Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Астанада түрік пианисі Тулуйхан Уғурлуның концерті...

16.09.2016 2720

Астанада түрік пианисі Тулуйхан Уғурлуның концерті өтпек

Астанада түрік пианисі Тулуйхан Уғурлуның концерті өтпек - adebiportal.kz


Баршамызға мәлім болғандай, 2016 жыл ЮНЕСКО тарапынан әлемдік деңгейде халықаралық «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жарияланды. Осы атаулы оқиғаға орай, Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы қазақстандық өнер сүйер қауымға үлкен тарту жасамақшы. Түрік мәдениет орталығы, Түркияның Қазақстандағы елшілігі және Қазақ Ұлттық өнер университетінің қолдауымен әлемге танымал түрік пианисі Тулуйхан Уғурлу Ясауи бабамызға арнап жазған шығармаларын орындап, Қазақстанда екі концерт береді. Концерт Астанада басталып, қасиетті Түркістан қаласында жалғасын таппақ.

Тулуйхан Уғурлу.jpg

Концертте 850 жыл бұрын қазақ даласында дүниеге келген Қожа Ахмет Ясауи көрерменге музыка тілімен танытылады. Сахна көріністері қазақ және түрік тілдерінде қатар ұсынылады. Батыс әлі қараңғылықтың түнегінде жатқан кезде бабамыз алға тартқан «ойлану және еңбек ету – ғибадат» философиясының Селжұқ және Осман императорлығы кезеңіндегі мәдениет, мемлекет және дін жүйесіне жасаған ықпалы сахнада орын алады.


1965 жылы Ыстамбул қаласында дүниеге келген Тулуйхан Уғурлу 4 жасынан бастап Ыстамбул консерваториясында білім алып, 7 жасында жоғары музыка білімін шетелде жалғастыруға мүмкіндігін алған. Кейін Вена музыкалық академиясын тәмамдады. Оның жанды дауыс концерттері жазылған Go With God және Kutsal Kitaplardan Ayetler («Тәңірмен бірге» және «Киелі кітаптардан аяттар») атты алғашқы екі альбомында, өзі сүйіп тыңдайтын композитор Бахтан шабыт алып, наным-сенім тақырыптарын қозғаған.


1996 жылы Түркияда İstanbul Kanatlarımın Altında (Ыстамбұл құшағымда) атты фильмге жазған музыкасымен есімі елге танылды. Тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленген Тулуйханның туындылары түрік классикалық музыкасында тұңғыш рет симфония оркестрін, мехтер тобымен (ұлттық әскері аспаптық топ), түрік музыкалық аспаптары мен пианиноны бірге үндестіріп жаңа түр қалыптастырды.


Тулуйхан Уғурлу 2003 жылдан бастап, классикалық музыка әлемінде алғашқылардың бірі болып тыңнан түрен салды. Ол концерттерін залдарда емес, альбомдық концерттерін 250-ден астам түрлі тарихи мекенде өткізген. 2006 жылы Dünya Başkenti İstanbul (Әлемнің астанасы – Ыстамбұл) атты альбомы жарыққа шыққан.


Тулуйхан Уғурлы Ясауидің туған жерінде және астаналық көрермендер алдына шығып ғұлама бабамызға арнаған шығармасын орындау өзін қатты толқытатынын тілге тиек ете отырып, былай дейді: «Жырақта бір ғұламаға арнап шығарма жазасыз және оны сол ғұламаның туған жеріне барып орындайсыз. Бұл дегеніңіз – сөзбен жеткізіп айтуға болмайтын бір бақыт! Қазақстан, Ясауидің жүріп өткен жерлері, Түркістан және Шымкент мен үшін өте қымбат әрі қасиетті орындар болып саналады. Бұл жерлерді барып көру – борышымыз, баршамыздың міндетіміз».


Тулуйхан Уғурлу, «қазір Түркияда қалыптасқан ауыр кезеңде қолдау білдірген, сөзіне берік бауырлас ел Қазақстанда өнер көрсету – өзін ерекше көңіл толқынысына бөлейтінін» жеткізді.


Ясауидің философиясына қатысты көзқарасын музыкант «Ағартушылық үдерісі алдымен бізде, ал Батыста бізден кейін бастау алды. Яғни, елдің түсінігіндегідей әлем Ренессанс дәуірінен бастап қайта жаңғырығып өрлемеді. Әлем Азиядан Анадолыға, Анадолыдан Балқандарға қарай шашқан сәулесімен түледі, өрледі. Ахмет Ясауи түркі халықтарына ең қарапайым және ең дұрыс жолмен Исламды танытты. Ясауи жолы Селжұқ мемлекеті мен Осман империясының негізгі идеясына арқау болды. Сондай-ақ өзінен кейінгі білім және дін адамдарының көшбасшысы бола білді. Селжұқ және Осман империясының қарапайымдылығы, даналығы, күш-қуаты мен жетістігінің түп негізі Ясауи жолымен сусындауында жатыр. Қожа Ахмет Ясауи ер мен әйел теңдігін дәріптеген, әркім өз жанын өзі баққаны жөн деген, ол – «білім – адамды Аллаға табыстырған және болмысты біліп жаратушыны тануды қамтамасыз етер жол» екендігін жеткізген ұлы тұлға. Сондықтан, бұдан былай ең алдымен өз төл құндылықтарымызды қайтадан ұлықтап үйренуіміз керек деген ойдамын. Бұл ұзын жолда атқарылатын қыруар іс бар. Бұл істің іргетасы мен түпқазығының бірі – Қожа Ахмет Ясауи», – деп түйіндейді.


Иә, Ахмет Ясауи мың жыл бұрын қалдырған пікірлерімен әлі күнге дейін арамызда, біздерді ойға жетелейді. «Ойлану және еңбек ету – ғибадат».


Астана халқы мен қонақтарын Тулуйхан Уғурлуның соло концертін тамашалауға шақырамыз! Кіру ақысыз!


Күні: 20 қыркүйек 2016 ж., сағ.: 19.00

Қазақ ұлттық өнер университеті («Шабыт» ғимараты), Астана қ.


Күні: 22 қыркүйек 2016 ж., 

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан қ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар