Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асқар Сүлейменов пен Бертольт Брехт...

29.12.2017 7466

Асқар Сүлейменов пен Бертольт Брехт

Асқар Сүлейменов пен Бертольт Брехт - adebiportal.kz

FotorCreated.jpg

Келесі жылы Асекең, Асқар Сүлейменовтың қайтыс болғанына 23 жыл толады. Осы уақыт арасында Асекеңнің пьесалары қойылды, үш кітабы шықта, өлгеннен соң болса да, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Сыйлығы берілді. Бұл аз ба, көп пе? Асекеңе лайық па, жоқ әлдеде талпынар биіктер алда ма? Бұл сауалдарға біржақты жауап беруден гөрі, әлдеде ойлана түскеніміз жөн. Асқар Сүлейменовтың тірі кезінде бір-ақ кітабы шықса да, ол жазушылар, зиялы қауым арасында өте танымал болатын. Өйткені, ол өмірін - өнерге, қаламын - қаруға айналдырған тұлға. Бұл тұрғыда оны мансаптың барлық түрін тәрк етіп, тесік бөшкіде тұрған грек ойшылы Диогенмен теңестіруге болады. Ал мұндай аса талантты, бірақ таланттың көпше ұғымына сыймайтын асау тұлғалар бірден аңызға айналып, шынайы болмыстан фольклорлық әлемге сүңгіп кетеді. Сондықтан оларға өз деңгейіндегі бағасын алу өте қиын. Әйтеуір, ірі құбылыс деп топшылаймыз да жүре береміз. Жазушының рухани болмысына, дүниетанымдық ұстанымдарына көңіл бөле бермейміз. Міне, сондықтан біз Асекеңді қанша ардақтасақ та, оған қанша атақ беріп, марапаттасақ та, ол тек біздің оның алдындағы күнәмізді мойындау, бірақ оның рухани әлеміне ену емес. Қазақ сияқты артта қалған аз халықтың, европалық мәдениетке тек 20 ғасырда жеткен халықтың жазушысының болмысы міндетті түрде күрделі болады. Өйткені онда ұлттық қаны бар, бірақ өмір сүру дағдысы өзгерген. Ол енді дәстүрлі қазақ емес, қазіргі заманға сай өркениетті қазақ. Меніңше, Асқар Сүлейменовтың, бір жағынан өте қазақы, екінші жағынан аса европаланған модернисттік шығармашылығын осы қарама қайшылық тудырған. Мұның қайсысы форма, қайсысы мазмұн? Гәп осында.

Асқар Сүлейменвтың шығармашылығы сыншыл шығармашылық. Ол әрбір нәрсенің негізіне жеткісі келеді және сол негіз жалған болса, ол оны қопарып, түбімен жарып жібереді. Бұл тұрғыда оған бәрібір - сен қазақсың ба, европалықсың ба, егер жалған тұлға, жалған құбылыс болсаң, абыройың көкке ұшады. Бұл тұрғыда Асекеңнің бірден бір рухани түп атасы - неміс жазушысы Бертольт Брехт (1898—1956). Брехт алдымен ақын ретінде көрініп, кейін ірі драматургке, театр сыншысына айналады. Антифашист-жазушы ретінде оны Гитлер Германиясы азаматтығынан айырып, қуғындайды. Белгілі драматург біраз жыл Америкада тұрады, тек соғыс біткесін ғана Шығыс Германияға қайтады. Бірақ бізге оның өмірбаянынан гөрі дүниетанымы қымбат. Бұл тұрғыда жас Брехт ол кезде Геманиядағы ең ықпалды мәдени ағым экспрессионизмге қарсы күресте қалыптасады. Бұл Германия мен Австрияда Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған ағым. Егер одан бұрынғы Европадағы басты мәдени ағым импрессионизм болса, экспрессионизм дегеніміз барлық эмоцияны шегіне жеткізу, ашу ызадан жарылу, ішкі дерттен шырылдау. Ал бұл сипаттардың бәрі Асқар Сүлейменов шығармашылығына тән.

Міне, Асекеңде осы экспрессионизм Бертольт Брехт бағытындағы сыншыл, әжуалы рационализммен ұштасқан. Өзімен қатар Толлер, Верфель сияқты экспрессионистермен салыстырғанда, жас Брехт циник сияқты көрінетін және белгілі мөлшерде ол солай болатын. Ол экспрессионистер сияқты бұлдыр түске, түрлі утопиялық арман- қиялға табынбайтын, олардың ахлақтық адами пафосы оған жат болатын. Әрине, бұл арада белгілі бір жаққа шығу қиын. Брехт «Адам жақсылыққа бейім» деген қағидаға күлкімен қарайтын, оны адасу, утопия деп санайтын, ал экспрессионистердің адамның ар- ұятына деген сенімі күштілеу болатын. Бірақ олар сезімге тым берілгесін адамдардың қоғами және жеке қатынастарының нақты мәніне үңіле бермейтін. Өзге жағынан Брехт идеализмнен және экспресионисстердің әсіресеқызылдығынан ада болатын, оның есесіне ол декаденттік аморализмге жақын еді. Бұл ұстаным әсіресе жас Брехтың поэзиясында айқын көрінетін. Поэзиясының алғашқы онжылдығының қорытындысы ретінде ол ироникалық бағыттағы «Отбасылық уағыздар» деген жинағын шығарады. Бұл буржуазиялық әлемге түгелімен қарсылық. Мұндай қоғамда бәрі екіжүзділікке негізделген, ал оның сыртында адамның арам, пайдакүнем, жыртқыш табиғаты жасырынған.

«Отбасылық уағыздар»-дың басты кейіпкері аморалист, немесе ар ұяттан ада болған адам. Ол тек бір ақиқатқа ғана көзін жеткізген: бұлтартпас өлім алдында және бұл пейіші де, тозағы да жоқ өлім, о дүниесіз өлім адам малға тең, яғни оның тірлігінің бар мәні құштарлыққа беріліп, тек ляззат алуға, нәпсіқұмарлыққа ұмтылу.

Өзінің жыртқыш адамына, немесе табиғи адамына Брехт екіұшты қарайды. Оған, әрине, кейіпкерінің тік мінезі, ляззатқа бару жолындағы бетсіз турашылдығы ұнайды. Оның ойынша қылмыскер, немесе зинақор жақшадағы ізгі ниетті буржуадан еш кем емес. Кейін бұл ойлар оның «Арзанқой опера» және «Арзанкой романында» өзінің шегіне жетеді. Алайда, Брехтың кейіпкері ең болмағанда екіжүзді емес, ешкімді алдамайды. Және шынымен де осындай алқаған өмірқұштарлық еш өмірлік қуаты жоқ, қатып- семген тақуалықтан жақсы емес пе?

Сол сияқты Асқар Сүлейменов үшін де адам шығармашылығындағы және болмысындағы ең қымбат нәрсе - шындық. Ол, тіпті, бір сөзінде Тәңірінің бір аты шындық дейді. Және ол өз өмірін де, шығармашылығын да тек шындық жолымен жүріп, шындық айтуға арнаған. Бұл тұрғыда ол Брехт сияқты нәпсіқұмарлық және бұзықтық әлемін суреттемесе де, ең қиын нәрсеге барады, ол - жеке тұлғаның жыртқыштай айбынды тоталитарлық жүйеге қарсы тұруын қуаттау және суреттеу. Шындыгына келгенде, Асқар Сүлейменов қазақ әдебиетінің ерекше мумкіндігі еді. Егер ол кездегі бүкіл отандық әдебиетіміз, тіпті А. Солженицын мен III. Айтматовқа дейін кеңес дәуірінің запыранды мәдениетінің жасанды жемісі болса, Асекең бірінші қадамымынан бастап ұлттық және әлемдік құбылыс ретінде көз шағылыстырды.

Себебі, ол өзінің ұлттық болмысынан қашқақтамады. Аристотельдің пайымдауынша, болмыс өз-өзін алуан түрлі әйгілейд. Кейде осындай әйгілену барысында кейбір халықтардың, әсіресе, құрып кету қаупінде тұрған, ұлттық болмысы ерекше мән-мағынаға ие болады. Батыс Еуропаның философиясында мұндай жағдайды экзистенциальная ситуация дейд. Таратып айтсақ, Өмір мен Өлімнің шайқасы. Бұл 20 ғасырдың бірінші жартысында жаңа пайда болған экзистенциализм философиялық ағымының басты қағидасы еді. Егер экспрессионизм философиялық тұрғыда қараңғыда жол іздеген соқыр сенім болса, ал кейін марксист боп кеткен Брехт марксизм мен бірге үлкен тоталитарлық жүйеде адам өмірінің маңызын жоғалтып алса, экзистенциалшылдар, мысалы, Хайдеггер, Сартр, Камю тек жеке адамның өмірін маңызды санап, оны метафизикадан да, тоталитарлық жүйеден де бөліп алып, жеке қараған. Өйткені адамға ешнәрсе аспаннан түспейді, ол өзін өсіп- өну барысында қалыптастырады. Тек әрбір жеке санада жаңғырыққан әлем бар, басқа әлем жоқ. Сондықтан Сартр айтқан: «Существование предшествует сущности», яғни бар болу мәннен бұрын болмақ. Егер адам бұл дүниеде бар болмаса, онда қай мән-мағына болады. Мән адамның түрлі жағдайларға түсуіне, түрлі қарым-қатынастарына байланысты пайда болады. Соның ең шешусісі - Өмір мен Өлім текетіресіндегі адам. Өйткені, адам өлу үшін туады. Өмір - уақыт туындысы, яғни ол өткінші. Демек, әрбір адам дер кезінде өз таңдауын жасауға тиіс. Таңдауды сен жасамасаң, оны сен үшін біреу жасайды. Камюдің айтуынша, тіпті өмірден бас тартудың өзі - таңдау. Әркім ойлануға тиіс: сүріп жатқан өмірім өмір деуге тұрама? Сондықтан экзистенциализмнің адамы тек өз күшіне сүйенген, құдайдан да, шайтаннан да қолдау дәметпейтін тек өз қалауымен, өз таңдауымен жүрген адам.

Осы біз айтқан экзистенциализм бағытында Асекеңнің өз тұжырымы бар. «Кек» деген жинағының 707 бетінде ол былай дейді:

Уақыт енеді. Адамға да, қоғамға да, мемлекетке де енеді. Енеді де ұя салады… бірақ кетеді бір күні, бір сәтте кетеді, ұшады, құриды. Ал адам мен қоғам қалады. Адам қалды, бірақ уақыт өтті. Қайда кетті ол уақыт? Адамың міні, ал оның өзі иемденген, өзі ен салған, оның өзімен тіл табысқан өз уақыт мерзімі оқпан құрдымға құрыды. Дәл осы жерден адамның екі ұдай тірлігі басталады: жаңа уақыт түсі суық басқа уақыт боп келеді де, адам онымен қабақ астынан ұғыса алмайды.

Немесе, үш беттен соң Асеке былай дейді:

Ажал келмейді. Ажалға барасың. Барған бетте ауденция береді.

Міне, бұл нағыз экзистенциализм философиясының тұжырымы. Бұл, біріншіден, Асқар Сүлейменовтың өз болмысын ашады. Өйткені, оның бар өмірі - ажалға бару, сондықтан ол ешкімнен қорықпайды, ешкімге бас имейді. Екіншіден, осы тектес философиямен оның бүкіл шығармашылығы суарылған.

Мысалы, «Бесатар» повесінде қазақ даласындағы 1916 жылғы көтеріліс ұлттық опат ретінде пайымдалынып, жеке адамның жеке трагедиясы ретінде берілген. Бұл көлемі жағынан онша ауқымды емес шығарма, қай жағынан келсеңіз де, тұнып тұрған жаңалық еді! Біріншіден, бұл идеологиялық әдебиетке, саясаттанған мәдениетке қарсы жасалған әдемі жест болды. Тіпті, рухани еркіндіктің жарқын үлгісі дейікші. Екіншіден, ұлттық намыстың табиғатын ашып берді. Егер өмір дегеніміз буырқанған теңіз болса, ұлт - опатқа ұшыраған кеменің қаңқасы. Әр адамның азаматтық міндеті: осы қауқарсыз, ілдім-жұлдым негізге сүйене тұра, адамдық дәрежеңді жоғалтпау, айла-шыдам, ақыл-парасатыңды асыру, кектене білумен қатар, кемелдене білу.

Бәрімізге белгілі, Алаш көсемдері 1916 жылғы халық көтерілісін қолдамады, халықты тыныштыққа, бейбітшілікке шақырды. Бірақ, ол жарылған жанартауды бесікке бөлеумен бірдей еді.

Асекеңнің көрегендігі, ол өзінің кейіпкерін әйгілі Данте шығармасындағыдай тозақтың тоғыз шеңберінен өткізеді, көп иллюзиядан арылтып, көп нәрсеге көзін ашқызады. Соның ең бастысы, қазақ оқымастыларының ішкі қайшылыққа толы дүдәмәл болмысын ашып береді.

Бұл шынымен әлі күнге дейін маңызын жоғалтпаған үлкен мәселе емес пе? Кезінде ұлы Абайдың өзі «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінде осы мәселені ең ашық түрінде қойған жоқ па? Асекең де бұл мәселеге Абайша нақты келеді. Егер оқымыстылардың шығу тегі халық болса, олар неге кейін өз халқын жатырқап, місе тұтпай, менменси бастайды? Оқу мен білімнен шығарған нәтижесі сол болғаныма? Әлде, бұл жігіттер оқуға түспей жатып, басқа мақсат қуып кете ме? Сонда олардың шыққан тегі, туған топырағы алдында кім болғаны?

Ең жалпы түрде, бұл сауалдарды былай түйіндеуге болады: отарланған халықтың зиялысы іс жүзінде кімге қызмет етеді отарлаушыларға ма, отарланғандарға ма?

Ең ғажабы, Асекең үшін кіндік қаны тамған туған жерден қадірі биік ештеңе жоқ. Сондықтан, ол отарлаушылардан жақсылық күтетін әріптестерінен шошынады. Сәруардың ойына енді Абайдың бір өлеңінде келтірілетін «Жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар» деген мақал орала береді. Әрине, бұл жолдардың Абай өлеңіне кіруі тегін емес. Жан азабында бұратылған Сәруар да осы тіркесті дұғадай қайталай береді. Бұл оның бұрынғы бүкіл тіршілігінен түңілгені, ешбір ауа кірер тесігі жоқ тығырыққа тірелгенін мойындағаны еді. Енді ол өзін құрбандыққа шалынар тоқтыдай сезінеді. Өлгісі келмейді, бірақ өлуге тиіс екенін түсінеді. Және осы құрбандық жолынан қашқысы келмейді. Себебі, өзін тірі өлік сезінген адамға өлім жаза емес, арылу. Міне, Сәруар мен автордың жеткен жері осы: қазақ тіршілігінің жағдайында әрбір адал интеллигент өлім үкіміне кесілген тірі құрбандық. Онда орта жоқ, тіреу жоқ. Ол отаршыларға қалай жат болса, сол деңгейде өз халқына да жат. Бірақ тек осы жалғыздық пен құрбандық жолына көнген нар мінез, бура көңіл тұлғалар сол халыққа жаңаша дем бітіре алады. Ұлттық жаңаруды да бастайтын осылар, себебі, ұлттық жаңару әр адамның жеке жаңаруынан басталады.

Жалпы, Асқар Сүлейменовтың шығармашылығын адам рухындағы жабайылыққа қарсы жаугершіліктегі гуманизм деп атауға болады.

Ал егер Асекеңнің драматургиясына келсек, ол да Брехт сияқты өз театрын жасаған адам. Және оның театрын да эпикалық театр деп атауға болады. Өйткені ол, бір жағынан, көне грек театрынан нәр алса, екінші жағынан, қазақтың шындықсүйгіш эпикалық дәстүрінен нәр алады. Сонымен, енді нақты талдауға көшсек Асқар Сүлейменовтың триптихы «Жетінші палата», «Қыздай жесір - штат қысқарту», «Төрт тақта – жайнамаз» деген үш драмадан тұрады.

Біріншісінің кейіпкерлері - алкогольден емделуші науқастар, екіншісі - Перестройка заманындағы жалған көңіл қосу трагедиясына арналған, үшіншісі - әлеуметтіліктің шегіне ысырылған, немесе, тірідей өмірден өшірілген шалдар туралы қаралы жыр. Ал жалпы алғанда бұл триптихтың кейіпкерлері - өз елінде бұратанаға айналған қазақтар.

Автордың ойынша, мұның субъективті де, объективті де себептері бар. Және оның ең бастысы: ұлттық сана-сезіміміздің бюрократтар билігі арқылы өз-өзіне жаттануы. Өйткені біздің биліктің кез келген түріне адалдығымыз сонша, одан өзге өз тірлігі бар, тірі, өміршең нәрсенің бәрін сатып болдық, дейді автор. Бұл тек парақорлық пен жаппай жалғандықтан тұратын әлемде өз қадірін жоғалтқан ұлттың рухани азғындығына қойылған диагнозы еді.

Сөйтіп, прозасы туралы айттық, драматургиясын талдадық, енді Асекеңнің «Шашылған тіркестер» деген афоризмдер циклына көшейік. Біздің жазушылар әлі күнге шейін тек көлемді шығармаларды ғана сыйлайды. Бәрі Гомер, Фирдоуси болғысы келеді. Ал нағыз шығармаға көлемді болу міндетті емес. Жапонияда бір-екі-үш хайкуымен тарихта қалған ақындар бар. Сол сияқты, Асекеңнің афоризмдері оның философиялық кредосын ашатын айтулы шығарма. Формасы жағынан ол Паскаль, Шопенгауэр, Ницше, Василий Розанов ой машығында жазылған әрбіреуі жеке туынды сияқты тіркестер. Асекең Паскаль сияқты дінсіз діндәр, Шопенгауэр сияқты ғажап эстет, Ницше сияқты асқан тұлға немесе сверхчеловек, және Розанов сияқты жазушылығы мен ойшылдығы жарасқан эссеист. Ал егер қазақ топырағына келсек, Асекеңнің эссеистикасы Абайдың қара сөздерімен жаңғырыққандай әсер қалдырады. Екеуі не туралы ойласа да, аржағында қазақтың қамы тұрады, немесе, қазақтың мүддесі. Бұл туралы Асекең бір тіркесінде былай жазған:

Екі ғасырдың жүзі молынан өтті – біз өзі ұранның, бұйрық боп жеткен ұранның этносы боп алдық; алып келдің, барып келдің этносы боп алдық; болыс болған Күлембай сияқты сонымызды және мақтан тұтар боп алдық. Туасы, өзі жұмсап үйренбеген өзінің жұмсалғанын өнер деп ұғады.

Осы тұрғыда Асекеңнің әсіресе қазақ интеллигенциясына көңілі толмайды.

Интеллигенция халықтың белінен тамған задасы болса, ол да, әрине, бел-бесік, тас-тұғыр, жаялық-жайлауынан әлдебір болымсыз «нақ-нақтарды» алмай тұра алмайды. Алай да алу бар да, сол шеңбердің шідерінде қалып қою бар. Қас интеллигент үзеді. Көсеулігін тастап, көсемдікке барады.

Міне, Асекең осы қағиданы жастайынан түсініп, таптаурын қазақылықтың шідерін үзген тұлға. Өйткені оған жаңа қазақылық, шабытты қазақылық, асау қазақылық керек болды. Өйткені:

Тірлік кешкен адамның сол тірліктен жалғыз ғана арттырып алып кетері – жат тізені кеудесіне шығармау.

Бұл тұрғыда кімнен үйренсең, де өнерлі болуға тиіссің. Өнер - қару, дүниені өзгертетін қару.

Асекеңе тағы бір сөз берсек:

Өмір – тән, өнер – жан; тән тұншыққанда – жан шыңғырады.

Бұл Асекеңнің өмірлік және өнердегі кредосы, немесе иманы: өнер алауы арқылы оқырмандарда қайсарлық отын тұтату. Бұл тұрғыда Асқар Сүлейменов Шығыстан гөрі, Батыстан көп үйренген. Ол өзі қожа болса да; Құранды ғажап білсе де, исламшыл Мұстафа Шоқайға емес, батысшыл Әлихан Бөкейхановқа ұқсайды. Батыста оған ең ұнайтыны, олардың еркіндікті культ етуі. Ал егер бұл ұғымға келсек, Асекеңнің шығармашылығы түгелімен тек еркіндік патшалығы. Бұл туралы ол бір тіркесінде де жазған:

Тәрбиенің еркіндігі, еркіндікпен тәрбиелеу, еркіндікті тәрбиелеу – бұлар транзистордың антеннасындай бірінен бірі шығатын ұғымдар.

Ең қызығы, Асқар құбылысына ұлттық топырағымызда аналогия іздесек, Асекең - Абайдың, Алихан, Мағжан сияқты Алаш титандарының табиғи жалғасы сияқты. Кеңес Одағы болмағандай, ұлттық рух, мәдени мұраластық үзілмегендей.

Міне, осы тұрғыда Асекеңді қазақ экспрессиозмінің негізін қалаушы деуге болады. Ал егер оның анықтамасына келсек, ол ең бірінші, отаршылдыққа қарсы, ал оданда бұрын рухани қауқарсыздыққа, намыссыздыққа қарсы, тек текті еркіндіктен өзгені мойындамайтын қазақы нақышы бар экспрессионизм. Ал егер философиялық тұрғыдан алсақ, Асқар Сүлейменов Хайдеггер бағытындағы ұлтшыл экзистенциалист, біздің топырақтағы осы ағымның негізін қалаушы.

Ал мен енді осымен тақырып жабық деп жариялаудан аулақпын, мен, керісінше, әңгімені «Асқар Сүлейменов шығармашылығы» деген осы тақырыпты ашу үшін бастадым. Еркін ойлайтын оқырмандар көбейген сайын, жалғасы әлі болар деп ойлаймын.

15.12.2015.

Әуезхан Қодар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар