Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арман Шеризат. Шебер жазушы

23.06.2019 961

Арман Шеризат. Шебер жазушы

Жазушы Талғат Кеңесбаев ағамен университеттің 1-курсында оқып жүргенімде танысқан едім. Оған себеп жазушы досым Қуат Қиықбай болатын. «Көктемдегі көлеңке» деген алғашқы кітабы жарық көріп сол кешке Талғат аға арнайы келген еді. Біз де өлең оқып тұсаукесердің бел ортасында жүрдік. Міне, сол күннен бастап ағамен аға-бауырлық достығымыз басталған еді. Арамызда өте бір жақындық, жылылық пайда болды. Үнемі жылт еткен бір ұшқын көрсе соған пікірін айтуға асығып тұратын ағам, сол алғашқы таныстықтан соң өлең оқытып, жақсы сөздерімен көңілімізді марқайтып қоятын. Сұрай келе ол кісі біздің Абай ауданында жылқы мен қымыздың «отаны» болып саналатын Саржалдан екенін айтты. Мен туған Медеу ауылы бір кезде сол Саржалдың 4-фермасы болған екен.

ҰҚСАС МАҚАЛА: Мирас Мұқаш. Біздің Такеша аға

- Ол ауылда кімнің баласысы едің? - деді.

- Шеризат деген кісінің, атам да ақын адам болған - деп таныстырып жатырмын. Бір кезде ағам:

- Әлгі көзі тұздай, сары кісі ма? - деп сұрай қалғаны. Атамды тани кеткеніне қуанып кеттім. 7-сынып оқып жүргенімде өмірден өткен атамды сағынғаннан ба екен. Әйтеу:

- Иа, аға сол адам - деп ағамды құшақтай кеттім.

- Ол кісі есімде. Бала кезімде біздің үйге қонақ болып келіп тұратын. Мінезді, өткір адам еді ғой - деп есіне алды.

Содан басталған таныстық ұзаққа созылды. Жеңгеміздің қолынан қанша рет дәм таттым. Астанаға көшерінің алдында ақын Бауыржан Игілік екеумізге үйіндегі кітаптарын теңдей бөліп берді. Әңгімесі таңға созылған талай жақсы күндер ыстық сағынышқа, мөлдір естелікке айналды. Аға Астанаға көшетін боп 2-3 ай үйінде де тұрым. «Қазанбасым» деп еркелетіп жүруші еді. Көрген адамдар ұқсастық байқай ма екен:

- Ұлыңыз ба? - деп сұрайтын. Ондайда аға:

- Иә, ұлым! - деп көзін қысып қоятын. Өзінің үш қызы болғасын, мені ұлындай көріп еркелететін.

Талай әңгімесінің жазылуына куә болдым. Аға әңгімені диктовкамен жазатын. Әбден ішінде қайнап піскен кезде диктовка жасауға адам іздейтін. Теріліп қағазға түскеннен кейін үстінен бір-екі рет қарап, артынша-ақ жарыққа шығатын. Үнемі толғаныс үстінде жүріп, әңгіме жазарда қатты ширығатын. Ондайда ешкімге, ештеңеге қарауға мұршасы болмай қалады. Көбіне шабытын музыкамен шақырады.

Жеңгеміздің көңілі кең. Ағамызға үнемі қолдау білдіріп, қабағын бағып отырады. Көңілі дархан, көпшіл ағамыздың жанынан үнемі адам үзілмейтін. Үлкенді де, кішіні де бауырына тартып жақын етеді. Маған қарап:

- Мен де кеше осылай ағаларымның қасында жүруші едім – деп Оралхан

Бөкейді, Роллан Сейсенбаевты сағынышпен есіне алып отыратын. Сол сағынышын басқысы келгендей дереу Роллан ағаға қоңырау шалып, қал-жайын сұрап отыратын. Ағаның жақсы көретін інілері де көп болды. Бәрін еркелетіп соларға асқар таудай аға бола білді.

Қысқа әңгімелеріне өмірдің үлкен философиясын сыйғызып жіберетін шеберлігіне қайран қалушы едім. Табиғаты жалғыздықты аңсап тұратын жазушының шығармашылық әлемі жұмбақ күйінде қалды. Өмірде көп сөйлемей әбден піскен ойының тобықтай түйінін ғана айтатын жазушының шығармашылығы да солай. Жазған әңгімелерінде айтылған ойдан, айтылмай қалған сырлары көп. Тек шығармасымен оқырманын айтпақ ойының кеңістігіне шығарып жібереді. Ары қарай сол ойға өзің жетесің. Бұл жазушының ерекше стилі десе де болғандай.

Семей педагогикалық институтын тәмамдап, сексенінші жылдары «Француз әтірінің иісі» әңгімесімен әдебиет әлеміне енген жазушы, сол шығармасымен «Жігер» фестивалінде проза аталымы бойынша лауреат болды. Осы туындының атауымен алғашқы кітабы жарық көрді.

Жазушының «Қасқырдың суреті», «Мұз-айна», «Үнсіз нота», «Лениннің бәтеңкесі», «Мерседес», «Түн құсының мұңлы үні» әңгімелерін, «Гауһар», «Ойшоғыр» повестерін, «Моцарт» романын оқырман жылы қабылдады.

Шығармалары бірнеше бауырлас халықтардың тіліне аударылды. Соңғы жылдары «Қызыл жусан» журналына редакторлық етті. Онда да талантты жастардың шығармаларын насихаттады.

Абай атамыздың «Мақсат – алыс, өмір – шақ» дегені осы. Ағаның арманы көп еді. Тағдыр оған жеткізбеді. Ендігі жазушының жаны жазған шығармаларында. Соны оқып жұбанамыз. Өзімен сырласқандай боламыз.

Ғаламдық деңгейдегі қоғамдық қайшылықтар, санадағы қақтығыстар кезінде адам дүниенің мағынасыз екенін, өзінің фәнидегі жалғыздығын ұғады. Жалғыздық қасіреті қоршаған ортаны адамның жатсынуы модернизм өкілдерінің шығармаларында айрықша көрініс табады. Модернизм ХХ ғасыр басындағы қаламгерлердің әлемдік соғысқа, адамзат дамуындағы дағдарыстарға көзқарасын білдірді. Ол жеке тұлғаның санасын рухани ауытқулармен байланыста алып қарады.

Қазақ прозасындағы адам табиғатының трагедиялығы, болмыстың адам тіршілігімен үйлесе бермейтін қайшылығы бейнеленген, адамның панасыздығын, қорғансыздығын меңзейтін шығармаларда романтикалық сипат пен модернистік ұстанымның берік байланысы жатыр.

Осы сипаттарды қамтитын жаңашыл, модернист жазушының қай әңгімесін алып қарасаң да оқылуы жеңіл, берілу тәсілі де ерекше. Қай-қайсы да киноға сұранып-ақ тұр.

Шығармаларымен жас буынды тәрбиеледі. Оның шынайы өмірден алынған кейіпкерлері мен оқиғалары әрбір оқырманға етене жақын. Қаламгер шығармаларының өзектілігі қазіргі заманда тіптен арта түседі. Адам жанының тазалығы, ойы мен ісінің бірлігі, табиғатпен үйлесімді болуы – қазіргі уақытта бүкіл адамзаттың алдындағы мәселелер. Терең философиялық мағынасы бар жазушы туындыларының түпкі идеясы адамгершілік пен адалдықты насихаттау болып табылады.


Байқасақ жазушы тақырыптарының тосындығымен, суреткерлік шеберлігімен адамның көкейіндегі ең өзекті мәселелерді көтеруімен ерекшеленіп келді. Әрбір шығармасында адам баласы тек өмір сүріп қана қоймай, сол өмірдің мәнін терең түйсіну керектігін еске салып отырады. Қасірет атаулыға қарсы тұрып, ізгілікті, адами құндылықтарды жырлау керектігін ұрпақ зердесіне құяды.

Адам тағдыры арқылы қоғам келбетін әр қырынан алып көрсетуде көркем әңгіменің орыны ерекше. Мейілінше әңгіме жанрын меңгеріп, тәсілдерін тиімді пайдаланса, шағын әңгімеге әлемді сыйғызуға болады. Оқылуы да тез, аударымы да жылдам.

Жазушы көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін сомдап кетті.

Гауһар, Меруерт, Алан, Телжан, Жақсыбай, Ниетбай, Ақмарқа, Тасқын, Маздақ, Дархан, Айжан... Бұл тізімді соза беруге болады. Солардың әрқайсысы типтік дәрежеге көтерілген жанды бейнелер. Талғат ағаның шығармаларын оқығанда бұлардың бәрін көргендей, бәрімен бірге жүргендей боламыз. Жазушы әрқайсының жан дүниесіне үңіліп, жүрек сырын ақтарады.

Қазіргі қоғамда «дәулетті адамға тұрмысқа шықсам, бақытты боламын» деп ойлайтын қыздарға «Гауһар» үлкен ой салатын туынды. Шығарманы оқығандар әйел бақытының бағасын түсінері анық.

Ерлі-зайыптылар психологиясы арқау болған бір әңгімесі «Аһ, Мона!» деп аталады. Еркектердің өсек айтуы белең алып бара жатқан қоғамның бейнесін көз алдыңа келтіреді. Бұл да қоғамның бір дерті.

Қысқа әңгіменің хас шебері А.П.Чехов: «Краткость – сестра таланта» десе, Талғат Кеңесбаев сол талапты өзіне қоя білген жазушы. Тек қысқа жазып қана қоймай, бүгінгі әдебиетімізге керек өткір тақырыптарға барды. Көп суреттеу, ұзақ баяндауға бармайды, тек шындықты, аз жазып, үлкен ой беруді мақсат еткен.

Кейінгі жылдары оқырманды елең еткізген жазушының «Марафон» атты кітабы. Кітапқа қаламгердің бірнеше повестері мен әңгімелері топтастырылған. Әңгімелерінен әртүрлі кейіпкерлер бейнесін, олардың мінездері мен болмыс-бітімін, қоғамның көріністерін сипаттаған көркем суреттеулер мен айшықты бейнелерді көреміз.


Қаламгердің шеберлігі, өрнекті нақыштары, тіл байлығы, образ кестелеуі – барлығы да оқырманын бірден баурап алады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар