Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Арманбек Жәкейханұлы. Сағыныш...

05.02.2022 3326

Арманбек Жәкейханұлы. Сағыныш 12+

Арманбек Жәкейханұлы. Сағыныш - adebiportal.kz

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті, жас талап ақын Арманбек Жәкейханұлының бірнеше өлеңін портал бетіне жариялап отырмыз. Өлең өлкесіндегі қадамың сәтті, қаламың қарымды, өлеңің өрнекті болсын дейміз.

Сағыныш

Толықсыған Ай алқа тағынғанда,

Себеп таппай жүрегім дамылдауға.

Сағынғаннан өзіңді шығар деймін,

Салып тұрған әнімнен жаңылғанда.

Сұлығымен сыр айтып солғын әннің,

Есіміңді жырлайтын болдым әр күн.

Сағыныппын шынымен деймін тағы,

Құлақ күйін таппасам домбырамның.

Сен тұрасың ішінде жанарымның,

Тұтқындалған кеудеңе жаралыңмын.

Гүл бейнелім қай жерде жүр екенсің,

Өптіріп желге әтірін тамағыңның.

Жансың-ау, бар қайғымды ұмыттырған,

Сен үшін кетем жанды қылып құрбан.

Сағынбайын десем де Күн де анау,

Саған ұқсап кетеді күліп тұрған.

Түн көрпесін жамылған аспан ана,

Сенсіз мынау сияқты басқа қала.

Жанып ысып барар ем алып ұшып,

Ең болмаса емессің, Астанада.

***

Жағып кеткен сезім бар кезінде сен,

Сен себепкер, түн бойы көз ілмесем.

Қармаппын ау қолымды мезгілден кеш,

Ардақтым-ау жүре бер өмірде есен.

Бақытыңды тауыпсың, кеше көрдім,

Мен қайтейін, қайғымды еселермін,

Салқындығын сеземін бүгін қатты,

Кеше біздер қыдырған көшелердің.

Бәрі бәрі жаманға санаса да,

Бәлкім бұл күз толы ма тамашаға.

Сар жапырақ, сары ала сезімдерді,

Аманаттап барамын қарашаға.

Қош жапырақ, моншақтар күзгі досым,

Сенде үнсіз жылайсың, үздігесің.

Енді ешқашан бір жерде айтылмайды,

Екі жаққа айрылған біздің есім.

Көкейімнен кете алмай, тұрып тұнып,

Түсіме кеп жүрсең де күліп кіріп.

Қарашада түскен қар қара жерге,

Ақ сезімді жіберер ұмыттырып.

Сезімімді өзіңе ғажап сана,

Гүл сыйладым сатып ап, бар ақшама.

Содан кейін күтемін жауабыңды,

Ауық-ауық үңіліп парақшаңа.

Тұла бойым тербеліп тасып, талып,

Сенің ғана жолыңды тосып, тоңып.

Жүрегіме бір шаттық сыйлап өтші,

Жанарыңнан бір сәуле шашып қалып.

Шашып қалып бір сәуле жанарыңнан,

Қайғы мұңды сейілтіп қабағымнан.

Жарығым-ау жарамды емде менің,

Бақыт жыры төгілсін қаламымнан.

***

Сен ғажапсың, әппақ гүлім, әдемі,

Балдай тәтті қылығыңды ұнаттым.

Шырқалғанда пәк сезімнің әуені,

Түн ішінде өзімді өзім жұбаттым.

Сезім дейтін түскендеймін құрсауға,

Сенің көркем сол бейнеңе бас ұрдым.

Сағыныштан сарсаң болып тұрсам да,

Жүректегі махаббатты жасырдым.

Сағынышпен өткіземін түнімді,

Есіме алып өткен күннен әрнені.

Айға үнсіз ақтарғандай сырыңды,

Сен де қалқа, сағынсаң ғой дәл мені.

Сан жұлдызын көк аспанның сый қылып,

Бізге бақыт тілеп тұрсы,н қара түн.

Бар әлемді қос жүрекке сыйдырып,

Мекендейік махаббаттың қаласын.

Ауылым – алтын бесігім

Жазира даланың төсінде,

Кір жуып, кіндігім кесілген.

Балалық шағымды іздеймін,

Жүк артқан түйелі көшіңнен.

Есімде алаулы кештерде,

Қозы-лақ жататын жамырап.

Туған жер, қойнында қалды ғой,

Ауылым, киелі шаңырақ.

Шығыстан бозарып ататын,

Алтын еді ауылдың таңы да.

Бұл күнде кім ойнап жүр екен,

Мен өскен қараша үй маңында.

Күн батып кешқұрым болғанда,

Ақ үйдің будақтап түтіні.

Тамылжып әндеткен орманда,

Құлаққа келетін құс үні.

Айқара ашатын есігін,

Келгенде алыстан сағынып.

Ауылым, ей алтын бесігім,

Аңсадым өзіңді сарылып.

Арманбек Жәкейханұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар