетің - мінезіңе айналады. Мінезің - сенің тағдырың».

Сурет ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар