Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы. «Аққуды атпас боларды» оқығанда...

24.04.2019 1001

Асылбек Байтанұлы. «Аққуды атпас боларды» оқығанда...

Қазақстанынң Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов – шығармашылық ғұмырында өндірте жазып келе жатқан, «өнімді» жазушы. Шығармаларының тақырып ауқымы да кең. Ал шетелдегі қазақтар тарихы тақырыбы дегенде, алдымен ойға оралатыны да – Қабдеш Жұмаділов. Қазіргі Қытай Халық Республикасының ШУАР-ын құрап отырған қазақтардың ғасырлардан ғасырларға ұласқан тарихы, алып империялар арасындағы жер бөлісі салдарынан еркісіз екі мемлекеттің бөлінді боданы болған қасіретті кезеңдер, ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, басын бәйгеге тіккен есіл ерлер жолы – мұның барлығы да Қабдеш Жұмаділов қаламы арқылы өріліп, қалың оқырманға қалың-қалың романдар мен хикаяттар болып жол тартты.

Қабдеш Жұмаділов қаламынан туған дүниелердің барлығы да елді елең еткізер туынды болатыны – бойдағы қаламгерлік әлеует пен әбден төселген жазу машығының, сонымен қоса, оқырманның қызығушылығын, сұранысын тап басып, шынайы сезіне білушіліктің арқасы болса керек. Қалың оқырманы жазушының соңғы кезеңде жазған көлемді туындысы «Таңғажайып дүние» мемуарлық романын да жылы қабылдады. Бұл роман – жазушының басынан өткен мазмұнды тағдыры, ата-тек, әулеттік шежіресі, өмірдегі шынайы сүйініштері мен күйініштері. Тұтастай алғанда шекара бойында өсіп-өнген қазақтардың қилы-қилы тағдыры.

Бүгіндері сексеннің сеңгірінен асып, ақсақалдықтан абыздыққа бет алған қарымды қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің жаңа ғасыр жүзінде жазылған прозалық дүниелері қатарында, 2011 жылдары оқырманның қолына кітап болып тиген «Аққуды атпас болар» хикаятының көтерген жүгі де жеңіл емес. Бұл көлемді хикаятқа Абайдың ақын інісі, ойшыл философ, Алаш арысы, сталиндік зұлматтың алғашқы кезеңіндегі жазықсыз құрбаны болған Шәкәрім Құдайбердіұлы өмірінің ақырғы күндері арқау болған. Шәкәрім Құдайбердіұлының өмір жолы, шығармашылығы турасында, Алаш арысының есімі толық ақталып, қаплың елімен қауышқаннан бергі кезеңде жазылған шығармалардың қарасы аз деп айта алмаймыз. Жазушының бұл тақырыпты әбден сіңіріп, жүректен өткізіп барып келгенін анық аңғарылады.

Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығындағы қайырылып қайта келмес қайғысыз-қамсыз балалық шақ пен асық масы, қызық пен думанға толы жастық дәуренге деген қимастық, дауасыз кәрілік, болжаусыз тағдырдың алдындағы дәрменсіздік пен опыну іспетті "Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек" атты ән-өлеңінде мынадай бір жолдар бар еді ғой:

Асқан алпыстан мынау жасымыз,

Қашқан кәріліктен ғарып басымыз,

Қаларсың қай сайда? –

Жазушы Шәкәрім қажы өлеңіндегі дәл осы жолдарды эпигарф етіп алуы да бекерден бекер емес. Расымен де алпыстан асқан жасында осы жолдарды қағазға түсіріп, әнмен тербеткенде, Шәкәрім қажы бір мүшел уақыттан кейін, иен таудың асуында Қарасартов бастаған ГПУ-дің қандықол қызыл жендеттері қолынан қапылыста қаза тауып, елеусіз сайдағы құр құдыққа денесі тасталарын сезген жоқ болар, әрине. Ақын өз тағдырының соңғы мезеті осы өлеңдегідей болатынын жазып кеткендей.

Шәкәрім өмірінің соңы қандай қалыпта өтіп еді? "Танбаймын, шәкіртімін Тостойдың" деп өзі айтқанындай, ардың жолын мақсұт тұтып, әділетті ту еткен Шәкәрім Құдайбердіұлы да жасы алпыстан асқанда бүкіл отбасынан, қоғамнан аулақ тірлік кешіп, оңашада ой кешкен орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың тіршілік қалпын қабылдағандай күйде болатын. Қым-қуыт төңкеріс пен қырғын-сүргінге толы аумалы-төкпелі жылдардан кейін кешегі Ресей империясының ауқымында нық орнаған жаңа үкіметтің, кедейшіл-тапшыл коммунистік биліктің қазақ халқына, әсіресе, кешегі ел бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендердің, малының сүмесімен елді асыраған кенеулі байлар мен дін ұстаған молда-қожалардың өміріне тым жақсылық әпермес сыңайын таныған Шәкәрім Құдайбердіұлының бұл кезде «пәлелі қоғамнан» мүлде безініп, ел ішілік ырду-дырдудан бойын аулақ салып Шыңғыстаудың иен дарасы Шақпақтағы Саятқорада жалғыздан жалғыз өмір сүріп жатқанына да бес-алты жылдың жүзі болған еді. Иен таудағы тоқал тамдағы сопа басы жалғыз ақынның мұндағы ең сүйікті ермегі – қалам мен қағаз, кітап болады. Әредік қағаз бен қаламнан, кітап оқудан шаршағанда, Қарагер атына мініп аң аулап сейілдеу, "Қарашегір" қыранын қолына қондырып алып саят құру болған екен. Бұл күндері қажының қасында адам баласы түгілі, «Қарашегір» бүркіт пен Қарагер аттан өзге жан-жануар да жоқ. Бұған да себеп жоқ емес. Сонау етектегі қалың елдің ту-талақайын шығарып, тұнығын лайлап, сағын сындырып жатқан адырақбай тапшылдардың лаңы иен тауда өзімен өзі өмір сүріп жатқан ақынға да зиянын тигізіп, кері әсерін анық сездіре бастаған тұс еді. Бұл туралы жазушы былай деп аңғартады: "Бұрын шайлық сүтке деп саулы інген ұстаушы еді. Белсенділер «Шәкәрім бір түйесін тауда жасырып отыр» деп шу көтеріп, оны да қимай алып кетті. Бұлардың заңы қызық, өз малыңды өзіңе билетпейді. Бейне, мал-мүлікті солар үшін жинаған сияқтысың». Иә, өз малыңа өзің иелік ете алмаған, малың түгілі қойныңдағы әйеліңді де тартып алуды ешбір ар көрмейтін, "аш пәледен қаш пәле" заман еді бұл.

Хикаятты оқып отырып, бассыз-баусыз қалған қайран елдің жан сауғалап жосыған киіктей қорғансыз халіне еріксіз жүрек сыздайды. «Большевиктер келіп күніміз туды, қанаушы бай мен биден, қожа мен молдадан есе-теңдік аламыз», - деген қызды-қызды ұранмен айналасын жалмап, жайпай бастаған пәтуасыз, бейберекет жұрттың, есе-теңдікке мелдектеген кедей-кепшіктің көрсеткен құқайы осы еді.

Шәкәрім қажы елден жырақ кеткенде, әу баста Шақпақтың бергі аузында болғаны туралы айтылады. Сонымен қатар, иен таудағы баспана деп аталғаны болмаса, бұл там үй шығармашылық адамының жайланып жұмыс істеуіне әбден лайықталған орын-жай болыпты. Хикаятта да үйдің интерьері туралы суреттеулер бар. Шәкәрім қажының Шақпақта жүрген шағының өзінде оны алыстан іздеп келіп, дидарласып кетушілердің қарасы аз болмағанға ұқсайды. Қажының сай ішінде жүрген, бүркітін қолына ұстап малдас құрып отырған суреттерін түсіруге келген фотографтардың еңбегіне - бүгінгіге жеткен сарғайған фотосуреттерге қарап осылай болжамдауға негіз бар.

Бір басына мал-дәулеті жетерлік Шәкәрім қажының Саятқорада өмір сүрген кезеңде ақы-пұлын жеместен, ас-суын әзірлеп беретін жалшы ұстағандығы да кедей-кепшіктің күнін жоқтағандар үшін таптырмас сылтау болыпты: «Әлі күнге дейін қолында жалшы ұстап отыр» деп, - өмір бойы баласындай болып кеткен, қалыңмалын өзі төлеп, қолдан үйлендіріп үй болдырған қазаншы, қағушысы Әупішті де сыйдырмаған соң, зияным тиер деп оны да аулыға қоя берген, нағыз жалғыздық басқа түскен шақтағы хал. Расымен де, бай – елдің асыраушысы, ұйытқысы емес пе еді, қашаннан? Капиталистік қоғамдағы кедей жұмысшы мен федодалдық қазақ қоғамындағы малшы, қызметшінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей болмаса да тау мен төбедей екенін айырмаған, айырғысы да келмеген сұм заманның идеологиялық ұстанымына еріксіз бас шайқай, лағынет айтқандаймыз, хикаятты оқығанда.

Кеңестік дәуірдегі кітаптарда жазылғанындай, бай мен кедей арасындағы қарым-қатынас бірыңғай қанау мен қаналуға құрылмайтыны белгілі ғой. Осы пікірдің куәсіндей, Шәкәрім қажының қызметшісі болса да, ағалы-інілі адамдардай болып кеткен Әупіштің тағдырына алаңдаған қажы оған ел ішіне баруды бұйырады. Шәкәрім қажы өзін ауылға қайтуға еріксіз мәжбүрлегенде ақадал ниетті қызметші Әупішпен арада мынадай сұхбат өрбиді:

Шақпақ сайындағы Саятқора маңында жүрген Шәкәрім қажы

– Мен соларға түсінбеймін. Белсенділердің осы сізге таңатын кінасы не?

– Жаңа заң бойынша кінә деген көп екен ғой менде: бай болыппын, болыс болыппын, құдай жолын ұстап, қажыға барыппын... Ұзақ жыл жалшы ұстап, малшы-жалшы, бақташылардың еңбегін қанаппын. Осының бәрі – аз қылмыс па бір адамға?

– Ал бай болған, қажыға барған жаман ба екен? Соның арқасында сіз ондаған малшы-жалшыға жұмыс беріп, толымды ақы төлеп, оларды асырап келдіңіз ғой. Ол да қылмысқа жата ма?!

Әупіш сияқтылардың түсінігі расымен де бұған жетпейтіні анық еді. Шындық осы ғой. Құдайға қарағаны, ар-ұяты барлары комунистердің азғырындысына ермеді. Бұрынғы қожайынының жақсылығын ескеріп, таламақайға салуға қимады. Ал, шынынмен де есесі кеткендер аямағаны, аянбағаны анық. Бұған жасар амал не? "Байларды, қожа мен молданы, қойдай қу қамшымен!" - деп ұрандатқан кедейшіл таптың арыны қатты. Қолына түссе аямақ емес.

Дегенмен де, байлардан тартып алған мал-мүлікті, жер мен суды іс қылып, гүлдендіріп, дөңгелентіп кетуге кедейлердің бәрі бірдей даяр емес екен. Жазушы партияның атынан үкім жүргізіп, елдің үстінен күн көрген арамтамақ аяр делдалдардың іс-әрекетін былайша береді: Міне, «Еңбекшілердің атынан солардың тонын жамылған делдалдар сөйлейді. Еңбекшілердің уәкілі етіп, оларды кім сайлағаны түсініксіз. Еңбекшілер атынан партия құрады да, қызығын жаңағы делдалдар көреді». Компартияның басқару тәсілі дәл осылай болған еді ғой.

Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп халықтың қолындағы бар малын сыпырып алып, салықпен тұқыртып, тартып алған азық-түлігін Ішкі Ресейге жөнелте-жөнелте, елдің ішін аштық жайлаған. Адамдық ақыл-парасатыңның, ата-тегіңнің ақсүйек, қаракөктігінің де көк тиындық құны қалмаған мынау сұм заманның мейірсіз уысына түскен Шыңғыстау елінің халі мынау: «Ал Шыңғыстау ауданын тас-талқан етуге Қарасартов деген бір ғана шала сауатты, безбүйрек белсенді молынан жетті-ау! Кешегі Құнанбай қарауындағы Абайдың елі, «ел пысығы» атанған бес болыс тобықты, аттыға жол, ауыздығы сөз бермейтін Ырғызбай жуандары бір сілкінгеннен қалмай, Қарасартовтың табанына түсті-ау! Бірін-бірі көрсетіп, бірінің үстінен бірі шағым айтып, бір тобықтының өзі іркіттей іріді-ау! Иә, бұл да – қазаққа төте келген зауал! Қазақтың надандығы, бәтуасыздығы, берекесіздігі, ертеңін ойламайтын аңғалдығы үшін, Алланың жіберген зауалы!»

Жазушы қазақ ұлтын өгей көрген қайырымсыз биліктің кісәпірлігін ашық айтады. Қазақтар баба мекенінде аштан бұралып жатқанда, Орталық үкімет жергілікті белсенділердің көмегімен елдің қолындағы соңғы сиырына, соңғы түйір дәніне дейін тартып алып, Ішкі Ресейге жөнелтіп жатқаны ақиқат емей немене.

Толықсыған тобықтыдан, қазанынан қаспағы үзілмеген Құнанбай аулынан мән де сән де кеткен, сорпа бетіне шығарлары атылып, асылып, жер аударылып, тұқымы тұздай құруға айналған осындау зауал шақ, зұлмат кезең тап келуінің түп тамыры неде? Хикаяттан бұл сұрақтың жауабын Шәкәрімнің ойы арқылы береді: «Шәкәрімнің ойынша, апаттың түп тамыры тым тереңде жатыр. Шәкәрім қажы осындай бір сұмдықтың боларын өкімет басына құдайсыздар келгенде-ақ сезген-ді. Қазақ «Ұят тұрған жерде иман тұрады. Тегінде, Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегенді бекер айтты дейсің бе? Билік басындағы ұятсыз, имансыз, құдайсыз тобырдан не жақсылық күтуге болады?» Рас болған соң, рас дейміз. Осынау құдайсыз, имансыз, ұятсыз қоғамның жазықсыз құрбаны болып қыршынынан қиылған миллиондаған тағдырдың өтеуін кімнен төлетіп алғандаймыз?

«Бастан құлақ садаға» деп, еріксіз шетел асуға мәжбүр болған қалың ел арғы беттегі қалың қазақты паналау үшін шекара асуға мәжбүр. Ебін тапқаны ғана аз-мұз мүлік-мүкәммалын алып, туған топырақтан безе қашып жатыр. Тіпті осы бір жансауға елдің өзінен тірідей пайда көріп қалушылар болған екен. Бұл да тегінен жарымаған қу тобырдың қылығы:

«Қазақты аштан қыруға бар, ал өздігінен кәсіп қылып, жан сақтауға жол жоқ. ГПУ дей ме, комсомол дей ме, «құдайсыздар ұйымы» дей ме, күндіз-түні күзет... Өздері және шетінен дүниеқоңыз, парақор... Көшетін жұрт солардың әрқайсысына бірдеңе беріп, түн жамылып шығып жатыр. Ал қолға түсіп қалсаң аямайды. «Бандыны қолға түсірдік» деп дүниеге жар салады». Ауыл-аймағымен Шұбартау, Шыңғыстаудан түп қотарыла көшіп, Тарбағатайды көктей өтіп жат елдің шекарасына жеткенше, қызыл жанын қолына ұстаған бейбақтарды бопсамен тонаған парақор қаныпезерлердің бұл қылығына төзбеске не шарасы бар еді, сорлы қазақтың?

Арғы бетке өтуден бой тартумен болған ел ағасы Шәкәрімге ақыры таңдау жасайтын күн де келгендей. Бір-ақ рет келетін мынау өмірдегі адамзат баласының арманы – өлгенде соңыңда жоқтайтын, бір уыс топырақ салып көметін тұқым қалдыру болса, мұның өзі де Шәкәрім қажы үшін неғайбыл қауіпке айнала бастаған екен. Ақыры, Семейдегі жұмысынан Саятқораға қашып келген, әзірше үкіметтің құрығына ілінбеген жалғыз тұяғы Зиятты Қытайға асырып жіберуді ұйғарды. Екі түрлі себепті ойлады. Оған бірінші себеп мыналар еді: «Бірінші себеп – өз кіндігінен біреу де болса тұқым қалдыру. Мына Голощекин бастаған, Қарасартовтар қостаған құдайсыздарға сенім жоқ. Олар иісі тобықтыны, қала берсе Құнанбай әулетін жоспарлы түрде түп-түгел құртып жіберуі де мүмкін ғой. Қажының алғашқы әйелі Мәуеннен туған үлкен ұлы Әбусуфияннан тараған бірді-жар бала болмаса, басқа балалардан ошақ отын сөндірмейтін ұл бала қалған жоқ».

Қашанда "ұрпағым үзілмесін" дейтін, ұрпақ жалғастыру жолында алмағайып қатерге ойланбастан басын бәйгеге тіккен қазақ үшін ошағының оты өшуден қасірет бар ма? "Тым оқығандықтың да қатері бар ау" деп Қабдеш Жұмаділов осы хикаятында жазғанындай, үкімет саясатына тым ұйып, әбден қапы қалған әулеттер аз ба? Қиын-қыстау заманда бүкіл бір әулеттің үміті болып Зият тәрізді арғы бетке өткендердің ұрпағы бүгіндері толысқан әулетке айналып, тұздай құрыған баба жұртының орнын сипалап, жоғына салауат, барына шүкірлік айтып отырғанын да жазмыштың сызығына саямыз.

Шәкәрім қажының Зиятты ешет асырудағы екінші, үлкен себебі: «өзім өлсем де, болашақта сөзім өлмесін» дейтін, шығармашыл тұлғаның жандәрмен халі екен. Саятқорадағы үйінде қаттаулы тұрған, жылдар бойы тірнектеп жинап, көз майын тауысып оқыған том-том кітаптары, бар ақыл-ойының нәрі мен сөлін арнап отырып жазған бума-бума қолжазбаларының ертеңі ойшыл ақынды алаңдатпай қоймайды: «... Құдайсыздар Шәкәрім қажының өзін ғана құртып қоймай, жазған шығармаларын да түгін қалдырмай өртеп, күлге айналдыруы мүмкін ғой. Бұл жақта оларды қайда апарып тығады? Қалай сақтайды? ..Зият бұл сапарда өзін ғана құтқарып қоймайды, әкесі Шәкәрім қажыны қоса құтқарады. Керек десеңіз, нағыз Шәкәрім – мына отырған жетпіс үштегі шал емес, осы қоржындағы қолжазбалар... Байлам осы, Зият Қытай еліне кетуі керек!»

Ұсақ-ұлаң уақиғадан «көтеріліс» деген дабыра жасап, ойранның отына май құя түскен ГПУ өкілдері ақыры «көтерілістің басшысы Шәкәрім» деп қағаздатып, қатердің бұлтын анық қоюлата түскен. Дәл осы кезде Қытай асуға біржола бел байлап, ертіп кетуге келген Әзімбайдың Бердеші бастаған тобықты азаматтары қажымен жауаптасады. Жазушы арғы тобықтыға қатысты тарихтағы бір халмен астастыра, қажыны былайша сөйлетеді:

– Менің бұл жолы көшке ілесе алмай қалғаныма сендер намыстанбай-ақ қойыңдар! – деді туыстарына күле қарап. – Тәйірі, тобықтының дағдысы емес пе – жаугершілікте бір кәриясын жұртқа тастап кететін... Менің баяғы «Ақтабан – Шұбырынды» кезінде жұртта қалатын Әнет бабаңнан жаным артық па?! Ал өкіметтен төнетін қауіпке келсек, несі бар, ажалым жетсе өлермін. Өз жерінде бір үзім нанға зар болып, мың-мыңдап көз жұмған бейбақтардан жаным артық па? Құдайсыз кәпірлердің қолынан оққа ұшсам тіпті жақсы – шәйіт кетемін! – Соны айтып, аз-кем үндемей отырды да: – Осыдан жетпіс үш жыл бұрын кіндік қаным дәл осы Шақпақ жайлауында төгілген екен. Мен енді бұл жерден ұзап кетуге тиіс емеспін!»

"Қарашегір" қыранын қолына қондырған Шәкәрім қажы

Зият ұлы мен Бердеш бастаған туыстарын шығарып салмақ болып күншығысты бетке алған аттылардың алдынан қатер күтіп тұрғанын бұлар білмеген екен. Алдарынан аттылы-түйелі отыз шақты ГПУ адамдары тап келеді. Қызды-қыздымен қолда бар жылқыны түгелдей дерлік қырып тастаған ел белсенділерінің біразы түйеге мініп жеткен беті осы болса керек. «Қарасартовтың қоластына кілең кімнің жау, кімнің ел екенін білмейтін содырлар жиналған ғой. Мен барып, іс мәнісін түсіндірейін. Сендер осында күте тұрыңдар... Егер олар оқ шығарып, іс теріске айналғандай болса, бөгелмей кете беріңдер! Олар қуғанмен сендерге жете алмайды...

Қажы соны айтып, Торжорғамен тайпалта жөнелген». Бұл қажының туыстарымен соңғы сөзі болған екен. Торжорғаны тайпалтып өздеріне қарсы келе жатқан қарт «бұлар тілге келместен оқ шығарып өлтіреді» деген ойдан ада болса керек. Дүрбі салып көріп отырған Қарсартов дәл осы сәтте не ойлады дейсіз ғой: «Шыңғыстауда банды қаптап кетті» деп дүниеге жар салып, шынтуайтқа келгенде сол «бандыны» таппай масқара болған ГПУ бастығы Шәкәрімнің келе жатқанын көргенде керемет қуанып кетті. «Міне, саған банды керек болса!.. Шортанға салған қармаққа жайын ілінді деген осы!»

Міне, осылайша ел ардақтысы Шәкәрім қажының ажалына үкім оқылатын азалы мезет те келіп жеткен екен. Қарасартов башқұр жігіті Халитовке Шәкәрімді қақ жүректен атуға бұйрық берді: «Халитовқа бәрібір, кімді ат десең де қолы қалт етпейді. Жазықсыз жандардың талайын жайратқан қанішердің өзі. Шәкәрім қажының кім екенін білмек түгіл, түстеп танымайды да. Оған, әйтеуір, Қарасартовтың бұйрығын орындаса болғаны. Ол өзі ГПУ жендеттері арасында кісі атудан «мерген» аталып жүрген». Халитовтің оғынан құламаған соң, Қарасартов өзі атып түсіруге мәжбүр болды. Қажының мәйіті құр құдыққа құлатылды.

Еш тыным таппай, жетпіс үш жыл бірге жасасқан тәнді қимай туған даласында қалықтап ұшып жүрген Жан ғана: «Өз шаруаларын бітірген соң мәйіт жерлеушілер ауыл жаққа қайтып кетті де, құр құдықтың үстінде Жан ғана қалып қойды. ...Жан жеті күнге дейін Бақанас пен Саятқора арасында қалықтап ұшып жүрді».

Жетінші күн дегенде Жан қажының соңғы жылдары мекені болған, дүние-мүлкі мен кітаптары тұрған Саятқораға айналсоқтап келді. Міне, сол кезде көргеніне күйзелген Жан қатты күйзеліп, шырқырап кеткен еді. Бұл сұмдық – кеше ғана қажының денесі суып үлгермей киім-кешегін тонап алған тойымсыз тобырдың үй ішіндегі мүліктерді де жалмап, кітаптарды аяусыз өртеп жатқаны еді: «Ойпырай, мұндай да сұмдық болады екен-ау! Надандық жайлаған бұл халық жуық арада қатарға қосылмас. Мына құдайсыздар қажының ғана мүлкі емес, бүкіл адамзаттың ақыл-ойын өртеп жатыр ғой...». Жердегі тірліктен көңілі қалып, қатты түңілген Жан осыдан кейін бұл маңда көп бөгелген жоқ. Шыңғыс шыңдарына соңғы рет көз тоқтатып, сүзіле бір қарады да, жеті хат көктегі мәңгілік мекеніне қарай жол тартты». Иә, қазақ мұсылмандығы ұғымында Жан мен Тән өзара бірілкте. Шыбын Жан денеден ұшып шыққанымен, бірден тастап кете алмай, Тәнді айналсоқтап жүретініне қазақтар имандай сенеді. Жазушы осы бір халықтық түсінікті шебер пайдаланған.

Хикаяттың өн бойында өрілген әлсіз үміт жібінің түйіні де шығарманың ең соңғы ТҮЙІН бөлігінде шешілгендей. «Орнында бар, оңалар», қажының Зиятты Қытай асыруға бекінген екі мақсатының да түбі қайырлы болған екен. «Заманның тарлығынан амалсыз Қытай асқан кенже ұлы Зияттың қоржынында кеткен ақын шығармалары жоғалмай сақталып, бұл күнде ел игілігіне айналды. Соңынан қуа барған құдайсыздардың қолында Зияттың өзі мерт болғанымен, артында ұрпақ қалды. Азаттықтан кейін олар да атажұртқа оралып, ел қатарлы өніп-өсіп жатыр. Сөйтіп, ақын сақтап қалуды армандаған асыл ұрық құрып кетпей осылай жалғасын тапты». Хикаяттың басында жазушының өзі эпиграф етіп алған, жазушы күнделігіндегі: «Аққуды атқан адам көп ұзамай ажал құшады. Ақындарды атқан өкіметтің де өмірі ұзаққа бармайды», - деген ойдың орындалғандығы – ағайын мен туысты «бай мен кедей» деп екі лагерьге бөліп, алатайдай бүлдірген тапшыл империяның ғұмыры жетпіс жылға ғана жетіп, желкесі қиылғаны, қазақтың тәуелсіздік алғаны.

«Аққуды атпас болар». Аққудың киесі бар. Халық ұғымында аққуды атқан адамның да, қоралған қоғамның да киеге жолғары анық. Қабдеш Жұмаділовтің «Аққуды атпас болар» атты хикаятының мазмұн сорабын көзден кешірсеңіз, кешегі қызыл террордың қара дауылы көзді ашырмай ұйтқи соққан кесірлі заманның запыранды күйін бастан кешкендей болатыныңыз анық. Көз алдыңызда сары далада тиянақ таппай жөңкілген қаңбақтай қаңқалақтаған қазақтың қасіретін, ел бастар көсемін, сөз бастар шешенін, арыстандай арысын еш ойланбастан оққа байлаған қаныпезер кісәпірлігіне күйінесіз. Ең бастысы, Шәкәрімнің рухы өлген жоқ, ұрпағы үзілген жоқ. "Өткенге салауат, ертеңге аманат" деген ұстаныммен өмір сүріп, ұрпақтар көшін ғасырдан ғасырға ұластырып келе жатқан шүкіршіл қоңыр қазақтың білте шамдай шалқыған үміті ешқашан өшпек емес.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар