Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Асылбек Байтанұлы. НАРЦИСТІК КІМДЕ ЖОҚ?...

30.11.2017 6767

Асылбек Байтанұлы. НАРЦИСТІК КІМДЕ ЖОҚ?

Асылбек Байтанұлы. НАРЦИСТІК КІМДЕ ЖОҚ? - adebiportal.kz

НАРЦИССИЗМ – адамдардың іс-әрекет қалпынан байқалатын психологиялық дерт. Қазақша – «өзін өзі шексіз ұнату» деп алуға болатын шығар. Мағыналық бастауын судағы өз бейнесіне өзі ғашық болатын Нарцисс атты бозбаланың пәруайсыз қылығынан алатын нарциссизмнің көрініс қай дәуірде болмасын, ұшырасып отырған ғой. «Әлемдегі жамандық атаулының тең жартысы өз басының маңызды екендігін өзгеге сезіндіргісі келген адамдардың өлермен қылығынан туындайды… Олар тек өзін ғана разы қылу жолында үздіксіз күрес жүргізіп жатса да, өзін ақтап алуға тырысумен болады», - деген Томас Элиоттың сөзіне саяр болсақ, бұл бір ғадеттің қоғамымызға келтірер зияны шаш етектен, шаш етектен емес-ау, телегей теңіз екенін сезінеміз. Адам атаның қос перзенті Әбіл мен Қабыл заманының өзінде анық бұрқ еткен «өзім ғана, өзімде ғана» дейтін осы бір кесепат қылықтың зардабын адамзат баласы тартудай-ақ тартып келе жатқаны анық қой.

Қазақ қоғамы мұндай ерсі мінез қалпына әрдайым жиіркенішпен қарап, шенеп-сынап отырғандығын ғақылиялық жыр-термелерден, тұрмыстық тақырыптағы өзге де туындылардан аңғарамыз: Нарцисстік қылыққа деген ымырасыздықты Абай шығармашылығынан да молынан табамыз. Он сегізінші қара сөзінде бет-пішінін, жүріс-тұрысын, қас-қабағын жасанды түрде қолдан түзетіп жасандылыққа барушыларды, өзінде бармен өзгеден артылам деп өлермендене ұмтылушыларды шеней отырып мынадай қорытынды жасайды: «Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы - қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық».

Әр дәуірдің «атышулы нарцисстері» өзінің оспадар қылығымен тарихта таңбаланып қалғанына да тарих куә. Дегенмен, нарциссизмге «қолайлы топырақ» – ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған бүгінгі заман болып отыр. Себебі, Абай заманындағыдай, жұрттың алдында «әсемсіп, сәнсіп, бәлденіп бәлсудің» қажеті де шамалы. Виртуалды әлем – әлеуметтік желілер арқылы бұған бар мүмкіндік жасалып қойған. Ақпараттық технологиялардың дамуы нарцистердің өміріне де леп әкелгені анық. Яғни, бұрынғыдай шынайы бет-бейнемен жұрт алдына шығудың қажеті жоқ. Шындық осы, әлеуметтік желілерге құмарлардың көбі осы нарцистік сипатқа ие жандар деп есептеледі екен.

Нарциссизм – барлық мамандық иелеріне тән дегенімізбен, бұл шығармашылық адамдарына, соның ішінде ақындар мен жазушыларға да етене десек артық болмас. «Нарцистерге тән сипат – өзінің ақылды, жетістікті қырларын көрсетуге тырысады, кемшілігін айтып, сынағанға мүлде төзімсіз», - деп сипаттама береді психолог мамандар. Ендеше, бүгінгі жасы бар, жасамысы бар, жалына қол тигізбейтін көптеген шамкөс қаламгерлеріміздің арасында да нарциссизммен «тұмауратқандар» аз емес деген сөз. «Нарцисстер өзіне таң қалмайтындарды ұнатпайды, ал кім қалай таңғалып жатыр, оны бажайлауға қабілетсіз» (Мейсон Кули), - деген пікірдің де жаны бар ма деп қаласың...

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,

Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.

Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,

Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе? –

деп қазақ ақыл-ойының асқары бекер ескертпесе керек. Талғам мен талаптың таразысына тартқанда, шынайылықтың шойындай шошаң етіп ойнап шыға келер мұндай татымсыз қасиеттен аулақ болу – арлы адамның ісі ғой, қашанда.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар