Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әселхан Қалыбекова: Бекболат Тілеухан мен Мұхамедж...

30.03.2017 8716

Әселхан Қалыбекова: Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабек біраз ақынның обалына қалды

Әселхан Қалыбекова: Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабек біраз ақынның обалына қалды - adebiportal.kz

Айтыскер ақын, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекованың есімі елге белгілі. Айтыс сахнасынан өзі көрінбегелі біраз уақыт өтсе де, әлі де айтыс өнерінің «отымен кіріп, күлімен шығып» жүр.

Бүгінде Әселхан Әлішерқызы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында тұрады. Наурыз мерекесі күндері Шәуілдірге арнайы қонақ болып бардық. Әселхан апаның аман-саулығын сұрап, қолынан дәм таттық. Аз-кем сұхбаттасудың да ретін таптық.

Әселхан апа, амансыз ба? Көптен бері көрінбей кеттіңіз. 2012 жылы сәуірде Есенқұл Жақыпбековпен айтысқаннан кейін өзіңізді сахнадан көрмедік. Немен айналысып жүрсіз?

– Айтыс өнерінде өшпес із қалдырған Жандарбек Бегімбетов, Оразәлі Досбосынов, Есенқұл Жақыпбеков, басқа да өмірден озған ақындарға күнде құран бағыштап отырамын. Тірі болған соң тіршілігімізді істейміз ғой, құран бағыштау – парызымыз. Өмірден өткен сол ақындардың шырақшысы құсап қалқайып отырмын.

Оразәлі жастай қыршын кетті. Не қызық көрді дейсің бұл өмірден. Жарқырай көрініп келе жатқан бала еді. Оразәлі өлгенде топырақ салуға бардым. Қолымыздан басқа не келуші еді?

Алпысын тойлай алмай, Есенқұл да өтті. Есенқұлдың қадірін білмедік. Осыны Жамбыл ауданы әкімінің бетіне айттым. Ең болмаса, екінің бірі алып жатқан «Ауданның құрметті азаматы» деген атақты да бермеді. Есенқұл екінің бірі емес еді ғой. Өлерінен бір ай бұрын әкімқаралар «Құрметті азамат атандырамыз» деп сәлем жолдапты. Осы бір болмашы құрметті Есенқұл қатты тосқан ғой. Жиналыста «Құрметті азамат» атанғандардың қатарында аты-жөні аталмай қалғанда Есенқұлдың қандай күйге түскенін түсініп отырған шығарсыз? Өлгеннен кейін екі том кітабын шығарыпты. Өздері үшін...

Қалдырмай ескерусіз бір ісін де,

Талантты бағалаңдар тірісінде!

Кейде біз ондайлардың жасы түгіл,

Келеміз қадірлемей ірісін де! - деп келетін өлеңі бар еді ғой Қадыр ақынның. Есенқұлды қор қылмай, тірісінде неге бағаламады?!

Айтыстағы ең оңтайлы қарсыласым Есенқұл еді. Біз бір-біріміздің көңілімізді қалдырмай, өкпелетпей, бетімізден алмай, бірімізді-біріміз демеп

айтысатынбыз. Палуандар «оң жамбасыма келетіні осы» деп жатады ғой, Есенқұл маған сондай оңтайлы қарсылас болды.

Әсия екеумізге кездескен сайын Есенқұл: «Қыздар-ау, менің атағым қайда? Айтысқа бәріміз қатар шыққан жоқпыз ба?» дейтін. Мұңды да түсінетін адамға айтады. Біздің қолымызда не билік бар дейсің, «Есенқұл-ау, ел-жұртың бар емес пе?» деп құтылатынбыз.

Есенқұл да мен сияқты «Халық ақыны» атануы керек еді. Алматы облысында ақынын бағалайтын бір азаматтың табылмағанына қынжыламын. Асқар Мырзахметов, Дархан Мыңбай, Әли Бектаев сияқты ақынын құрметтей білетін азаматтар Алматы облысының басшылығында жүрсе, Есенқұл қор болмайтын еді. Осы жайт менің жүрегіме салмақ салады.

Әселхан апа, Тұңғышбай Жаманқұловтың қылмыстық ісіне қатысты жазбаңызды әлеуметтік желіден байқап қалып едік. Өз сөзіңіз бе?

– Өз сөзім! Білім министрі мен Мәдениет министріне жарымай-ақ қойдық. Тұңғышбай 69 миллион теңге жеді дегенге өз басым сенбеймін. Өнер адамы аңғал болады. Айыптамай тұрып тексеріп алуы керек қой. Мүмкін Тұңғышбайдың атын жамылып, басқа адамдар жеген шығар? Қазіргі Мәдениет министріне әбден көңілім қалды. Қазақ хандарының рөлін сомдаған Тұңғышбайды халқы ешқашан ұмытпайды. Ал Мәдениет министрі қызметінен түскен күні-ақ ұмытылады.

Әлеуметтік желі дегенді үйренгеніме көп болған жоқ. Жаңалықтың бәрі сонда екен. Тұңғышбайға қатысты жазбаны немереме тергізіп, өзім салғыздым.

– Жүрсін Ерман ағамыз басқаратын «Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілерінің халықаралық одағы» деген бар. Осы одақпен байланысыңыз бар ма?

– Ешқандай байланысым жоқ. Жүрсіннің өзі «Одақтың облыстағы мүшесі бол, айлық төлеймін» деп қолқа салған. Өзін де, айлығын да көргенім жоқ. Титтейімізден бірге өскен Жүрсін қымбат адамымыз еді, соңғы уақытта бар ойы ақшаға ауып кетті. Айтысты саудаға салып жіберді.

Жалпы мен біреудің айтқанына сене қоймайтын адаммын. Көзіммен көріп, қолыммен ұстауым керек. 2012 жылы ретро-айтыс өтіп, Есенқұлмен айтысатын болдым. Айтыс өтерден бірер күн бұрын Жүрсін телефон шалып: «Әй, Әселхан, сендер бұрынғыдай айтысып жүрмеңдер! Есенқұл екеуің келісіп алыңдар. Келісіп алсаңдар, айтыстарың шымыр шығады» дейді. «Әй, Жүрсін! Келісіп алып шыққан айтыс бола ма?! Не айтып тұрсың! Есенқұл

екеуміздің айтысымыз қашан жаман шығып еді?!» дедім. «Дұрыс шықсын дегенім ғой» деп міңгірледі де, телефон тұтқасын қоя салды.

«Қайталау – білім анасы» деген сөз бар. Бірақ, қайталау ешқашан өнер анасы бола алмайды! Өнерде қайталаудан асқан масқара жоқ. Бұл күнде ақындар бір жерде айтқан жаттанды өлеңін екінші жерде айтып жүре беретін болды. Енді біреулері келісіп алады. Балғынбек айтпақшы, ақындар бұрын не айтады деп уайымдаушы еді, енді нені айтпай қалады деп уайымдайтын болған.

Қысқасы, бұлар «айтысты шоу жасаймыз» деді де, айтысқа сатқындық жасады.

Менің бұл одақсыз да жұмысым көп. Айтыс пен көкпар құрыған жерде қазақ та құриды. Осыны ескеріп, шамамыздың келгенінше шәкірт тәрбиелеуді қолға алдым. «Ел іші – өнер кеніші» деген бар, Бекарыс Шойбековтей шәкірт тәрбиелей алмасақ та, ел аузында жүретін ақын шығара алсақ, еңбегіміздің жанғаны.

Шәкірттерді бірнеше дүркін тәрбиеледік. Бекжан Базарбай деген бір шәкіртім бар. Тоғызыншы сыныпта оқиды. «Кенже балам» осы деп жүргем. Биыл Отырар ауданына Ерлан Айтаханов әкім болып, өнер мектебін қайтадан ашып берді. Мойынға тағы ауыр жүк артылды. Енді жас ақындарды тәрбиелеуді қайтадан қолға аламыз. Оқушылардың жазғы демалысына да көп қалған жоқ. Оған дейін ел аралап, екі-үш бала тауып алсам ба деп отырмын.

Бір кездері Тәушен Әбуова, Қаныбек Сарыбаев, мен, одан кейін Бекарыс, Маржан, Анарлар айтыс сахнасына шыққанда «Төлебиге барсаң – суретшімін деме, Шаянға барсаң – әншімін деме, Созаққа барсаң – күйшімін деме, Отырарға барсаң – ақынмын деме» деген сөз шыққан.

Қазір ақындарымыз азайып қалды. Әкім ауысқан сайын мектебіміз бірде ашылып, енді бірде жабылып қала берді. Енді міне, қайта ашылды. Бізге керегі не? Құдай ақын етіп жаратқан соң ақын тәрбиелеуді өзіме парыз санаймын.

Қазіргі айтысты қадағалап жүрсіз бе?

– Тәуір айтыстарды немерем телефонына жазып әкеп тыңдатады. Өзі де айтысқа қызығады. Содан көріп жүрмін.

– Кімдер есіңізде қалды?

– Баяғы Айбегіміз жақсы, халықтың мұңын сол айтып жүр. Ринат шеттеңкіреп қалды. Балғынбек, Айнұрлар айтысты қойды. Қазіргі жастардан Айтақынның баласы Жандарбек бар, Сырым деген бала әжептәуір көрініп келеді. Болатбек, Мейірбек, Мұхтар, Аспанбектерді қазіргі айтыстың болашағы деп білемін.

– «Кейбір ақындардың сахнадан кетуіне әсіредіншілдігі себеп болды» деген пікір бар. Бұған не дейсіз?

– Бұл – ақиқат пікір. Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабек біраз ақынның обалына қалды. Ақынның қай-қайсысын алсаңыз да, бәрі кедей. Не үйге, не киімге жарымайды. Соларға қамқор болғансып, Меккеге апарады. Бекболат пен Мұхамеджанмен бірге умра қажылыққа барған ақындардың бәрі діншіл болып шыға келеді, әйтеуір. Шәкәрімнің сөзімен айтқанда, бұлар діншіл емес – пәмшіл.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ерік Рахым

oinet.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар