Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Асылбек Жаңбырбай: Сары сүргін...

20.04.2016 6063

Асылбек Жаңбырбай: Сары сүргін

Асылбек Жаңбырбай: Сары сүргін - adebiportal.kz



ҚАРАҒАН-БОСАҒА ҚЫРҒЫНЫНА – 160 ЖЫЛ


Мүсірепұлы Балуанияз (1818, Маңғыстау түбегі – 1856 Қараған-Босаға) – батыр. Адай руынан шыққан. 1856 жылы жазда Хиуа әскерлеріне қарсы Балуанияз қазақтың шағын жасағын (60 шақты адамы бар) бастап шығады. Осы соғыста Балуанияз, інісі Балтеке бар, бірнеше адам қаза табады. Батыр серіктерімен бірге қанды шайқас өткен Қараған-Босаға деген жерде жерленген. Балуанияздың ерлігі, оның сенімді серігі – Құла аты жөнінде Шопықұлы Қалнияз ақын «Балуанияз батыр» дастанында жырлаған. 1992 жылы батырдың бейітіне ескерткіш күмбез орнатылды (авторы – сәулетші Көпбол Демесінұлы).

(«Маңғыстау» энциклопедиясы, 210-бет)



Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ, ақын



САРЫ СҮРГІН

(дастан)

Аузына халық қараған,

Аржағы текті тараған,

Білгенге, Адай – асылдың

Нәсілі Нұрдан жараған!


Қашаған Күржіманұлы


Ақ ордасы Адайдың –

Үлкен үйім – Мұңалсың.

Батыр да өзің, пір де өзің –

Ұлы жиын құралсын.

Төрт Мұңалым тұрғанда

Басқасы келіп Адайдың

Қолыңнан қалай ту алсын?!


Қалнияз Шопықұлы



Адайда ешкім өтпеген

Әлидегі Балтадан,

Қара қылды қақ жарған

Көшен би мен Арыстан,

Айдар менен Жапаннан.

Бұларды ешкім айтпайды

Болды екен деп осал жан...1


Халық өлеңі



1. Жоспалдау жыры


Бастайын «Бісмілләдан» сөздің басын,

Сөйлейін тамызғандай көздің жасын.

Аллаға сансыз мадақ, шексіз шүкір –

Жоқ жерден бізді бүгін кез қылғасын.


Мен үшін айналған күн жыр маңызға,

Ұқсаттым аңыз толған қырды абызға.

Қаумалап отырсыңдар, дос-жүрият,

Қызырдан құт дарысын құрмаңызға!


«Мүштарих – аталық сөз» дегендейін,

Қалынар аз-кем нұсқа менен кейін.

Зыбаннан ұшқындатқан талай тақтақ,

Шайырға Кәләм-Шәріп – өлең бейім.


Айналмақ тәубе кетсе тіл жауызға,

Тобасыз алмас момын дінді ауызға.

Жел сөзім салмақ салмас бір кітапқа,

Сыйғанда жүмілә ғалам бір қауызға...


Қиырдан тербенейін Бабам жайлы,

Өткен жоқ уақыт бекер, заман зайғы.

Күйіктен теңіз өксіп, тау жылаған,

Зар қақсап жамылғанда далам қайғы.


Ел едік Қазақ деген – танбас ақтан,

Ежелден намысты ойлап, арға шапқан.

Өтті ғой басымыздан небір зұлмат,

Сонда да аман шықтық қан-қасаптан.


Қазақтың бір баласы – Адай деген,

Адайды Қазағымнан қалай бөлем?..

Қалса да жеті жұрттан қайырсыз боп,

Жұмаққа Маңғыстауды балай берем.


Адайдың жаратылыс зады – Нұрдан,

Ерлікпен Хақ жолында жаны құрбан.

Саураннан бері айналып сапар шекті –

Ала шөл – Алғи2 сынды кәрі қырдан.


Маңғыстау – мадиықтап мақтайтыным,

Бар мұнда әулие-пірім сақтайтұғын.

Жер шарын шыбын жаным шарласа да,

Білемін бұндай қоныс таппайтынын.


Маңғыстау – тебіреніп толғайтыным,

Бар мұнда әруақты атам қолдайтұғын.

Кімде-кім асылық айтып тіл тигізсе,

Білемін түбінде оның оңбайтынын...


Қара ойы Маңғыстаудың мұнарланған,

Отпаннан қарасаң-ақ құмар қанған.

Бір шеті – Каспий-теңіз арсы-гүрсі,

Аумаған ақ бас таулар құнан нардан.


Озалдан әруақ қонған бағзы мекен,

Жаралған топырағыма тағзым етем.

Дұшпан көп көзін тіккен қорқау құсап,

Бабамдай намыс қорғап, ар күзетем!


«Адайдың төрт арысы» – төрт Мұңалым3,

Таққан-дүр тәуекелден серт-тұмарын.

Құлқына бұл дүниенің жетер ме екен –

Айтынсам тұсына келіп дертті зарын?


Адайдың батыл туған қандысы бар,

Қандының батыр туған даңдысы бар.

Жазықсыз атылған мен айдалған көп,

Санасаң толып жатқан «бандысы» бар.


Көп өтті-ау кекке қылыш суарған ер,

Көп өтті-ау қан-майданда ту алған ер.

Қайтерсің жау көрмесе сағынғанын,

Көп өтті-ау жауды көрсе қуанған ер.


Өкінбес – найза тисе қабырғадан,

Оқ тисе омыртқадан – налынбаған.

Біз кімнің шікірәсіміз, уа, жамиғат,

Қасынан шабаздардың табылмаған?!


Қашаннан бұйқыт кезең орнамаған,

Тұншыққан қасірет пен сорға далам.

Мұңалдан Бекет шықты таршылықта,

Ел-жұртын құдіретімен қорғап аман.


«Бекет!» – деп жауға шапты батырлар да,

Жар болған ұран қылып шақырғанға.

Пір тұтқан Мұңал түгіл, қалың Адай,

Хақтан соң сиынбауға хақым бар ма?!


Атамның рухы бұлттай торланыпты,

Қасиеті зүриятына жолданыпты.

Тапқанмен Оғыландыдан мәңгі тұрақ,

Шашып тұр шапағаты мол жарықты...


Сәні бар тарқамаған құралымның,

Пәмі бар өлең дейтін құмарымның.

Башартпас бәрін бірдей бәйіт етсем,

Дүрлерін Адай түгіл, Мұңалымның.


«Азуы алты қарыс Мұңал» – Бабам,

Зәузаты «Пір Бекет!» – деп ұрандаған.

Құралы тарқамаған ауыл едік,

Қайқы жігіт, сәйкі қыз қылаңдаған.


Алғыр сой – қарқуардай дара самғап,

Бата алған біздің Әли – қарашаңырақ.

(Менде жоқ жаман ниет жара салмақ,

Бар ма өзі пікіріммен таласар жақ?)


Бейнеудің белестері күткен мені,

Желтаудың көкірегіме біткен желі.

Мұңалжар, Мұңал-ошақ, Әли тауы –

Бабамның ақ ордасын тіккен жері.


«Әли-ау, ірің өліп, шірің қалды,

Өлгесін Байжарық би – кімің қалды?..»

Айтамыз аңыз қылып Тауан асын,

Оралша, Көшек сынды дүрім бар-ды4.


Еңменді не жүйріктер шаппай келген,

Тәңірі бақ пен бабын қақпай берген.

«Әлиде – Көші, Боздақ, Арыстан мен

Түсірген атқан аңын Оқбай мерген»5.


Көктеген жапырақ құсап дүреп өтем,

Тәңірден тамыр нәрін тілек етем.

Тақтамнан Балта дейтін алып туған,

Осы жұрт сол палуанды біле ме екен?


Тең келмей оған ешкім қатар жүрген,

Жатса да үйге сыймай жатар мүлдем.

Белінен майырылған ат көтермей,

Көлік деп Ойсылқара – атан мінген.


Тарихтан таппақ қиын дәйектілік,

Әспеттеп әшкерткенім – бәйек қылық.

Бармадым жатқан жері – Қарақұлға6,

Оқыдым жалқы өлеңді «әйет» қылып.


Жаңарса жақсы емес пе ескі-құсқы ой,

Бастысы – сана түзу, ес дұрыс қой.

Өз басым көрген жоқпын ондай тұлға,

Ендеше, мендік баян – естіміш гөй.


Қырықтың бірі болып Қызыр келсе,

Құбылаға ақын қандай жүзін берсе?

Кезеніп сөз лазымын сайқылықпен,

Сөйлесем соғып өтем қызыл желше.


Шабытқа шабыт қосып ыстық ажар,

Шаршы топ – ортаңызға түсті назар.

Шындықты жасырмайтын сардиғанда,

Шайырдың мәшһуратта үсті – базар.


Жырымды алқалаған досқа арнадым,

Құдайдың нағыметінен бос қалмадым.

Аяқтайм әлқиссамды ұлықсат болса,

Сөз басын осылайша жоспалдадым...



1Қашаған Күржіманұлы (1841-1929), Қалнияз Шопықұлы (1816-1902) – Адайдың арқалы ақын-жыраулары. Балта Бөкенбайұлы (1805-1887) – Адайдың атақты бас палуаны. Көшен Келдібайұлы, Арыстан Боздақұлы, Айдар Сүгірәліұлы, Жапан Сүгірәліұлы – Әлидің билері.

2Алғи – Арал мен Мұңалжар аралығындағы кеңістік.

3Төрт арыс Мұңал – Әли, Бәйімбет, Жаулы, Шоғы (Қырықмылтық).

4Мұндағы қос жол сол кездегі жоқтаудан. Авторы белгісіз. Байжарық Мырзаұлы – би, болыс. Тауан Нұрымұлы – бай. Асы 1921 жылы Жем бойында өткен. Оралша Төребайұлы, Көшек Құламанұлы – билер.

5Бұл өлең жолдары Сүгір Бегендікұлынан алынды. Көші Бектауұлы, Боздақ Бектауұлы – жершіл, ізші кісілер, Оқбай Төкейұлы – мерген, батыр.

6Қарақұл – Жем бойындағы қорым.



2. Самдағы сарын




«Маңғыстау – Машайықтың жатқан жері,

Ашылған абыройын жапқан жері.

Басына Отпан таудың шығып алып,

Адайдың Ұран-Отын жаққан жері»1.


Бұл жердің ойы – терең, қыры – биік,

Үстірт тұр – көңіліме жылы тиіп.

Тасты ойып салынулы мешіттер бар,

Төбеден жауған Хақтың нұры құйып.


Толғайын Бесқақ, Бейнеу даласынан,

Қызылжар, Бегайдар мен Манашыдан.

Шоқыбоз, Қызылқақ пен Ақтікенді,

Қозғайын шым-шытырық сағасынан.


Қараман, Тасым жатыр көлденең кіл,

Бекетай, Бәйнеке бар – өлмеген дүр.

Күйкентау, Азынағұлды айтар болсам,

Есеттің бұлағына шөлдеген қыр.


Аспантай, Матай анау – сағым кешкен,

Сам бойы орғыл-орғыл шағыл көшкен.

Шағылды елмен бірге жел кезеді,

Кезбе жел салады еске сарынды ескен.


Шәріңнен шаршағанда қырға асығам,

Керегі ең бірінші мұнда – шыдам.

Түбі алыс, суы шекер шыңыраудай,

Сырымды тарқатайын тұнбасынан.


Тарихтың қойнауынан сөз теремін,

Сен де, дос, көшін алға соз көненің.

Мен бүгін қиял құсын самғатамын –

Басынан дуадақ ұшқан боз төбенің...


Астында маң-маң басып қара атаны,

Құм іші жалғыз желіп баратады.

(Аумайды-ай сол атаннан өзі де енді,

Жігіт қой – шықпаған кез дара атағы).


Атанның шудаларын шаң қаптаған,

Ырғала басып келед аңдап қадам.

Кетердей табанында жер қайысып,

Үстінде отырған соң салмақты адам.


Жалғанды жалпағынан жапырардай,

Қыр кезген үйінде үнсіз жатып алмай.

Зіл қара Самға қарай жол жүрулі,

Тойынан ағайынның қапы қалмай.


Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл – өскен жері,

Өткелсіз өзен суын кешкен жері.

Маңғыстау ойы – қыстау, Арқа – жайлау,

Ежелден біздің қазақ көшпенді еді.


Сапарлап талай жалғыз қыр кезгелі,

Кісәпір, пітнәлардан бұл безбеді.

Тай түгіл, түйе құлап кетсе дағы,

Құдықтан тартып алған бір кездері.


Десек те анау күшті, мынау күшті,

Айтайын келсап білек, дырау мұшты.

Сом дене – керегедей кеудесі бар,

Өткізген бүрсеңдемей қырау қысты...


Балтада жалғыз атан – мал дегенде,

Дайын тұр жалғызы үшін жан берерге.

Құс ұшпас сусыз шөлде қан кеберде –

Арғымақ деңгеліне пар келер ме?


Айырбас қылмас байдың бар малына,

Қара атан – жаннан зият жануары да.

Халыққа «түйе палуан» даңқын жайған –

Ұқсайды ол Кие атанған әруағына!..


Дастан деп ниһаятсыз қырды ұғасың,

Тыймайды қыр жыласа құмды жасын.

Жолаушы әбден шөлдеп, болдырды да,

Ауылына ағайынның бұрды басын.


Несіне әңгімемді созбақтаймын,

Баптасам жүйріктейін сөз баптаймын...

Дүниеге сәби келіп той жасаулы

Ауылы Көші менен Боздақ байдың.


Көрінген қатар-қатар үй алыстан,

Атағы бұл ауылдың қияға ұшқан.

Қалың топ – қаумалаған тойшы қауым,

Ортада – той басшысы би Арыстан.


Бекерге салтанатқа тамсанам ба,

Тартылды таралғы-сый қанша адамға?!

Дулы жұрт ішкен асын жерге қойды –

Назары бұрылғанда шаршы алаңға.


Жұртқа не, қызық керек – күрес деген,

Қалайды алыс-жұлыс, тіресті ерен.

Табынның бас палуаны Байшағыр тұр,

Қасында ешкім бұрын «жіп еспеген».


Көк тіреп тұрған сынды дәу басымен,

Дәу басы тең бе деймін тау бәсімен.

Байрақты алмақшы өзі күреспей-ақ,

Қарсылас таппаған соң қаума ішінен.


Елміз ғой сіңіп қалған намыс қанға,

Не жетсін жеңілсек те алысқанға?

Ақтығы Пір Бекеттің – Самалық2 кеп,

Ақылын айтып жатыр Арыстанға:


– Көрдім мен ауылыңнан дүр жігітті,

Қарыстай маңдайына нұр жұғыпты.

Төрт елі өкшесінен байқағаным,

Бір шақса – сол шағады бұл «жілікті»!


Сұпының айтқан сөзін екі етпеді,

Жігітті тапты да би – жетектеді:

«Не жеңіс, не жеңіліс, күреске шық,

Жар болсын әруақты атаң Бекет!» – деді.


Жас жігіт сасып қалды әлпайымда,

Сонда да салынбады арқайынға.

Ұстасып біраз уақыт тау тұлғамен,

Қолданды «құр қосаяқ»3 оңтайында.


Көрмеді-ау көтергенде лақ құрлы,

Жерге ұра қарсыласын ылақтырды.

Жым болды Байшағырдың мысы құрып,

«Бұл кім?» деп әр кәлләда сұрақ тұрды.


«Адайдың алғаш түскен алқасына,

Жеңімпаз – Бөкенбайдың Балтасы да!» –

Құрметтеп үшбу тойдың иелері,

Саркірпік шапан жапты арқасына.


Батырдың батырлығы – намыс-арда,

Палуанның палуандығы – алысарда.

Балтаны шақырып ап Арыстан би:

– Шапанды бер, – деді – анау сары шалға.


– Жарайсың, азаматым, аршыланым,

Шығарсың бұдан кейін шаршыға мың.

Жығарсың менменсінген талай дөйді,

Алдыңнан жарылқасын, бар, шырағым!


...Кешіргей пендесінің Хақ қатасын,

Ақыры бала Балта тапты Атасын.

Топ жарды сан байрақты бәсекеде –

Алғалы Әулиенің ақ батасын.


Сыйламас Пір Атаның әруағын кім,

Жоғалмас сара жолы Сәруарымның.

Алқаға «Я, Бекет!» деп шыққан кезде –

Тізесі бүгілмеген палуанымның.


Балтаның жанды солай маңдай бағы,

Бұйырды ас-жиынның сан байрағы.

Жайылды Адай түгіл, Алшынға аты,

Танып жүр Хорезмнің ханды аймағы.


Мойымай – күн кешсе де жарлылықпен,

Жол жүрді жалды атаны – жалды үмітпен.

...Бүгінде ұрпағының санасында –

Астасқан сарын қалды Мәңгілікпен!..


1Түмен Балтабасұлының (1884-1957) «Маңғыстау» толғауынан.

2Самалық Құлмәмбетұлы – би, сұпы. Бекет Атаның шөбересі.

3Әдіс түрі.



3. Сұрапыл сойқан




«Маңғыстау сонадайдан тозаңытқан,

Жүрегін талай ердің қобалжытқан»1.

Жау шауып бейқам елді сол заманда,

Әруағын шалдарымның қабаржытқан.


Шаршаған алағайдан, бұлағайдан,

Қыр жатыр – қанды қиян, құба майдан.

Қалғандай ел – иесіз, жер – киесіз,

Болмай тұр аспаннан да сірә қайран.


Төнеді тас төбеден сазарған көк,

Кешен де кездеспейді мазардан көп.

Жалғанның қан қаптаған жанарын-ай,

Қан жұққан қылышы да тазарған жоқ.


Мысалы бұ дүнияның – бес күн сынақ,

Өтеді-ау көрген түстей көшкін шұбап.

Алжасты заман мынау – екіталай,

Қорлыққа тұра алмастай ешкім шыдап.


Түс емес – қызыл сүрең, ала шапқын,

Маңғыстау – майданындай ғарасаттың.

Дәлірген тажал болып төніп келед –

Жұртымның жүрегіне жара сап түн.


Адайдың арты – жар да, алды – биік,

Жегідей жеп барады зарлы күйік.

Құрсанған ерлер қандай жауға қарсы,

Ар үшін шейіт кеткен жанды қиып!..


Хиуаға2 талай-талай соғар керуен,

Келіп тұр Ер Тұрманбет жоғарғы елден.

(Досы ғой ақыреттік – аттан салып,

Самдағы Балуаниязға3 хабар берген.)


Барғаны Тұрманбеттің – Көне шәрі4,

Мұның да алдында ғой көресі әлі.

Хан-Базар қыздырғанда тіршілікті,

Шаһардың жоғалсын-ай неге сәні?


Аспанға мойнын созған мұнаралар,

Табынып биіктікке тұра қалар.

Сан мазар үнсіз жатыр Шикәбірде5,

Боларын бір сұмдықтың ұғады олар.


Сары ишан6 күтіп алды Тұрманбетті,

Тұрманбет сауда жасап қырдан кепті.

Қашаннан имандосы – меймандосқа

Паш етті жасақ жайлы қырған көпті:


«Қол жиды Аннамәмбет, Бөрі, Бақы-ұл,

Алдында Маңғыстаудың жолы жатыр.

Ішінде Есен, Сүйін батырлар бар –

Аттанды бұйқыт елдің сорына кіл.


Бастаған Ораз, Меңді7 – қалың жасақ,

Қазақтың қылам дейді қанын қасап.

Қарасы ауыр қолдың – үш жүз әскер,

Қайтеміз – бір Аллаға жалынбасақ?..»


Талқандап жорықшылар төменгі елді,

Қалайды мол байлыққа бөленгенді.

Мал түгіл, баланы алмақ, аруды алмақ,

Шетінен олжа аңдыған өлермен-ді.


Адайдың көп шабылды сауырлы елі,

Сондықтан мынау қырдың жауыр белі.

Бәйімбет, Қырықмылтық қырғыны аздай,

Сойқанға тоймас жәуміт кәуір ме еді?..


Жау солай Қасқажолдың бойын бойлап,

Есірді-ай Маңғыстаудың ойында ойнап.

Қай ауыл, мынау ауыл – тауға қонған,

Лап қойды ашкөздене тойымды ойлап.


Түтіні түзу ұшқан ауыл делік,

Қапыда соқты қара дауыл келіп.

Жер құшты аға түгіл, бауыр да өліп,

Шер құсты дала түгіл, тауым көріп.


Олжа деп түйелерге артты қосты,

Жау солай келген жолмен тартты көшті.

Артында қанға бөккен ауыл қалды,

Дей алман «сәби менен қартты кешті».


Жамиғат, жадқа алыңдар ұмыт шақты,

Жау солай сан боздақты қырып сапты.

Есеп жоқ қолды болған мал-мүлікте,

Шапқыннан бүлген ауыл қырықшақты.


Айрылған мал-жанынан, бар бағынан,

Зарлы жоқ қара көштің заржағынан.

Қаптады шөгермелі кілең түркмен,

Алған соң тар қыспаққа жан-жағынан.


Басынан Қаратаудың көш келеді,

Бұл көшті дұшпан ғана қош көреді.

Қан жылап кілең жетім, жесір байғұс,

Амалы қалмаған соң қосқа ереді.


Жесірдің ажал құшты жары қайран,

Жетімнің жадырасын жаны қайдан?!.

«Кешегі шалқып жүрген бұл Адайдың

Күн болды жолы болмай бағы тайған»8.


Түркменің – шүлдірлеген шұнақ құл-ды,

Көн шарық киген біреу сыбап тұрды.

Шыдамай бұл қорлыққа тұтқын ару,

Теңселтті күңіренгенде жылап қырды:


«Қатар-қатар қара нар

Қалы кілем жаптырып,

Сәнді шашақ тақтырып,

Көшіп жүрер күн қайда?

Жорғалықтан мінсіз ат

Аяғын қадай бастырып,

Жолға басын жостырып,

Тойға мінер күн қайда?

Сексен сандық, алпыс тең,

Түндігі алтын, бауы зер,

Босағасы биік боз ордам

Төскейге тігер күн қайда?

Жең ұшынан сырласып,

Сыбырласып, ойнасып,

Тең-құрбымен достасып,

Дәурен сүрер күн қайда?

Тарылып өскен бойы бар,

Бойға біткен сойы бар

Қыз-бозбала жиналып,

Төрде күлер күн қайда?

Тіл таңбалы Адайдың

Қасқа туған қандысы,

Батыр туған даңдысы

Жауды бүлер күн қайда?..»


Бұл Жәуміт – Айладырдың9 оңбағаны,

Осы ма ед Өришанның10 қолдағаны?!

Бөрі жүр – астындағы тұлпары үшін

Құн қылмақ құл атанған он баланы.


Қарсы күш қолданбаса жай қиын-ды,

Көңіліне Тұрманбеттің қайғы үйілді.

Еңменіп азар жетті Самдағы елге,

Жасырын кесіп өтіп Айбүйірді11.


– Балуанияз, біздің өмір – қиын сын-ды,

Ит Жәуміт соңғы кезде жиі ұмсынды!

– Қолымның қышуына тап келген ғой,

Жау шапса – сұра менен сүйіншіңді!


– Жігітке жүйрік керек желем десе,

Құла атың – қой мойынды, бер ендеше!

– Аларсың қалауыңды жорықтан соң,

Дұшпанның тоғын шайқар – ер өлмесе!..


Сам шеті – жалғыз төбе Жарқұдық-ты,

Түнімен Ұран-Шақпақ жаңғырықты.

«Аңсызда ел шетіне жау шапты»-лап,

Алыстан ағайынға жар қылыпты.


Көргенде Балта Палуан Ұран-Отты,

Көзінде тұтанды анық шыра кекті.

Көңілінде қайнап тұрды тұлан ашу,

Көкірегі сайрап тұрды мына кепті:


«Жаратқан Ием, Құдайым!

Өзіңнен тілеп сұрайын.

Салсаң да басқа уайым,

Сабыр сақтап шыдайын.

Жайдым көкке қолымды,

Оңғар, Алла, жолымды!

Бұйрығың келсе барармын,

Қасыңнан берсең орынды.

Жау шапты елге қалың-көп,

Дұшпаннан аяр жаным жоқ.

Жорықта өлу ерге – арман,

Қатын-баланың қамын жеп.

Астымдағы атанды –

Қара асым деп мінгенмін.

Үстімдегі шекпенді –

Кебінім деп білгенмін.

Қолымдағы сырықты –

Сайғағым деп ілгенмін.

Адыра қалар менен де –

Маңғыстауда жүрген күн,

Алқада жеңім түрген күн,

Күресіп өмір сүрген күн.

Сегіз арыс Адайда,

Атағын жайған талайға –

Атадан артып туылар,

Өзімдей бір ұл қалайда!..»


Балтекең сар желіске салды атанды,

Соңынан ермегендер жалда қалды.

Жортқаны ит Жәуміттің рас болса,

Көрсетпек көзін ойып «қанға – қанды».


Мінгені Балтекеңнің – атан қара,

Қару деп қолға алғаны – бақан ғана.

Нән сұлба қараңғыға сіңіп кетті,

Мылқау түн, адасқақ жол, жапан дала...


Жиылды алпыс батыр таң атқанда,

Сай болды бойларына жарақтар да.

Жігіттер қауышқан соң кеңес қылды,

Алдымен жалбарынып Жаратқанға.


Кигені ерлерімнің – кебенек-ті,

Қол жайып, қой айтқанды керек етті.

Жөнелді Пір Атаға сиынып ап,

Көрсет деп сарт болмасаң кереметті.


Адайдың шайқалғандай шаңырағы,

Жел соғып жанпелімде, шаң ұрады.

Ерлердің қорғаны боп жау жағында,

Қолдағай Әулие Бекет әруағы!..


1Халық өлеңінен.

2 Хиуа хандығы (1512-1920).

3 Балуанияз Мүсірепұлы (1818-1856), Тұрманбет Төлеғожаұлы (1818-1916) – халық батырлары.

4 Хорезм ойындағы Көне Үргеніш қаласы

5Шейх-Күбірә (Наджм ад-дин Кубра) – Көне Үргеніштегі Әулие.

6Сары ишан (Құрбанияз) – Тұрманбеттің түркмен досы, Бақы батырдың әкесі.

7Аннамәмбет (Ақмәмбет), Бөрі (Бөріхан), Бақы(Қара Бақы), Есен, Сүйін, Ораз, Меңді – Хиуа әскеріндегі түркмен батырлары.

8Бұл өлең жолдары Абыл Тілеуұлынан (1777-1864).

9Айладыр (Сегіз арыс Сейілхан) – Түркмен халқының жалпы атауы.

10Өришан – Түркмендердің әулиесі.

11Айбүйір (Айбұғыр, Айбүгір) – түлейлі, таулы жер.



4. Қидалы қырғын




Адайдың алпыс кісі – ақтангері,

Босаға – қайтқан жауды баққан жері.

«Қалың қар қараша мен қауыстағы

Қан мен қар араласып қатқан жері...»


«Адайдың алпыс кісі – аламаны,

Болар деп бір Құдайдың қалағаны,

Келетін кейінгі елге қарамады,

Мінгені кілең бедеу – жарағаны1».


Батқаны – ит жәуміттің талағаны,

Күткен жер – Босағаның Қарағаны.

Жау бетін қарсы алмаққа ыңғайлады

Қарауыл – «Қалмақ үйген қара обаны».


...Қарайған жау көрінді – ала шаңды,

Ала шаң жүректерге жара салды.

Сол жақта – «Ебелектің елу аңғары»,

Оң жақта – Қарамая дара сәнді.


Саласы-ай шыңыраулы Көгесемнің,

Жарасы-ай жазылмайтын көне шердің.

Қашықта жел мүжіген Қаражар тұр,

Ол сеңгір – сөгілмейтін көбесі ердің.


Шулатып жесірлер мен жетімдерді,

Құрайыш қоймады ғой жекіргенді.

Даусынан айдаудағы көп бейбақтың –

Қайым боп жер зыңыранған секілді енді.


Зар-мұңға Қалнияз тұр қанық болып,

Толғады-ай домбырасын қағып келіп.

Ортаға жыр тастады арқалы ақын,

Ерлерге айқай салып, шабыт беріп:


«Арғымақтан туған қазанат,

Ардагер өңшең азамат.

Асардай аға көтерген

Сарала туың қолда тұр.

Ардақтап сүйген ұлдарың,

Арулап өскен қыздарың

Айдауға түсіп тарығып

Алдында жаудың – жолда тұр.

Соларды жауға қалдырып,

Жан сауғалап қаңғырып

Қайырылғаның – өлгенің!

Өзегіңді өрт шалып,

Қақырғанда қан тастап

Осы ма ед жалғыз көргенің?!

Ең болмаса егесте

«Мың кісіге – жүз кісі,

Кел, тәуекел!» – дер ме едің?

Қайтадан елге барарсың,

Ұялмай топқа қарарсың,

Айнымай жауға кіргенің.

Қарабет болып қашқаннан

Жақсы емес пе жұлқысып,

Қан-майданда өлгенің?..2»


Қалнияз шаппай жатып дүркіреді,

Жүректі намыс жұлқып, жыр тіледі.

Серттесіп шегінбеске шептегі ерлер,

Жараған бура құсап күркіреді.


Жігітке ылайқат іс – серт дегенің,

Маған серт – бебеулеген дертті өлеңім.

Дертті өлең өзегімді жарып шықса,

Дүниенің жанарынан өрт көремін...


Әруағы Пір Бекеттің құрыстаған,

Тумасы – Асар Сұпы3 ту ұстаған.

Сиынып «Сары шалды» шақырғанда,

Армансыз алғы шепте жылыстаған.


Тубегім биік ұстап тұрды айбатты,

Намысқа алмастайын тіл қайратты:

«Иншалла, құлатпаса Құдай өзі,

Жау жықпас қолымдағы бұл байрақты!»


«Алаштың Балуанияз – ақпарлы ері»,

Сойының озалдан жоқ ақтан кемі.

Самсынан сары қолдың топ бастады,

Жазылған маңдайына Хақтан делі.


Нағашы – Саназардан ат алыпты,

Бабасы Жақсыбайдан бата алыпты.

Ер Қармыс4 палуандығын байқаған соң,

Жас Нияз «Палуан Нияз» атаныпты.


Құла аттың Балуаниязға жарасуын,

Азынаса – елестетер жан ашуын.

Бұл дағы Көкмойнақтың тұқымы ғой,

Ар жағы – су тағысы қара Суын.


Тастамақ жау қолына қалай елді,

Ел үшін батырлардың талайы өлді.

«Бас болып Балуанияз, Асар, Балта,

Артынан алпыс кісі Адай ерді5».


Үлкені – Мәмбетнияз Төлепұлы,

Сары атан мінген би бұл – көне мұңы.

Кезінде «Үш ананың дауын» шешкен,

Сардардың жұртқа мәлім төрелігі.


Қатарда Кенжебек пен Қонабай бар,

Бердалы, Сақау – бөлек болады айбар.

Бектілеу, Саудагелді, Тілеубай бар –

Аңғалдан емес олар шолақ ойлар.


Темірбай, Күшікбай мен Оқбай мерген,

Қосымбай – қаруларын оқтай келген.

Балтаны айтпағанда, бұл Әлиге

Кең Құдай тарландарды топтай берген.


Шабайдың бел баласы – Сүгір, Есен,

Адайдың артық болмас мірі десем.

Серғазы, Қара, Серік, Қуаттар6 бар,

Қазағым, осылардай дүріңе сен!..


Қалайша Адайды аз деп кем көремін,

Жүз жауға бір кісімді теңгеремін.

Үйде емес, құла майдан түзде өлсе егер,

Керек қой шатлануы – Ер дегенің.


Ат қойды – жүрегінде түгі барлар,

Мойнында аманаттың жүгі барлар.

Халқының қайғысы мен қасіретін

Көтерген неткен жаны сірі нарлар!


Жәуміттің айран қылып ақылдарын,

Ұрынды бекіре жонды батырларым.

Атаңа нәлет дұшпан, жетер енді –

Қазақтың қанын судай сапырғаның!


Құрсанған мұздай темір сауыттары,

Бұрсанған қабағының жауып қары, –

Ерлерім аттан салып қаптай шапты,

Имансыз өлер жерін жау ұқпады.


Жау түгіл, қаһарлы ерлер тау көшіред,

Қасқырдай бөрліктірер әуресі көп.

Бір отар қойдан аумай үрпиіскен

Сондағы ит Жәуміттің тәубесі жоқ.


Найзасы Балуанияздың дарыды-ай нақ,

Дұшпанға салды кесір қаны қайнап.

Кіргенде Ай бетінен Құла атпенен,

Шығады Күн бетінен жаны жайнап.


Бір шеттен Есен менен Сүгір жосты,

Қашаннан жауға шауып дүбір қосты.

Жазғаны Құнанорыс демесеңдер,

Осындай қиын жерде кідірмес-ті.


Балтаның бар қаруы – сырық қана,

Қиналмас сермегендей шыбықты ала.

Айбатты ақырып жүр аршыланым,

Айнымай жапырып жүр шығып дара.


Бақыртып буырқантты қара атанды,

Даусына дұшпан түгіл, дала қанды:

«Ұрдым мен жанның ішін, әй, жігіттер,

Беремін арым үшін садақамды!..»


Оңдырмай сілтегенде нән сырықты,

Түркменге тигеннен-ақ жан шығыпты.

Аспаннан жайдың оғы атылғандай,

Көрсетті қиямет-қайым – қарсылықты.


Дұшпанды жолатпады туға қарай,

Бес құлаш – қолындағы қу қарағай.

(Қалғанша қасық қаны кеудесінде,

Алпыс ер – белді бекем буған Адай.)


Балтаның оққағары – Оқбай мерген,

Мылтықпен ұрған бойда оқтай берген.

Қырлы мен шақпақтыны дәлдеп тұрып,

Қырық ер қырды жауды боқтай келген.


Кенжебек оң келгенін оң атады,

Серғазы сол келгенін сол атады.

– Ит жәуміт, көрсетермін көрімді! – деп,

Қол оқты Сақау қарша боратады.


Аспаннан атылғандай жай тастары,

Қанығып Қара оба тұр шайқасқа әні...

Қолбасшы лап берді де қолбасшыға,

Шабынды бетпе-бет кеп айқасқалы.


– Жекпе-жек! Балуанияз, қайдасың? – деп,

Бөрінің көкірегінде қайнасын кек.

– Құдайдан қалағаным – сенсің, батыр! –

Мырзамыз шатынады-ай жай-жасын боп.


Қайратты қос қолбасы жан бақпады,

Көздерін жарқылдаған – қан қаптады.

Кіргендей Ғарасаттың майданына,

Алаңқай – ашық жерді таңдапты әрі.


Найзасы Балуанияздың самсып келіп,

Жіберді-ай аш сүбеден шаншып беріп.

– Уа, қазақ, ұрдың! – деген сөзбен қоса,

Бөрінің кеудесінен жан шықты – өліп.


«Я, Бекет, ерді жауға тастамашы!» –

Батырдың тіленген ед астанасы.

Қор болды Босағадан аттай алмай,

Жәуміттің шыққан жері масқарасы.


(Дұшпанның өзі бастап масқара етті,

Әйтпесе досқа адалмыз, қасқа – кекті).

Домалап құрайыштар, шөгермелер,

Ішінде кейбірінің бас та кетті.


Ерлерге «Сары шалдан» зайыр қонды,

Жәумітке алпыс Адай қайым болды.

Зарлаған жау қолында қатын-бала

Айтулы батырлардан қайыр көрді.


Ат басын азайған жау бұрды, ә, қашып,

Барады бас сауғалап, қырдан асып.

– Тірідей кетпесін! – деп айқай салды,

Балуанияз Құла үстінде: «Қыр!»-ға басып.


Бақыны байқап қалып қуды бөлек,

Жендетке қиямет күні туды дер ек...

Тарс етті ағылшынның тапаншасы,

Денесін аққан қаны жуды кенет.


Әттең-ай, неге шықты тарс еткен үн,

Қарай гөр бұл түркменнің зәр сепкенін.

Батырдың өкініш түгіл, өкпесі жоқ,

Тескір оқ, күрсіні боп қалшы өкпенің!


Жанары Балуанияздың сәл шықтанып,

Құлады көк найзасын шаншып барып.

Балта кеп көкке түйрей көтергенде –

Бақының кеудесінен жан шықты анық.


Шыдатпай тұтқындағы шулаған көп,

Батырға не істетпейді тулаған кек?!

Ақылын айтқан еді-ау Асар Сұпы:

– Атамыз қашқан жауды қумаған, – деп.


Мәләкүл-Мәуіт бұйрық Хақтан келді,

Шейіт боп Қонабай да аттанды енді.

Басында салынулы күмбезді там,

Ұмытпас ұрпағы бар – қаққан белгі.


«Кеттің бе, Балуанияз – есіл ерім,

Бозтөбе – мәңгі қоныс қалған жерің.

Қонабай – құрсақтасың, о да қалды,

Олжадай жауға кетті Құлагерің.


Құла атың жауға кетті ойнақтаған,

Қылышың қынабында зер қаптаған.

Білмеймін, көз бен тілдің қырсығы ма? –

Ер едің көзге түсіп, ел мақтаған.


Тұрманбет, Асар, Балта – ауылдасың,

Құдайке, Келімберді – қауымдасың.

Бес қару беліңдегі белдігіңмен,

Тот басып қалғаны ма ақ алмасың?..7»


Қалнияз осылайша зарлады кеп,

Жылапты «Қатарласым қалмады» деп...

«Ерлерге ажал болды қорғасын оқ,

Өлгеннің найзаласып арманы жоқ»8.


Құрылды Балуаниязға қанды қақпан,

Айрылды ер қанаты – нар Құла аттан.

Қырылды небір оғылан бұл соғыста –

Арттағы қалың елді зар жылатқан.


Сұм жәуміт, Құдай атқыр, арам қатқыр,

Маңғыстау бұйырмағыр, қараң батқыр!

Дұшпанның тақымында Құла ат кетті-ау,

Жануарым, талау тигір, жамалдатқыр!..


Аңландым жобасымен көне жырдың,

Көңілімді көне жырға бөле жүрдім.

Шығарды Айладырдың мысын Адай –

Ерлерін құтарған соң Хорезмнің.


Кетпедік жөгі менен жөйітке еріп,

Жатсақ та ажал құшып, бейітке еніп.

Өлгенге өкінбеген халықпыз ғой,

Тапсырса аманатты шейіт болып!


Шейітке шын қаза емес – өлім деген,

Жұмақтың мәңгі тірі ол төрінде кең.

«Батырдың несі батыр осындайда

Жауына қарсы шауып көрінбеген?9»


Қанды айқас өтті солай Босағада,

Соғыстан болған екен жоса дала.

Ерлердің сондағы өлген моласы деп,

Қойылған жаңа атаулар осы араға...


Бармысың, «Балуанияз», «Құла ат басы»10,

Қайдасың, «Қырықмерген», құр атпашы!

Не дейсің, «Кішіқырғын», «Ұлықырғын»,

Жанымды қайта-қайта жылатпашы!


Қайтейін, ей, «Қосүйік», «Қайғылысу»,

Маған да оңай емес – зайғы құшу!

Маңдайға көп жазылған айрылысу,

Маңдайға аз жазылған жайды ұғысу!


Заманның шаңын көрдім тозаңытқан,

Даламның таңын көрдім бозаңытқан.

...Миләди – мың сегіз жүз елу алты,

Бұл жайлы айташы көп – сөз ағытқан...


1Түменнен алынды.

2Қалнияз ақынның жорық үстінде батырларға арнауынан үзінді.

3Асар Жармәмбетұлы – сұпы, Бекет Атаның ағасы Алдоңғардың немересі.

4Саназар Құдайназарұлы – бай. Қармыс Бекболатұлы – халық батыры.

5Бұл да Түменнен.

6Қонабай Мүсірепұлы (1822-1856) – Балтеке, Қорғанбай деген лақап атпен белгілі батыр.

Мәмбетнияз Төлепұлы (1801-1876) – Адайдың ішкі билігін, халық қалауымен сайланып кеңеспен шешіп отырған алты сардардың бірі және бас сардары болған. Кенжебек Өзденбайұлы, Бердалы Базаргелдіұлы, Серғазы Сармыс ұрпағы, Сақау Жазықбай ұрпағы, Саудагелді Бейнеуұлы, Есен Шабайұлы, Сүгір Шабайұлы, Тілеубай Шопықұлы, Бектілеу Өтепбергенұлы, Оқбай Төкейұлы, Күшікбай Төкейұлы, Темірбай Өтегенұлы, Қосымбай Жанысбайұлы –жорыққа қатысқан белгілі батырлар. Қара, Серік, Қуат – тегі белгісіз батырлар.

7 Ақынның Балуаниязды жоқтауынан үзінді.

8Абылдан алынды.

9Бұл да Қалнияздан алынды.

10«Құла ат басы» («Құла ат моласы») – Жау жетегінде кеткен Құла ат бір жылдан кейін қашып кетіп, иесі жатқан төбеге келіп өледі де, сонда жерленеді. «Құла ат тайған» деген жер де бар.


5. Құралды құрма


Төскейі Маңғыстаудың – молалы бел,

Жоқ мұнда ағынды өзен, қоғалы көл...

Ойрандап ойдан – Орыс, қырдан – Хиуа,

Жатқан шақ екі ортада тоналып ел.


Адайдың көңілі бар ед көк тіреме,

Құдайым кәрін бұлай төкті неге?

Қорлықты көретіндей неден жаздық,

Алласын ақын пенде сөкті деме.


Жер болар – жар құласа жылмырайып,

Көр болар – ар құласа құлдырайып.

Ерлерден жан кеткенмен, ар кеткен жоқ,

Ел едік – Қыдыр қонған нұрлы ғайып.


Білмедім дүн-дүниенің тәрі қалай,

Бабамнан адыра қалған кәрі дала-ай.

Көршілес Әлім, Табын елдері бар,

Бұл жерге туын тіккен қалың Адай!..


Дұшпанның батқанымен шеңгелі көп,

Адайдың ерлер өтті-ау деңгелі боп.

Шөгерген қанша жаумен ұстасса да –

Балтаның сол ерлерден кем жері жоқ.


Біртуар күш иесі – Балта Бабам,

Ұрпағын айладырдан қалқалаған.

Анадан алтын құрсақ алып туып,

Әкенің аманатын арқалаған.


Мән берсек аманаттың салмағына,

Арнады әке сөзін балдарына:

«Күрессін Балта ғана – нәсіп болса,

Табылар басқа кәсіп қалғаныңа».


Хас батыр Есенәлі1 – белді атасы,

Көгерткен көсегесін ел батасы.

Әруағы арылмаған бабасы бар –

Дүрлесін әр қазақтың өрге тасы!


Жұрт едік насихатқа анталаған,

Туады ат – биеден, алып – анадан.

Артына бір-екі ауыз сөз қалдырды –

Ар алған топты дендеп Балта Бабам:


«Палуанға бәйгі болған аты мықты,

Әйтпесе күрес деген – мәкүрік-ті.

Жыға алсаң – жек көреді қарсы жағың,

Жығылсаң – сөзбен сыбап жақын ұтты».


Күресте аумау керек сұр мергеннен,

Жарамас ережесін құр меңгерген,

«Алқада тізе бүкпей Балта да өтті,

Дұшпанын көрпе лақтай күнде өңгерген2


Әлиде Қарасай мен Аймақ3 та өтті,

Келмеске палуандармен байрақ кетті.

Дүрлерім қуғын-сүргін құрбаны боп,

Өлген-ді – намыстарын қайрап кекті...


Атанған жастайынан «Халық қызы»,

Балтаның Марқаш атты – «Алып қызы»4.

Танылған қыз да болса ер мінезбен,

Аңыз боп Марқаштың да қалыпты ізі.


Атадан қалған мұра – дәстүр барда-ай,

Балтекең ұлағатқа «мәстір» қандай!

Су тартып жатқан кезде шыңыраудан

Үзіліп арқан кеткен – қас қылғандай.


Құдықтан шығармаққа қауғаны алып,

Тереңге Балта палуан заулады анық.

Шығуы ойламаған қиын болып,

Он жігіт тарта алмапты қаумаланып.


Марқаш қыз тумысынан сірә мықты,

Келгендей сынайтын кез шын алыпты.

Қажыры он жігіттен асып түсіп,

Әкесін жалғыз тартып шығарыпты.


Балтекең сонда қызын мақтан етті,

«Тапсырдым амандығын Хаққа» депті.

Палуанның жылағаны-ай ұзатқанда:

«Асылым артық туған жатқа кетті».


Ауылға келін болып Табын деген,

Сол Марқаш елдің талай қамын жеген.

Аштықта асыраған бір әулетті,

Күресте байрақ алып нан-ұнменен.


Жалмаған жалмауыздай құтты елімді,

Қайсыбір зұлмат жылдар жұт кемірді.

Ажал кеп жандатпаға тықты ерімді,

Тажал кеп талқан қылып жықты өрімді.


Алланың жазғаны осы, жарандарым,

Келмейді өткен күнді жамандағым.

Соғыс пен аштық болды әлденешік,

Жыр ғана жеткізе алмақ заман дәбін:


«...Заманым осы сұм болды,

Қаржылы кісі пұл болды.

Бұ заманның шағында

Біз көрмеген жыл болды.

Шыға алмай жүр әркімдер

«Ит» деген жылдың зарпынан.

Бермесе Құдай артынан,

Күннен-күнге тарылып,

Кетпеді мұнар арылып...

Таудай болған көкірек

Талқан болып қалған жыл,

Талайлар өткен арман жыл.

Азамат ерге талап жоқ,

Ішейін десе тамақ жоқ.

Құдай ұрған жамандар

Тірілей қорлық беріп жүр.

Ашыққан пенде амалсыз

Сол қорлыққа көніп жүр.

Тәуекел еткен пендеңе,

Жасаған, жәрдем етпесең,

Торығып, үміт сөніп жүр.

Жақсылары елінің

Аш-арықты көріп жүр...

Қорқамын, заман, түріңнен,

Әрбір түрлі көрінген.

Күнде бір жан кетіп жүр

Уақыты жеткен өлімнен.

Біреуден біреу айрылып,

Кетер болды қосылмай.

Бір заман болды осындай

Әркімге келген тұсында-ай.

Айта берсем таусылмас

Түрлі-түрлі қысымды-ай...»5


Қысымның мың көкесін көрген елміз,

Қорлыққа ешқашан да көнбегенбіз.

Бесқала, Түркмен, Иран, Ауған асып,

Бабажұрт – Маңғыстауға шөлдегенбіз.


Адайдың ауды солай бастан бағы,

Маңғыстау десе – көзден жас парлады.

Бұрын да тастап кетіп – оралғанбыз,

Тұрақтап мәңгі қалу – басты арманы!..


Тап болған Қазақ талай қанды асуға,

Қанды асу мәжбүрлеген жандасуға.

Ғұмыры талайлардың таусылғанмен,

Бұл өмір тоқтамастан жалғасуда.


Өткенге айтылатын – салауатым,

Ертеңге айтылатын – саламатым.

Бүгінге айтылатын – шүкірлігім,

Балама айтылатын – аманатым.


Тәуелсіз ел атандық себебі біз,

Ғайып боп жоғалған жоқ дерегіміз.

Бейнеуде Балта Палуан асы да өтті6,

Көрінді-ай сонда толған кемеліміз.


Қаумалап құрма басы құралғанда,

Шайырың жыр арнамай тұра алған ба?

Өлі әруақ риза болғай тірілерге,

Жеткендей шаттанамын бұл арманға.


Болғанда өмір – күрес, пенде – палуан,

Жүлдеден әлсіз жандар кенде қалған.

Өлең-дүр – жеңісім де, жемісім де,

Жазумен орындалмақ мендегі арман.


Жатқа есе кетпесін деп жанұшырдым,

Жүрекке сіңді Елімнің зары сынды үн.

...Қазақтың болашағы жарқын болғай,

Құдайым, кештірме енді Сары Сүргін!..


1Есенәлі Өтемісұлы – халық батыры.

2 Бұл жолдар Сүгір Бегендікұлынан (1894-1974) алынды.

3Қарасай Ералыұлы, Аймақ Байдәулетұлы – палуандар, репрессия құрбандары.

4Марқашты жеңгелері «Алып қыз» деп атаған.

5Өмір Қараұлының (1856-1918) «Ит жылы» толғауынан.

6Бейнеу кентінде 2004 жылдың қыркүйек айында берілген ас.

«Мұңал Ата – Қарашаңырақ» кітабынан (Алматы-2015), 165-174-беттер


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар