Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асыл сөздің алыбы немесе Серік Қирабаев туралы ой-...

19.08.2018 6298

Асыл сөздің алыбы немесе Серік Қирабаев туралы ой-толғау

Асыл сөздің алыбы немесе Серік Қирабаев туралы ой-толғау - adebiportal.kz

Қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті тұлғасы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Смайылұлы Қирабаев шығармашылығының маңызды бағытының бірі – орта мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттері үшін қазақ әдебиеті пәні бойынша оқулықтар жазуға қатысуы. Әйгілі академиктің ғалымдығына, сыншылығына қоса оқулық авторы ретінде атқарған қызметін жеке сала тұрғысынан арнайы қарастыруға болар еді. Бұл орайда С.Қирабаевтың қатысуымен жазылып, жетпіс жыл бойы үздіксіз басылып келе жатқан қазақ әдебиеті пәні оқулықтарының тізімінің өзі бірнеше ондаған бет болатыны талассыз. Сөзіміздің дәлелі ретінде жоғарыда айтылған әр жылғы басылымдардың бірнешеуін көрсете кеткенді жөн көрдік.

Мысалы:

1. С.Қирабаев, З.Қабдолов, А.Нұрқатов.Қазақ әдебиеті. Орта мектептің 9-класына арналған оқу құралы. Екінші бөлім. Бірінші басылуы. Қазақтың мемлекттік оқу құралдар баспасы. Алматы, 1952.

2. С.Қирабаев,З.Қабдолов, А.Нұрқатов. Қазақ әдебиеті. Орта мектептің 9-класына арналған оқулық. Екінші бөлім. Үшінші басылуы. Қазақтың мемлекттік оқу-педагогика баспасы. Алматы, 1954.

Мұндағы өзгеріс оқу құралының оқулыққа айналуы. Жалпы мазмұны бұрынғыша қалады.

3. С.Қирабаев, З.Қабдолов, А.Нұрқатов. Қазақ әдебиеті. Орта мектептің 9-класына арналған оқулық. Тоғызыншы басылуы. Қазақтың мемлекттік оқу-педагогика баспасы. Алматы, 1960.

Жалпы мазмұны бұрынғыша қалады.

4. С.Қирабаев, А.Нұрқатов.Қазақ әдебиеті. 10-класқа арналған оқулық. Екінші басылуы. Мектеп баспасы. Алматы, 1965.

Оқулықтың «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті», «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Азамат соғысы мен халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы әдебиет», «Сәкен Сейфуллин» С.Қирабаев, «Сәбит Дөнентаев», «Бесжылдықтар кезіндегі қазақ совет әдебиеті», «Бейімбет Майлин», «І.Жансүгіров» бөлімдерін А.Нұрқатов жазған.

5. С.Қирабаев, М.Базарбаев, Б.Сахариев. Қазақ совет әдебиеті. 10-класқа арналған оқулық. Мектеп баспасы. Алматы, 1969.

«Азамат соғысы мен халық халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы әдебиет», «Соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезіндегі қазақ совет әдебиеті», «Сәкен Сейфуллин», «Бейімбет Майлин», «СССР халықтарының әдебиеті» бөлімдерін С.Қирабаев жазған.

6. С.Қирабаев, М.Қаратаев, Т.Нұртазин. Қазақ совет әдебиеті. Жоғары оқу орындары филология факльтеттерінің студенттеріне арналған оқулық. Мектеп баспасы. Алматы, 1987. Оқулықтың «Кіріспе», «Бесжылдықтар кезіндегі қазақ совет әдебиеті», «Азамат соғысы мен халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы әдебиет», «Соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезіндегі қазақ совет әдебиеті», «Сәкен Сейфуллин», «Сабыр Шәріпов» тара уларын С.Қирабаев жазған.

7. С.Қирабаев, Қ.Жұмалиев. Қазақ әдебиеті..Орта мектептің 9-класына арналған оқулық. Алматы,1977.

8. С.Қирабаев, Қ.Жұмалиев. Қазақ әдебиеті.10-класқа арналған оқулық. Он бірінші басылуы. Алматы, Рауан,1992.

9. С.Қирабаев. Қазақ совет әдебиеті. Факультативтік курсқа арналған Х класс оқу құралы. Алматы, 1973.

10. С.Қирабаев, Қ.Мырзағалиев. Қазақ әдебиеті.(ХIХ ғасырдың екінші жартысы – ғасырдың басы). Жалпы білім беретін мектептің 10-сыныбына арналған оқулық. Төртінші басылымы. Алматы, 2002.

11. С.Қирабаев, Ұ.Асыл, т.б. Қазақ әдебиеті (ХIХ ғ.): Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық. Алматы,2006.

12. С.Қирабаев, Қ.Мырзағалиев. «Қазақ әдебиеті» оқулығына әдістемелік нұсқау. 10-сыныпқа арналған. Алматы, 1998.

Ал олардың ондаған жылдар бойы үздіксіз қайталап басылғанда оған авторлар тарапынан қаншалықты еңбек етуді талап ететіні айтпаса да түсінікті. Бұл орайда оқулықтардың әрбір жаңа басылымында уақыт, заман талабына сай өңдеп, жетілдіріп отыруы автордың өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтындығын білдіреді. Академик С.Қирабаев тарапынан бұл үрдіс тәуелсіздік алғанға дейін шыққан оқулықтардың өзінде мол көрініс тауып отырды. Мысалы, бұрын қолданыста болған профессор Қ.Жұмалиевтің оқулығын ол қайтыс болғаннан кейін телавтор болып өңдеуге тиіс болған себептері туралы Серік Смайылұлы кітаптың авторлық алғы сөзінде былайша түсіндіреді: «Бұл оқулық қолданылып жүрген проф. Қ.Жұмалиевтің оқулығын жаңарту негізінде жасалды. Оған, алдымен, программаға кірген өзгерістер мен мектепте оқу мазмұнын жақсартуға байланысты қойылған жаңа талаптар себеп болды. Оқулық жас ұрпаққа әдебиет дамуының негізгі бағыты мен заңдылықтары жайлы айта отырып, оларды дәуір әдебиеті және оның фактілерінің маңызы, өзара байланысы туралы ойлануға үйретеді. Мектепте оқу мазмұнын жақсартудың шаралары осы негізде балалардың өз бетімен оқуға, материалды ғылыми ұғыну мен жүйелеуге үйренуіне айрықша көңіл бөлуді қажет етіп отыр. ... Жаңа оқулықты жасау кезінде біз оған қойылатын осы талаптаптарды ескеруге тырыстық. Дәуір әдебиетінің мәліметтері негізінде әдеби дамудың басты тенденциясын ашу, баланы соны түсінуге меңзеу, ғылыми тұжырымдар жасауға баулуға көңіл бөлдік.

Оқулықтың құрылымы да, материалды ұсыну, баяндау тәсілі де өзгерді. Бұрынғы оқулықтағыдай, әуелі ақынның өмірін айтып алып, кейін шығармаларын талдау бұл кітапта жоқ. Ақын не жазушының творчестволық биографияссын жасау, оның негізгі кезеңін анықтау жағы ескерілді. Оны творчестволық өсу жолымен көрсетуге көңіл аудардық» [1,3]. Сондай-ақ өңделген жаңа басылымда оқушыны шығарма мәтінімен толығырақ таныстыру, оның маңызды тұстарын ұғындыру мақсатында негізгі тақырыпшалар шығармалардың өзінен алу жүзеге асырылады. Олай ету оқушыны сол тақырыпшаның осылай қойылу себебін ойлап табуға итермелейді. Мұндай тәсілдің оқулық жазу барысында қолданылуы автордың пәнді оқытудың тиімді әдісін басшылыққа алуды көздеуінің көрінісі. Бұл сияқты мысалды С.Қирабаевтың қатысуымен өңделіп, қайта басылған оқулықтардың қай-қайсынан да табуға болады. Ал еліміз тәуелсіздік алып, қоғам дамуының алдына жаңа мақсаттар мен міндеттер қойылған тұста, коммунистік идея құрсауынан азат болған, мазмұны өзгерген оқулық жазу керек болған кезде С.Смайылұлы тағы да белсенділік танытып ұлттық мүддеге бағындырылған оқулық жасауға атсалысты. Оған мысал ретінде жоғарыда сөз болған, бұрын 9-сыныпта, мектеп 11 жылдыққа көшуге байланысты қазір 10-сыныпта оқытылатын [2] ХIХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мүлде қайта жазылғанын айтуға болады. Бұл орайда Серік Смайылұлының оқулық жазуға тартылуындағы басты себеп оның ұзақ жылғы тәжірибесі, уақыт талабына дер кезінде жауап бере алатын ұшқырлығына, жан-жақты біліміне, бағдарламада көрсетілген материалды тартымды да жүйелі етіп жеткізе алатын шеберлігі ескерілгені сөзсіз. Бірнеше тарау тыңнан қосылып, бұрынғы тақырыптар қайта жазылған бұл кітапта «ХIХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті», «Шоқан Уәлиханов», «Ыбырай Алтынсарин», «Абай Құнанбаев», «Мағауия Абайұлы Құнанбаев», «Ақан Қорамсаұлы», «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті», «Спандияр Көбеев», «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Сәбит Дөнентаев», «1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісі туралы жырлар», «Ұлттық әдебиетіміздің ұлы мұрасы» (қорытынды орнына) тарауларын С.Қирабаев, «Шәкәрім Құдайбердіұлы», «Шәңгерей Сейткерейұлы Бөкеев», «Ахмет Байтұрсынов», «Міржақып Дулатов» тарауларын Қ.Мырзағалиев жазған.

Рас, кешегі Кеңестік кезеңде жазылған оқулықтарда социалистік реализм, коммунистік идеология талаптары басшылыққа алынғандықтан жас ұрпаққа көркем әдебиет арқылы эстетикалық тәрбие беру, көркемдік ойлау жүйесін қалыптастыру таптық тұрғыдан бағалайтын саяси көзқарасқа бағындырылды. Ұлттық мүдде ығыстырылып, шовинистік идея бірінші кезекке қойылды. Көркем шығарманы түсіндіруде оның эстетикалық әсерін ұғындырудың орнына саяси мәнін, ұлттар әдебиетіндегі жақсылық атаулының бәрін «үлкен» ұлттан үйренді, ел қатарына қосылды деген тұжырымға тіреліп жатты. Әрине бұған оқулық авторын кінәлай алмаймыз. Саяси жүйенің қыспағына қарсы тұру мүмкін емес еді ол кезде. Алайда авторлар сол жүйенің ығында жүре отырып та ебін тауып шәкірт бойына ұлттық сана, ұлттық дәстүр, ұлттық тәрбие қалыптастыруға тырысып отырды. Себебі, ол тұстарда мейлі халық шығармалары болсын, мейлі жазба әдебиеті болсын ондағы ұлттық дәстүр, салт-санаға қатысты көріністер ығыстырылғанда оқулық жазушылар кейбір шетін мәселелерді оқулыққа ендіру арқылы сақтап қалды. Оған мысал ретінде наурыз туралы ұғым-түсінік мектеп оқулықтары арқылы бізге жеткенін айтуға болады.. Өйткені, социалистік реализм әдісінен ауытқымауға тиіс болған ұлттық әдебиетіміздің негізгі мазмұны, ондағы суреттелетін оқиға желісі, кейіпкерлердің іс-әрекеті, әдеби бейне жасау көріністері сол талапқа сай орындалып жатты. Айталық, жоғарыда сөз болған С.Қирабаев, З.Қабдолов, А.Нұрқатовтардың орта мектептің 9-сыныбына арналып 1952 жылы басылған оқулықтың «Ыбырай Алтынсарин», «Мағауия Абайұлы Құнанбаев», «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Сәбит Дөнентаев» бөлімдерін С.Қирабаев, «В.Г.Белинский», «Н.Г.Чернышевский», «Н.А.Добролюбов», «Абай Құнанбаев» бөлімдерін З.Қабдолов, ХIХ ғасырдың екінші жартысындығы (50–60 ж. ж. ж., 70–90 ж. ж.)» әдебиетке шолуларды, «Шоқан Уәлиханов», «Спандияр Көбеев», «1916 жылғы көтеріліс туралы поэзия» бөлімдерін А.Нұрқатов жазған. Көріп отырғанымыздай қазақ әдебиеті оқулығына қазақ әдебиетінің мол мұрасы енгізілмей В.Г.Белинский, Н.Г.Чернишевский, Н.А.Добролюбов сияқты орыс әдебиетінің өкілдері енуі сол дәуірдің атмасферасын айқын көрсетіп тұр. Бұл сонау Ахмет Байтұрсыновтан бастап сөз болып отырған авторларға дейін әр жылдары басылған оқулықтардың саяси көзқарас тұрғысынан ығыстырылуының кесірінен төл әдебиет туындыларының орнына оқулық мазмұнына сәйкес келмейтін өзге ұлт өкілдерінің енуі екені түсінікті.

Алайда алғаш оқу құралы ретінде жазылып, кейін әлденеше өңделіп оқулыққа айналдырылған бұл кітабынан бастап оның басқа сыныптарға арналған оқулықтары да күні бүгінге дейін авторлығын сақтап, үздіксіз басылып келе жатқанының өзі оның уақыт талабына толық жауап бере алғандығының көрінісі деп есептейміз. Бұл орайда Серік Смайылұлы басқа әріптестерінен ерекше.

Олай дейтініміз арысы ХIХ ғасырдағы Ы.Алтынсарин, берісі ХХ ғасырдың алғашқы 10 – 15 жылында А.Байтұрсынов болып ағартушылықтың негізгі арнасы ретінде қазақ тілінде оқытатын мектеп ашып, оқулық жазу ісін қолға алған болатын. Оқулықтану кітабында: «Ғұлама ғалым мектеп – оқу таза ана тілінде жүретін ұлттық мектеп болу керек, ондағы оқу мазмұны халықтың ділімен, бағзыдан бірге жасасып келе жатқан салт-дәстүр, тәрбие жол-жосынымен, бостандыққа ұмтылған мақсат-мұраттарымен етене қабысып жатуы, заманауи білім беруі керек деп қарады.

Оның тұңғыш басылымы 1910 жылы жарық көрген Әліппесі мен 19120–01914 жылдары басылып шыққан «Оқу кітаптарында» жоғарыда аталған талаптар басшылыққа алынған» [3,19], – деп көрсеткеніндей, сол тұстағы қалыптасқан қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси белсенділігі күшті әмбебап дарынды тобы бұл іске үлкен ынтызарлықпен кіріскен еді.Алғашқы қадамдарын мұғалімдіктен бастаған, ағарту ісіне бейім бұл топ халықтың болашағын жас ұрпақты ана тілінде оқытып, жаңаша білім, тәрбие беретін ұлттық мектеппен байланыстыра қарастыра білді. Алайда «Ұлттық негізден нәр алған мектеп жүйесін құрып, соған лайық оқулықтар мен оқу құралдарын жасаудың қалыптасып келе жатқан үрдісін Қазан төңкерісі басқа арнаға зорлықпен бұрып жіберді.

... РСФСР Халық ағарту комиссариаты 1918 жылдың 31 қазанында «Шағын ұлттардың мектептері туралы» қаулы қабылдады, онда аз ұлттардың өз ана тілдерінде әр дәрежелі оқу орындарын ашуына болатыны туралы айтылды. Бірақ ол мектептер коммунистік идеологияны, таптық көзқарасты басшылыққа алған, ұлтсыздық бағытындағы мектептер бола алатын еді, ақыры солай болды да. Бұрынғы мектептер енді бір үлгідегі мектептер болып қайта құрылды. Оларда Мәскеу жіберген оқу бағдарламалары мен оқулықтар басшылыққа алынды» [3,20]. 1926 жылы еңбек мектебі туралы жарғы қабылданып, бұл жаңа жарғы бойынша Қазақстанның білім беру жүйесі КСРО-лық ортақ жүйеге көшірілді де ол Кеңес Одағы тарап кетенге дейін сақталды. Осыдан бастап ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін ұлттық оқулықтардан ұлтшылдық табуға негізделген бағытта оқулық жазу ісі дүркін-дүркін тежеліп келді. Дәл осы тұста жаңа сипатты оқулық жазу ісіне жиырмадан жаңа асқан өрімдей жас жігіттер тартылды. Солардың бірі де бірегейі С. Қирабаев болатын. Содан бері қазақ әдебиеті оқулығының үздіксіз авторы болып келеді.

Жас ұрпаққа жүйелі білім беріп, саналы азамат етіптәрбиелеуде оқытудың сан алуан құралдары ішінде оқулықтың атқаратын қызметі ерекше. Оның маңыздылығы да осында.

Өйткені, қоршаған орта сырын, халық тарихының белестерін, көркем шығармаларда бейнеленетін өмір көріністерін, тылсым дүние сырлары туралы түсініктерін жас ұрпақ алғаш рет осы оқулықтар арқылы танып біледі. Осы тұрғыдан келгенде білім берудің, оқытудың мектептік жүйесі енгізілгеннен бері де «адамзат өзінің ұзақ тарихында жинақтаған бағалы білім, тәжірибелерін, ашқан ғылыми жаңалықтарын, жасаған рухани-мәдени құндылықтары мен тәрбие, өнеге үрдістерін жеткіншек ұрпағына шама-шарқына шақтап, сатылап жеткізудің, амалдап үйретудің оқулықтан қолайлы құралын ойлап тапқан жоқ» [3,8].

Оқулық жазу – аса күрделі шаруа, қиынның қиыны. Жоғары сапалы оқулық жазу оны жазуға талпынған тұлғадан өз кезіндегі қоғамның қажетін өткір сезінетін ірі теоретік, тжірибелі әдіскер болу талап етіледі.

Оқулықта ғылым негіздерін, оның заңдары мен әдістерін жай ғана баяндап қою жеткіліксіз. Оқулық, ең алдымен, теориялық материалды оқыту мақсатына сай талғап, іріктеп алуымен, жинаған білімдерді баяндап жеткізудің өзіндік әдістемелік формасымен және бірізділігімен, тәрбиелік мақсаттағы материалдың болуымен ерекшеленеді. Өйткені, оқулық қатаң түрде бағдарлама бойынша жазылады. Сондықтан оқулықтың атқаратын білім беру, дамыту, тәрбиелеу сияқты үш міндеті де осы бағдарлама аясынан ауытқымауы керек. Оқулыққа қойылатын талап-шарттар туралы жоғарыда аталған еңбекте мынадай айқын тұжырым жасалады: «...оқулық түзушіге пәнді терең және жетік білуінің өзі де әсте жеткіліксіз, оқулық авторы мұның сыртында жан-жақты білімдар, ой өрісі кең оқымысты, жалпы оқулыққа, оның ішінде өзі жазғалы отырған пән оқулығына қойылатын дидактикалық-әдістемелік талаптардан жете хабардар адам болуға тиіс. Сонымен қатар оқушылардың жас ерекшеліктері мен психологиясы жөнінде терең түсінігі, бағдарламада көрсетілген білімдерді анық та тұжырымды, тартымды да жүйелі етіп жеткізе алатындай қалам шеберлігі болуы керек» [3,28]. Осы тұрғыдан келгенде Серік Қирабаев қай сыныпқа арналған оқулығында болсын аталған талаптардың орынды жүзеге асырған сипатын көреміз. Оған айғақ ретінде әр басылым сайын жетілдіріп, өңдеп отыруын айтамыз. Ғалымның бұдан өзге М.Қаратаев, Т.Нұртазиндермен телавтор болып жоғары оқу орындарының филология факултеттері студенттеріне арналған, алғаш1968 жылы жарық көріп,1971, 1987 жылдары қайта басылған «Қазақ совет әдебиеті» оқулығы мен «Қазақ әдебиеті» оқулығына әдістемелік нұсқаулары туралы айту бөлек әңгіменің арқауы болуға тиіс. Осылайша С.Қирабаев өзінің оқулықтары арқылы жетпіс жылға жуық бірнеше жүз мыңдаған жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, саналарына эстетикалық талғам орнықтырып, әсемдік әлеміне бойлатып келеді. Сондықтан да ол осы оқулықтары арқылы қазақ мектерінде оқыған сан мыңдаған шәкірттерге ұстаздардың ұстазы, ұлттық рухтың көрігі бола білді деп есептейміз.

Әдебиеттер:

1. Жұмалиев Қ., Қирабаев С. Қазақ әдебиеті. 9-класқа арналған оқулық. Толықтырылған, өңделген жетінші басылымы. Алматы, 1982. – 200 бет.

2.Қирабаев С., Мырзағалиев Қ. Қазақ әдебиеті. ХIХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы. 10-сыныпқа арналған оұулық. Екінші басылымы. Алматы,1998. – 272 бет.

3.Құсайынов А.Қ., Асылов Ұ.Ә. Оқулықтанудың өзекті мәселелері. – Алматы: Рауан, 2000. – 144 бет.

Құныпия Алпысбаев,

филология ғылымдарының докторы, профессор

2017 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар