Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Өз үнім, өз соқпағым қалсын деу...

21.01.2019 5356

Асылбек Байтанұлы. Өз үнім, өз соқпағым қалсын деумен (Төлеген Қажыбай лирикасы туралы)

Асылбек Байтанұлы. Өз үнім, өз соқпағым қалсын деумен (Төлеген Қажыбай лирикасы туралы) - adebiportal.kz

Қазақ даласының әр түкпірінде Қарағаш атты әлденеше ауыл бар. Әр түкпірде болғандықтан, олардың табиғаты да, тұрғындарының саны мен шаруашылық кәсібі, тұрмыс-салты да әр түрлі болатыны анық жағдай. Біз білетін Қарағаштың бірі – жер шоқтығы Көкше биігі Бурабайдан солтүстікке қарай көсілген шоқ-шоқ ағашты кең алқапта орналасқан. Бұл Қарағашты Қарағаштардан қандай өзгешелігі бар? Өзгелерін қайдам, бұл Қарағаштың топырағы құнарлы. Тура мағынасында да ауыспалы мағынасында да. Қарағаш топырағынан өсіп-өнген бір шоғыр қаламгерлер сөзіміздің айғағы. Олар кімдер еді? Бүкпесіз шындықты жырлауға құштар өршіл ақын, аудармашы Жақан Сыздықов, жазушы, аудармашы Қажымұрат Сыздықов, ақын, жазушы, драматург Төлеген Қажыбай, жазушы, драматург Жабал Ерғалиев, ардагер журналист, ақын Сайлау Көшкенұлы. Бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының аумағында бөлініп жатқан, бір замандарда Арқаға арып-ашып жеткен Сабалақ балаға сая болып, Хан Абылай болып тарих сахнасына шығуына тікелей септігін тигізген қалың елдің бүгінгі бір бұтағы – бұл жұрт.

Қазақтың тамаша ақыны Ғафу Қайырбеков кезінде «Қарағашта ауыл бар» атты жолсапар мақала жазған екен. Содан үзінді келтірелік: «Біз табиғат музейі – Көкшені артқа тастап, тура солтүстікке, енді ашық далаға шығып барамыз. Жазушы Жанайдар Мусин жолшыбай елді-қоныстарды таныстырып келеді. Батыс жақта жеке бір таулар, шоқылар манауратады. Бағытымыз Чкалов ауданының «Қара ағаш» деген ауылы. Бұл ауыл – қазақтың белгілі ақыны – Жақан Сыздықовтың ауылы». Бір замандарда Ғафаң осылай жол тартқан бұл өңірде кезінде Сәкен Сейфуллиннің де ат басын бұрған тарих бар

Осы жұрттан шыққан айтулы азаматтардың бірі – Қазақстан жазушылар одағы мүшесі, Қазақстанның мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықтың иегері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иесі, Көкшетау қаласының құрметті азаматыТөлеген Сыздықұлы Қажыбай. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан әдебиет майданына араласып, «Жол басы» атты тырнақалды туындысынан кейін «Сексен көл сылдыры», «Жырлайды жүрек», «Атыңнан айналайын», «Құлан қырғыны», «Махаббат әні», «Жеті желі», «Қанкешу», «Хан Кененің қазасы» т.б. отызға жуық кітаптары жарық көрген екен. 1966 жылы Абай атындағы қазақ педагогика институтының филология факультетін тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде бастаған қаламгер журналист бұл күндері 76 жастың биігіне шығып отыр. Көп жылдар журналистік қызмет атқарып «Көкшетау», «Бұқпа!» қатарлы газеттерге басшылық жасады, ҚР жазушылар одағы Ақмола филиалын басқарды. Қаламынан көптеген өлеңдер мен поэмалар, әңгімелер мен хикаяттар, драмалар туындаған Төлеген Сыздықұлы аудармамен де белсенді шұғылданып келеді. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі – жапон әдебиетінің классиктері Мисима, Акутагава, Муракамилерді қазақша сөйлетуі болса керек.

Бүгіндері Көкше қаламгерлерінің атасына, абызына айналған Төлеген ақынның түп тегі, өмір жолының бастауы турасында әйгілі ақын Кәкімбек Салықов былай деп жазып қалдырған екен: «Төлеген Қажыбаев 1942 жылы 12 желтоқсанда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Чкалов ауданына қарасты Қарағаш ауылында дүниеге келген. Бұл аудан бұрын Көкшетау облысының құрамында болғандықтан, біз оны кербез Көкшенің төл тумасы атаймыз. Төлеген – қазақтың классик ақыны Жақан Сыздықовтың немере інісі. Жақан мен Қажыбай – ағалы-інілі бауырлар.

Төлегеннің атасы Сыздық Көкше-Зеренді-Айыртау өңірінде белгілі болған, кезінде болыстық қызмет атқарған ел жадындағы қадірменді ақсақал. Төлеген әкесі Ұлы Отан соғысына кеткенде іште қалған үш айлық бала болса, туысымен қан майданнан қаралы қағаз келді: Қажекең 1942 жылы Ленинград үшін айқаста ерлікпен қаза тауыпты. Ал шешесі Жәнипа Дәулетбайқызы Абылайдың ақылман серіктерінің бірі Қарауыл Қанай бидің әулетінен шыққан абзал жан...».

Біз алғашқыда келтірген Ғафаңның жазбасы арқылы Төкең, Төлеген Қажыбай шыққан сөз иесі, қаламгерлер әулеті туралы мәліметті тереңдете түспекпіз: «Сыздық ақынның біз білетін балалары – Жақан, Қажыбай, Қажымұрат. Қажыбай майданда қаза болған. Қажымұрат Сыздықов – белгілі аудармашы, журналист. Қажыбайдан қалған екі баланың үлкені көп жыл осы ауылды басқарған жігіт. Төлеген Қажыбаев аты мәлім ақын, КСРО Журналистер одағының мүшесі, Көкшетау облыстық газетінің орынбасары. Мұны айтудың мәнісі – Жақан әулетінің таланттылығы, жалғасып жатқан өнер дәстүрі жайлы айту», - деген екен. Осы арада айта кетерлігі – Жақан Сыздықұлын бүгінгі күннің ойлау өлшемімен алғанда «кеңестік дәуір әдебиетінің бір өкілі» деп өте шығуға болмайтындығы. Өз заманының көптеген ақындары мен жазушылары сталиндік екпінді еңбекті жырлау, өршіл коммунистердің жарқын бейнесін сомдаудың жаттанды стандартына енген заманда ол жазған «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасы өмірдің ащы шындығын танытқан туынды болып шығып, мұның өзі қаламгердің өмір бойы шетқақпайлыққа ұшырауына әкеліп соққан жоқ па? Жақан ақынның турашылдығы, өр мінезі өлеңдерінен танылып тұрады десек, бұл қасиет Төлеген Қажыбай шығармашылығына да тән. Оны қаламгердің прозалық, поэзиялық, драмалық шығармаларынан анық байқаймыз.

Менің дағы бар шығар деп шалқар тойым алдымда,

Мінбей кеткен пырағыңды ұстап келем бабында.

Сен түспеген ұлан-ғасыр дүбірі мол жарыстан

Шет қалуым намыс қой шаңқай түстің шағында, -

деп әке рухы алдында серт бергендей, әдебиет әлемінің ұлы жіңгір бәйгесіне қосылып, ұлы дүбірге үн қосқан ақынның тамаша жырларын ел таныды. Оқырмандары қалыптасты. Төкеңнің сыршыл лирикасына талай-талай дарынды композиторлар саз жазды. Солардың бірі – әйгілі композитор, әнші Алтынбек Қоразбаевтың «Әгугай, домбыра» әнін білмейтін қазақ жоқ десек, артық болмас.

Төлеген Қажыбай өлеңдері өзінің мұңлы сазымен, сезімтал да сыршылдығымен жаныңды баурайды. Ақын мазмұн мен пішіндегі «заманауи» үлгілерсіз-ақ жүрекке жетерлік тамаша суреттер жасайды.

Суды сызған сұқсыр құстың бауыры,

Жас арудың жанарындай жарқ етті.

Солқ етті де қара жердің сауыры,

Қамыс басын шайқаған үн саңқ етті.

Жалғыз оқпен бір ғұмырды тауысып,

Әккі мерген суды кешіп барады.

Сыңқылдаған сұқсыр құстың дауысы,

Жүрегімді жаншып өтті жаралы.

Осынау екі шумақтың өзінде қаншама сурет, оймақ-оймақ ой, поэзиямыздағы кесек-кесек туындыларымен үндестікке қоса өзіндік өрім сорабы сайрап жатқан жоқ па...

Төкең – туған жердің сезімтал суретшісі. Тас арасымен бүлкілдей аққан бұлақ туралы біз алып отырған үзінді осы сөзімізге дәлел:

Жамылып мүктен түкті ішік,

Бүлкілдер бұлақ таңдайы.

Бусанып жатыр бүк түсіп,

Тершіген тастың маңдайы...

Ақын өзінің жүрегі мен ақыл-парасатын диалогта ұстайтындай. Ақын тағдыр әрдайым дариға жүрекке мұң шағып, сыр бөліседі:

... Дариға жүрек,

Қажыдың ба, қажырлым.

Бір жүрек жылап жатыр деп

Әлдилей қойсын қазір кім?

... Дариға жүрек...

Жыласаң бүгін жылап қал,

Абайдан әулие емеспін.

Мынау бес күндік жалғанның баянсыздығын, адам баласы айналып келгенде бір жалғыз екенін, жүректен басқа шын мұңдасардың да жоқтығын айтады:

Сағынтып жетер көктемдей

Жастығын жаяды көк бел де.

Жүректен басқа бір жалғыз,

Таяныш сірә, жоқ менде...

«Кеудемнен көгала үйрек «қош» деп ұшты», - деп Кемпірбай ақын жырлағанындай, кеудеде бұлқынған жұдырықтай жүректің де күндердің күнінде көкірекке сыймай, шыбын жанға бостандық берерін бағамдайсың, баянсыз дүниеге опынасың:

Төгіле көрме мөлдіреп

Білемін мені қимайсың.

Бәрібір мына кеудеме,

Күндердің күні сыймайсың.

Ақын өлеңдерінде туған жер табиғатының әр мезгілдегі көрінісін, көз алдыңа айқын елестетер сәтті кейіптеулер, көркем метафораға толы жанды динамика бар. Көкшетау қаласы маңындағы көктемгі нұр шуақты былайша бейнелеген екен:

Шуақтан Бұқпа таудың басы зеңгіп,

Етекке құлады су – алтын белдік.

Сәскесіз көрпе серіппес мұңсыз жандай,

Қопа көл дел-сал қалпы жатыр кергіп.

...Жия алмай жатса дағы еркін есін,

Қарсы алып күмбір-күмбір көктем көшін,

Құлындай құлдыраңдап Қылшақты су,

Шапқылап бара жатыр дала төсін.

Төкеңнің өлеңдеріне, поэмаларына, прозалық туындылары мен сахналық шығармаларына тән ортақ ұқсастық болса, ол идеялық тұтастық болар. Елдік сарын, ұлтының өткені мен бүгінгісін болашағына қоса отырып, кең даланың иесі – қазақтың бүгінгі, ертеңгі буын ұрпағын өз тарихынан сабақ алуға, лайықты мақтануға үндейді. Бұған ақынның қаламынан шыққан Абылай, Кенесары хандар, Жәпек, Қанай қатары батырлар мен билер, Арқаның әйгілі сал-серілері мен өзге де белгілі тұлғалары жайындағы әр түрлі жанрдағы туындылары куә.

Өз үнім, өз соқпағым қалсын деумен,

Өріме сүйреп келет бақ – Талабым! –

деп ақынның өзі жырлағанындай, қазақ әдебиетінің кең кебеже, мол қазынасына өзіндік үнімен, өз соқпағымен олжа салған қаламгер Төлеген Қажыбайдың шығармашылық жолындағы жеткен биігі, алған асуы – жоғары екендігі анық.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар