Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Арумен өткен алты түн...

04.05.2020 6591

Арумен өткен алты түн 18+

Арумен өткен алты түн - adebiportal.kz

ПРОЛОГ

...Сол жылы еңбек демалысымды Алматыда өткізуге шештім.

Алатаудың бауырындағы «Алматы» шипажайына жолдамамды алып келдім. Демаламын деп келген менің өмірімде адам айтқысыз өзгеріс әкелген оқиға болды. Содан бері жыл сайын еңбек демалысымның он күнін міндетті түрде осы шипажайда өткізуді дәстүрге айналдырдым. Күндіз ем аламын да, түнге қарай айкезбедей аулада жүріп ешбір күдерім үзілмей біреуді күтемін. Тамыздағы Айдың нұрына бөленген бақта күтемін. Оны сол бақта көріп едім. Содан кейін өмірімде ондай перизат кездеспеді...

Одан бері қанша жылдар өтті...

Бірінші түн

Ұйықтар алдында таза ауа жұтып, тынысымды кеңітіп қайту үшін аулада жүріп қайтатын әдетім болатын. «Холестериніңіз жоғары, таза ауаға көп шығып серуендеңіз, жылдам жүрсеңіз қаныңыз айналып, холестеринді жағып жібереді»,- деп дәрігер кеңес берген. Бір қарағанға артық салмағым да жоқ, қырықтағы қылшылдаған жігітпін. Дәрігерді тыңдап түнге қарай, сенбі-жексенбіде күн шыға серуендеп қайтамын.

«Алматы» шипажайына келгелі де әдетімнен жаңылмадым. Сол түні жеделдете басып мың жарым шақырымдық №3-ші терренкурмен жүріп қайттым. Шипажайдың аспан асты бассейнінің тұсынан өтіп бара жатып жоғарыдан суға секірген біреуді байқап қалдым. Мен үңіле қарағанша әлгі бейне суға шолп ете түсті. Содан құлаштап келіп жүзді дейсің. Мен жақындағанша басына шығып, кері қарай жүзіп келе жатты. «Түн ортасында жүзіп жүрген бұл кім болды екен?» ,- деген әуестік жеңіп, жағаға барып қарап тұрдым. Ол жиекке келді де тағы ары қарай құлаштай жөнелді. Басы бір- көрініп, бір көрінбейді. Әйел екенін не еркек екенін ажырата алмай далмын.

Ай толып туған түн еді. Нұры жерге малына төгіліп, көз жетер жердегіні айқын көрсетеді. Суға түскен майда сәулесі толқындар арасында дірілдеп көзді арбайды. Жүзгіштің көк қалпағы мен құлаштаған білектерін ғана көремін. Бассейннің басынан аяғына барып қайтып, барып қайтып құлаштағанына көз ілесер емес. Ғажабы сол өзі шаршайтын түрі жоқ. «Мынау сірә да жүзуден чемпион шығар!»,- деп ойлап әлі қарап тұрмын. Неше мәрте ары-бері жүзгенін санамадым, бір кезде барып денесін судан шығарып, жиектегі басқышқа аяғын салды-ау. Жүзу костюмінде, көзінде көзілдірік, басында сулық қалпақ, тұлабойы талшыбықтай қыз бала екен. Баспалдақтан билегендей аяғын сәнмен басып мен тұрған жаққа жақындады.

- Кеш жарық, қарындасым!,- дедім алдымен өзім, батылданып.

- Ешкі арық, қой семіз, ағасы!,- деп қазақы әзілмен жауап қайырды.

- Күшті құлаштайды екенсіз!,- дедім таңданысымды жасырмай.

- Суды жақсы көремін,- деді.

- Талай жүзгішті көріп едім, мұндай құлаштағанды көрмеппін. Жүзумен айналысасыз ба, чемпион емеспісіз?

- Чемпиондық не теңім. Жәй, әуесқойлық қой,- деді әппақ тістері Ай сәулесімен шағылыса.

- Жарым түнде әуесқой қарындас неғып жүр екен?

- Айлы түнде оңаша жүргенді жақсы көреді...

- Ол осы шипажайда демалып жатыр ма екен?

- Осында қонаққа келіп тұрады екен...

Екінші түн

Кеше айдың сәулесімен байқағанмын толқынды шашы иығын жауып, аяғын сәнмен басып, талшыбықтай бұралып жанымда келе жатты.

Киімін ауыстырып шыққанша күтіп тұрып, жолай әңгімелесіп, сыртқы қақпаға дейін шығарып салғанмын. Ғимаратқа енбеді, шынында қонақ екен. Есімін де сұрамаппын. Бүгін тағы келер-келмесін білмеймін. Күні бойы есіме қайта-қайта түсе береді. Күн ұясына отырғаннан екі мәрте бассейн жаққа барып қайттым, келіп қалды ма екен деген үмітке малданып. Ол келуге уәде бермесе де, көңілім алаң. Қонақ қыз көрінбеді.

Шипайжайды қоршаған үлкен бақ тыныштықта маужырайды. Қарағайдың өткір иісі, еменнің қышқылтам иісі мұрын жарады. Шыршаның хош иісі де арасында жаныңды елітеді. Мен бақ аралап жүргенде терренкур бойымен біреу анау жақтан зымырап өте шықты. Мынау меңіреу бақ ішінде сол екеумізден басқа жан жоқ сияқты. Жүзгіш қарындасым келіп қалды ма деп бассейн жаққа қайта беттедім. Бағанағы желаяқ жанымнан зу етіп өте шықты да бассейннің кіре берісіне таяғанда жылдамдығын түсіріп, аяңдап барып қақпаны ашты. Тұлғасынан алыстан Ол екенін сездім.

Жанталаса басып қақпаға жеттім. Қарындас әйелдер киімін ауыстыратын жаққа беттеді. Мен ерлер жағына бағыт алдым. Киімімді ауыстырып шықсам, ол құлаштап жүзіп жүр екен. Жиекке барып суға бірден секірген менен ол құлашын жинап үлгере алмай, шошып кетті. Шетке ысырылып:

- Қорқытып жібердіңіз ғой!,- деді.

- Кешіріңіз, мен де сізге ұқсап рахаттанайын дедім.

- Күнде мен жалғыз жүзуші едім..,- деді ұнатпаған рай білдіріп.

- Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Бұдан былай екеу болып иемденеміз мына жүзу алаңын,- дедім батылданып.

Ол үндемей суға қайта түсті. Үндемегені – келіскені болар деп мен де құлаштай жөнелдім. Екеуіміз қатарласып біраз жүздік. Шынымды айтсам, әрең ілесіп отырдым. Ол маған қарайлап жылдамдығын ыңғайлағандай көрінді тіпті. Бағанағы терренкурда жүгіріп жүрген желаяқ та осы қыз болды ғой. «Бұл спортшы шығар, әлдебір жарысқа әзірленіп жүр ме, кім біледі?»,- деп ойлап қоямын іштей.

Бүгін есімін сұрап алуым керек деп шештім. Суда жүзіп жүріп сөйлесу мүмкін емес екен. Ал, қыздың менімен сөйлесуге ырқы да жоқ па, әлі құлаштай жүзіп жүр, неғып шаршамайтын пәле екенін. Мен біраз тынығайын деп жағажайға қойылған тоқыма жайма төсектердің біріне барып отырдым да қызды бақылауға көштім. Біраз жүзген соң ол да шаршады ма жиекке шығып, сүлгісімен жолай сүртініп менің жаныма келді. Басындағы желім қалпағын жұлып алды, қап-қара жібектей шашы суси төгіліп иығын жапты.

- Аға, не болды, шаршадыңыз ба?,- деді.

- Саған ілесу мүмкін емес екен. Бағанағы бақта Шишигина мен Рыпаковаға жеткізбейтіндей бір желаяқ зымырап жүр еді, ол да – сен болып шықтың. Спортшы шығарсың деп ойлап отырмын.

- Жоқ-ә, аға. Мен жәй қызбын. Спортты жақсы көретінім рас.

- «Аттыға ілесем деп, жаяудың таңы айрылыпты»,- дегендей, сендей жұмбақ қызға ілесем деп масқара болатын түрім бар,- дедім.

- Неге, аға?!

- Масқара емей немене, әлі есіміңді сұрауға да мүмкіндік болмай жатыр емес пе,- дедім өкпелеген түр танытып.

- Атымды айтып танысу деген менің де ойыма келмепті. Сіз де сұрамадыңыз ғой...

- Иә, ол жағынан мен айыптымын. Бірақ сен біресе суға түсіп кетіп, біресе бақта зымырап ұстатпай кеттің ғой.

- Кешіріңіз, менің есімім – Ару!,-деп маған қолын созды қыз. Саусақтары үгіліп кететіндей нәзік екен.

- Менің атым – Жайсаң...

- Сіз әлі жүзесіз бе? Мен киімімді ауыстырайын. Қайтатын уақыт болып қалды,- деді қыз жымиып.

- Мен сен үшін жарым түнде суға түсіп жүрмін, әйтпесе не болыпты,- дедім, жын қағып па дегенді ішімнен ойлап тұрдым.

- Солай ма?! Кешіріңіз, менің күндіз суға жүзуге, жүгіруге мүмкіндігім болмайды. Сол үшін ел аяғы басылғанда осында келемін.

«Жап-жас болып неғылған уақыты жоқ жан. Күндіз шаруасы көп, түн жарымына дейін жүзеді не жүгіреді.Сонда қай уақытта ұйықтайды екен»,- деп ойлап орнымнан тұрдым да:

- Мен де киім ауыстырайын. Шығарып салуға бола ма?,- дедім.

Екеуміз қатар келе жатырмыз. Жүзін анықтап көргім келіп қарай беремін. Ай қанша жарық болғанымен қыздың жанарының нұрын көре алар емеспін. Байқағаным – кең маңдай, қыр мұрынды. Еріндері гүлдің күлтесіндей әдемі, толық. «Сүйіп көрсе ғой!»,- деген шайтан ой келді. Қалың қасты, қолаң шашты. Сүйір иегінен төмендеп ақ тамағы үлбірейді. Аққу мойын. Спорт костюмінде байқағаным сымбатында бір мін жоқ. Түп-түзу, ұзын сирақтарын еркелей тастап, менің бітпейтін сұрақтарыма әдеппен жауап беріп, арасында сыңғырлай күліп қояды. Үні Алтаудың бұлағының үніндей таза....

Үшінші түн

Менің көңіліме әжептәуір алаң кірді. Күнді ұясына қондыра алмай, уақытпен алпарысамын. Оны қалай тез өткізудің жайын ойластыратын болдым. Дәрігер белгілеген барлық ем-шараларды қабылдаймын. Телевизорға алданамын, арасында кітап оқыған боламын. Кешкі тамаққа дейін аласұрамын. Бұрын достармен, туыстармен хабарласып, сырласып қайтушы едім. Оны саппа тыйдым. Есіл дертім түн ортасына ауып кетті.

Күн ұясына жылжыған сайын, Алатаудың шыңдары найзаның ұшындай қарауыта көкке шаншылып көрінеді. Алып қалада сам жамырады. Таудың етегін алып жатқан Алматының әйгілі аппортының иісін тарататын хош иісті самалы есіп тұр. Аспанмен таласқан алып теректер мен қарағайлардың сұлбасы қарауытып, бақтағы шамдар жарығын төге бастады. Демалушылар кешкі астан соң бала-шағаларымен біраз серуендеп тарасты.

Жынды адам сияқты жалғыз қыдырыстап жүрген мен ғана. Көзім ағаш-ағаштың арасында. Желаяғым зу етіп бір жерден шыға келсе екен деген тілеу жан-әлемімді билеп алған. Адам баласының құпияға, жұмбаққа әуес болатыны бар емес пе?! Менің де мына түнде жүретін жұмбақ қызбен байланыс еркімді алып барады, ой пендешілік-ай десеңізші. Әйтпесе, ел атыма қанық азаматпын. Сүйіп алған жарым, қос қанатымдай ұл-қызым бар. Жас болса қамал бұзар қырықтың үстінде.

Қайдан сап ете түскенін байқамай да қалдым.

- Аға!,- деп алдымда Ару тұр.

- А...а...айналайын!,- деп қалбақтап қалдым қуанғанымнан.

Енді байқадым – көйлек киіп алыпты. Бағанадан мен жүгіріп жүрген қызды іздеп тұр едім, алдымда жібек көйлегінің етегі желмен желбіреген әдемі қыз тұр. Ару десе ару!

- Саған көйлек қандай жарасады!,- деп сезімімді сыртқа шығарып қойдым. Қыз үндемей, төмен қарады. «Күндіз болса ғой, мен оның жүзінің ұяттан алаулағанын көрер едім»,- деп ойладым.

- Неге тұрмыз. Бүгін сен жүгірмейтін де, жүзбейтін де сияқтысың.

- Иә, аға, мен бүгін жәй қыдыруға келдім бақ ішінде.

- Онда жақсы, жүре ғой, баста!,- дедім.

Екеуміз қатарласып келеміз. Өзі бойшаң екен. Ық жағында болған соң ба, керемет бір хош иіс келіп, жанымды елжіретті. Мен оған әдеттегідей әйтеуір бір сұрақ қоямын, ол жан-тәнімен, ықыластана жауап береді. Арасында ақтарыла күліп те алады. Шашын сілке қарағанда аппақ жүзі Айға шағылысқандай жарқ етеді. Күлгенде аппақ тістері гауһардай жалт ете түседі. Әр қимылынан хош иісі келіп мені баурап, мас етеді. Әсіресе, таңданғаным – білмейтіні жоқ. Сұрағым қай салаға бастаса да жалғастырып, тереңдете айта жөнеледі. Әлемнің бірнеше тілін білетінін де байқап қалдым. Әсіресе, ана тілінде жатық, майда сөйлейді. Ауыз әдебиетінен әлем әдебиетіне дейін хабардар. Дүниенің барлық бұрышын шарлап шыққандай, қай ел, қай жер, қай керемет болмасын қолмен қойғандай бейнелеп береді, сол жерде жүргендей боласың. Спорт тақырыбына алдына жан салмайтындай. «Бұл қайдан білім алған?»,- деп таңдандым іштей,

- Ару сен демалыста жүрмісің? Қай жерде оқисың?,- дедім сұрамауға шыдамым жетпей.

- Мен мұхиттың арғы жағында білім алып жатырмын, Аға.,- деді де ашып айтпады.

- Өзіңіз туралы да айтсаңызшы...,- дейді.

- Менің өмірім сондайлық қызық емес бүгінгі жастарға...

- Неге, әркімнің өз дәурені болады ғой. Сіздердің дәуреннің өз қызықтары бар,- дегені әкесіндей мені таң қалдырды.

«Менің де дәуренім бар, ол өтіп бара жатқан жоқ па»,- деп іштей тіксініп қалдым. Сонда да сыр бермей:

- Иә, дәуреніме өкпем жоқ,- дедім сеніммен.

- Егер өмірге қайта келсеңіз қалай өмір сүрер едіңіз?

- Бәрін қалай болды, солай қалдырар едім. Тек саған жас кезімде бірден кездесер едім...,- дедім.

Бұл шыным еді.

«Осынша көркем, инабатты, терең білімді. Ару – десе ару! Маған неге жігіт кезімде кездеспеді?!»,- деп бірнеше минут бұрын ғана ойлап, іштей өкінген едім.

- Аға қақпадан шықсақ анда үлкен алма бақ бар, жүріңіз сонда қыдырайық,- деді.

- Е, күнде осы маңды аппорт иісі алып кетеді, содан екен ғой,- деп Арудың қолынан ұстап жетелей жөнелдім.

Шіркін, Алматының алмасы!

Асқар Алатаудың етегін көктемде әппақ гүлдеріңмен жайнатып, аймақты хош иісіңмен елітіп, күзге алқызыл жемісіңмен ғажайып дәмін татқанның таңдайында кетіп бара жатасың. Жанымда Алматының алмасын жеп өскен Алатау аруы. Көңілім тасып келемін.

- Ару мен саған бір ән салып берейін,- деп Ақанның «Сырымбетін» бастап жібердім. Шипажайдың бағы емес, мұнда ешкім жоғы белгілі. Баяу бастағаныммен көтере-көтере дауысымды аспандаттым...

Ауылым қонған Сырымбет саласына-ау,

Болдым ғашық ақсұңқар баласына

Бидайыққа лайық қарағым-ай,

Бөктергіге қор болып барасың ба?!

Қарындас-ау,

Енді есен бол-ай!,- деп аңырата жөнелдім.

Ару ұйып тыңдап қалды. Ай астында алмалы бақта екеуміз ғана. Басқа бір әлемде жүргендеймін. Мұндай да керемет болады екен-ау! Менің жастық шағым қайта оралды ма, бірер сәтке!

- Мен де Сізге сол заманның бір әнін салып берейін,- деп Ару «Алқоңырды» сызылта бастады.

«Отырсам ақбоз үйде мәслихатпен,

Қалқаның қос жанарын сүзілдіріп,- дейді,- ғой, шіркін!

«Мен Арумен солай отырсам ғой. Қос жанарының нұрын көре алмай жүрмін ғой, түннің жұмбақ аруымен кездесіп»,- деп қиялдап кеттім. Есімді қыздың:

- Аға, Сіз осы әннің кімге арналғанын білесіз бе?,- дегені жиғызды.

- Халық әні ғой, Сен сияқты бір сұлуға арналған шығар,- дедім, шынында ән тарихынан байхабар едім.

- Жоқ. Бұрын мұны халық әні деп шырқап жүрген. Ал, Тәуелсіздіктен кейін ғана бұл әннің Сегіз Серінікі екені дәлелденді. Оның шын аты – Мұхамедқанапия екен. Кеңес кезінде оны атын ауызға алғызбаған. Тек Сегіз Сері деп қана жұрт естіген. Ол орыстарға қарсы адам болған. Өзі патша заманында әскери білім алған, оры армиясының офицері болыпты. Губернатордың тапсырмасын орындамай, қарсы шығып, көтерілістер ұйымдастырған. Ел аралап қашып жүргенде осы Жетісу өлкесіне келіпті. Хан Тәңірінің бауырын мекендеген албан тайпасының Жәмила деген қызына ғашық болып осы «Алқоңырды» арнаған екен»,- деп әннің тарихын айтып берді.

- Айналайын-ау, осы сенің білмейтінің бар ма?,- дедім оның зердесі мен зейініне ризашылықпен.

Алмалы бақта көп сырласып, қолынан жетектеп, күнде кететін қақпасына дейін шығарып салдым.

- Үйіңе дейін апарып салайын,- десем:

- Болмайды, Аға, мен қорқпаймын, маған ешкім тиіспейді,- дейді.

Төртінші түн

Кешегі бір-біріміздің жан-дүниемізге терең бойлаған керемет сырласудан кейін бүгінгі күнді батыра алмағанымды сезіп отырған шығарсыз.

Сам жамырағаннан Аруды күнде шығарып салатын қақпаның алдын қарауылдаумен бастадым. Бүгін күн желкемді. Ай да күндегідей жарығын толығынан төгіп тұрған жоқ. Алатаудың асқарына бұлт байланыпты. Күндегідей мүлгіген тыныштық жоқ, ағаштардың жапырағы да өздерінше шулайды.

Ару көрінбеген сайын менің де көңілім жабыңқы. Есіл-дертім соның қарасын көру...

- Аға, сәлем!,- деді-ау. Сол дауыс!

Мезетте дүние жайнап, аспан ашылып сала берді мен үшін. Қуанғаным сондай, қауырсындай қалқамды көтеріп алдым. Көтеріп алып, айналдыра жөнелдім. «Аға! Аға!»,- деп қарсыласқанына қарар емеспін. Адамға бақытты бола салу деген кейде түкке тұрмай ма деймін. Бақыттан басым айналып кетті. Бассейннің тұсына дейін көтеріп келдім. Шындығында мысқалдай салмағы жоқ, қандай нәзік жан. Жерге түсірдім де:

- Екеуміз суға жүздік, жүгірдік, бақта қыдырып ән салдық, енді бүгін сырласамыз!,- дедім, қыздың билігін бірден өзіме алып алдым.

- Қайда отырамыз?,- деп қыз жан-жағына қарады, сәкі іздегендей.

- Бүгін менің бөлмемде отырамыз, жүр,- дедім.

- Ой, Аға, болмайды. Кеш боп кетті, әрі кіргізбейді,- деп безілдеді, қолымен қарсылық көрсетіп.

- Бұл аурухана емес, шипажай, мұнда ем алуға әрі демалуға келеді. Екеуміздің қарым-қатынасымыз да емнің бір түрі...

- Жоқ, Аға! Мен түннің ортасында бір еркектің бөлмесіне бара алмаймын,- деді бағанағы еркелеп тұрғанынан дауысы өзгеріп кетті. «Шындығында мұным не, жап-жас баланы жарым түнде бөлмеме шақырғаным, қай сасқаным»,- деп іштей өзімді сөктім де:

- Кешір, қарындасым, екеуміз отырып асықпай сырласайық деп едім,- дедім, жырласа тіл жетпейтін, тек аялауға ғана жаралған аруға. Ол біраз үндемей қалды да:

- Аға, мен екеуміз отырып сырласатын күшті жерді білем,- дегені.

- Қайда?,- деп елең еттім, жаңағы әбестігімнен ұялып тұр едім ренжітіп алдым ба деп.

- Шипажайдың алдында Күміс алма бар, соның ішінде отырамыз. Тек оған есік алдындағы адам аяғы басылсын, кішкене күтейік,- деді, дауысы ерке қалпына түсіп.

Ғимараттың Бас корпусының алдындағы алаңқайда күміс түспен боялған үлкен алма тұратын. Ары-бері өткенде көріп жүргенмен, оның ішіне отыруға болатынын байқамаппын. Жастың аты – жас! Баланың аты – бала! Соған ілесіп менде жасарып, бала болып Арумен Күміс Алманың ішіне кірдім ғой, ұялмай. Екі адам ғана сиятын, аядай үйшік. Соның ішінде денем Арудың денесіне тиіп, оның иығымен иығым түйісіп, нәзік денесі оң жағымды ерітіп бара жатты. Жұқа көйлегінен өткен ыстығын сезініп отырмын. Тұлабойынан ескен хош иісі, сөйлегендегі ыстық демі жанымды шарпып, есімді алды. Онымен сөйлесуден ләззат ала отырып, түннің жарымынан асып кеткенін байқамаппын.

- Ертең сені жастар жақсы көретін бір жерге алып барсам деп едім, көңіл көтеріп қайтайық,- дедім қолын екі алақанымның ортасына салып, еркелетіп отырып.

- Жоқ, Аға, әуре болмаңыз. Мен көңіл көтеретін жерлерге бара бермеймін. Сізбен осылай сырласып жүргенімнің өзі мен үшін үлкен мереке. Мен өнер жолындағы жанмын. Анам: шын бақытыңның кілті - өнерде. Оның жолы ауыр болады. Сол жолды таңдасаң – тағдырың басқалардан өзгеше болмақ,- деген болатын өмірден өтерінде. Анам аманаттаған сол жолды таңдадым. Өкінбеймін. Ол менің ендігі тағдырым.,- деп сырының шетін шығарды сол түні.

Мен оған Кеңшіліктің, Қадыр мен Жұматайдың, Тұманбайдың өлеңдерін оқып бердім жатқа Күміс Алманың ішінде оның лебіне өртене отырып....

Бесінші түн

Бүгін де қақпа алдында күзеттемін. Күндегі келетін уақытынан асып кетті. Оның әрбір қылығын, әрбір сөзін есіме алып өзімді алдарқатамын. Үні құлағыма келіп, жүрегімді елжіретеді. «Кеше көңіліне келетін, күдік тудыратын бірдеңе айтып қоймадым ба?!»,- деп кездескеннен қоштасқанға дейінгі әрбір сәтті еске алып шықтым. Бәрі дұрыс сияқты.

Түн ауып барады. Табаным жабысып қалғандай, тапжылмаймын. Арғы бір түйсігіммен Арудың келетініне сенімдімін. Жақын жердегі сәкіге барып отырдым.

Қақпа алдына байланып қалғандай, кете алар емеспін. Қандай сезім сол қызға тарттырып тұрғанын да білмеймін. Көзім ілініп кетіпті. Жұп-жұмсақ қолымен Арудың көзімді басқанына ояндым. Құшақтай алып, көтеріп ала жөнелдім. Ештеңе сұрамадым, неге кешіктің деп, ол да ештеңе айтпай, мойнымнан орай құшақтап келеді. Сол көтерген қалпымда бақтың ішін шарлап жүрмін. Қолым бір талмады, салмағын сезбеймін бір ғажабы. «Бір мысқал»,- деген әнді Біржан сал осындай қызға арнаған шығар.

- Аға, мен сіздің осы жерде күтіп жүргеніңізді сездім. Бірақ ортамнан шыға ламай, әрең босадым. Сізді көргенде таң қалдым. Әлі қақпа алдында күтіп отыр екенсіз...

- Мен сені өмір бойы осылай күтіп отыра берер едім, әйтеуір бір келеріңді білсем...

- Аға, екеуміз уақытында кездескенімізде ғой. Сіз ерте туғансыз, мен кеш қалғанмын. Неге кеш кездестім. Маған енді Сіздей азамат өмірімде кездесер ма екен?!,- деп жылап жіберді айналайыным. Жан-дүнием езіліп, жүрегім елжіреп кетті.

- Маған сендей қыз осы уақытқа дейін кездеспеді, енді айрылсам қайта кездеспейтініне сенімдімін.

- Сіз кездесуге тиісті адамыңызға кездескенсіз ғой...

- Егер Жер бетінде сенің бар екеніңді білсем, мен оған үйленбейтін едім.Сені іздеп жүре берер едім. Енді сенің бір жерде бар екеніңді білдім, өмірім басқаша бағыт алады деп ойлаймын. Сен маған ілессең, мен сол жаңа өмірді бастағым келеді сенімен.

- Ой, Аға, уақытты кері қайтара алмайсыз. Әркімнің маңдайына жазылған уақыты болады. Сізге берілген уақыт пен маған берілген уақыттың проекциясы қиылыспайды.

- Оны өзіміз қиылыстырайық.Ең негізгісі – екеуміз екі планетада не екі ғасырда өмір сүрмей, дәл осы ғасырда, дәл осы жерде тұрмыз,- деп мен шешенси бастап едім, алыстан тауық шақырды. Сол үнді ести сала қыз:

- Аға, таң сыз берді, тауық шақырды. Мен қайтайын, іздеп қалар,- деді.

Періштедей болып алдымда тұрған қызды құшақтай алып, бауырыма қыстым. Басым айналып кетті... Дәл осы сәтте мен үшін әлемдегі ең қымбат жан кетейін деп тұр. Қимастықпен саусағының ұшына дейін сүйіп қоштастым. Ару кетіп бара жатып қайтадан жүгіріп келіп құшақтай алды. Мен де қай бір жетісіп тұр едім, жан-дүнием өртеніп тұрған. Сол өртіммен қызды орап ала жөнелдім...

Есімнен тана ернінен сүйіп тұрдым....

«Сүйгісі келе берер сүйген ерін»,- деп күбірледім. Қайран Мұқағали! Мен сияқты есеңгіреп тұрғанда шығарған шығар осы өлеңін.

Алтыншы түн

Сырықтай шаншылып бүгін де қақпа алдында тұрмын. Дәл осындай ешқашан ешкімді сағына күтпеген шығармын.

Кешегі ыстық сүйістен кейін Аруды көруге ынтықтығым тіпті артып тұр. Жүрегім бірде аузыма тығылады, енді бірде аттай тулайды. Баяғы жиырма бестегі кезімдегідей сезінемін өзімді. Әрі азап, әрі рахат сезім! Ойпырмай, уақыттың тапжылмай қалуын-ай! Тіпті Алатаудың басына үйірілген бұлт та жабысып қалғандай. Күллі дүние тоқтап тұрғандай. Ағаштардың жапырақтары да қозғалмай, мүлгіп тұр. Маңайымнан арылы-берілі өтіп жатқандарды да ұнатпай тұрмын. Тез-тез ұяларына барып бақты босатпайма бізге.

Ол әлі жоқ. Бір кезде басыма суық ой келді: «Келмесе ше, біржола келмейтін болса ше. Кешегі қайта келіп қоштасқаны жаман еді»,- деген. Ойымнан зәрем ұшып, бойымды суық тер басты. Жанұшыра іштей жалына бастадым. «Келші, соңғы рет болса да келші!». Ойпырмай, күндегіден де қатты аңсап барамын...

Біресе бойымды әлдеқандай үрей билейді. Біресес күдік үйіріледі. Қыз кешіккен сайын сүлдем құрап барамын. Жүрегім бір жамандықты сезетіндей. Мен қанша қалағаныммен Арумен кездесу әйтеуір бір аяқталатыны анық қой. Ешнәрсе мәңгілік емес екені аян. Ол – жап-жас бала, мен – басыбайлаулы еркекпін. Сонда да, соңғы рет болса да бір көргім келеді.

Денемнің барлық клеткалары тыңдап тұр ма еді, аяқ астынан жапырақтың сыбдыр еткеніне артыма жалт қарадым. Ол келе жатыр! Өзім оған қарай атылдым. Құдай-ау, бала ғашық балып кеттім ғой, мен байғұс. Ол да ұмтылды! Құшағымыз айқаса кетті...

Үстінде үлбіреген әппақ көйлегі бар еді. Тура періштені құшақтап тұрғандаймын. Көтеріп алдым да өзім күндіз ойлап қойған бақ ортасындағы еліктің мүсінінің үстіне апарып бірақ отырғыздым. Қалтателефонымды алып суретке түсіруге бейімдеп едім Ару:

- Аға, керегі жоқ. Суретке түсірмеңіз,- деп шар ете түсті. Тіпті дауысы ащы шықты. Өзім шошып кетіп, телефонды өшіре қойдым. Ол еліктің үстінен секіріп түсіп, қолымнан ұстап алды да:

- Аға, ренжімеңізші, екеуміздің бұл кездесулеріміз алдамшы бір сәттер ғой. Бізді түн кездестіреді, сол түндей болып таң қылаң бере тарқасамыз. Біржола қоштасуымыз да мүмкін. Осы алты түннің өмір бойы есімізде қалмауы да мүмкін. Бәрі ұмтылады ғой...,- деп жылап жіберіп, мойынымнан құшақтай алды.

- Мен осы түндерді күнге айналдырғым келеді. Ешнәрсені құрдымға жібермеймін. Ұмытылмайды! ,- дедім еркек екенімді сездіріп нық дауыспен.

- Аға, болмасты болғыза алмайсыз...

- Әрине мен Құдірет емеспін. Ал, екеуміз қаласақ жақсы жаққа бұруға болады ғой.

- Жоқ, Аға, адамның қолынан келмейтін нәрселер бар. Оның аты – тағдыр. Екеуміздің тағдырымыз екі бөлек жазылған.,- деді.

Осылай пәлсапа айтып тұра бермейік дегендей қолынан алып бақтың түпкіріне қарай жетектей жөнелдім. Қол ұстасып, сырласып біраз қыдырған соң сырттағы алма бағына бардық. Сонда бір жап-жасыл жота болатын, соның үстіне шығып отырдық.

- Аға, қолыңызды беріңізші,- деді де, өзінің ортан терегіндегі сақинасын менің шылдыр шүмегіме кигізді. Ай баяғыдай жарық емес еді, мен сақинаны анық көре алмадым. Сыртынан сыйпадым.

- Аға, бұл Естайдың саусағында жарқырап әйелінің ішін күйдірген Қорланның жүзігіндей болсыншы,-деді.

- Бұл сақина енді менімен ана дүниеге кетеді,- деп сақинаны сүйіп алдым да:

- Осы сен неге сонша ақылдысың?,- деп құшақтап көк майсаға жығып ала, жата кеттім. Оның қарсыласып, бұлқынғанына қарамай, бауырыма басып алдым. Еркіне жіберсем, айырылып қалатындаймын.

Тұлабойымнан бір ыстық қан жүгіріп, жан-дүнием еріп бара жатты. Менің тұншықтыра сүйгенімнен байқұс қыз да есінен танып қалғандай. Анау жақта Алатау қарайды түксиіп Ар аттамаңдар, балалар! дегендей. Алмалы бақтың жапырақтары да бір-біріне біз туралы сыр айтқандай сыбдырласады. Түнгі тұнық ауаға жайылған алма иісі мен құшағымдағы қыздың хош иісінен басым айналып, дүние дөңгеленіп бара жатты. Бізді Алматы тербетіп жатқандай. Сол бауырыма басқан қалпымда бір қолымды босатып алып, қыздың көйлегінің жоғарғы түймелерін ағыта бастадым. Мұқағали айтпақшы: жастықтың толықсыған түні ед. Сүйген жүрек қалады есеңгіреп.

Қолым оның денесін сыйпалап бара жатты...Менің сүйген емес, өлген түнім еді. Бір кезде қыздың кеудесіндегі алмасын қалай сығымдап ұстап, сүйсініп, қысып жібергенімді өзі де сезбей қалдым. Қап-қатты болып уысымда табы қалды...

Қыз құшағымнан атып тұрды да, мен есімді жиғанша, келген жағына қарай зымырап бара жатты. Есеңгіреп жатқан мен орнымнан тұра аламадым...

...Көзімді ашқанда Алатаудан алтын шапағын төгіп Күн шығып келе жатты. Нұры менің көзімді қарыды. Ал, жанымда қыз Ару жоқ еді. Ұйықтап қалғам ба алмалы бақта. Сағым дүниесінде есеңгіреп жатқандай шала мас едім. Арудың жүрегімде қалған сағым бейнесі қашып кете ме деп қорқып, көпке дейін көзімді қайта жұмып отырдым...

***

Ертесіне, арғы күні, оның арғы күні, тіпті тағы үш күн қосып алып түнімен сол қақпа алдын күзеттім. Алмалы баққа да бардым. Ол келмеді. Күдерімді үзбей, сондағы қызметкерлерден, күзетшілер мен бағбандардан түнде бассейнге келетін, терренкурда жүгіретін қыз туралы сұрастырдым.

Күзетшілер «мұнда түнге қарай бейсауат адам жіберілмейді. Ол мүмкін емес»,- дейді. Сонда мен кімді көргем, кіммен кездесіп жүргем? Кім менің жүрегімді жаулап алған? Мен кіммен елжірей сүйістім? Ертегілерде айтылатын перінің қызы ма? Күндіз көлеңкесін көрсетпейді, тек түнде алмалы бақта қыдыратын. Есіме әжемнің «перінің қызын тек бәшпайлары арқылы ғана ажыратуға болады екен. Олардың бәшпайы болмайды, аяғының басы ешкінің тұяғына ұқсайды»,- дейтіні түсті.

Мен сол қыздың аяғына назар салмағаным-ай деп өкінемін әлі. Бірақ Аруды өмірі ұмыта алар емеспін.

Сәуле Досжан

Көрнекі сурет: Екатерина Кудряшова "Екеуміз"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар