Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Астанада «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің тұсаукесері өтті (фото, видео)

27.02.2019 1473

Астанада «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің тұсаукесері өтті (фото, видео)

«Нұр Отан» партиясының мерейтойлық съезіне еліміздің барлық аймақтарынан келген делегаттары «Алтын тақ» тарихи туындысының алғашқы көрермендері болды. «Қазақ хандығы» киносериалының екінші маусымы кинонұсқасының тұсаукесері Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтті. Тарихи туындының авторы – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Фильмді көрермендер ерекше ықыласпен қабыл алды.

Тұсаукесер барысында кинотуындыға қатысқан шығармашылық құрам мен актерлер қызыл кілеммен жүріп өтті.

Тұсаукесер салтанатын ашқан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ««Қазақ хандығы» киножобасы Елбасының бастамасы бойынша қолға алынды және халықтың рухани жаңғыруына бағытталған. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетті, ұлттық кодты сақтай білу. Олар сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтындығын атап өткен болатын. Фильмде тарих қана емес, көшпенді халықтың бай мәдениеті, оның тыныс-тіршілігі бейнеленген. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер фильмде көрініс тапқан», - деп атап өтті.

Көп сериялы фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Екінші маусымның оқиға желісі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін таласы айналасында өрбиді. Бұл қазақ хандығындағы ең күрделі кезеңдерінің бірі.

Фильмнің режиссері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдірашов. Ол «Құрақ көрпе», «Қаладан келген қыз», «Сталинге сыйлық», Елбасы жолы киноэпопеясының: «Балалық шағымның аспаны», «От-өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» және «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» атты кинотуындыларының авторы.

«Қазақ хандығы» сериалының бірінші маусымы отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хаттар келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталастар мен сындар да болды. Халық тарапынан осы жобаның жалғасын түсірсе екен деген тілегін аңғардық. Бұл біз үшін өте маңызды», - деп атап өтті фильмнің режиссері Рүстем Әбдіраш.

10 сериядан тұратын тарихи сериалдың екінші маусымының сценарийін жазуға бірінші маусымның авторлары Тимур Жақсылықов, Смағұл Елубай, Рүстем Әбдірашов қатысқан. Ал жобаның авторы – ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев.

Тарихи киноның түсірілімдері Алматы облысында мамырдың басында басталған. Кейінірек түсірілім тобы Түркістан облысында орналасқан «Елтай» ауылы маңындағы «Иір су» жайлауына ауысқан. Түсірілім тобы режиссер Рүстем Әбдірашевтің бастауымен Керей мен Жәнібек хандардың тұрағын – төрелердің ауылын жасап шыққан. Шайбандар мен Қазақ хандығының үлкен ұрыс сахнасы да жайлауда түсірілген.

Сонымен қатар, түсірілімдер Қазақстанның тарихи қалалары – Тараз және Түркістанда өткенін фильмнің продюсері атап өтті.

«Екінші маусымның аты айтып тұрғандай «Қазақ хандығы. Алтын тақ». Қазақ хандығындағы ең бір күрделі кезеңдердің бірі. Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін тақ таласы. Бұл маусымда тақты, Ақорданың астанасы Сығанақты қайтару сынды маңызды оқиғалардың айналасында өрбиді. Бірінші маусыммен салыстырғанда бұл әрине әлдеқайда қызықырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп болады. Көрерменге қызықты болады деген ойдамын», - деді фильмнің бас продюсері Арман Әсенов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты жасалған сериалдыңбірінші маусымының телевизиялық тұсаукесері 2017 жылдың наурызында өткен болатын. Сондай-ақ, сол жылы қаңтар айында «Алмас қылыш» атты кинонұсқасы жалпыұлттық прокатқа шыққан болатын. Ал прокатқа «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмі биыл наурыз айында шығады.

Қоюшы-режиссері: Рүстем Әбдірашов
Сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов, Рүстем Әбдірашов
Қоюшы суретші: Мұрат Карипов
Қоюшы операторлары: Сапар Койчуманов, Александр Плотников
Костюм жөніндегі суретші: Ажар Әубәкірова
Художник по гриму: Сергей Маурин
Бас продюсері: Арман Әсенов
Композиторы: Әбілқайыр Әбдіраш
Редакторы: Ерлан Төлеутай
Басты рөлде: Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Мадина Есманова, Ғазиза Тілеубай, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Фариза Ескермесова, Әшілер Сүлейменов және басқалар.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар