Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Асылбек Жаңбырбай: Жасырулы жырым бар қаламымда…...

02.05.2017 6206

Асылбек Жаңбырбай: Жасырулы жырым бар қаламымда…

Асылбек Жаңбырбай: Жасырулы жырым бар қаламымда… - adebiportal.kz

Асылбек – жақсы ақын

Асылбек Жаңбырбайдың, жалпы – тұтастай поэзиясын қаншалықты қадағалап жүрсем, оның мерзімді басылымдар мен əлеуметтік желілердегі жарияланған жалқы – жеке өлеңдерін де соншалықты жібермей оқып отырамын. Аға әріптес ретінде, мені қуантатыны, оның шығармашылық жауапкершілікті жан-жақты сезінетіндігі. Мұны айтып отырғаным, ақындық Алла берді, сый немесе сыйлық емес, ол – ерекше ҚАДІР-ҚАСИЕТ! Ал, Асылбек, сол қадір-қасиетке құрметпен қарап, «шөпті де, шөңгені де» өлеңге қоспастан, өзінің бойына біткен қадір-қасиеттен өрген ұлттық образды ойлау жүйесін логикалық жағынан үзбей, оның мазмұн-мәніне қылау түсірмей, жинақы да шымыр күйінде жалқы – өлең арқылы, жалпы – поэзия ретінде әдемі алып келе жатыр. Мына, топтамадағы өлеңдер соның куәсі, әрі айғағы.

Айта берді, жалқы – өлеңнің тууы бар да, сол өлеңдерден құралған, жалпы – поэзияның логикалық үзілмеген тұтастығы бар. Ол тұтастық – ұлттық болмыс, тілдік – көркемдік (тіл,образ, музыка секілді), ділдік-діндік қадір-қасиеттер. Асылбек, осы бір қадір-қасиеттерге тән ұғым-түсініктерді қалт жібермей, жанында да, жадында да туа бітті, табиғи күйде ұстап, оларды көңіл-күй, сана-сезім, жан синтезінен (елегінен, сүзгісінен) өткізіп, шабыт арқылы өлең етіп тудырады да, келе-келе қалыптасқан шеберлік тезіне салып, олардың кетік-кемшіліктерін түзей алады. Бұл ақындық жауапкершіліктің жақсы бір қыры. Бұған қарап оның өлеңдерінің бәрін саф алтын деуге болмайды. Онда да кемшілік бар. Бірақ, ол кетік-кемшілік, оның дерті емес. Олай дейтініміз, ондай кетік-кемшіліктер кез келген үлкен ақындар мен мықты ақын дейтін Есенғали ағасынан бастап, осы жолдарды жазып отырған Аманхан пендеңізде де баршылық. Сондықтан, Асылбектің назарларыңызға ұсынып отырған топтамасымен танысып шыққан Есенғали ағасы маған: «Жақын, мына, бала жақсы ақын ғой» – деді. Мен осы бір үлкен ақынның сөзіне толық қосыламын. Шынында да, Асылбек – жақсы ақын! Ол ары қарата білім-біліктілігін, жауапкершілігін, ізденісін қаншалықты, қалай алып жүреді, қандай бағыт-бағдарда, ұстанымда арттырады – өзіне байланысты. Бастысы жақсы ақын бар! Талай дүрлер жүріп өткен үлкен жолдағы поэзиялық-поэтикалық сапарың жемісті болсын, жас дос!

Аманхан Әлімұлы

Асылбектің соңғы өлеңдерінде шығармашылық өсу бар

Асылбек Жаңбырбай қазіргі кезде үлкен ізденіс үстінде жүрген ақындардың бірі. Оның өлеңдерінен сыршылдық, тазалық, ағартушылық бағыттағы ой ұшқынын жиі байқаймыз. Соның салдарынан ақын кейде өлеңнің поэтикасын, көркемдігін құлдыратып алады. Бір қуантарлығы, Асылбектің бұрынғы өлеңдеріндегі сарын, кейінгі шығармашылығында білінбейді. Ақын жаңа ізденіс, тың бағытқа жол тартқан. Бұны біз шығармашылық өсу деп бағаладық.

Асылбектің біздің қолымызға тиген топтама өлеңдерінің артықшылығы да, тілдік тұрғыдан алғанда кемшілігі де бар. Негізінен бұл кемшіліктерге поэзияда кешіріммен де қарауға болады. Бірақ, қазақтың бай тілінің мүмкіндігін ескерсек, Асылбек сияқты жақсы ақындарға сын болатыны сөзсіз. Мәселен, «Қар жауғанда» деген өлеңнің бір шумағында:

Жоқ бүгінде жапырағы зар жылар күз,

Менің аппақ көңілімде қалды мəңгі із.

Қар қызы ма, біреудің жалғызы ма,

Бақ ішіне сол сұлу барды жаңғыз – дейді. Алғашқы жолдағы «Жоқ бүгінде жапырағы зар жылар күз» деген теңеуі сәтті шыққан. Өзінің миссиясын, бағытын айқын беріп тұр. Бірақ, осы шумақтың түйіні логикалық, тілдік тұрғыдан қателікке ұшыраған. Ақын үшінші, төртінші жолдың аяғын «жалғыз», «жаңғыз» деген сөзбен аяқтайды. Негізінен екеуінің мағынасы бір. «Жаңғыз» деген диалект сөз. Демек, бұл жерде ақын ұйқасқа тәуелді болып қалған. Өлеңде ұйқас ойға, сезімге тәуелді болу керек. Асылбек сияқты сезімтал ақынның бұндай қателікке бой алдырғанына қайран қалдым. Осы шумақты екінші жолынан бастап, қайта жазып шықса артық етпейді. Бірақ, өлеңнің келесі шумағындағы «Қыстың жасы шығар бұл қар дегенің, Қыздың жасын, апыр-ау, кім іркеді?» - деген, немесе «Жүрегіңді жайсаң да алақан ғып, Қармен бірге жоғалмас еріп қайғы» - деген жолдары адамға тамаша әсер сыйлайды. Аздаған кем-кетігін түзесе, бұны жақсы өлеңдердің қатарына қосуға болады. "Тандыр мен тағдыр" өлеңі өте жақсы жазылған.

Сонымен қатар, ақынның психологиялық, әлеуметтік тақырыптарды қозғаған күрделі өлеңдері бүгінгі күннің шындығын ашық айтады. Өзекті, діни тақырыптарға тайсалмай барған. Өзінің жеке пікірін айтудан жасқанбайды. Ақын үшін бұл үлкен жетістік. Мәселен, «Қыспен қоштасу» деген өлеңі қыс мезгілін ғана емес, образды түрде біз өмір сүріп жатқан жүйені, уақытты да екінші планда жырлап өтеді...

Бағлан Оразалы

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ 1985 жылдың 17 қазанында Маңғыстау облысы, Бейнеу кентінде туған. Өлеңдер топтамасы «Отанымыздың тәуелсіздігіне тарту» (2006ж.), «Жастар жырлайды» (2013ж.), «Маңғыстау мақамдары» (2013ж.) «Жыр маржаны» (2015ж.) жинақтарына енген. ХІХ «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің жеңімпазы (2016ж.). «Жансусар» (2008ж.), «Аспан хаттары» (2016ж.) атты жыр кітаптарының авторы.

ҚАР ЖАУҒАНДА

Ақындарға жыр болған - алғашқы қар,

Ғашықтарға мұң болған - алғашқы қар.

Алмастырар мезгілді өмір өзі-ақ,

Өмір өзі-ақ тірлікті жалғастырар...

Жоқ бүгінде жапырағы зар жылар күз,

Менің аппақ көңілімде қалды мəңгі із.

Қар қызы ма, біреудің жалғызы ма,

Бақ ішіне сол сұлу барды жаңғыз.

Қар жаумаған секілді бұрын, тегі,

Дір-р еткені-ай сезімнің тым үркегі.

Қыстың жасы шығар бұл қар дегенің,

Қыздың жасын, апыр-ау, кім іркеді?

Есті халды есірген жел ұқпайды,

Жын ұрғандай желтоқсан келіпті əйгі.

Жүрегіңді жайсаң да алақан ғып,

Қармен бірге жоғалмас еріп қайғы.

Кеткен кеше суықтан қурап өскін,

Ал ертең ше, айналмақ буға бес күн.

Алғашқы қар жайында əңгіме көп,

Айтпады əлі соңғы қар туралы ешкім...

08.12.2016

ҮРЕЙ МЕН ҮМІТ
(диптих)

  1. Үрей биі

Мұндай жағдай болған бұрын,
Бола бермек кейін де...
Өспей жатып солған гүлім,
Ол да өлімге бейім бе?

Ел бола алмас үні өшкен ел,
Көрпем жатқа төселді.
Ертеңі үшін күрескен ер
Əке атанбай кеше өлді.

Желтоқсанда сірескен мұз,
Басуда əлі көшемді.
Ертеңі үшін күрескен қыз
Ана атанбай кеше өлді.

Сыртым ғана жалтырап құр,
Ішім неге күйреген?
Жетім жапырақ қалтырап тұр –
Үрей биін билеген...

2. Үміт биі

Күнтізбеге кірмей қалған
Қасіретті күнім көп...
Жүрегімде гүлдейді арман,
Жұпар атқан гүлім боп.

Желтоқсанда дірдектедім,
Жетім жапырақ секілді.
Жетеді əлі-ақ үр көктемім –
Жаңа маусым кекілді!

Сағаттарға сыймай қалған
Қасиетті уағым көп...
Сорға бізді қимайды Аллам,
Сəттер келер бағым боп.

Басты бұрмай басқа мұңға,
Азаттықты сүйген ем.
Құстар ұшсын аспанымда –
Үміт биін билеген!

14. 12. 2016

ҚЫЗЫҚ ЕМЕС ƏҢГІМЕ



Ырду-дырду, қай дүрмек мынау дүрмек,
Кəстөм киген біреу жүр жыраумын деп...
Қыс та болса біздің түр – жылы шырай,
Тереземде жайнап тұр қырау гүлдеп.



Желтоқсан да думанмен өтті-кетті,
(Кеудемдегі кесек ет тек дір етті).
Жаңа жылды тойладық «бір халық» боп,
«Бір Отан» боп тіледік көп тілекті.



Ескермедік алда əлі боран барын,
Жапырақтардың ұмыттық тоналғанын.
«Нұрланумен» жетерміз көктемге де,
Жолда адасып кетпейік, сол – арманым.



Ақ қар, көк мұз, сары аяз – жалған бəрі,
(Қорқынышты емес-ау қалғандары).
Мəзбіз – бүлік мүлде енді болмайтындай,
Қарға ғана қарқылдар таңнан кəрі...

02.01.2017

ЖАСЫРЫН



Заман мынау – адамды масы қылған,
Жұмбағы көп қорқамын ғасырымнан.
Құдай білер ойымда не тұрғанын,
Əзəзіл бар бойымда жасырынған.



Уайым басқа бұл күнде, алаң өзге,
Көрінбейтін тылсым бар қара көзде.
Енді келіп тығылам өз-өзіме,
Жасырынбақ ойнаушы ем бала кезде.



Басы қалды бабамның дала-қырда,
Жасы қалды анамның жанарында.
Жасырулы сырым бар жүрегімде,
Жасырулы жырым бар қаламымда.



Жұртқа жағар өлеңді жазу да – мұң,
Жасырамын көңілімде қажу барын.
Қадам сайын ажал жүр ізімді аңдып,
Қан-қан болған жасырып азуларын...

27. 01. 2017

ХИМЕРА*

Ғалымдар алғаш рет адам мен шошқаны будандастырды.
Желідегі жазбадан



Құдай басқан қарғыстың таңбасы боп,
Төнді бізге сан қатер, сан қасірет...
Халал менен харамды шатастырдық,
Будандасып тұрған жоқ алғаш рет.



Жақсы менен жаманды шатыстырдық,
Жаратқанға шайтандай жат іс қылдық.
Айтатындай нəрсе емес жаңалық деп,
Бұрыннан бар бұзық қан, тақыс тірлік.



Аңыздарда айтылмыш ескі неме:
Арыстан бас, жылан құйрық, ешкі дене.
Ақырзаман – ғалымнан залым шыққан,
Адам шошқа болған күн ес кіре ме?



Олай да мың адастық, бұлай да мың,
Құрбанына айналдық сұм айланың.
Қайталауды қоймадық содан бері
Ехидна мен Тифонның жын ойнағын.



Қандай едік шынында, əлімсақта,
Бұлдыраған тап келдік сағым шаққа...
Пайда əкелмес қиял да, арман да көп,
Тəнің сақта, адамзат, жаның сатпа!



*Химера - көне грек аңызы бойынша Тифон мен Ехиднадан туған құбыжық.

30. 01. 2017

ҚЫСПЕН ҚОШТАСУ



Қош енді, желді тоқсан, шерлі тоқсан,
Сарсаңға салдың біраз елді көп сан.
Ұмытпай, есіне алып жүрер жұртың,
Басыңа бəдіз-жырмен белгі соқсам.



Ай, шалым, шаршадың-ау, қартайдың-ау,
Көңілде қатып тұрды алты ай қырау.
Түсерсің бүгін – аттан, ертең – тақтан,
Жататын жеріңе кеп жантай мынау.



Дау бар ма, сен кетесің, біз қаламыз,
Су болып ериді əлі-ақ мұз-қалаңыз.
Алдыңнан жарылқайтын жарық күн бар,
Артыңнан шулағанмен ызғар-аңыз.



Аумайды көз жасыңнан соңғы қарың,
Білмеппін соңғы қардың тоңдырарын.
Жас жүрек – жалындаған көктемім ғой,
Өлеңмен мен де нұрлы жол құрадым...

28. 02. 2017

ТӨРТ ЖОЛ ӨЛЕҢ

Пенде болып туғандықтан:

Мехнаты мол тірлік кешіп,

Өзінен зор жүк көтерген

Құмырсқадай бір жандықпын.

Кісі болып туғандықтан:

Ғапылдықпен ғұмыр кешіп,

Ай аманда, күн жарықта

Мың адасып, мың қаңғыппын.

Адам болып туғандықтан:

Арды ойлаумен өмір кешіп,

Жүрегімнің жанарынан

Тамып түскен нұрдан жұттым.

Ақын болып туғандықтан:

Шым-шытырық тағдыр кешіп,

Ғасырлардың төбесінен

Қазанаттай жыр қарғыттым.

21. 03. 2017

ЗИЯРАТ -1
(экспромт)

Жертөлем бар, қылуетім жоқ кірерге,
Сорлы – шайыр, сопылықты ол білер ме?
Құдай жайлы өлең жазу қиын-ақ,
Құдайсынған пендесі көп бұл елде.

Бермедім мен құдайсынған «пірге» қол,
Сорлы – шайтан, Хақтың жолын білмеді ол.
...Ел иесі, жер киесі – өзіңсің,
Бекет Атам, рухыммен бірге бол!

04.01.2017

ЗИЯРАТ - 2

(экспромт)

Жаратқан баста бұл топырақтан Тəңірім,

Жарық деп білдім əке мен шеше тəлімін.

Жұмаққа теңдес мекенді барып көрсем де,

Жырымды неге арнамай келдім əлі күн?

Жүректің пəмі - туған да жерін жырлаған,

Жусаныменен жұпар аңқытып тұр далам.

Жаныма біткен əр қазақ - жалғыз жапырақ,

Жар бола гөрші бəріне бірдей, Пір Бабам!

25.04.2017

ТАНДЫР МЕН ТАҒДЫР

(Бейнеу балладасы)

Қайран шешем нан жабатын тандырға,

Қарамайтын, мейлі, қар ма, жаңбыр ма.

Қарамайтын, мейлі, аяз ба, аптап па,

Қарамайтын... аямайтын тағдыр да.

Қараған жоқ өзіне де ол дұрыстап,

Қалса да ауырып жауырыны құрыстап.

Біздер үшін күлгендей тек күлсе де,

Біздер үшін жүргендей тек тыныстап.

Тəуба қылды – арқалаумен сорын да,

Сауда қылды... ауыр сөмке – қолында.

Жұмыссыздық қос бүйірден қысқанмен,

Аш қылмады – өткен ғасыр соңында.

Ақша болды сатқан наны – базарда,

Ас та болды жапқан наны – қазанда.

Өмір сыйлап, жеті рет жеңген өлімді,

Бірақ... қарсы тұра алған жоқ ажалға.

Ерте кетті... дертті дүние-ай... ерте өшіп,

Жатыр бүгін тандырдай бір төмпешік.

Көңілімнен кеткен сынды көл көшіп,

Тамға барам, жеткен сынды шөл кешіп.

Күндіз – естен, түнде шықпай түсімнен,

Бағыштадым дұғамды оқып ішімнен.

Қайраты оның ыстық еді-ау шоқтан да,

Махаббат пен шапағатты пісірген.

Кеудемдегі сағынышым – қыжым-ды,

Бейнеудегі тандыр... сосын бұзылды.

Тез өткенмен тезек терген сол күндер,

Ана-ғұмыр... соңғы дем боп үзілді.

Қайыр күтпей қайыруысыз тағдырдан,

Өкінішім көп өзекті оттай жандырған.

Ел-жұртыма ұсынатын нан-жырдан –

Мендік жүрек айнымайды тандырдан!

20.04.2017

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар