Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Асылбек Жаңбырбай: «Асқардан да асып туған өлең ба...

17.10.2017 7018

Асылбек Жаңбырбай: «Асқардан да асып туған өлең бар…»

Асылбек Жаңбырбай: «Асқардан да асып туған өлең бар…» - adebiportal.kz

ҚОҢЫР КҮЗ ҚАСИДАСЫ

Тәтті ойымды отырмын шерге малып,

Жапырақтар шулайды желмен ағып...

Қоңыр күздің сезінбес сырын ешкім,

Ол жазғанның мені іздеп келгені анық.

Бірінші рет көргендей бұл қаланы,

Қара албасты секілді түн қамады.

Жалғыздықтан жыласа қоңыр күзім,

Мендік көңіл мезгілсіз мұңданады.

Төсінде өстім қой бағып кер даланың,

Бала кезден дүниеге кең қарадым...

Қоңыр күздің түсінбес жанын ешкім,

Ол жазғанның сүйгені мен ғанамын.

Тәкаппар түн түнеріп түкті ұқпайды,

Қараңғылық ішінде жұттық қайғы.

Таң атқан соң күлімдеп қоңыр күзім,

Мені туған күніммен құттықтайды!..

МЕН ТУҒАН КҮН

Асқар да асқар, асқарды-ай,

Əруағы оның көкте Күнді жасқардай.

Асқардан да асып туған өлең бар,

Менің жолым тұрған кезде басталмай.

Сол өлеңнен жаратылған несібем,

Несібемнің тəж бен тақтан несі кем?

Бұл өмірге келген жоқпын себепсіз,

Қиын сәтте қабылданған шешім ем!..

Реушен рух – ғұмырымның нақ басы,

Топырақ тəн – жалғаншының лақпасы.

Өз қолыммен жазған едім өлең деп,

Қоңыр тақта – тағдырымның тақтасы.

Өз қолыммен жазған едім өлең деп,

Содан бері жүрмін əлі елеңдеп.

Аппақ қылып ақиқатты жазбасам,

Тəңір маған ақындықты берер ме ед?!.

СЕЗІМХАТ

Әлмисақтан тағдырымыз жұмбақ боп,

Тәңірінің құдіретінен жаралған.

Көкейімізге нұрын құйып мұңдақ көк,

Жолығыстық шұғыла шашып жанардан.

Екі ғашық – бір ғұмырмыз, жалқымыз,

Түйсігімізді тылсымдылық балқытқан...

Санамызға күз салғалы салқын із –

Елесіміз жүр қала үстінде қалқып паң...

Түннен көшсек періштелік пішінге,

Айдан тамар көз жасымыз жап-жарық.

Өлең аңқып жұлдыздардың түсінде,

Жарқ етерміз қараңғылықты қақ жарып.

Жаттың ойы – тұрпайылау, тағылау,

Ойлай берсін бір-біріне жағуды...

Ғайыпқа ұшып баратырмыз, жаным-ау,

Қанатымыз бар қайырыммен қағулы...

КҮЗ ҚЫЗЫ

Мына түннің аспандай шексіз шері,

Ай-арманға қолымды жеткізсе еді.

Мені қойшы, мені тек қажытты мұң,

Бұл жалғанда түсінер тек күз сені.

Кеше ғана кішкентай қыз едің ғой,

Текті туған ханшадай түзедің бой.

Қоңыр шашың әдемі, қоңыр көзің,

Барлық әлем сен үшін күз еліндей.

Және қоңыр көйлегің бүрмелі еді,

Қоңыр сабау кірпігің сүрмелі еді.

Саған деген сезімім жырға айналды,

Сол екен-ау жүректің гүлдегені.

Қайсарлықпен егіз-дүр нәзіктігің,

Сүйгендіктен алдыңда жазықтымын.

Бұл жалғанда түсінер тек күз сені,

Мені қойшы, мені тек қажытты мұң...

КҮЗ ЖƏНЕ БІЗ

Мендік мұңлы көңілмен əн де егіз бе,

Жылап тұрған жүрек пе, əлде күз бе?..

Жаратқанның жұмбағы жатыр мұнда,

Тартпай қоймас тегінде жан негізге.

Жасырғанда бұл жалған кісі бетін,

Сен ғанасың сырымды түсінетін.

Кешір, саған нұрымды төге алмадым,

Түсіп кеткен секілді ішіме түн.

Су суыды екен деп мұздайын ба,

Таң суыды екен деп қызбайын ба?

Жапырақтар – өмірдің жасыл жыры,

Сарғыш ойлай бастады күз жайында.

Бізді көріп неғылсын соқыр надан,

Сен сақташы өшірмей отыңды аман.

Құс едік қой – ұшарға қанаты жоқ,

Көктем жайлы өлеңбіз – оқылмаған...

ЕС. АЛАҢ

Тəубе десем, Тəңірім – тəу етерім,

Бəлкім, менің жетпей жүр тəуекелім.

Жындылығым секілді бұл ғұмырым,

Өзіме де белгісіз сау екенім.

Арқа сүйер ар қалмай, обал қалмай,

Қара ормандай көкірегім тоналғандай.

Қаңырап тұр бүгінде қуыс кеуде,

Ертеңгі күн, білмедім, болар қандай?..

Адастырған есімді қала – мынау,

Көз сүрінген көшесі ала-құла-ау.

Кең көңілдер қалмады далам сынды,

Санамды да тарылтып барады дау.

Жақсы-жаман – талайға ат еріпті,

Тəуекелсіз, тəубесіз дəт өліпті.

Тұрмыс деген – байқамау қателікті,

Қылмыс деген – қайталау қателікті!..

ЖАДЫМДАҒЫ ТҮН

Тылсым қонып Ай бетіне бұл түні,

Күрсін болып күбірлейді нұр тілі...

Күллі ғалам жүрегіме айналып,

Өлең аңқыр тамыр бойлап бүлкілі.

Мендік ой да дүрп-дүрп етіп соғады,

Сезім де сол - қу дүниенің қонағы.

Ана-а-у Айды төбесіне қондырып,

Соңымызға қалдырамыз моланы.

Жартыкеш Ай он бесінен толады,

Ал миымда жұлдыз қардай борады.

Көңіл көлі ғарышпен тең шеті жоқ,

Өмір жолы - маңдайымның жолағы.

Тылсым қонып Ай бетіне бұл түні,

Күрсін болып күбірлейді нұр тілі...

Күллі ғалам ақын құсап ойланып,

Түйсігімнің ілінбейді еш кірпігі.

МЕНІҢ ПƏЛСАПАМ

Кете алмадым қу заманмен үйлесіп,

Саяқ жүрем қоңыр-қоңыр күй кешіп.

Ақыл айтып отырар ма ем əркімге,

Болмағаным қандай жақсы философ.

Бұған дейін атты ғажап қанша таң,

Іске аспады менің мыйсыз пəлсапам.

Басым жасап кетсе кемі он пайыз,

Басқа түгіл, өзімді де шаршатам...

Бəлденбедім, мəн бермедім қырт сөзге,

Сау адамдай көрінермін сырт көзге.

Тынышыма жүрейінші дау қумай,

Бұдан артық пайдам тимес жұртқа өзге.

Жəлаптан да арзан бүгін жыр құны,

Құрсын бүйткен ақындардың тірлігі.

Өлең жаза беруден де қорқамын,

Данышпан боп кетем бе деп бір күні...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар