Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әшірбек Сығайдың соңғы сұхбаты...

21.09.2015 2718

Әшірбек Сығайдың соңғы сұхбаты

Әшірбек Сығайдың соңғы сұхбаты - adebiportal.kz



Sygai.jpg

Сыншы, әдебиет сыншысы, театр сыншысы деген жұрт өте сирек туар таланттар, мың ішінен жолығар талғамы бөлек тарландар. Ондай біртуар тұлғалар ұлтты тәрбиелейді, талғамды түзейді, көптің көзін ашады. Орыстың ұлы сыншысы Билинский болмаса Пушкин дер кезінде, толық болмысымен танылмас еді, демей ме? Абайдың Абай екенін қазаққа ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтып, жеткізбеп пе еді? Қазақтың алты қырдың астындағыны, ұстараның жүзіндей қылпылдаған заманның ағымы мен бағамын аңдайтын, бір ауыз лебізінен кісі танитын, мың ішінен мал таңдайтын бұрынғы сыншыларды былай қойғанда, әлгіндей, біз кешіп жүрген дүниеде де сыншылықтың сұңғылалығы туралы мардымды мысалдар толып жатыр. Қысқасы, қоғамда осынау сирек мамандыққа қол жеткізгендердің орны ерек. Өзгенің мінін көріп, кем-кетігін танып, оны түзеудің жолын көрсетер сыншы атану үшін адам баласына тек туа бітті ерекше қабілет, түйсік қана емес, орасан мол білім, кемел тәжірибе керегі тағы аян. Сол мол білімді, көрген-түйгенді саралап, сұрыптап, керекке жұмсау да керемет еңбекті керек етері сөзсіз. Сыншының негізгі қорегі де терең білім. Білгенін жалықтырмай, күрделі күйінен түсінікті тілге түсіріп, оңтайлы тұсында, қажетті жерінде жеткізу.


Сондай, сан қырлы алмастай сындарлы мамандық иесі, жұртын жақсылыққа тәрбиелеп, ізгілікке әлдилеп баулып жүргендердің бірі марқұм театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығай еді-ау!..Кете-кеткенше халқына қалтқысыз қызмет істеп кетті. Тіпті, өмірінің соңғы күндерінде телеарна тілшісіне берген сұхбатының өзі үлкен бір мектеп дерсің! «Астана» телеарнасының тілшісі Әйгерім Сайфулланың «Сырласу» атты хабарына қатынасып, айтқан әңгімесі кесек-кесек, келелі ойларға құрылған, аңдағанға арылу сияқты көрінді. Оқыған, мәдениетті қазақ, зиялы қауымның өкілі қандай болуы керек, мына дүрліккен қоғамда сыншы өзін қалай ұстауы тиіс, отбасың қайткенде өнегелі болады, қоғамда азаматтың қалай жүріп-тұрғаны жөн дегеннің бәріне жауап беріп кеткендей. «Достарыңызды, жолдастарыңызды қатесі болса сынайсыз ба?» деген сұраққа « Қатесі болса- сынаймын. Ойнап айтайын, қалжыңдап айтайын, әйтеуір сыбырлап болса да пікірімді жеткіземін» деп жауап берді. Бұл -Әшірбек Сығай. Сыншы екенмін, біледі екенмін деп өмір бойы қатар келе жатқан жолдасын ренжітер ме еді? Жоқ. Жолдасым екен деп шығармасындағы кемшілігін айтпай, іште бүгіп қалар ма еді? Жоқ. Өйтсе, өнерге, өзі біліп тұрған әдебиет пен мәдениетке обал. Біледі екенмін деп есерленсе- ессіздік болады.


Ілкі, жастай алған мамандығы актерлік. Сосын Мәскеуде осы сала бойынша аспирантураны тәмамдаған. Театрды жанындай жақсы көреді, қонақтық үстінен тұрып, қойылымға кететін әдетін тастамаған. Сөйтіп, сырлы өнердің тереңіне бойлаған жан ондағы кемшіліктерді қалай айтпай отырсын. Әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовке де айтыпты. Сонда өнерде үзеңгілес жүрген қайран ағасы бір жолы артынан жүгіріп: «Әшеке, ана жолғы сыныңыздан мен қорытынды шығардым! Қаргөздің рөлін Меруертке өткіздім!» депті. Бұл 1981 жыл екен. Әзекең Қаргөздің рөлін сол кезде қырықтан асып кеткен Фарида Шәріповаға бергенде туындаған әңгіме. Азаматтардың өнерге деген адалдығын, сынды айта да, оны көтере де алуын, сыйластықты көрмейсіз бе?! Бүгінгінің адамы қайтер еді, бет көріспей кетер ме еді?..Сол уақытта жаңа шығармалардың қоғамдық көрсетілімдеріне зиялы қауым өкілдері, жазушылар, драматургтер қатынасады екен. «Ғабең, Сәбеңдерді біз сол театрдан көретінбіз. Қазіргі драматургтер бір-бірінің қойлымдарына бармайды. Театрлардың да көркемдік кеңесінде тек өздері. Сосын да директор билеп-төстей береді. Қай актер директорына қарсы шығады?» деп кесек пікірін білдірді. « Театр өнерінің бүгінгі кейпін құлдырау демесем де, қалыпты ғана жағдай дер едім. Халық басына көтеріп жатқан спектакль көрінбейді», бүгінгі жазушылар қаламынан туып жатқан пьесаларда кісі сенбейтін ситуациялар, иландырмайтын оқиғалар ұсынылатынын, заманауи кейіпкерлердің жоқтығын, сол себепті театрлардың классикаларды қоя беруге мәжбүр болатынын, қуыршақ театрына көбірек көңіл бөлудің маңыздылығын, болашақ көрермен де, драматург те содан тәрбиеленетінін, жекеменшік театрлардың болашағы бұлыңғырлығын, тағы басқа құнды пікірлерін ортаға салды. Одан әрі Әйгерім отабының жай-күйіне ойысқан. Бәйбішесі Күләш жеңгеймен 43 жыл отасқанын, бір-бірінін әлі күн жақсы көретінін, құрмет тұтатынын,үш ұл сүйгенін, әке-шешесінің қолдарында болғанын жеткізді. Әйелден де бағы жанған жан екен-дағы. Әйтпесе... «Сіз өзіңізді батырмын деп ойлайсыз ба?» дегеніне: «Батыр да емес, қорқақ та емес, қатардағы жауынгермін деп ойлаймын» деді. Бұл да оның өзіндік позициясы еді, деуге болар. Өрекпіп оққа кеудесін тосқан көзсіздікке салса, сыны арқылы қаламгер, драматург, режиссерлерді тәрбиелеп, қалыптастыруға атсалыса алмас еді. Ат құйрығын шарт кесіп, көріспей кетер еді. Көрінгеннен қорықса жауапкершілігі жоғары міндеті, жауапты жұмысын атқара алмас па еді.


...Әшекең ағамыздың «Жансарай» атты жағымды бір хабарын тыңдаушы ек. Ешкімнің намысына тимей, көңіліне кірбің түсірмей, қонағының шығармашылығын зерттеп, үлкен дайындықпен келіп, мәдениетті, мазмұнды, сауатты да, салауатты жүргізетін. Көрерменіне танымдық қуаты мол хабар ұсынатын. Профессор ағамыз Алматының бір оқу орнында, Астананың «Шабыт» университетінде ұстаздық та етеді екен.


Сөйтіп, өз мамандығына адал, ұстанымы әділ, бүкіл болмысымен жастарға үлгі болған, қоғамнан өз орнын тапқан, тобасында бақытты қазақтың көркем бір азаматы ұлтына қалтқысыз қызмет еткен күйі, күйремеген, қажымаған қалпы кете барды. Айтпақшы, Әйгерімнің өміріңізді қайта бастауға мүмкіндік болса, көп нәрсені өзгертер ме едіңіз, шет елге көшу ойыңызда жоқ па, деген сауалдарына: « Жоқ, ештеңені өзгертпес едім. Қуанышым да, қайғым да бәрі менің бақытым!.. Ешқайда көшу ойымда жоқ. Осы топырақта тудым, осы топырақта өлемін!», - деп жауап берді, асыл аға!..


Иә, Әшірбек Сығайдың соңғы сұхбаты да әрқашандағыдай мәнді де, мазмұнды шықты. Өйткені, оның бүкіл өмірі мән мен мазмұнға толы еді ғой. Сонан соң да солай болады ғой...



Серік Жетпісқалиев



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар