Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Арман Шеризат. Тәуелсіздік тудырған әдебиет...

27.09.2019 5365

Арман Шеризат. Тәуелсіздік тудырған әдебиет 12+

Арман Шеризат. Тәуелсіздік тудырған әдебиет - adebiportal.kz

Ұлттан тыс әдебиет жоқ. Әдебиет – ұлттың жаны.(Жүсіпбек) Адамзат руханиятының бір бөлшегі болып саналатын ұлттық әдебиетіміздің тамыры тереңде жатыр. Оның қуаттылығы бүгінге дейін ұлттық ерекшелігі жойылмай сақталуында. Ұлт басына қанша қатер төніп, «мың өліп, мың тірілсек те» ұлттық ойдың қайнары әдебиет тамырынан үзіліп, табиғатынан ажырамады. Әрине, қаншама ғасырларға жалғасқан бұл жолда әрбір қаламгер алтынкөпір іспетті. Еркіндік туралы ұғым-түсініктің өзі халыққа қарумен емес, қаламмен келді. Тәңірге тәубе айтып тәуелсіздік алған тұста айналамызға көз салып, барымыз бен жоғымызды түгендедік. Жоғалған дүниемізде есеп жоқ. Бірақ қазақтың қанындағы тектілік, бойындағы дархандық, өнерге деген құрмет сақталыпты. Ұлттық санамызды жаңғыртып, ұмытылған дүниемізді қайта бір еске салғанда қырандай түлеп шыға келеріміз анық. Еркін ел болып, бейбітшілік пен келісімді ту етіп көтергенімізге биыл 28 жыл толып отыр екен. Бүгінгі тәуелсіз қазақ топырағында туған еркін ойлы жастардың қалам қуаты, таным көкжиегі қандай? Бағыт-бағдары қай жаққа бет алды? Не жазып жүр? - деген сұрақтар төңірегінде ой қозғамақпыз. Алдыңғы толқын аға буыннан жастар шығармашылығы туралы сұрай қалсаң көбі қырықтың айналасындағы бір-екі жинақтың авторына айналып үлгерген аға-әпкелеріміз жайында сөз етеді. Өзімдік қолтаңбасы қалыптасып, оқырмандарынан өз бағасын алып үлгерген әдебиеттегі аға-әпкелеріміз жөніндегі әңгіме бөлек. «Жастар жылында» назарымызды жастарға аудармақпыз.

Әрине замандастарым, қанаттас достарым жайлы жазу солардың ортасында жүрген мен үшін үлкен жауакершілікті талап етеді. Олар жайлы жазу жеңіл де, қиын да. Жеңілдігі сол күнде көріп сырласып жүрген қатарласыңды сенен артық кім білсін. Ал қиындығы жоғарыдан үңіліп баға беру. Хәкім Абай: «Адам баласын заман өсіреді, кімде - кім жаман болса оның өзінің замандастарының бәрі виноват» деген сөзін әсте санада ұстаймыз. Салдарына қарап, себебін іздейміз.

Қай заманда болмасын өзінен асып туатын ұрпақ тәрбиелеу - адамзаттың асыл парызы болып саналады. Әр халық өзінің тарихын жалғастыратын ұрпақты адалдыққа, әділдікке, ізгілікке үндеп, өзінен оза шапса екен деп тілейді. Егер «ұстаздан шәкірт озбаса» еңбегінің еш кеткені. Әдебиетте де солай. Егер жас толқын, жаңа буын тың серпіліс бере алмаса алға баспайды. Жаңаны аңсап ескі жұртта отыруға мәжбүр. Ал ойы жұрттан озып туған алыптардың жөні бір басқа.

Бүгінгі әдебиеттегі орта буын мен жас буынның өзі екі түрлі дәуірдің өкілдері болып табылады. Былайша айтқанда, бірі – ескінің арты, бірі – жаңаның басы.

Жас буын деп отырғанымыз түсінікті тәуелсіздікпен құрдас және одан бері қарайғы туғандар. Олардың ұғым-түсінігі, ойлау жүйесі мүлдем басқа. Өлеңдегі өршіл рухы да шынайы, үні асқақ.

Сол қалам ұстаған замандастарымның қатарында: Аян Мейраш, Саян Есжан, Бекзат Смадияр, Шерхан Талап, Айдын Байыс, Ажар Ерболған, Батырхан Сәрсенхан, Біржан Ахмер, Әлия Іңкәрбек, Еламан Хасенұлы, Еділбек Дүйсен, Абай Ораз, Қайрат Сейітқазин, Нұрболат Жолдасбек, Арман Әлменбет, Әлімжан Әлішер, Алпамыс Файзолла, Еламан Төлеутай, Ерік Нарын, Дания Сәтбекқызы, Қуаныш Еркінұлы, Темірлан Темірбай, Оразай Жеңісұлы, Ділдә Уәлибек, Алтынғадыс Күнтуғанұлы, Ақжігіт Аманкелдіұлы, Азамат Қажыбай, Досхан Жылқыбай, Ерболат Қуатбек, Нұрбол Мұратбек, Жандос Аманжолұлы, Мұқағали Кенжетайұлы, Жасұлан Мақай, Салтанат Қайырбек, Биболат Сəтжан, Азамат Əбілхайыр, Назерке Қабай, Арайлы Жақсылық, Әділет Шопен, Айбол Исламғали, Нұржан Қадырәлі, Наурыз Сарша, Нұртас Тұрғанбекұлы, Арқалық Әмәлият, Даулетберді Жекей, Сүндет Сейіт, Ғылымнұр Кәдірбай, Медет Божан, Марлен Ғилымхан, Серікжан Қажытай, Тілек Ырысбек, Ауғанбай Санақұлы, Мұхтар Күмісбек, Арман Әділбек, Файзулла Төлтай, Әсел Кәрібай, Мөлдір Райымбек сынды алды алғашқы жинақтарын шығарса, көбі әдеби порталдар мен әлеуметтік желі арқылы танылып үлгерген жастар.

Мен замандастарым жайлы жазғанда олар шетінен мықты, бәрі де керемет деуден аулақпын. Керісінше олар ізденіспен толысу үстінде. Бәрі де өз жолын іздеуде. Ең үлкен сарапшы уақыт. Сол сүзгіден өткен нағыз таланттар ғана болашаққа бет алмақ. Мақсат, осы жастардың өнер биігіне ұмтылысын байқату. Жастарға көз қырын сап жүретін алдыңғы толқын ағалардың айтқан аз-кем пікірлерін негізге ала отырып шығармашылық әлеміне үңілу. Өсу үстінде болатын кейбір кемшіліктеріне кеңшілікпен қарап, мейілінше жарқырап тұрған жолдарын, ауыз толтырып айтатын шумақтарын, ішкі ақындық қуатын аңдататын тұстары мен жеріне жеткізіп айтқан жерлерін көрсетуге тырыстым. Әркім өз іздегенін табады, әрине!

Тағы бір айта кетер дүние жастарға үнемі жанашыр болып жүретін ақын ағамыз Қалқаман Сариннің бір жылдан астам Қазақ радиосында жүрген «Қауырсын ғалам» бағдарламасы. Осы ақындар толықтай дерлік сол бағдарламаға шықты. Ұлттың үн байрағы Қазақ радиосында жастар сөз тізгінін алды. Бұл жастар шығармашылығына танытқан үлкен қамқорлық болды.

Қасымның құлдыраған қоңыр құлыны Қарағандылық ақын Аян Мейраштың «Саған арнадым» деген алғашқы жыр жинағы көптің көңілінде. Ардакүрең ақын Ғалым Жайлыбай ағамыз былай деп сүйіншілеген еді: «Бас жібіне оратылып, аласұрып тұратын Қасымның асау құлындары көп. Соның ішінде Аян Мейраш дара дер ем. Аянның өзін танымаймын, өлеңдерін білгендіктен өз пікірімді айтқым келеді. Өлеңінде қазаққа ғана тән бояу бар. Ол – лирика». Алып-қосары жоқ анық, дәл берілген баға дер едік. Тазалықты пен пәктікті сүйетін ақсүйек өнерді ардақтап келеді. Азаматтық ұстанымы берік. Өлеңдерінде шын ғашық жүректің дүрсілі, мөлдір сезімнің сиқыры бар. Ақынның жан дүниесіне еніп, тану үшін жырларына үңілеміз:

Көңіл ғой мына толқитын құзда,

Күрсініп әрбір елеңге.

Абайды сүйіп оқитын қызға

Аянның жыры деген не?

Тәйірі, мұнша ұнатар ма едім,

Дір ете қалып жүрегім.

Тәңірден сені сұратар едім,

Қалса егер соңғы тілегім.

«Мейірім ғаламшары» деген алғашқы жыр жинағымен танылған тағы бір ақын, Ордабасылық оғлан Батырхан Сәрсенхан. Батырханның алғашқы жинағын ақын Қалқаман Сарин жарыққа шығарып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет ағамыз ақ батасын берді. «Батырханның ақындығы – сәулелі, шұғыласы мол, жарқын нұрға шүпілдеген таза, тұмса, мөлдір әлем. Оның жырларында көреген көңіл, сезімтал сана, бауырмал жүрек бар. Бастауын бұрқылдаған қайнар тұмадан алып, бұрқырап аққан бұлақтың арналы өзенге айналуға асыққан жарасымды ерке, ер мінезі бар» - деп ағынан жарылды. Ағалардың алқауымен арқаланған Батырхан біздің білуімізше үнемі ізденіс үстінде келеді. Өзін әр қиынға салып сынасам деген батылдығы қуантады. Әлемнің үстінен асқақ қарап, жыр оқитын Батыр өлеңдерінде әлеуметтік тақырыптарға да жиі барады. Төгіліп түскен мына бір өлеңі, ертең телегей теңізге айналар ақындық қуатын көрсетсе керек:

Бір күндер болады,

Күлкі білмейтін.

Бір түндер болады,

Кірпік ілмейтін.

Бір сезім болады,

Сыр ақтаратын.

Бір әзіл болпды,

Жылап қалатын.

Бір бауыр болады,

Серік болмайтын.

Бір ауыл болады,

Көлік бармайтын.

Өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, суреткерлік шеберлігі жоғары ақындардың бірі Көкшетаулық - Саян Есжан. «Іңкәр» атты жыр жинағы жарыққа шыққанда «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Маралтай Райымбекұлы: «Саянға да қазіргі өзі құралпылас жастардың ізденгіштігі, эксперименттерге еркін баруы сияқты қасиеттері тән. Саян солардын арасында символикаға көбірек мән беретін секілді. Саянның үлкен ақын болатынына мен шүбәсіз сенем. Мен бұл сөзді Саянның аздаған көлеңкелі тұстарын ескере отырып айттым. Әрине жас ақын мұндай кемшіліктерін түзетуге қауқарлы деп ойлаймын. Саян Тыныштықбек көкесінің ықпалынан, Тыныштықбектің ойлау және образ сомдау қалпынан алыстау отау тігуге тиіс. Сонда қазақ халқы акварель бояуымен салынған суреттей мөлдіреген өлеңдері бар және бір ақынымен қауышқан болар еді» - деп баға берген еді. Бұл айтылып отырған жас ақындардың алдыңғы толқын ағаларға еліктеу қай-қайсында да бар. Бірақ бұл бүтін жұтылып кетті деген сөз емес. Саянның өзіндік үн бояуы мен жазу мәнерін анық тани аламыз.

Сөнген жұлдыз - көрген түстің баяны -

Баянсыз күн - тіршіліктің аяғы.

Оның мəңгі сөнгені -

Өлгені.

Дəл осылай шексіз ғұмыр бояуы...

Солай болған əуелден,

Сөнген жұлдыз – жан өлген.

Қос жұлдыздың құлағанын көрдім мен

Өткенде һəм бүгінде -

Қош айтысып əлеммен;

...Əлем тағы үнсіздікте...

Өлең...Мен...

Қос жанарым боталап тұр төменнен.

Бекзат Смадияр да көркемдігі кемел бөлек ақын. Өлеңді қиналмай еркін жазатын талант. Құдды бір суретшідей бояулары ерекше. Теңізді тамшысынан тануға болатынындай «Әжім» деген мына бір өлеңінен-ақ әлеміне еніп кетесіз:

...Көлеңкелер қақырай үркіп-қашып,

Тек Іңір тұр қанталап тыртық басы..

Түзге шыққан Кемпірдей бүкірейіп

Ай көрінді аяғын сылтып басып.

Соры батыс боп біткен ұдайы Іңір,

Өз асығын иірер күнәйі күн.

Қай көгенге жусатсам үйіріңді,

Діні бөлек ойлар-ай, Құдайы бір.

Батыста туған Шерхан Талап әдебиетке «Қадыр ақынның орынын жоқтатпаймын!» - деп асқақ келді. Бүгінде қатарынан оза шауып жүргені байқалады. Төрт аяғын тең басқан қара өлеңді өзінше өрнектейді:

Қарашығың – қара түн,

Ай қалқыған ішінде.

Түнге жұлдыз таматын,

Жанымды өртеу үшін бе?

Аққан жұлдыз сәлемі,

Сөнген үміт обалы.

Сәттерімді әдемі,

Сағынышқа орады.

Балқашта туған болмысы бөлек ақын Айдын Байыс. Айдынның жырлары сыршыл. Асып-тасып жатқан асаулықты байқамайсыз. Ақыл мен сезімді қатар өреді. М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Аманхан Әлімұлы ағамыз Айдынның сұлу жырларына сүйініп, былайша баға берген екен: «Жас ақын өз буына піскен палаудай ісіп-кеппей, шығармашылық денсаулығы мен тазалығын бұзып алмай, дәл осы бағыт-бағдардағы көркемдік пен суреткерліктің бастауы тіл мен образ, музыканы игерген қазіргі қадыр-қасиетін жоғалтып алмаса, ұзаққа барады. Сосын, маған оның шашыраңқылықтың бастауы – көпсөзділік пен боссөзділіктен ада, жыр жолындағы логикаға негізделген жинақылығы да ұнайды. Меніңше, Айдын Байыс нағыз ақында артық өлең болмауы керектігін сезініп, білетін секілді. Мына өлеңдерінен білімділік пен біліктілікке ден қойған ізденсі де сезіледі. Үлкен жолға түскен ақын, енді, өлеңге үстірт әрі атүсті қарамас деп ойлаймын». Шынайы берілген әділ баға деп білеміз. Ендеше Айдынның шабытты шалқар әлемі зер салсақ:

Сәт

Ақ саумал жұпар, тамшылағандай көктен сүт,

Ән сұрағандай жауыннан кейін шөккен шық.

Басуға және жасқанып тұрмын мөлдірді,

Күмілже сөйлеп, қысылған жандай көп тершіп.

Сайрауық құсым көтеріледі көкке нау,

Маржанды өлкеге сүйсіне қарап шетте тау.

...Жазамын деген өлеңнің өзі жан бітіп,

Жер жәннәті Жетісуда туып, жалпақ жұрттың сүйікті ақын қызына айналған тағы бір замандасым Ажар Ерболған. Ажардың поэзиясы нәзік лирикаға толы. Өлеңдерінен қардай тазалық пен сағыныштың лебі еседі. Үнсіз ғана еркелігімен жаныңды баурап алады:

Хат жазбаған,

қоңырау да шалмаған -

Үнсіздікпін. Үнсіз ғана ұнатам.

...Сенің аппақ жүрегіңнен аумаған,

Ақ қар болып атты бүгін мына таң.

Сағыныш қой,

Сағыныш қой егілген -

Бейуақытта көзін сүртсе арманым.

Қар жауса да сендей болып көрінген,

Елесіңе сіңіп кетті жолдарым.

Аягөздің аядай жыр бұлағынан қанып ішкен тағы бір талантты ақынымыз Біржан Ахмер. Сезімі сергек, ойы астарлы, сөзі мығым. Біржанның жүрек үніне құлақ түрген терең иірімді сұрапыл ақын Сұраған Рахметұлы былай дейді: «...Еріні күйген жүрек!». Тәуір теңеу, әдепті мұң. Болмыстың өңге айналған сүгіреті осылай өрнектелсе таңданбасқа не шара!? Жалпығаламдық тыныс сезіледі. Біржан – бұрынғы сал-серінің жаңа жалғасындай. Алабұрқақ дала жаңбырындай себе сергек. Жел гуілінің өз үні болады. Алтайлық аңқыл самалдың екпіні көп жас ақындардың шын өлеңіне жұққан!

«...Қара көздер, сенделеді күз жұққан...». Ғасырдың отырықшылдығы екі өкпеден қысқанда қала жастанған ақындар даланы аңсайды!? Биік ғимараттардың темір сүзбелерінде ілініп тұрған небір тұрмыстар жас ақынның көңілін далаға қарай қуатын секілді. Ақында өз әлемінде бейтарап, далабезер! Бұл енді мәңгілік қанға сіңген далалық мән. ...Бірін-бірі жоғалтып ап адамдар, жат сезімді жағалайды... Бір орталық, бір қамауда тоғысқан тұрғындардың бірін-бірі жоғалтуы өркениеттік қасырет! Мың жыл өзінен еш ажырамаған көшпелі жұрт ұлы қалада бірінен мәңгі адасады. Біржан жырларында осы бояулар басым. Осыдан жүздеген жылдар бұрын өмір сүрген жандай бәрін сезінеді. Сезіну деген ұлы құбылысты тек ақынға берген тәңірім!

Ол өткен шақта да, осы шақта да өмір кешіп жүреді. Өткенмен жүрегі үндес. Сонда құдірет! Ғұмырлық қасиет еш үзілмек емес екен! Ақындар – қос өмірлі! «...Есіл дәурен сен тағы, ескірдің бе, шынымен!». Бұл ойда бәрі тұр... Сағымды – күйік дейді! Біржандық кейіп, шәйірлік шырқау, далалық мінез деп ұқтық. Махаббат, сезім туралы бір өлеңін оқыңыз. Абай дананың жаңа үні секілді ме!?

жүрегім жүрегіңмен үндеседі,

үнсіз ғана сүйеді, тілдеседі...

сөздерің – сағым тұнған самаладай,

көздерің – қоюланған түн кешегі.

ғажап қой.. жүзің, қолың, қастарың да,

шаттықтан кірпігіңнен жас тамуда.

алдыңнан Əлем болып қарсы аламын,

таң келіп, терезеңді ашқаныңда.

мен сені сүйем солай, ұялшағым,

бұл ғұмыр – өң менен түс. қиял. сағым.

өзгелер түсінбейтін сағынышпен,

өзіңді жиі аңсадым.

жиі аңсадым...

Мінеки енді осындай ұлпа, далалық кейіпті жырлар мен сусындау үшін ұлы поэзияға қарай тағы да бір сәт!!!

Алғашқы «Тәңіртау» атты жыр жинағына көрнекті ақын Нұрлан Оразалин ағамыз ақ батасын берген қасиетті Хан Тәңірінің бауырында туған ақын қарындасымыз Әлия Іңкәрбек. «Мен замандастарымды оқымаймын» деп кесіп айтатын өр мінезіне қайран қаласың. Бұл да ақынға тән еркіндіктің бір көрінісі болса керек. Үнемі ізденіс пен жаңашылдыққа ұмтылған талапты жасқа ақын ағасы: «Балауса қалам иесінің жүрегі болашақта терең, мағыналы жазулармен, яғни отты, асау жырлармен зерлене, зерделене түседі деп сенеміз. Оның Мұқағалидың ізімен жазылған «Менің анкетам» деп аталатын жырынан үзінді оқып көрейікші:

- Туған жерің?

- Кегенненмін!

Кеген менің – тұрағым.

- Туған жылың?

- Мың тоғыз жүз тоқсан жеті.

Оның несін сұрадың?!

- Білімің ше?

- Орташа ғой.

Болар әлі жоғары.

- Ал тағдырың?

- Тағдыр – қатал!

Білерім тек, басыма бақ қонады.

Міне, әлі оңы мен солын танып болмаған жауһазын жас осылай толғанады. Осы екі-ақ шумақ өлеңге Әлияның барша болмысы сыйып тұр. Менің көз алдыма қатал тағдырмен алыса жүріп өз арманы, өз бақытына жетер қазақтың қайсар қызы елес берді» - деп Әлияға ақ жол тілейді.

«Өмірқос» атты жыр жинағымен танылған Баянауылдық ақын Еламан Қабділәшім. Оның жүрегіндегі поэзияға деген ғашықтық, адалдық сезімдері сезіп ағалық пікірін білдірген «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Арман Қани: «Ол қазіргі кезде «басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып» өзінің ақындық «Менін» іздеп жүрген секілді. Тынымсыз ізденіс үстіндегі ақын түбі шеберлікке де жетеді.

«...Сен тарту етші сезімді балдай,

Алдында ешкімнің төмендемейін.

Қарашы маған көзіңді алмай,

Қарашығыңнан өлең көрейін...», - деген жолдарда өзінің сүйген қызының қарашығынан да өлең оқығысы келетін ақынның поэзияға деген ақадал көңілі, іңкәр сезімі мөлдіреп тұрғандай.

«...Жүрегімді нәзік гүлге телідім.

Мен де өтермін, түстей болып сері күн,

Қайталамай ешкімнің де өлеңін,

Қайталамай ешкімнің де өлімін...», - дейді ол «Өлеңбаянында».

Қалай десек те, ол өлең өлкесіне өз үнімен енген жас дарын». Қызығынан гөрі қиындығы басымдау сапарда айының оңыңнан туып, өз жолын табса екен деген тілегін білдіреді.

Әлем әдебиетімен сусындап, поэзияға жаңа бағыт, жаңалық әкелгісі келетін жастар көп. Солардың ішінде дараланып, тынбай еңбек етіп, шығармашылық ізденісте жүрген Маңғыстаулық ақын Еділбек Дүйсен. Еділбектің шығармашылығы жөнінде ақын Ырысбек Дәбей: «Еділбек өлеңдеріндегі ой сонылығы, еркін форма ақынның эстетикалық талғамын, сыртқы дүниеге ұмтылысын байқатады. Сананың бақылауынсыз, таза өнер ожданымен осындай ізденсітерге бару, әрине, оқырманға жақсы көңіл күй сыйлап ғана қоймай, көркемдік кеңістігіне де әсер етеді. Бірақ осы ісденістер шартты түрде бақылауға алынған кейбір ережелердің бұ дүниелік «сыңғырынан» әманда биік тұрғаны абзал. Ақын поэзиясындағы поэтикалық панорама осы еркіндіктің де ауылы алыс емес екендігін аңғартады» - деп баға береді. Он төрт жасында-ақ «Жарық сәуле» атты жыр жинағын шығарып үлгерген жас ақынның өлеңіне үңіліп көрсек:

БЕЙМАЗА

Желкемнен жұлдыздар шағып,

Ойларым көктемей жатып көктей солады.

Болады құрбан.

Түсіме кіреді: маңдайынан Тәңір нұры жанып,

Балбалдар жусанды белде қиямда тұрған.

Көнеден бұрын туған тіл-жақ-

Шексіз кеңістіктер ішінде.

Пейіштен түскендігі үшін де Мұңды.

Күнәлар қорымының Егесі шақша басымды ырғап,

сарсаңға салғаны-ай.

Жалғызын мен өлтіргендей құдды.


Бір мақалада барлығына бірдей тоқталып шығу мүмкін емес. Біз тек жастар әдебиетінің тамыр соғысын байқаттық. Әрбіріне жеке тоқталып мақала жазу алдағы уақыттың шаруасы. Тәуелсіздік тудырған әдебиеттің өкілдерін бірге таниық!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар