Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әсел Кәрібай. Гүлге сәлемімді жеткіз

14.04.2020 1358

Әсел Кәрібай. Гүлге сәлемімді жеткіз 12+

екеуміз

б.з.б. мыңжылдықта да

б.з.б. екімыңжылдықта да

б.з.б. үшмыңжылдықта да

кездеспеген шығармыз,

екеуміз -

босқындар лагерінен қашып шыққан

күннен бастап

тағдырласпыз,

сенің менен өзге ешкімің жоқ секілді -

менің сенен өзге ешкімім жоқ.

қып-қызыл ұран сөздерсіз,

плакаттарсыз,

наразылықсыз,

бүліксіз,

сенің демің - менің шағын революциям

сенің қолың - азаматтық соғысым

сенің құшағың - азаттығым

бізге енді

палестина да

сирия да

керек емес,

бізге осы сығандардың тобырында

бір-бірімізге ғашық болған ұнайды.

/

сағат 17:00

мен сені құшақтағым келген.

қасыңа бару үшін үш аттағым келген,

бірақ сен алыстасың:

мұхиттың, таулардың арғы беті,

картадан кете алмадым қарғып өтіп.

содан бері

мамыр, маусым, шілде, тамыз,

қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан ауысты

күнтізбені жәудіретіп.

көзімді сағынған болсаң

гүл нәзігін,

құс аппағын көрген

билет ал да, ұшаққа мін.

/

сағат 17:17

тілек тіле дедің

- мен сені құшақтағым келген.

***

Гүлге сәлемімді жеткіз,

Құсқа сәлемімді жеткіз,

Көктем!

Мен осы ескі жұртты қыстап қалайын.

қоржынымда:

мұқабасын шаң басқан – Жюль Верн,

парақтары сарғайған – Мағауин.

қаңыраған үй мынау:

қираған есік пен шағылған терезе,

қуысына қарлығаш ұя салыпты.

менің жарым көңілімдей

елегзиді иесіз үй,

құлазиды иен дала.

кеудеме көк сеңгір тауларды көшіріп,

көзіме көк барқыт теңізді көшіріп,

басымнан қарағай өсіп шығардай,

ернімнен бөртегүл өсіп шығардай –

өзім-ақ Көктемге айналармын.

Табиғатқа айналармын.

Онсыз да саған жетем деп –

күншілік жолдан қажыдым,

айшылық жолдан шаршадым.

жолшырағымның сәулесі сөнуге таяу.

жолжазбамның әріптері ғайыпқа сіңіп,

кірпігімнен сиясы сорғалайды.

кемеңгер қарға ғана,

данагөй өрмекші ғана

біледі болған жайды.

адасқан дәруішпін.

қаңғырған диуанамын.

құбыланамамда бүтін бір дәуір құбылды.

құбылтастар мен замартастардан

сарай салармын осы Маусымға,

осы Маусымды қыстармын.

Гүлге сәлемімді жеткіз,

Құсқа сәлемімді жеткіз,

Көктем!

escapism

біз неге Ғарышты аңсаймыз?

кеткіміз келіп асығып.

жанарымыздан жұлдыздар ағып,

ай жүзімізді түнгі ызғар қарып,

алданыш болар мас үміт.

Жерді әлде жатсындық па екен?

жатсындық, көкем...

бір түйір мейірім таппай.

күйігін қаптай басыңа

мәңгүрттендірер.

даланы Жаңғыртқан жылар...

төбеңнен Қаңғыртқан күлер...

астаң-кестең дүниені төңкеріп тастап

кеткің келеді.

себебі,

бұл жақта:

умаждалған гүлдердің тағдыры аңқыр.

өлгендердің қайғысы ауада мүңкір.

шашы ағарған арманнан әлсіреп жарқыл.

қарғыс айтып қақалған кемпірдей күңкіл.

деміңе сіңген дәуірдің хаттарын оқып,

жеңіңе жұққан сиямен жазасың өлең.

ақынмын деген біреуді мақтарсың көкіп.

адалмын деген біреуден түршігер денең.

жыртығын жамар жаныңның шүберек-сөздер.

бір тыным таппай қуасың сап-сары сағым.

кептерің ұшқан кеудеңнен үпелек-кездер.

содан соң,

көктемің жүрер паналап қабірдің маңын.

шаң басқан миың түшкіртер,

көнерер көзің,

кезеріп ернің кетеді,

жасың да құрғап,

етіңді сылып алғандай мүжіліп төзім,

Ғарышқа кеткің келеді

бір уақ.

maktub

екеуміз дерттілерденбіз:

сертті берген ұл.

сертті берген қыз.

ең аяулы мұңымның куәсі етіп

сенің адалдығыңның көк тиын құнын

арқалап жеттім Көктемге.

несін сұрайсың?

мұздан тоңғам мың.

өрттен өлгем жүз.

қайғы-шалдың таяғына ұқсас көлеңкемді

өз елесіне

ертті келген Күз.

кітаптың ішіне сақтаған

гүлдеріңді өртедім.

жастықтың астына жасырған

хаттарыңды өртедім.

ендігі,

жаураған көшенің шамдарын жылытар қауқарым болмай,

жалғыздығыма тығылам.

қағазды айғыздап мөлдірім

жазғым келеді.

(жазу ішінде ғұмыр бар.)

шерін ішіп шексіздіктің отқа сіңдім мен бүгін.

обал ма?

көктемімді іздедім мен тоналған.

сәттерімді сағындым мен жоғалған.

мейлі, қош.

темекіңнің түтініндей будақтайды ойларым,

мың күдікке арбалып,

мың үміттен қайта жанған шырақ-мұң.

құрақ-құрақ жүрегім,

жамау-жамау көңілім,

қалай мені ұнаттың?

түсінбеймін...

маған сені жіпсіз байлап қойған кім?

жиегімде күңіреніп күн қалды.

аңыранып ай қалды.

шексіздік жоқ!

өтірік!

тағдырымыз Өмір-талдың бұтағын,

мекен еткен құс еді...

енді, міне,

есепсіз мүрделерден

ғибадатхана салғысы келген Антейдей

ғасырлар бізді жұтады.

дәуірлер бізді ішеді.

қартайған құстың қанаты сипап кеудеден,

Тәңірге деген тәубемен:

маған жазған өлеңіңнен дерттендім.

саған жазған өлеңімнен дерттендің.

...Ай қозғалып кетсе, мейлі,

айнымас,

қалай ғана тайдық екен серттен бұл?

***

есть города, похожие на вино.

Жайлы маусым қаласы:

ескі үйлер,

ескі жолдар,

бәрі ескі,

(о, ескіні сүйемін.)

жылдарым да,

күндерім де көмескі.

кітап-мұңым киелі.

жалаңаяқ жаңбыр кешкен бойжеткен

трамвайға асығады,

қашық әлі бекеті.

көзіндегі тәтті мұңды жасырады

жолмен бірге әкетіп...

– қайыршы шал, кептерлерге сыбызғы-мұң шерт енді!

(мен бақытты емеспін-ау сол шалдан...)

жапырақтар сағыныштан өртенді.

қайтем, бірақ

тереземде тоңса арман?..

театрлар да,

вокзалдар да,

үйлер де

жүз ғасырға кешіккен бе?

қалай жылдам ескірген?

аңсаған ба?

сағынған ба?

сүйген бе?

қаңғып жүрген көлеңкемнің ессіз күйін кештім мен.

қолшатырдың астында тұр екі ғашық жарасып,

ерін де – гүл,

сезім де – гүл,

гүл атады – қарашық.

жазылмайтын дерті меңдеп,

өртіне өлмек оранып,

Қарашаның көшесінде Жалғыздық жүр адасып.

Қарашаның көшесінде Жалғыздық жүр адасып...

Тәңірінің галереясы

Жансаяға

түнекте тығылып гүл атар мәңгі мұң,

түнекте тығылып гүл атар мәңгі мұң.

Жарықтың жамалынан Өлең қымсынып,

Мунктың Айқайынан денем түршігіп,

Куинджидің Айлы түнінде қаңғыдым.

кенет...

Джоконданың күлкісі

талып жетті Луврдан

астаң-кестең дүниені арылтып

өсектен,

күбірден,

сыбырдан.

Биялай киген бозбала отыр,

Тицианның барлық бояуын жұтып,

ғазалын кім бар ұғынған?..

Деганың Балеринасы

бір мұңлы мелодияның нотасында билейді,

міннен ада мүсіні,

кірден ада мүсіні.

Сондай асқақ!

Сондай паң!

дидарында өртен!

лаула!

күй мейлі!

сен сүйгенмен,

ол пендені сүймейді!

Сабағынан жел үзіп,

дәндері шашылған Даланың гүлі

дәрменсіз хәлін аһ ұрып менен сұрады.

жұбата алмаған сөздерім ғана кінәлі!

жылай алмаған көздерім ғана күнәлі!

кірпігім қақсам төгілердей боп тұрады,

Айвазян Теңізі...

«Хатико» синдромы

«Қыздың аты – Ақтолқын»

Есенғали Раушанов

Қарашада құс та ауыр күрсінеді,

Қарашыққа мөлдіреп мұң сіңеді.

Құсни-хатым айналып жастығыңа,

Сен де, жаным, сағынып жүрсің мені.

Жолдар ұзақ.

арамыз мың шақырым.

самолет ұшса баяу...

поездар жүрсе ақырын...

Теңіз кешіп,

Тау асып,

жетсеңші енді!

демесең:

шағылса Айым,

сынса Күнім.

Сенсіз жүрген жолдардың бәрі бекер,

Бізді жолықтырар ма Тәңір-әкем?

Қарашамыз биылғы Шілде болды,

Кері кетер дүние,

кері кетер...

Көшелер де бос қалды көліктерсіз,

Айырылды баяғы көріктен Күз.

бұл жақта Жер – құп-құрғақ.

бұл жақта Ауа – қапырық.

Шалшық суға аяғын малып отыр

еріккен қыз.

Көз жанарың талды ма Ай күзетіп?

айғыз бетін ақтадым қайғы жетіп.

сеніменен танысқан қай Күз еді?

сені менен айырған қай Күз еді?

Екеумізді сынайтын сықылды Күз,

Жалғыздыққа жабырқау жұтылдым жүз.

Батыс жаққа кетіп ең...

жол қарайлап,

Біз Алматы екеуміз күтіп жүрміз...

қашан келесің?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар