Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әсел ОСПАН: Өлең – жыныс таңдайтын өнер емес......

30.06.2018 7115

Әсел ОСПАН: Өлең – жыныс таңдайтын өнер емес...

Әсел ОСПАН: Өлең – жыныс таңдайтын өнер емес... - adebiportal.kz

«...Біздің білуімізде бәрібір мына дүниеде тек нәзік жандар ғана сезетін және әйелдің аузымен ғана айтылатын шындықтар болуға тиіс» - дейді белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы. Шындығына тіршіліктен биік тұрып қалам ұстап жүрген кез-келген әйел затына құрметпен қарау керек сияқты. Өз-өзіне жұтылып кетпей, өзгелерге әдемі сезім сыйлайтын, әдемі күй кештіретін ақынның жаны – тазалықтан ғана тұрса керек. Ақын Әсел Оспанмен болған әңгімемізде біз де соны ұққандай болдық. Ендеше, оқи отырыңыздар...

- Әсел, сіздің поэзияңызды осыған дейін білмеппіз. Әдебиетке кеш келдіңіз бе, әлде біз кеш танып жатырмыз ба?

- Ерте келіп, кеш танылдым. Қазақта «ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Кеш болса да оқырман үшін кішкентай дүние тындырып кеткеннің өзі бақыт қой. Алғашқы балауса жырларымды бастауыш сыныпта оқып жүргенде жаздым. Мұны тек үй ішім ғана білетін. Өлеңге, жырға деген құштарлығым осы кезден-ақ бастау алған десе де болады. Кітапқа өте жақын болдым. Бірақ, ақын болуды армандамаппын. Бастауышта жазып, жоғарғы сыныпта жазбай, университетте жазып, бітірген соң жазбай 12 жылдай уақыт үзіліс жасадым. Қазір ойлап қарасам, сол үзілістер менің сана-сезімімді шыңдап, өмірлік көзқарасымды, ойымды қалыптастырған сияқты. Жырлар енді ғана жазылып жатыр. Әрине, жазбай кеткен уақыттар үшін еш өкінбеймін. Отбасылық өмір, бала тәрбиесі, келіндік міндет т.б көңіл бөлдім.

Өлеңге оралам, қайтадан жазам деп ойлаған емеспін. Адам әуел бастан маңдайына жазылғанынан қашып құтыла алмайды. Ерте ме , кеш пе сол уақыт болатынына көзім жетті. Кеш танылуым содан.

- Өткен жылы оқырмандарыңызға «Ұшқан ұя» атты тырнақалды кітабыңызды ұсындыңыз. Ол жайлы белгілі ақын Шәмшия Жұбатованың жылы пікірін де оқып қалдық. Осы жайлы толықтырып айта кетсеңіз?

- Иә, былтырғы жыл мен үшін естен кетпес жыл болды. Бір қуаныш, бір қайғы. Екеуі де Алланың қалауы....

Бірде бір кеште танымал ақын ағамыз менен жеке кітап сұрады. Мен кітабымның жоқ екенін айтып ем: «кітабы жоқ ақын – жалаңаш ақын» - деді. Біртүрлі болдым. Кітап шығармас бұрын өзіме: «мен кіммін, мені кім оқиды, өзімді, жазған шығармамды оқырманға таныстыруға дайынмын ба, оқуға тұрарлық дүние ме, сөз иесінің обалына қалып жүрмеймін бе, жауапкершілікті арқалай аламын баaa?» - деген сияқты сауалдар мазалады. Оған дейін өлеңдерімді тек дәптерге жазып жүрдім. Ара-тұра түрлі сайттарда, әлеуметтік желілерде, баспасөз беттерінде жарияланып тұрды. Уақыт болса әдеби кештерге, кездесулерге барып тұрам. Жасыратыны жоқ осылардың арқасында өз оқырмандарымды қалыптастырдым. Көптің тілеуімен, сұрауымен алғашқы қарлығашымды өз ұясынан ұшырдым. Бағасын оқырман өзі бере жатар. «Ұшқан ұяның» тұсауын Шамшия Жұбатова апамыз өзі бастап, Бекжан Тұрыс, Қадырғали Көбентай, Жанарбек Әшімжан сияқты ағаларымыз кесіп, өлең өлкесіндегі алғашқы сапарыма ақ жол тіледі. Осылайша жауапкершілігі мол екінші өмірім басталды.

-«Сағынышты жүрекке түйіп алып,
Ұшқан ұя өзіңе жиі асығам...»-
дейсіз. Әсел ақынның туған жері туралы бір үзік сыр тыңдасақ?

-Мен Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қақпақ ауылында өмірге келдім. Дегерес тауының етегінде тұрған соң артындағы қарт Тәңіртау алыстан Көкбел, Қайнар ауылдары арқылы ұшар басы көрінеді. Сондай сұсты, салмақты, сұлу. Ауылдан көшіп кеткенімізге талай жыл өтсе де, қайда тұрып, қайда жүрсем де туған үйім жүрегімнің түкпірінен кеткен емес. Балалық күндерімнің тәтті елесі көз алдыма келгенде ыстық-ыстық жастардың тамып кеткенін сезбей қаламын. Әлі күнге дейін түсіме кіреді.

Балапандай ұшырған ұясынан,

Қанаттанып қауырсынқия шыңнан.

Сағынышты жүрекке түйіп алып,

Ұшқан ұя өзіңе жиі асығам - деп туған жерге деген

құрметпен алғашқы кітабымды « Ұшқан ұя» деп атадым.

- Ақындардың көбі қолына қалам алуына себеп болған тағдыр деп жатады. Ақындық тағдырдан ба, Тәңірден бе?

- Ақындық әуел бастан Алладан келетін қасиет. Ол жасалмайды, жаратылады. Ақын емес адамды тоғыз қабат торқаға отырғызып, тоғыз рет тәу етіп көтерсең де ақын болмайды. Әкенің қанымен, Ананың ақ сүтімен беріледі. Жыр да алғаш бөбектей өмірге келіп, бара-бара жүрекке бағынбайтын асау толқындарға айналады. Тіпті, ұзақ уақыт бойы іште бұғынып, сездірмей жатуы да мүмкін. Ерте ме, кеш пе түрлі көңіл-күйдің әсерінен жарыққа шығады. Ары қарай оны аялау, дамыту әркімнің өз қолында. Адам баласының басына түскен түрлі қиындықтар, түрлі жағдайлар, өмірден алған әсерлер ақынды тек қана шыңдайды. Ақындық тағдырдан дегенге келіспеймін. Төрт құбыласы түгел, уайымсыз, қайғысыз жанның ақын болып кетуі екіталай. Қоғамдағы, айналадағы болып жатқан оқиғалар үшін де ақын-жазушы алаңдайтыны әлімсақтан белгілі. Орыстың әйгілі ақыны М.Лермонтов:

«Что без страданийжизнь поэта?

И что без бури океан?...» - дегенінен-ақ талай нәрсені

ұғынуға болады.

- Өзіңіз кітапхашы болып қызмет етіп келесіз. Жастар көркем әдебиетті қаншалықты оқиды?

- Қыздар Университетінің кітапханасында жұмыс жасап келе жатқаныма көп бола қойған жоқ. Дегенмен де, бала күннен кітапқа ерекше жақын болып өскендіктен бұл орта маған алғашқы күннен-ақ ыстық тартты. Еш жатырқамадым. Бала күнімде оқыған кейбір кітаптарды осы кітапханадан көргенде тіптен ғажап сезімде болдым. Аурасы өзгеше ортада жұмыс істей жүріп, өзімді ара-тұра ары қарай рухани дамытуға тырысам. Өйткені, менің оқығанымнан оқымағаным көп.

Ал, кітапханашы ретінде айтар болсам біздегі оқырмандардың басым бөлігі – студенттер, оқытушылар. Олар күнделікті сабақтарына қатысты кітаптар ғана алып қоймай, сондай-ақ. бізде жоқ немесе қолдан-қолға кеткен кітаптарды сұрайды. Көркем әдебиеттерге сұраныс жақсы. Абайдың қара сөздерінен бастап бертінгі ақын-жазушылардың кітаптарын сұрайтыны қуантады. Соның ішінде Б.Соқпақбаев, С. Мұратбеков, М.Әуезов, Ә.Нұршайықов, Н.Келімбетов, Д.Исабеков, Б.Нұржекеев, т.б жазушылардың кітаптарына сұраныс өте көп. Тіпті, жетпей қалады. Руханият ісіне жан тәнімен берілген шынайы, саналы оқырман болмаса қазіргі біздің мұрнымызға су жеткізбес зырлауық заманда уақыты тапшы «оқығандардың» да, жәй ғана қарапайым оқырмандардың да үзбей кітап оқып тұруы екіталай. Яғни, кітап оқылмайды деуге болмайды. Шындап көңіл бөлсе, уақыт тапса іздеп жүріп кітап оқитындар бар.

- Бізде ақын қыздар әдеби ортаға көп сіңісіп кете бермейді. Саяқ жүреді. Оны көбіне тағдырымен, отбасылық өмірімен байланыстыруға болатын сияқты. Жалпы, қазіргі әдеби ортаның деңгейі туралы не айта аласыз?Әдеби орта қаламгерге не беру керек?

- Әйел адамға, қыз балаға ақындықты қимайтындар көптеп кездеседі. Әйел – табиғатынан нәзік жан иесі. Екі бірдей жүкті арқалап жүрген ақын қыздар баршылық. Соны біле тұра, қасақана жанын жаралайтын қаймана жұрт та жоқ емес. Өлең – жыныс таңдайтын өнер емес. Кім көрінген ауыздықтап мініп алатын жайдақ ат та емес. Өлең – туа біткен қасиет. Ол еркекке қона ма, әйелге қона ма Алланың қалауы. Ақын қыздардың әдеби ортада бой көрсете бермеуі қалыпты жағдай. Өйткені, қайнаған қазан, отбасылық тірлік, бала тәрбиесі, келіндік міндеті, келімді-кетімді қонағы одан қалса жұмысы бар дегендей. Осының бәріне үлгеру керек. Шығармашылығы ол бар.Мойнында осынша жауапкершілігі бар әйелді көріп, Есенғали ағамыз: «Әйелден ақын шықпайды»- деген шығар. Саяқ жүрудің пайдасы болмаса еш зияны жоқ. Қазіргі әдеби ортаның жағдайы жаман емес. Түрлі шаралар, кездесулер, тұсаукесерлер өтіп жатады. Түрлі тақырыптардан пікірталастар болып, жастардың жанарынан от та байқайсың. Қараусыз қалған ешкімді көрмейсің. Бәрі дос, бәрі бауыр. Әркім өзінің әдеби ортасын қалыптастырып алған. Алыстан ақын не жазушы келсе шашбауын көтеріп бәріміз жетіп барамыз. Бұл әрине, жақсы дәстүр.

Ақынды ақын сүйемесе, болмайды,

Ақынды ақынкүйелесе, ол қайғы-деп Мұқағали ағамыз

айтпақшы ақынды барынша қолдау керек. Қалғаны санасына байланысты.

- Әңгімеміз әдебиет, әдеби орта туралы болып жатқан соң сізге соның айналасында тағы бір сауал қойғым келіп отыр. Сіз туралы мәліметтерді іздегенде «Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі» - деген ақпаратты көзім шалып қалды. Жалпы, бұл одаққа кірудің қандай критерийлері бар?

-Былтыр Ұлттық кітапханада өткен бір кеште Халықаралық Жазушылар Одағының Қазақстандағы басшысы, ақын Қайрат Дүйсенов ағамен танысқан болатынмын. Кітабымды сыйладым. Бірнеше күннен кейін ағамыз хабарласып, шығармаларымды ұнатқанын айтып, ағалық батасын берді. Болашағымнан зор үміт күтті. Сондай-ақ, ХЖО-на кіруге шақырды. «Әне-міне, көреміз, ойланайын» деп жарты жылдай уақыттан соң аталған Одаққа тіркелдім. Кірудің басты критериі – талант. Талантты мойындау. Басқа әңгіме жоқ.

-«Өртенсем де өзім жаққан отыма,
Сен өмір сүруің керексің!»-дейсіз... Ақындар неге өзгелер үшін жиі құрбандыққа барады?

-Ақында екі өмір бар. Біреуі күнделікті адамдар арасында. Екіншісі, тылсымда. Тылсым дүниені өзің сезініп, түсінбесең оның саған жауап берер тілі қайда?! Өзгелер үшін өзін құрбандыққа бару –қалыпты жағдай. Сол сәттегі көңіл-күйді жүректің дегенімен жеткізгені үшін ақын қылмыскер бола алмайды ғой. Кез-келген суреткердің ғұмырына бақылай қарасақ, оның тағдыры басқалармен ортақ болмаса да, ұқсас екенін байқайсың. Ақын – сырын ішіне бүккен кінәмшіл пенде сияқты ғұмыр кешкісі келмейді. Сезімнің, көңіл-күйдің оттарын іштей бықсыта жандырып, көк түтінді шашала жұтқысы да келмейді. Сөйте тұра көп нәрсеге тиым саламыз. Өмірде көп нәрсеге шектеу болуы мүмкін. Ал өлеңге шектеу қою – торға қамаған құспен бірдей. Өлеңге еркіндік керек.

-«Жан-сарайым тазарып, алданармын,
Тауға кеткім келіп жүр, тауға барғым...»-
деген екенсіз... Таудан басқа ақын жүрегінде қандай аңсар бар?

-«Тау баласы тауға қарап өседі...». Мен таудың қызымын. Тау климаты өзгеше. Ауа-райының да көп құбылатын жері – тау. Яғни, тау мінезді адамдармыз... Жазық жер мен үшін иесіз қалған жұрт секілді. Қаланың ыстанған, қайнаған тірлігінен жалыққанда тауға барғым кеп тұрады. Жиі болмаса да анда-санда барып тұрам. Мұндайда оңашалықтың өзі керемет. Өз-өзіңмен, өз ойларыңмен болып іштей таумен сырласасың.

Ақын жүрегінің аңсары көп қой. Мен көбіне өткен күндерімді, балалық шағымды аңсаумен, сағынумен жүремін.

Бұл тағдыр ғой келмесе де сенгіңіз,

Мезгілдердің айнасындай Меңді қыз.

Сол күндерде суып қалған жүректі,

Сағынышқа толтырады енді күз- деп қайта оралмайтын

сәттерді сағынышпен жырлағым келеді.

-Ақындығыңызбен қандай сәттеріңізді ақтап ала аласыз?

-Мен көңіл-күйдің адамымын. Лирикалық жырларға жаным жақын. Шуақты сәттерге қарағанда мұңайған сәттерде қаламым көп жүреді. Ондай кезде менімен сөйлесу мүмкін емес. Жалғыз қалғым келеді.

-Өзіңізден кейінгі буыннан кімдерді оқисыз?

-Бұрын кітап таңдамайтынмын. Қазір керісінше. Жақсы шығарманы жата-жастана оқу үшін де уақыт керек. Басты беттерді бір қарап шығам. Ұнаса оқимын. Кітаптың жартысы «бәленге, түгенге» арнау болса тіптен қарамаймын. Кейінгі жас буындардың ішінен жақсы жазып жүрген ақындар баршылық. Оларды бөліп жармай-ақ қояйын.

-Сіз үшін поэзия деген не?

-«Поэзия – санадан биік құдірет» деген бар. Қай әдебиетте болсын поэзияға ерекше орын берілген. Өлең ақынның кеудесін кернеп, жүрегін тербеген қуатты ойдың жемісі. Ал, өлең жазуға итермелейтін құдыретті күш –Муза.

-Ендеше, жан әлеміңізде музаңызбен қауышар сәттеріңіз көп болғай! Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар