Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Әлем әдебиетіндегі беделді сыйл...

25.10.2019 4700

Асылбек Байтанұлы. Әлем әдебиетіндегі беделді сыйлықтар 12+

Асылбек Байтанұлы. Әлем әдебиетіндегі беделді сыйлықтар - adebiportal.kz

Қазақ еліндегі рухани өнім жаратушы қаламгерлер үшін тағайындалатын сыйлықтың төресі – Абай атындағы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы. Әдебиет саласындағы үздік шығармаларға үшін 1966 жылдан бері екі жылда бір реті беріліп келе жатыр.

Отандық, шетелдік азаматтар бұдан өзге «Дарын» жастар сыйлығы, «Шабыт» фестивалі, «Ауыл» партиясы жыл сайын жариялайтын «Ауылым – алтын тұғырым» т.б. бәйгелерде бақ сынай алады.

Бұл игі дәстүр тек біздің елімізде ғана емес, әлемнің барлық елінде жолға қойылған. Біз төменде беделді халықаралық әдеби сыйлықтардың біразына тоқталмақпыз.

Әлемдік әдебиеттегі ірі, беделді сыйлықтар мен фестивальдердің көшін Нобель сыйлығы бастайды.

1. Нобель әдеби сыйлығы. Швецияның астанасы Стокгольмде 1901 жылдан бері беріліп келеді. Ақшалай сыйлық қоры 10 миллион крон. Бұл – әлемдегі ең беделді әдеби сыйлық болып есептеледі.

2. Халықаралық әдеби Нойштадт сыйлығы. АҚШ-тың Оклахома университетінен тағайындалған бұл сыйлық 1971 жылдан бері екі жылда бір реті беріледі. Тапсырылатын сыйлық – бүркіттің күміс қауырсынына қоса 50 мың доллар. Кез келген елдің жазушылары қатыса алады. Тек ағылшын тілінде жазсаңыз болды.

3. Халықаралық Ибсен сыйлығы. Норвегия ұлттық театры 2008 жылдан бастап тағайындаған бұл сыйлық екі жылда бір рет тапсырылады. Әдебиет, өнер бағытында, драмалық тың туындыларға беріледі. Ақшалай сыйлық сомасы – 300 мың еуро. Сахна өнеріне тың жаңалық әкелетіндей жазылған, кез келген ел драматургінің туындысы қабылданып, қазылар алқасының сарабына салынады.

4. Дороти мен Лилиан Гиш сыйлығы. Ғаламдық сұлулыққа және адамзатты қуантып өмірін түсіне білгендігі үшін ерлер мен әйелдерге берілетін Дороти мен Лилиан Гиш сыйлығы Гиш қорынан 1994 жылдан бері жыл сайын тағайындалып келе жатыр. Әдебиет пен өнер саласында әдебиет, музыка, теледидар салалары бойынша сыналтады. Тпасырылатын жүлде 300 мың еуро. Конкурс веб-парақ арқылы ашық жарияланады.

5. Уиндхэм-Кэмпбелл әдебиет сыйлығы. АҚШ-тың Йэль университетінен тағайындалатын сыйлық 1989 жылдан бері тапсырылып келеді. Әдебиеттің драма, проза, документалдық шығармалар жанрлары бойынша әрқайсысына 150 мың доллардан беріледі. Кез келген мемлекеттің азаматтары қатысуына болады. Атын ұсынушыны таңдайды. Олардың әрқайсысы екі адамның атын ұсынады.

6. Лэннан қорының әдеби сыйлығы. Лэннан отбасылық қоры 1989 жылдан бері жыл сайын ұсынып келеді. Поэзия, проза, документалды (ғылыми) шығармалар, ерекше көзге түскен кітап, өмір барысында жетістікке жеткені үшін жанрлары бойынша төрт лауреаттың әрқайсысына 150 мың доллардан береді. Ағылшын тілінде жазылған кезек келген мемлекет азаматының еңбектерін қабылдайды. Жазушылар, сыншы-зерттеушілер, баспахана желісі топтары үміткердің атын ұсынады.

7. Астурий ханшайымы сыйлығы. Испаниядағы Овьедо қаласында 1981 жылдан бері Астурий ханшайымы қоры тапсыратын сыйлықтың әдебиет аталымы да бар. Лауреаттың қолына 50 мың евро беріледі. Әлем әдебиетіне тың жаңалық әкелуге үмітті кез келген қаламгер қатыса алады. Испания елшілігі, дипломатиялық өкілдер үміткердің атын ұсына алады.

8. Ян Михальский сыйлығы. Ян Михальский қоры 2009 жылдан бері тағайындап келеді. Әдебиеттің барлық жанрлары бойынша бір шығарма сыналтылып, 50 мың швейцар франкі немесе 42 мың еуро тапсырылады. Кез келген елдің жазушысы қатыса алады.

9. Азия әдебиетінің халықаралық сыйлығы. Гонконгта сыйлық қорының штабы орналасқан. 2002 жылдан бері тапсырылып келеді. Әдебиеттің проза жанры бойынша жанры бойынша берілетін сыйлықтың көлемі 30 мың АҚШ доллары. Аудармашыларға 5 мың доллар қосып беріледі. Ағылшын тілінде жазылған кез келген елдің жазушысы қатыса алады.

10. Лейпциг кітап жәрмеңкесі сыйлығы. Лейпциг кітап жәрмеңкесінен 2005 жылдан бері жыл сайын беріліп келеді. Проза, документалды шығарма, аударма бойынша әрқайсысына 15 мың еуро тапсырылады. Кез келген елдің ағылшын тіліндегі жазған жазушысының туындысы лайық деп танылса, соған тапсырылады.

11. Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығы. Прага қалалық әкімшілігі, Кафка қоғамы – құрылтайшылары болып саналатын сыйлық 2001 жылдан бері тапсырылып келеді. Кез келген тілдегі шығарма ағылшыншаға аударылған болуы керек. Жүлде қоры 10 мың долларға қоса Кафканың қола кеудемүсіні тапсырылады.

12. Франк О Коннор шағын әңгіме сыйлығы. Франк О Коннер қорынан проза жанры бойынша беріледі. Кез келген шетелдік жазушының шығармасы ағылшын тіліне аударылып ұсынылады. 25 мың фунт-стерлингтің елу пайызы жазушыға, елу пайызы аудармашыға беріледі. Кез келген елдің баспа мекемесі электронды тіркеліп қатыса алады.

13. «Санди Таймс» шағын әңгіме сыйлығы. «Санди Таймс» газеті мен ИФЖ Банкі ұйымдастырады. 2010 жылдан бері жыл сайын беріліп келеді. 30 мың фунт-стерлинг тапсырылады. Әлемнің кез келген елінің жазушысы өз туындысын Ұлыбританияда ағылшын тілінде жариялатқан болуы керек.

14. Гриффин поэзия сыйлығы. Гриффин қоры ұйымдастырады. 2000 жылдан бері жыл сайын берілетін жүлденің сомасы 67 мың АҚШ доллары. Кез келген мемлекеттің азаматы қатыса алады. Аталған шығарманы ағылшын тілінде басып шығарған баспахана электронды түрде ұсынады.

15 Ганс Христиан Андерсен сыйлығы. Халықаралық жас буын кітапханасы 1956 жылдан бері екі жылда бір рет тапсырып келе жатыр. 60 мың фунт-стерлинг немесе 90 мың АҚШ доллары беріледі. Бұл сыйлықты Халықаралық балалар әдебиетінің Нобелі деп атайды. Нобель қорының бөлімшелері ұсынады.

16. Астрид Линдгрен атындағы Халықаралық әдеби сыйлығы. Швеция үкіметінен 2003 жылдан бері тапсырылып келеді. Балалар әдебиеті туындысы ғана қатыса алады. 1 миллион швед кроны немесе 700 мың АҚШ доллары тапсырылады. Кез келген елдің қаламгері өз шығармасын ағылшын тіліне аударып ұсынуы керек.

«Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» демекші, біздің отандастарымыз да талаптанса, осы халықаралық сыйлықтардың біріне ие болуына әбден мүмкіндік бар ғой. Қалам қарымы, әрине әлемдік кез келген жазушыдан кем соқпағанымен, ағылшын тіліне бар нәрімен, бояуымен аудару мәселесі кемшін соғып жатқаны анық. Көш жүре түзеледі. Еш теңдессіз мега жұлдыз әнші Димаш бауырымыз сияқты, әдебиетімізді шырқау шыңға шығаратын бір таланттың туарына сенейік, болашақтан үміт күтейік.

Асылбек Байтанұлы

і


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар