Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әсия Бағдәулетқызы: Әдебиеттің тамыр соғысы баяу...

09.10.2016 3936

Әсия Бағдәулетқызы: Әдебиеттің тамыр соғысы баяу

Әсия Бағдәулетқызы: Әдебиеттің тамыр соғысы баяу - adebiportal.kz


fdadaaaadf755895ffd7e97354dec630.jpg

Біз өте қызық және қауіпті дүниеде, қайшылықтардың қайнаған ортасында өмір сүріп жатырмыз. Қайда қарасаң – тартыс. Дәстүршілдер мен жаңашылдар, ұлтшыл-патриоттар мен батысшылдар, далалықтар мен қалалықтар, уахабтар мен сопылар, қысқа етек пен ұзын етек… Қабыспайтын көзқарастар, иілмейтін идеялар. Кейде сол топтарда ту ұстап жүргендер де өздерінің кім үшін, не үшін жалаулатып жүргендерін түсінбейтін, тіпті, түсінуге тырыспайтын секілді. Ойлануға да еріншек. Кейбірінікі жалаң ұран, ақылдың аздығы, кейбірінікі ашық сауда, салқын есеп. Қырық-пышақ бөлініс, қым-қуыт қайшылық. Бір-бірін мойындамайды, аңдиды, арыз жазады. Оқ атуға дейін барып жатыр. Енді бір жағыңда әкесін өлтірген, баласына көз сүзген, әйелін өртеп жіберген сілімтіктер.


Еріксіз, есіңізге Достоевскийдің кейіпкерлері түседі. «Ағайынды Карамазовтар» құдайсыздық идея­сы қайда апаратынын көрсеткен еді. Біз қазір адамды өлтіруге рұқ­­сат беретін тас жүрек, догмат Құдай идеясымен бетпе-бет келдік. «Албастылар» социализмді желеу қылған қарақшылардың қанды болашағын болжаған еді. Біз қазір әртүрлі нәрсені сылтауратып, ұрысқа кірген неше түрлі «албастыларды» көріп жүрміз. Тарихтан белгілі, Ставрогиндер түбінде елді оңдырған жоқ. Ал қазіргі, біздің айналамыздағы Ста­врогиндерге тіпті оңай ғой. Қағаз тарату, жиналыс жасау шарт емес. Оларды сарбаздар өздері іздеп келеді, әскерлер лек-легімен өздері қосылады. Қазіргі соғыс, адамның жаны мен ақыл-ойы үшін тартыс фейсбук пен инстаграмда жүріп жатыр. «Публика деңгейіне жетпеген» (Т.Әсемқұлов) тұтынушы халықтың ойлануға мұршасы жоқ. Ойсыздықтан, сараптың жоқ­ты­ғынан әр тудың астына жиналып алып ырылдасып өтіп жатқан өмір. Ал сіз дамыған болашақ туралы айтасыз.


Ойлау, сараптау, ақиқатына же­ту бұқараның құзырындағы шар­уа емес. Әр кезде тіршілік ағымын електен өткізіп, сығындысын ұсы­натын суреткерлер: режиссерлер, суретшілер, жазушылар еді. Қазір болса орыс классиктеріндей «Кім кінәлі?» «Қайтпек керек?» деген сұрақтарға жауап беретін (бол­маса сол сұрақтарды сауатты қоя алатын) құбылыс көре алмай тұрмыз. Былай қарасаң, арсыл да гүрсіл, қайшылықтың ортасы, сүбелі проза жасауға таптырмайтын уақыт. Бірақ әдебиеттің тамыр соғысы баяу. Аға буын берерін берді, өз қатарымыз «күнкөріс қа­мы­мен жүрміз» дейді. Сылтау емес.


Демек, біздің санамыз көзіміз көріп тұрған оқиғаларды сіңіруге шабан. Америкада Цукербергтер мен Сноудендер отызына жетпей бір буынның бет-бейнесіне айналды. Олар туралы кітаптар шығып, кинолар таралып жатыр. Демек, бүгінгі оқиға сүзгіден өтуде. Біз рефлексияға беріліп, ауылда өткен балалық шағымызды еске түсіріп отырғанда заман өзгеріп кетті. Апта бұрынғыдай созылмайды, ай деген сәт қана, жыл деген көзді ашып-жұмғанша. Уақыт зулайды, өмірдің қарқыны да зымырап барады.


1960-70-жылдардағы «деревенская» немесе «ауыл прозасының» заңды мұрагері 1990-2000 жыл­дардағы қала прозасы болуға тиіс еді. Аздаған ұшқындары болды, тенденцияға айналмады. Оянайық, ауылды қанша аңсағанмен, қазақ бұдан былай да урбанизациялана береді. Қаңғып жүрсе де қалада жүреді. Тіпті, қалада ма, ауылда ма – ол да маңызды емес. Ай­тып отыр­ғанымыз – замандастың жан­дүниесіндегі өзгерістер, төң­ке­рістер, қозғалыстар. Орта – оның фоны ғана. Түк жоқ еді демейміз. Жастарда талпыныс бар, осы бағыттағы бірді-екілі шығарманы көзіміз шалды. Бірақ оныңызда зерттеу жетіспейді, кабинетте отырып алып, қызыл сөзді көпіртіп, қиялмен жазғаның қазір ешкімді еліктірмейді. Аға буында Мұхтар Мағауиннің бірер жыл бұрын бестселлер болған «Жармағы» руха­ни май­данның бір шебін көрсет­кен еді. Өзге қаншама тартыс­тар, суасты ағыс­тар бар. Мысалы, Ты­нымбай Нұр­мағамбетовтің «Мешкей» деген повесін еске алыңыз. Мешкейде қазақтың ең нашар қасиеттері қор­далан­ған: қомағайлық, атақ­құмарлық, жалқаулық… Сондықтан, ол тра­гедиялық кейіпкер. Сіз оны осы түк көрмеген, тексіз, мақт­ан­шыл қалпы үшін айыптай да алмайсыз. Тек қана аяйсыз. Материал­дық тапшылық пен рухани жадаулықта дүниеге келуі – оның талайсыз тағ­дыры ғана. Ол оны сұрамаған, одан қашып құтыла да алмайды. Ашқарақтық оның генінде бар. Сондықтан да ол, кенет басына бақ қонып, отырған жерінен мұнай атқыласа да, құлқынын толтыру­дан басқа рахатты білмейді. Басқалар өркені өсіп жатқанда бұл жей берді, жей берді… Ақыры, жарылып өлді. «Әй, байқа, жарылып кетпе». Тынекеңнің ескертуі ғой бұл.


Бірақ бұл қанша жерден ғажап кітап болса да, қаланың қазағы одан айтарлықтай әсерленбес еді. Өйткені, ол, бұл тілді түсінбейді. Ауылдың қазағы тұшынып оқып, кеңкілдеп күліп, жаны жадыраған мәтін қаланың қазағына жат болып қалған. Басқа жұрттың қаласында да, ауылында да бір халық. Бізде екеуі екі ғаламшардан келген сияқ­ты. Қаны мен гені бір болса да, руханияты, құндылықтары, өмір салты мүлде бөлек. Мойындайық, қала мен ауылдың будандасуынан жаңа бір нәсіл дүниеге келді. Біз осы нәсілді зерттеуіміз керек. Өйткені, тартыстың бәрі – соның жүрегінде.


Күдер үзбейміз. Күтіп жүрміз. Достоевскийге сұранып тұрған заманда бізден де бір Достоевский шығатын шығар.



Түп нұсқадағы тақырыбы: "Құндылықтар қайшылығы"


egemen.kz


Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар