Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы: Майданбектің әлегі немесе қызыл үрей

09.05.2017 1815

Асылбек Байтанұлы: Майданбектің әлегі немесе қызыл үрей

«Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс», - деп Қасым ақын жырлағанындай, Екінші дүниежүзілік соғыс күркірінің жаңғырығы да жылдар өткен сайын алыстап барады. Қадау-қадау майдангерлердің ең жасы тоқсаннан еркін асқан тұс осы.

Уақыт – барлығына емші. Екінші дүниежүзілік соғыстың Жер шарының бетіне салған тыртығы, адамзаттың жүрегіне салған жарасы да алты мүшел жыл ішінде біртіндеп жазылып келе жатқандай. Кеңестік тарихнамада «Ұлы Отан соғысы» аталған азаттық майдан туралы кейінгі ұрпақтың танымы мен көзқарасы да өзгере түскендей.

Кешегі жеңімпаз жауынгерлердің бүгінгі ұрпағы «Ұлы Отан соғысы» аталған зор майдан туралы қандай ойда? Келер ұрпақ қандай қорытынды жасап, баға береді. Мұның бәрі – уақыт атты құдіреттің құзырындағы дүние. Иә, әр дәуірдің өз талғамы мен таңдауы бар. Біз білетін ақиқат – Германияда бас көтерген фашизмді талқандау жолында құрбан болған миллиондаған кеңестік жауынгерлердің майдан өтіндегі жанқияр ерлігін күллі адамзат баласы ешқашан ұмытылмайтындығы. Ал «бұл соғыс неліктен басталды?», «кім бастады?», «кімдер қалай қолбасшылық жасады?», «кімдер ерлік көрсетті?» т.б. сұрақтар осы ақиқаттың сыртындағы мәселелер болса керек.

Иә, кеңес халқы бұл соғысты адами, экономикалық ресурстық тұрғыдағы аса ауыр шығынмен жеңіп шықты. Біз сол заманның соғыс психологиясына бал ашудан аулақпыз, дегенмен, кеңестік коммунистік қызыл террордың ширек ғасыр бойы ауық-ауық жүргізген үркіту-қорқыту, саяси тазалау-жазалауы арқылы санаға сіңірген үрейіне негізделген темірдей тәртіп басты рөл ойнады деп білеміз. Соғыс уақытында да жазалау машинасы бір тоқтамағанына тарихи деректер куә.

Соғыстың алғашқы айларында кеңестік тұтастай армиялар генералдық штабымен, жүздеген мың солдаттарымен жау қолына беріліп жатты. Ірілі-ұсақты құрамалар қаншама. Міне, осы кезде, яғни 1941 жылдың 16 қыркүйегінде Сталиннің әйгілі №270 бұйрығы шықты. Бұл бұйрық бойынша, немістердің қолына қандай жағдайда болмасын түскен кеңес солдаттары мен офицерлері «отанын сатқан қашқындар» ретінде саналып, олардың отбасы мүшелері де тұтқындалуы тиіс болды. Міне, сондықтан да, жаудың қолына түсу деген – отбасыңның өмірін тірідей саудаға салу деген сөз болатын.

Сонымен бірге майдан даласындағы тәртіп те қатаң бақыланды. Сәл қылдан тайған әскери қызметшіні трибунал күтіп тұрған еді. Кеңестік идеологиялық пропаганда да мүлтіксіз жұмыс істеп, жауынгерлердің миын үздіксіз «жуумен» болды. Адамзат баласын идеялық мұраттар жолында ақпараттық «өңдеу» арқылы таза зомбиге айналдырудың қаншалықты оңайлығына мысалға қазіргі чучхеистік Кореяны алсақ түсінікті бола кетеді. Бұл жерде біз соғыс дәуірі ақын-жазушылары шығармаларындағы биік пафосқа толы қаһармандардың ерлігін мансұқтайық деп отырған жоқпыз. Дегенмен, кеңестік билік көп жағдайда «өңделген» өнер иелеріне (ақындар мен жазушылар, журналистер, киногерлер мен суретшілер, мүсіншілер) мейлінше қарыздар. Коммунистер – өнердің идеологиялық алапат күшін керемет сезіне алғандығы, әрі сарқа сауып, бар мүмкіндігінше пайдалана алған шеберлер десек қателеспеспіз. Осыған сәйкес, кеңестік форматтағы өнер адамдарының жағдайы да жаман болмағаны белгілі. Ал жазатайым қылдан тайып, жазықты болғандарының күні әп сәтте қараң еді. Бізге белгілі осындай бір хал майдангер ақын Дихан Әбілевтің, кейіннен қазақтың қабырғалы қаламгері Дихан бабаның басынан өткенін білеміз. Енді осы жайындағы естеліктерді тағы бір қаузайық.

Баянауыл топырағында дүниеге келген ақын соғыс басталғанға дейін-ақ қаламгер әрі ғалым ретінде қалыптасып үлгерген еді. 1942 жылы майданға аттанған жас ақын жауынгерлердің патриоттық рухын көтеру қызметіне белсене атсалысады. Бұл жолда жетістігі де жоқ емес еді. Осы сарында жазылған «Майданбек» атты көлемді поэмасынан болып жауынгер ақынның басына ойламаған жерден қара бұлт үйіріледі. Баянтаудың баурайындағы Мойылдыда жылқы бағып жайбырақат жүрген Майданбек ел шетіне жау тигенде қолына қару алып, майданға аттанады. Командир Захар Кулагин бастаған жолдастардың ортасында өзінің жайдары мінезімен беделге ие болған қазақ жігіті алғаш ұрысқа кіріскен кезде ойланып қалады:

Бір кезде кірпіктерін ашып қалса,

Қос фриц жақын келіп қалыпты аңша.

Не сұмдық? Адам. Ия, екі-үш адам...

Адамды өлтіргенше мына маған.

Кең дүние, келешегім болсын қараң.

Бұл енді кейіпкер тұрғысында да, автор тұрғысында да адамның басынан өтетін шынайы сезім құбылысы еді ғой. Адам баласы тұрмақ, қарсы шыға келген аңды ату оңай ма, шыныменен? Еш қалғымайтын кеңестік қырағы идеологияның сақшылары дәл осы шумақтан ілік тапқан. Майданбек өзінің басындағы бұл халді жанындағы жолдастарынан жасырмайды:

Майданбек жігіт еді аңқылдаған,

Ақ жаны адалымен жарқылдаған.

Қалтқысыз достарына айтты адалын,

Өлімге қимайтынын адам жанын!

«Ақын Дихан Әбілев майдан өтінде соғысып жүрген кеңес жауынгерлерін ерлік рухқа тәрбиелеудің орнына неміс фашистерін өлтіруге қимай, оларға аяныш сезімін білдіріп отыр», - деген кінә тағылады. Бұл поэмада жаңағы айтылған кінәлаудың бояуын қоюлата түсерліктей мынадай жолдар тағы бар еді:

Қанын жүктеп біреудің,

Кісі өлтіріп кім көрген?

Ақ ниет адал тілеудің

Адамы ем жөн ғой ақ өлген!

Міне, осыдан кейін Дихан Әбілевтің жағдайы ауырлай түседі. Кеңестік қызыл тәртіптің үрей машинасы қыр соңына түсе бастайды. Бұл жөнінде Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің естелігіне жүгінейік:

1943 жылдың июнь айы. Калинин майданындамыз. Бұл кезде мен майдандық саяси басқарма (Политуправление) деп аталатын мекемеде қызметтемін. Осында істейтін үгітшілердің бірімін...

...Біз жеті адамбыз. Оның төртеуі политуправлениеде үгітші, үшеуі лектор болып істейді. Бәріміз Понизовьенің ең шетіндегі бір кішкене үйде тұрамыз. Үгітшілер мен лектордың негізгі міндеті – алдыңғы шепте жаумен соғысып жатқан жауынгерлерге барып, әртүрлі тақырыпта лекция оқу, баяндама жасау, әңгіме өткізу. Бұл міндетті орындаймыз деп үнемі командировкада жүреміз. Осыған байланысты жаңағы жетеуіміздің бір мезгілде бас қосуымыз өте сирек болады. Біріміз үйде болсақ, басқаларымыз ұрыс майдандарындағы жігіттердің арасынан табыламыз.

Осындай командировкадан өткен түнде қайтып келген едім. Үйде өзім сияқты үгітші майор Сергей Дубинин мен подполковник Яков Герасименко бар екен. Олар да кеше ғана алдыңғы жақтан оралған. Біз барған жерлерде көрген-білгенімізді әңгімелесумен түн ортасына дейін отырып қалыппыз.

– Сағат үштен асып барады, кәне, жатып демалайық, – деді Герасименко.

Енді ғана жата бергенімізде әлдекім сырттан тереземізді қаққандай болды. Біз басымызды төсектен көтеріп алдық. Терезе тағы да қағылды.

– Уа, кімсің? – дейміз. Үн жоқ...

– Мен, – деген дауыс шықты.

Біз Дубининнің қасына бардық. Сыртта тұрған адамды тани кеттім. Өзіміздің Дихан екен.

– Ой, бауырым, түнделетіп қайдан жүрсің? Үйге кір.

– Жоқ, кірмеймін. Өзің тысқа шығып кетші.

– Қандай құпияң болса да, бәрімізге айт, үйге кір, есік ашайын, – деді Дубинин.

– Түнделетіп келгеніңе және оңаша алып шыққаныңа қарағанда бір құпияң бар сияқты-ау. Осы маңдағы бір сұлуға ғашық болып, сонымен шатасқаннан амансың ба? Сау басыңа сақина салғанның ар жақ-бер жағында емессің бе?

– Ондай болса, ол оңай шаруа ғой. Бірақ Мертай жеңгеңе жететін жан әлі дүниеге келген жоқ. Ол екеуіміздің бір-бірімізге адалдығымыз бұл ғаламда бұзылмақ емес. Оны қояйықшы. Мені өзіңе әкелген басқа әңгіме. Мен сені күнімен іздедім, командировкада жүргеніңе өкіндім. Ұзақ күнге сені тосумен болдым. Келгеніңді жатар алдында естідім де, екі өкпемді қолыма ұстап жеткенім ғой.

– Иә, сонша не болып қалды?

– Айтайын. Халім мүшкіл. Басыма қара түнек орнап тұр. Бүгін не ертең партиядан шығарылып, сотталатын болып тұрмын.

Ақыры, сөздің қысқасы, Дихан Әбілев саяси басқарманың тиісті адамдарына барғанымен, олар генералдың бұйрығы шығып қойғандығын айтып, маңына жолатпағанын, түскі он екі сағатта партиялық бюро жиналысы өтіп, үкім оқылатынын, Дихан Әбілевпен қоса, «Аттан, жауға қарсы» қазақ газетінің редакторы Жолдас Аймұрзиннің де басы дауға қалғанын айтады.

Мәлік Ғабдуллин бар, Дубинин мен Герасименко үшеуі ақыры таң атқанша поэманы орыс тіліне еркін аударып, Саяси басқарма басшысы, генерал Дребедневтің алдына апарып, ақыры бұл поэмада ешқандай саяси қателік жоқ екенін айтып, көзін жеткізеді. Ақыры Мәлік Ғабдуллиннің ерекше күш салуы арқасында мынадай шешім шығады:

– Жоғарыда айтылғандарды және осында жасалған ұсынысты еске ала отырып, мынадай қорытынды жасайық. Бірінші: Әбілев жолдас ешқандай жазаға тартылмасын. Екінші: Алматыға барып, поэмасын кітапша етіп шығарып әкелу үшін Әбілевке бір айлық командировка беру газет редакторы полковник Кассинге жүктелсін. Үшінші: Қазақстан Орталық Партия Комитеті мен Жазушылар Одағына Әбілевтің поэмасын жеке кітапша етіп шығару туралы хат жазу полковник Филатовқа тапсырылсын. Төртінші: Н.бригадасынан хат жазған жолдастарға жауап берілсін. Онда олардың Әбілевке таққан саяси айыбы дәлелсіз екендігі, сондықтан ешқандай мән бермегендігіміз атап айтылсын.

Міне, Мәлік Ғабдуллиннің Кеңес Армиясындағы үлкен лауазымды қызметі, зор беделі болмаса, кім білсін, әскери қаламгердің бұдан арғы тағдыры. Саяси сенімсіз элемент ретінде трибуналдың үкімімен атылуы немесе жазасын «жеңілдетіп» оншақты жылды арқалатып еңбекпен түзету лагеріндегі ауыр жұмысқа айдалуы әбден мүмкін еді. Расымен де, Дихан ақын үшін бұл жолғы әбігер қорқынышпен басталып, қуанышпен аяқталған екен. Мүмкін, сол бір сүзгіден кейін арнайы қосқан да болар, поэмада мынадай жолдар бар:

Мен емес жаны мазақтың,

Сасып қап ем бағана,

Келгеніме аз-ақ күн.

Жылқышы едім далада,

Осыдан біраз ай бұрын.

Сылқитқам талай қасқырды,

Астымда торы айғырым.

Саптыаяқтың сабынан қарауыл қараған сол бір заманда газеттегі екі әріптің орнын ауыстырғаны үшін саяси қылмыскер деп танылып, алдыңғы сіңірген еңбегі еш ескерілместен, 4-8 жылды арқалап, сотталып кете барған аянышты жағдайлардың майдан барысында да, одан кейінгі жылдарда да бірнеше рет ұшырасқанынан хабардармыз. Мұның өзі жоғарыда айтқан, халықты үреймен тұншықтырып, бұқтырып, ықтырып ұстаудың әбден сынақтан өткен үлгісі болатын. «Майданбек» – қазақ әдебиетіндегі және Дихан Әбілев шығармалары арасындағы мазмұндық, пішіндік тұрғыдағы дара поэмалардың қатарына жатпағанымен, ақынның өмірін таразыға тартқандай тағдырлы туынды.

Бір шығарманың абайсыз әлегі осылайша, қазақтың рухани қазыналы, талантты ұлының тағдырын күл-талқан қылып кете жаздағаны осы. Бұл – тәуменді тірліктің жабылған парақ беттері. Тәуелсіз елдің азат ойлы, еркін ұрпағы ендігәрі мұндай қисапсыз қырғыннан, қисынсыз жаза мен сүйексіңді қызыл үрейден ада, арда өсе бергей.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар