Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы: Поэма - Мәлік Ғабдуллин зерттеу...

20.04.2017 7040

Асылбек Байтанұлы: Поэма - Мәлік Ғабдуллин зерттеулерінде

Асылбек Байтанұлы: Поэма - Мәлік Ғабдуллин зерттеулерінде - adebiportal.kz

Поэма – қазақ әдебиетіндегі ең көне әрі жаңа жанрлардың бірі. Олай деуге себеп – қазақтың аса бай фольклорлық жыр-дастандарының сюжеттік құрылымы жағынан эпикалық поэмаға жататындығы. Қазақтың батырлық, лиро-эпостық жырларындағы классикалық эпикалық образдар ежелгі грек эпикалық поэмалары «Илиада» мен «Одиссеядан», шығыстың әйгілі дастандарынан сюжеттік күрделілігі, көркемдік қалпы жағынан ешқандай кем соқпайтыны анық.

Қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының қалыптасып даму кезеңдері, әлемдік көркемдік талғам деңгейінде жазылған ұлттық әдебиеттегі көркем поэмалардағы романтикалық, лирикалық, реалистік, психологиялық т.б. кесек образдар, ондағы жаңашылдық игерудің дәстүрге айналу үдерістері жайында Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, Ә.Нарымбетов, Қ.Алпысбаев, Ө.Күмісбаев қатарлы әдебиеттанушы ғалымдар әр кезеңде толымды ғылыми зерттеулер жасады. Олар поэма жанры, оның түрлері туралы әр түрлі анықтамалар берді. Мысалы, филол.ғ.д., профессор Өтеген Күмісбаев поэма туралы былай деп тұжырымдайды: «Поэма – оқиғаны өлеңмен баяндап айтатын, кейде жыр-толғау түрінде келетін көлемді шығарма. Сюжетті оқиға желісін ширақ өрістетіп, кейіпкерлердің іс-әрекетін бейнелеуге негізделеді, ал сюжетсіз поэмада лирикалық сарын басым болады, көлемі жағынан шағындау келеді» [1]. Демек, қазақтың батырлық, ғашықтық жырларында оқиға желісі ширақ өрістейтіні, кейіпкерлердің іс-әрекеті кең көлемде бейнеленетіндіктен, эпикалық олардың поэмаға жатқызылуы ешқандай күмән тудырмайды.

Қазақ әдебиетіндегі эпикалық поэмалардың генезисін, образдар жүйесін, поэтикалық қолданысын жүйелей зерттеуде филология ғылымдарының докторы Мәлік Ғабдуллиннің де қосқан елеулі үлесі барлығына ғалымның фольклортану саласы бойынша академиялық еңбектерін қарастыру арқылы көз жеткізе аламыз. Қазақ фольклортану ғылымы, оның ішінде батырлар жырын жіліктей зерттеген профессор Мәлік Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ халқының батырлық жыры» (Т.Сыдықовпен бірлесіп жазған), «Әдебиеттануға кіріспе» (пән курсы) т.б. еңбектерінде және жеке мақалаларында эпикалық поэма жөнінде көптеген ғылыми тұжырымдар жасайды, отандық, шетелдік әдебиеттанушы ғалымдардың аталған жанр жайында айтқан құнды пікірлерін дәйектеме ретінде пайдаланады.

Мақалада қазақ әдебиетіндегі эпикалық поэманың дамуы жөніндегі байыпты ғылыми тұжырымдарын қарастыру арқылы ғалымның аталған жанрды зерттеуге қосқан үлесін айқындайтын боламыз.

Қамбар, Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын батырлар туралы эпостардың әр аймақта жырланатын нұсқаларын түгел қамтып және оларды өзге бауырлас халықтар әдебиетіндегі нұсқаларымен салыстыра отырып тұңғыш рет толықтай ғылыми сипаттама жасаған да – фолькортанушы ғалым Мәлік Ғабдуллин. Ғалым өз еңбегінде қазақ эпикалық поэмаларының ежелгі дәуірлерде кішігірім көлемді шығармалардан бастау алып, ғасырлар бойы көптеген тарихи оқиғалар, дәуірлер барысында көлемі ұлғайып, сюжеттік өзгерістерге ұшырай отырып қалыптасқандығын атап көрсетеді: «Қазақ эпосы және басқа да Орта Азия мен Сібір халықтары эпосы, негізінде, ежелгі түркі халықтары эпосының дәстүрімен бір екендігін Орхон-Енисей тасындағы ескі жазулардан көруге болады. Ол жазбалардың көпшілігінің стилі (Күлтегін т.б.) эпикалық шығармалардың стиліндей болып келеді... Өлеңдердің текстерінде: «алып», «ер», «ер тұғын, тұтық», «халықты қорғау», «арыслан» деген сияқты эпос стилінің элементтері бар. Дұшпаның жекпе-жекке шақыру, жекпе-жек күрестің өзінен соғыс майданы сияқты эпикалық шығармаларда кездесетін жағдайларды т.б. байқауға болады» [2].

Бұл ойды ары қарай дамыта отырып, ғалым қазақтың эпикалық поэмасы дамуының келесі кезеңі ретінде қазақ даласындағы мәдениет пен руханиятқа ХІ-Х ғасырларда айқын із қалдырған оғыз-қыпшақ дәуірі екендігін көрсетеді: «Қазақ батырлар жырынан оғұз аңыздарының ізін анық байқауға болады. Мысалы, «Алпамыс» жырында айтылатын қоңырат руы ерте құралған оғұз тайпаларының (IX-X ғасырларда) феодалдық мемлекетінің құрамына кіретін еді. Оғұз тайпасына (VIII-IX ғасырлар) кіретін қыпшақ руының эпостық дәстүрі ноғайлы, қыпшақ руларына байланысты қазақ батырлар жырларының бірнешеуі шығады. Мысалы, «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Қамбар» т.б. Бұл шығармалардың ең басты кейіпкерлері де, олардың төңірегіндегілері де ноғайлы мен қыпшақ болып келеді...» [2,28-бет].

Қазақ эпикалық жырларының не себепті аса алуан түрлі нұсқалы болып келетіндігіне мән берген профессор Мәлік Ғабдуллин «Алпамыс батыр» жырының он үш, «Қобыланды батыр» жырының 18 нұсқасы бар дей отырып, эпикалық поэманың арғы бастаулары эпикалық проза, яғни ірілі-ұсақты әңгімелер мен аңыздар болғандығына тоқталады. Эпикалық поэмадағы дәуірлік өзгешеліктерді, нұсқалық айырмашылқтарды былайша түсіндіреді: «XIX-XX ғасырларда жазылып алынған «Алпамыс» жырының қазақша версияларында өз ара соғыстарды тоқтату мен қоңырат руының, тағы басқа рулардың ынтымағы, бірлігі жайындағы әңгіме кеңінен орын алады. Жырдағы бұл уақиға әлеуметтік мотивтердің көбейе түскенін көрсетеді. Сондықтан да батырлардың ерте кездегі әйел үшін таласы, ендігі жерде олардың қалмақтармен күресіне ауысады. Демек, эпостың ескі, көне мотивтері мен тақырыптары «Алпамыстың» кейінгі кезде шыққан қазақша редакцияларында жаулап алушылардың зорлық-зомбылық жасауына, олардың тонауына қарсы бағытталған халықтық ойлармен жалғасып, ұштасып кеткен» [3].

Эпикалық шығармаларда оқиғалардың динамикасы үнемі дамып, жетіліп, өзгеріп, немесе кейбір эпизодтардың, тіпті бөлімдер мен тараулардың мүлде түсіп қалып отыратындығы белгілі. Бұл негізінде халық ауыз әдебиеті туындыларына тән құбылыс деп айтсақ артық болмаған болар еді. Қазақ фольклортану ғылымына, оның ішінде мифолология, мифопоэтика тұрғысында соны ойларымен ерекшеленген ғалым Серікбол Қондыбай эпикалық поэманың қалыптасу, өзгеру заңдылықтарына талдау жасай отырып былай дейді: «...Күндердің күнінде бір жырау әлдебір себептермен, әлдебір саяси-идеологиялық, әлеуметтік-қоғамдық сұранысты қанағаттандыру мақсатына, сол өз ортасына танымал, атақты тарихи тұлғаға арнап жыр шығарғысы келсін делік. Бірақ сол тұлға туралы оның білетіні – екі-үш абзацтық көлемдегі аңыз ғана, бұл жыр жасауға жетпейді.

Міне, жырау осы кезде жаңа жырға материал ретінде ел арасында сақталған, этникалық-рулық тегі көмескіленіп кеткен баяғы біз әңгімелеген батырлар мен шайқастар туралы аңыздарды пайдаланады. Жыраудың шығармашылық дарындылығына байланысты көне аңызды жаңа жырға бейімдеу де әртүрлі болады. Көбіне көп жаңа батыр туралы жаңа жырға көне батыр туралы көне аңыз тұтастай, өзгеріссіз пайдаланылады, тек ескі аңыздағы батырдың есімі жаңа есіммен ауыстырылады да, эпикалық прозаның орнына жаңа классикалық эпикалық поэма пайда болады. Осындай жырдың тарихилығын қарастырып отырғанда, осындай жергілікті факторды ескермейінше тарих мәселесін шешу мүмкін емес.

Біздің эпостанушыларымыздың да ескермегені осындай жағдайлар» [4].

Мәлік Ғабдуллин қазіргі эпикалық поэмалардың шынайы бет-бейнесін тауып, бағытын айқындап, гүлденген кезеңі ретінде Алтын Орда кезеңі екендігін атап көрсете отырып, бұл дәуірдегі жырлардағы әдеби кейіпкерлердің тарихи фактілерге негізделген шынайы тұлғасын зерттеуге, оны кеңірек тануға баса назар аударады, яғни Орақ пен Мамай, Қобыланды мен Тоқтамыс т.б. тарихи тұлғалар жөніндегі көптеген мағлұматтарды келтіре отырып, олардағы цикльдік ерекшелікке тоқталады. «... XIII-XV ғасырлардағы Алтын Орда тарихы мен байланысты туған «Ноғайлы цикилін» құрайтын эпостар бар. Қазақта бұл цикль толығырақ сақталған. Мұнда батырлық эпостың жиырмадан астам поэмасы белгілі. Олар: «Едіге батыр» мен оның ұрпақтары – Орақ пен Мамай, Қарасай мен Қазы, Шора батыр жайындағы поэма, әйгілі эпостар: «Қобыланды батыр», «Ер Сайын», «Қамбар батыр» сияқтылар»[2, 78-бет].

Кішігірім оқиғалардың қоюлануы арқылы күрделі эпикалық туындының пайда болуы жөніндегі ойын ғылым былайша нақтылай түседі: «Қазақ елінің арасында ертеден айтылып келген жоғарыда аталған жырлары бір жағынан, «Батырлық ертегі» деуге де болады. Өйткені, басқа халықтардың эпикалық шығармалары секілді, қазақтың да батырлары жыры ә деп атағаннан қалыптасып, бірден өмір шындығын жырлаудан және реалистік образ жасаудан өзінің шыңырау басын алған жоқ. Ол ертедегі адамдардың өмірін әр түрлі мифтік ұғымдарға толтыра отырып, ертегілік сипатта жырлаудан басталды. Мұндай «Батырлық ертегі жырларда қазақ халқының тарихында белгілі рулар мен тайпалардың ертедегі батыс-түрік қағандары, қыпшақ оғуз рулары, ноғайлы өзбек халықтары т.б.) қоғамдық сипат, тұрмыс-тіршілігі, сан салалы өмір көріністері суреттелген. Бұл тектес жырлар заман бойына өңделіп, өзгеріске ұшырау үстінде болған. Бірте-бірте кейіннен ондай шығармалар бергі кездің әр түрлі қоғамдық жағдайларына, ой-сананың өсіп ұлғаюына байланысты жаңарып, жаңғырып отырған. Кейбіреулері бара-бара реалистік сипат ала бастаған. Оның мысалы – «Алпамыс» батыр жайындағы жыр» [2,85-бет].

Мәлік Ғабдуллин лиро-эпикалық жырлардың әр түрлі белгілерін, айырмашылықтарын айқындай отырып, оларға салыстырулар жасайды. Мұндағы бір ескеретін жағдай, ғалым лиро-эпостық жырларға «тұрмыс-салт поэмалары» деген атау береді [2, 106-бет] және «тұрмыс-салт поэмалары өзінің мазмұны мен көркемдік құндылығы жағынан батырлық эпоспен ұқсас келеді. Оған мысалға, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының мазмұн композициясы, сюжет желісінің «Алпамыс» эпосымен көп жағдайда бірдей келетінін айтсақ та жеткілікті. Екі шығарманың екеуінде де Гүлбаршын мен Баян сұлу алыс елге қоныс аударып, көшіп кетеді. Осы жырлардың екеуінің де басты кейіпкерлері өздерінің атастырған адамдарын іздеп, солардың артынан сапар шегеді» дейді.

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» поэмасында елдің ішкі әдет-ғұрпын суреттеу басым да, «Алпамыс» жырында батырдың жаумен алысқан күшін, оның қайратын көрсету басым. «Батыр жыры», «Әдет жыры» боп олардың өзара жіктелетін себебі осы. Композициялық жағынан поэтика тілегіне үйлесіп, поэтика заңын қатты сақтаған, оқиғаның баяндалуы, басталуы, шиеленісуі, шешілуі әдебиеттің заңды жолына мықты байланысқар поэмалар ескі әдебиетте көп кездеседі. Мәселен, «Алпамыс» пен «Қыз Жібек» композициялық жағынан Байрон, Пушкин шығармаларынан кем түспейді» [5],- деген академик С.Мұқановтың пікірін келтіреді.

Мәлік Ғабдуллин эпикалық жырларды шығарушылар мен жетілдірушілердің оқиға мотивтерін қолданудағы ерекшеліктеріне орынды мән береді. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырының мотиві туралы былай дейді: «Қобыланды батырда» жырдағы оқиғаларды шегініс жасамай, үнемі дамытып айту үшін қолданылатын мотивтер де бар. бұл арада біз жалпы эпостық жырларда кездесетін динамикалық (динамический), статистикалық (статистический) мотивтерді еске алып отырмыз. Егер жырда батырдың хал-жайына шұғыл өзгеріс енгізілсе, – бұл динамикалық мотив болады. Ал статистикалық мотивте батырдың хал-жайына ондай шұғыл өзгеріс енгізілмейді, айтылатын әңгіме сипаттау түрінде келеді. Бұдан, әрине, статистикалық мотив пен динамикалық мотив екеуі екі түрлі деген ұғым тумайды. бұл екеуі, көбінесе, бірлестікте де келіп отырады» [2,106-б].

Ғалым, сондай-ақ эпикалық жырлардағы ассонанстық және аллитерациялық қолданыстардың көркемдік қуатына қоса, мекендік, мезгілдік сипаттары да болатындығы жайында өз топшылауын жасайды. «Қобыланды батыр» жырын талдау барысында Мәлік Ғабдоллаұлы былай деп көрсетеді: ««Қобыланды батырды» жырлаған жыршы-ақындар дауыссыз дыбыстарды қайталағанда айтып отырған әңгімесінің (оқиғаның) өткен кезде емес, дәл осы сағатта болғандығын білдірмек болады. Мәселен:

Қорадан шығып көп қыпшақ

Қойдай мақырап шуылдап,

Қозыдай маңырап дуылдап,

Қобыланды ерге қосылды,

Қабыл болды бұл сапар

Қобыланды ердің тілегі...

Немесе:

Қарлығаның алғанын,

Сейіл ұлы Қараман,

Қиядан көзі шалады,

Қызды алғанын білген соң,

Қарлығажан сауға, - деп,

Қарлығаның соңынан,

Қараман кетіп барады,-

деген шумақтарда дауыссыз «қ» дыбысын өлең сондарының басында қатарынан қайталай отырып, жыршы-ақындар адамның осы сағатта жасаған ісін, оның нәтижесін көрсетеді. Жалпы алғанда «Қобыланды батырда» «қ, т» дыбыстарының қайталануы жиі ұшырайды. Тіпті жырдағы кейіпкерлердің (Қара Қыпшақ Қобыланды, Қарлыға, Құртқа, Қарлығаш, Қияттан Қыпшақ қараман, қызылбастың ханы Қазан) аттары да «қ» дыбысынан басталады» [2,156-б],-дейді.

Ассонанстар мен аллитерациялар – қазақ поэзиясындағы ежелден бері қолданыстауып келе жатқа дәстүрлі айшықтау түрі болғанымен, Мәлік Ғабдуллин танымында оның фонетикалық естілімдіксипатынан өзге де сыры бар деп көруге болатындай: «Ал, дауысты дыбыстарды жыршы-ақындар көбінесе адамның сырт бейнесін сипаттау, портрет жасау үшін және адамның өткен кезде кім болғандығын білдіру үшін қолданатын секілді. Мәселен: Қобыландының алдынан Қазан батыр шығады. Жырда Қазанның сырт келбеті:

Қарақасқа ат мінген,

Ат құйрығын шарт түйген;

Алдына дабыл төңкерген,

Артына сауыт бөктерген,

Аламанға дем берген,

Азды көпке тең көрген,-

деп суреттеледі. Мұнда кілең «а» дыбысы қайталанып келу арқылы Қазанның өткенде кім болғандығы айтылады» [1].

Қазақ әдебиетінің сарқылмас қазынасы, аса құнарлы да өнімді жанры эпикалық жырлардың ХІХ-ХХ ғасырлар жүзінде қат-қабат оқиғалар мен дәуір тынысын өзіне сіңіре отырып жетілгенін ғалым былайша сипаттайды: «Батырлық жырларды жалықпай жаттап жадына сақтаған, оларды жұрт алдында ойдағыдай орындау үшін тілінен бал тамызып, көмейінен күй төккен ақын, жыршы бұл заманда өткен өмірді есіне түсіреді. ол ойға оралып қоймай, төңірегінде болып жатқан тың жаңалықтарды, күрт өзгерістерді енді өз көзімен көреді. Сөйтіп, олар өткен мен кеткеннің, келген мен келешектің куәгері ретінде сөйлеп, тарихи жағдайларды, шынайы шындықты, аңыз болып кеткен әсерлі әңгімені әуелі өлеңге, жүре келе көлемді эпикалық поэмаға айналдырады» [2, 201-бет].

Мәлік Ғабдуллин халық ауыз әдебиетіндегі эпикалық туындылардың тікелей дәстүрлі жалғасы ретінде жазба эпикалық поэмалар туып шыққанын атап өтеді. Олардың қатарына Жамбыл Жабаевтың «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Ворошилов туралы поэма», «Туған елім», Нұрпейіс Байғаниннің «Комиссар Пожарский», «Өрістеген әмір», «Нарқыз», «Жиырма бес», Иса Байзақовтың «Алтай аясында», «Ақбөпе», «Он бір күн, он бір түн», Омар Шипиннің «Аманкелді» поэмалары сияқты эпикалық туындыларды жатқызады. «Мұнда ақындар көне дәуірде шығарылған батырлар жырындағы реалистік дәстүрдің сипаттарын еркін пайдалана отырып, өз туындыларын көркем поэзия сатысына көтерді»,-деп тұжырымдайды.

Мәлік Ғабдуллин қазақ ақындарының эпикалық поэмаларындағы өзге халықтар ақындары шығармашылығына ұқсамайтын, жоғарыда аталған ақындарға тән, ортақ бір қабілетті, қасиетті атап көрсетеді. Ол – суырып салмалық, яғни импровизаторлық. Қанша жерден импровизация болғанымен, олардың көркемдік әлеуеті, поэтикалық биіктігі жазба әдебиеттен ешбір кем емес екендігін Иса Байзақов мысалында былайша береді: «Көне дәуірден қатарласып қалмай келе жатқан ақындардың творчестволық әдісінің, дәстүрінің бірі – суырыпсалмалылық десек, оның атақты шебері саналғандар да бар. Иса Байзақов осы типтегі ақын болып табылады. Марқұм проф. Есмағамбет Ысмайылов Исаның осы өнерге өте жетік екенін айтып, оның асқақ қабілетін былайша бағалайды: «...ақындардың ішінде импровизация өнерінде Иса барлық ақыннан озық болды. Оның «Он бір күн, он бір түн» атты дастаны қазақ совет поэзиясының елеулі шығармаларынан саналады. Бұл дастанның текстін жазылған күйінде Иса толық жатқа білмейтін, бірақ оның есесіне ол, сюжеттік желісін сақтай отырып, кез келген мезгілде оны жаңа текспен үздіксіз суырып салып жатқа айтып шығатын. Жазушы, ақындардың басы қосылған бір мәжілісте Исаға Пушкин шығармасының мазмұны айтылып беріледі. Иса оны ести сала, дәл осы жерде поэма етіп қайта жырлап шығады.» [2,255-бет].

Ғалым эпикалық поэмадағы образдық дамуға да мән береді. Яғни эпикалық шығармалар негізінен романтикалық қаһарманның іс-әрекетіне құрылған болса, ХХ ғасырда лирикалық қаһарман пайда болуы қазақ эпикалық поэмасының эволюциялық дамуы нәтижесі деген ойды айтады. Мәлік Ғабдоллаұлы Жамбыл Жабаев поэмасы туралы мынадай пікір білдіреді: «Менің өмірім» дастанында тақырып екі лиро-эпикалық образ арқылы дамиды деу дұрыс. Бірі – халықтың, екіншісі – Жамбылдың өзінің образдары. Лирикалық қаһарман – қазақтың дәстүрлі эпосында болмаған құбылыс. Мұнда Маяковскийдің «Жақсы» деген поэмасындағыдай лирикалық қаһарман шығарманың композициялық қазығы. Әңгіме Жамбылдың «Өтеген», «Сұраншы» сияқты дәстүрлі эпос түрінен жаңа түрге ауысқанында болып отыр. Ақын үлкен жанр түрлеріне түсіне келіп, дастанның әдеби жазба типіне көшіп қана қойған жоқ, ертеректе шығарған «Сұраншы», «Өтеген» дастандарын қайта қарап, оны жаңаша жырлап шықты. «Менің өмірім» – өмір көрінісін бейнелі суреттеген дастан» [2,340-бет].

«Профессор М.Ғабдуллин қазақтың дәстүрлі ауыз әдебиетін жан-жақты да терең зерттеумен бірге, советтік дәуірдегі халық поэмасына да ыждаһатпен көңіл бөлді. Тіпті, Отан соғысының майдандарында да фольклор үлгілерінің жаңадан пайда болып, кеңінен дамығанын аңғара білді» [6], -деп атап көрсетеді ғалым Т.Сыдықов. Мәлік Ғабдуллиннің қазақ әдебиетіндегі эпикалық поэманың тууы мен даму сатылары туралы ғылыми пікірлері мен тұжырымдары тиянақтылығымен, дәлдігімен ерекшеленеді. Ғалымның маркстік-лениндік көзқарас тұрғысында айтқан кейбір пікірлері мен пайымдаулары – қызыл империя саяси режимінің рухани қысымы ретінде қабылдаймыз. Жалпы алғанда, эпикалық поэмаға қатысты зерттеулерде ғалымның көптеген тұжырымдарын ескерген жөн деп білеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Әдебиеттану терминдер сөздігі. – Алматы: «Ана тілі», 1998. – 384 бет

2. М.Ғабдуллин, Т.Сыдықов. Қазақ халқының батырлық жыры. –Алматы: «Ғылым», 1971. – 358 бет

3. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. –Алматы: «Қазмемкөркемәдеббас», 1958 ж.

4. Қондыбай С. Арғы қазақ мифологиясы. 4-том. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2004 ж.

5. Мұқанов С. 20 томдық шығармалар жинағы. 15-том. –Алматы: «Жазушы», 2003 ж.

6. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. –Алматы: «Рауан», 1994 жыл.

А.Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар