Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Шоқ тілді Шонаның туғанына 95 ж...

04.10.2019 5048

Асылбек Байтанұлы. Шоқ тілді Шонаның туғанына 95 жыл 12+

Асылбек Байтанұлы. Шоқ тілді Шонаның туғанына 95 жыл - adebiportal.kz

Қазақ руханиятының жоқшысы, сақшысы, сатирик жазушы Шона Смаханұлының туғанына 95 жыл толып отыр. Қазақ әдебиетіндегі сатира жанрының дамуына үлкен үлес қосқан қаламгерлігімен қатар, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалар ашу жолында тынбай күрескен қажырлы еңбегімен туған халқының ықыласына бөленген күрескер азамат.

Шона Смаханұлы 1924 жылы 5 қазанда Жамбыл облысы, Талас ауданының Ойық деген аулында дүниеге келеді. Анасынан ерте айрылып, балалар үйінде тәрбиеленген болашақ жазушы Ұлы Отан соғысына қатысып, аман-есен оралғаннан кейін ауылдық мектепте мұғалімдік қызмет атқарады. Осы жылдары қаламгердің өмір бойы ұлттық мектептің тыныс-тіршілігіне алаңдауға азық болғанға ұқсайды. 1957 жылдан бастап республикалық газеттер мен журналдарда, «Жазушы» баспасында қызмет атқара жүріп шығармашылықпен шұғылданған Шона Смаханұлының 1963-1989 жылдар арасында негізінен сатира жанрындағы жиырмадан астам кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көреді. Шона Смаханұлы бірнеше ән мәтіндерін жазуып, оған белгілі композиторлар әуен жазды. Әнші, сазгер Әбиірбек Тінәлиев әнін жазған:

Өмірге келдім,

Анамды көрдім,

Деді ол: жаным,

Арайлы таңым, -

дейтін жанға жылы, жүрекке жақын ән ұлтын сүйген ұлы жүректі қаламгер Шона Смаханов қаламынан туған. «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» деуіміз де бекер емес.

1954 жылы басталған Тың игеру науқаны нәтижесінде Қазақстанның астық өндіру әлеуеті ерекше артып, халық шаруашылығы салаларында зор жетістіктерге жеткеніне тарих куә. Бұл ауқымды науқанның салдары да оңай болмады: қазақ халқы өз ата-баба жұртында азшылыққа ұшырап, ұлттық мектептерге деген сұраныс тоқырауға ұшырады. Ана тілінен мақрұм, ділінен жат, орыс тілді қазақтар пайда болды.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары ел астанасы Алматы мен көптеген облыс орталықтарындағы бірлі-жарым мектеп-интернатты есептемегенде, қазақша оқытатын бірде бір білім ошағы жоқ жағдайға жаны ауырған ұлт зиялыларының алғы шебінде Шона Смаханұлы болды. Шона Смаханұлының үлкен еркі-жігері арқасында Алматы қаласында 1983-1984 оқу жылында, бұрынғы орыс мектебі базасында алғашы қазақ мектебі ашылады. Қайта құру мен жариялылық заманының жылымығын ізгі мақсатқа оңтайлы пайдаланып, өзімен пікірлес, ниеттес адамдармен бірлесе отырып, көптеген кедергілерге қарамастан, Алматыда қазақ мектептерін ашуды жалғастыра береді.

Міне, айтуға ғана оңай, қаншама ерік-жігерді құм қылған арпалысты жылдардың нәтижесі жаман болмапты. Әр жерде жиырмадан астам қазақ мектептер құрылып, елдің ұлттық тілге деген ықылас-ниеті ояна бастайды. Өзі армандаған ұлы игілікке ұлтын сүйген ұлы жүректі азамат осылай қол жеткізді. Бір кезде өзі ашылуына зор еңбек сіңірген Алматы қаласындағы қазақ мектебіне 1991 жылы жазушының есімі беріліп, қазіргі күні Шона Смаханұлы атындағы №62 мектеп-гимназиясы ретінде жұмыс істеуде.

«Баланың тілі ең алдымен ана тілінде шығу тиіс, мектепте одан әрі жетіліп, дамуы керек», - деген қағидатты ұстанған Шона Смаханұлы ұлтымыздың берік болашағының бастауы ана тілді отбасы мен ұлттық мектеп деп танып, осы қағидатты жүзеге асыру жолында асқан батылдық пен сарқылмас сабырлылық қасиеттері арқылы жеңіске жетіп отырғандығы туралы жазушымен тұрғылас, қанаттас жүрген адамдардың естеліктерінде жиі кездеседі. Белгілі балалар жазушысы, ақын Абдрахман Асылбек «Шоқ тілді Шона» атты естелігінде былай деп жазады: «Алматы қаласында біраз қазақ мектебі ашылды. Міне, сол қазақ мектептерінің ашылуына тікелей атсалысып, маңдай терін төгуін Шона Смаханұлының ересен ерлігі деп біліуміз керек. ...Смаханұлының екінші бір ерлігі – өзінің аты-жөнінен орыстың «ов», «ев» жұрнағын алып тастап, Шона Смаханұлы болуы. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы деп жазылғанда, мен неге Шона Смаханұлы болмаймын деп, өзгелерге үлгі көрсетуінің өзі көзсіз батырлық еді. Шонадан кейін Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази секілді жазушылар бірінен соң бірі өз аты-жөндерін қазақшалап жөндей бастады», - деп атап көрсетеді.

Жазушылар одағының, ақын-жазушылардың кеңес қоғамындағы рөлі мен бет-беделі аса жоғары болған дәуірдің әйгілі сын-сықақ журналы «Араның» бетінде сын садағының нысанасы етіп алған жағдайды жүйелі сөз, орынды факт арқылы жеріне жеткізе суреттеу арқылы кінәліні қапысыз мойындатып, оқырмандарды еріксіз тәнті еткен сын сардарларының бірі болды. Қоғамдағы әділетсіздікпен үнсіз келісуді азаматтық арына сын көретін қаламгер үшін туған тілінің білім саласындағы төменшік халі өмірлік күресінің мәніне айналғаны анық. «Ұлтым», - деп, қазақың жоғын жоқтаған адамның маңдайынан сипай қоймайтын кеңестік коммунистік заманда жазушының жасаған еңбегін туған халқы ұмытпақ емес. Тіпті сол заман түгілі, тәуелсіздіктің отыз жылдығы қыр астында тұрған мына күндері де кейбір өңірлерде қазақ мектебін ашудың үлкен қиындықпен жүзеге асып жататындығына қарап, ол заманда қандай күрделі болғанын бағамдай беріңіз. Қазіргі күні туған елі Жамбыл облысы Тараз қаласындағы №44 мектеп, Талас ауданындағы Сәду Шәкіров аулындағы орта мектеп Шона Смаханұлы атында. Қазақ руханиятының қанат жаюы жолындағы күрестің символы болған Шона Смаханұлы есімі тәуелсіз елдің елордасындағы бір мектепке берілсе артық болмас еді ау!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар