Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Асыл Сұлтанғазы: Жаулықтың иісін сүйемін...

23.01.2018 6618

Асыл Сұлтанғазы: Жаулықтың иісін сүйемін

Асыл Сұлтанғазы: Жаулықтың иісін сүйемін - adebiportal.kz

Асыл Сұлтанғазы – 1993 жылы Алматы облысы, Жаркент қаласында туған. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін 2015 жылы журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жұмыс істейді.

АНА

І

Дарқан даланың жұпары сіңген жаулықтың иісін сүйемін,

Дүниенің барша мейірімділігіне ақ бастау болған киелім.

Алақаныңдай жұмсақ емес-ті маңдайдан өпкен ақ самал,

Адалдығыңа теңеу болмайды асқарға біткен ақша қар.

Тектілігіңе татитын тіркес таба алмас, сірә, мың ақын,

Ананың нұрлы жанарындай боп шығыстан күлер мына күн...

Зеңгірдің зерлі алқасындай боп ай тұрса көкке ілініп,

Қиылған қас ол, айқаса қалса дүние кетер бүлініп.

Сондықтан ана мейірімінен жырақтап қалған пендені:

деп білем, осы, тірідей тірлік сүріп те жүріп – өлгені.

Мәңгілік мәнді ғұмырды кешу үшін де сезім керек-ті,

Ол үшін әр кез жайнасын ана – жайлауың жасыл желекті.

Мұхиттың суы бір тамшы жасқа пара-пар десе бек сенем,

Анадан жалғыз шаттықтың жасы мөлт етсе ғой деп көксегем.

Көктемнің таңы түсінгендерге күлкіден, жаным, мысқал кем,

Жымисаң аздап сал сәуір кеште оралам мен де құстармен.

Қиқуға салам, базарға бөлеп, періште жүзген аспанды...

Ұлы өмірлердің алғашқы күні алтын құрсақтан басталды.

Басталды дағы, ру боп жүріп, халық боп өсті емес пе?

Анасыз адам бақытты десе тайсалмай шығам егеске.

Сондықтан, ана, қасиетіңе жақұтты жырдан теңеу жоқ,

Тербелсін бесік адам мен әлем кетпеуі үшін бебеулеп...

ІІ

Мөп-мөлдір жыр сыйлаған алғашқы жарық таңда,

Мен сені таныған ем періште уілімен қаныққанда.

Дүниенің жалғанын ұққам кіндігім қиылғанда

суық қол сертке берік ғайыпқа сыйынғанда.

Ақ жөргек тəнімді жапқан... шақалақ шіміркенген,

Ақ жөргек ақ кебін боп күтеді түбі көрден.

О анам, ишараң қандай, өмірді шын ұқтыратын,

«Ана» деп берді ме Тəңір, өзіңе ұлық бір атын?!

Мен сені танығам ана періште пəрменімен ең,

Сол кезде өксік болып келген-ді əлде бір өлең.

Ол бүгін қаламнан аққан сөздердің селі еді, Ана,

Бірақ, Ол, өзіңнен бастау алған Алланың өлеңі ғана!

ЖАУЫН

(Желіні сыздаған сұр бұлттың ақ нəрі),

Сан гүлдің тағдырын аптаптан сақтады!

О гүлдер көркемін бұрыммен бірге өргем,

О күнгі аспаннан мөп-мөлдір нұр көргем.

Аңқыған жер төсі, топырақ жұпарын,

Бұрымды гүл сынды құмарта жұтамын.

О сәттік топырақ ізіңді көшірген,

Ол шаттық, хош иіс кетпейді есімнен.

Күрсінген зеңгірдің жасына малтып бір:

салынды ойлар да санада қалқып жүр.

О зеңгір жанымның айнасы, соны аңғар,

Ал ойлар өлеңге айналар олқысыз орамдар.

Бұлттай қаз бауыр, қоп-қою тəмсілден,

Тамшы боп үзіліп, кеудеге əн сіңген?!

О тəмсіл тағдырға қойылар нүкте еді, аяулым,

О əнде жауынның зары бар... аярмын.

***

Күліп те тұрып жылай салатын нəзігім қайда кешегі?

Кермек татыған көзінің жасы таңдайдан бал боп көшеді.

Жауынды сүйіп, жасыннан қорыққан еркелеу еді сəл ғана,

Жасынсыз аспан – күрсіне алмай егіліп тұрған сорлы ана.

О ана сосын бұлт шəлісін сусытар еді баяулап,

Ашылған шайдай зеңгірдің жүзі түсінгендерге аяулы-ақ.

...Күркірден қорыққан еріндер кейде дамылсыз діріл қағатын,

Оймақ ауыздан «жауа түс» деген дұғалар саулап ағатын.

Жасын мен жауын жатырлас деген сөз еді оған күдікті,

Əр тамшы бірақ алқа ғып тағып жататын оған үмітті...

Л-ға

І

Илеуіне іңірдің күн сүңгіді,

Зеңгір қазір тастайды бір сүлгіні.

...Қара сүлгі қымтамақ қоңыр жерді,

Қоңыр көзден от шашқан кімсің құрбы?

Сені көріп өзекті өрт қарыды,

Жұмыр еттің тулады-ау көк тамыры.

Күн мен түннің «қыз қууы» əдірəм қап,

Көкпарына салғандай Көк Тəңірі...

(Құсым ба едің ғайыптан тайып жеткен?)

Мен бір елсіз аралмын қайық шөккен.

Содан шығар, аяздай өңім сынық,

Жетсе екен желегін жайып көктем.

...Сен бірақ та торықпа

тоты-құрбы,

Қоңыр көздің қоздаған оты нұрлы.

Аяз емген жаныма жазса екен,

Жылуыңа бас қойып, отығуды.

ІІ

Шіркін, сенің ақ жүзіңнен көз алмай,

Ару таңның жымиғанын сезсемші,

Құсни-хат күтіп жүрген гөзалдай,

Сені ессіз сағындырса сөз-кенші.

Ай қасыңның керілгенін қызықтап,

Алаулаған бетіңнен бір сүйсемші;

Қолаң шаштың жұпарына қызып қап,

Шоқ деміңе күйсемші...

ІІІ

Күңгірттеу ме таң қалай, таңдай нұрлы

ажарыңды сағындым, балдай құрбы.

Ақ қанатты көбелек сабылысып

ұшады ма-ай, бір сүйіп маңдайыңды?

Мен өппеген ерніңе қонады ма-ай?

Қызғандырған қараша қонағын-ай;

мың ұлпаны аялап мен келемін

Жаркенттің жұп-жуас боранындай.

Зеңір бүгін толғатқан, көзі тұман,

Аппақ қармен бір туар қозы-құлан.

Сәби біткен еркелер саған, қалқам

күн қараса бұлттың тозығынан.

Қараша-ана өмірге қыс ап келді,

Жылулықты мен үшін тұсап берді.

Бусанғанша сұлу жер, тоңдырмайын

енсең болды аяулым, құшаққа енді..

***

Замана желі ескегін жұлған, жан қайығы тербелген,

Тау толқындарды қақ жарып тұрып қуансам деймін сендермен.

Аға деп тұрар жан туар ма екен, сендерде іні жалқы емес,

Жұдырықтай жұмыр жүрегінен ойып та тұрып төр берген!

Мұхиттың суы шөл басар емес, кенезе кебер татқанда,

Қаталағанда торсығын тосқан ғазиз жандарды сақта Алла.

Ескегі тұрмақ, есін жоғалтқан еркелеу əрі есерлеу,

Ақынның басын сүйреп келеді құба кештерден ақ таңға.

Жартасқа талай соғылған сəтте, жанарды тұман тұтқанда,

Қайрат қылған-ды жақтауы жырым қайықты түзеп, нықтауда.

Ұлы мұхитқа аттанып кеттім ақ өлең сүзіп келем деп,

Бабаның сөзін дəуірлік дəру тұтынып жүрген жұрттарға.

Толқынды сүйем жігерді сарқып, тыныштығымды тонаған,

Ағалар – жасыл жағалауларым, сағынған сəтте оралам.

Бұйығы тірлік сүре алмайды екем теңізде туып-өскен соң,

Сəрі мен ертең ұлы мұхитқа шым батып барып жоғалам.

Асыл Сұлтанғазы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар