Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Астанада Жұмекен Нәжімеденовке арналған әдеби кеш ...

14.12.2015 6097

Астанада Жұмекен Нәжімеденовке арналған әдеби кеш өтті

Астанада Жұмекен Нәжімеденовке арналған әдеби кеш өтті - adebiportal.kz

Бүгін Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханада қазақтың ұлы ақыны, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Әнұраны мәтінінің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 80 жыл толуына орай «Тәуелсіз елдің жыр жұлдызы – Жұмекен» атты кеш өтті.


be505c5e55af0be5fbc2ae079b665874.JPG


Әдеби кештің мақсаты – қазақ поэзиясының кемеңгер тұлғасының терең шығармалары арқылы жастардың ұлтжандылық сезімін ояту, елін, жерін, туған тілін сүю – Отан алдындағы қасиетті борыштары екендігін ұғындыру.


DSC_5152.JPG


Кеш барысында Жұмекен Нәжімеденов туралы естеліктер айтылып, автордың шығармалары және ол кісі сүйіп тыңдаған әндер мен күйлер орындалды.


DSC_5161.JPG


Кешті жүргізген философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім.

 Ғарифолла Есім ақын туралы естеліктерімен бөлісіп, шығармаларындағы терең философия туралы шағын баяндама жасады.

«Мені Жұмекенге жақындататыны – бұл кісінің поэзиясындағы философиялық терең ойлары. Өзім Абайды, Шәкәрімді жазып жүрген адаммын. Маған ақын қиын болған сайын қызықтыра түседі. Ауырлау жазған ақындар жаныма өте жақын. Өйткені оларды ауырлатып тұрған жалғыздық, ақыл, сезім, жүрек, көңіл, ұят, қиял, үміт, тыныштық деген сияқты толып жатқан асыл ұғымдар бар. Біз философияда айтып түсіндіре алмай жатқан осындай ұғымдарды Жұмекен сияқты ақындар сапырып-сапырып өте береді», - деп атап өтті ол.


DSC_5181.JPG

ҚР Парламентінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Ж. Нәжімеденов мәтінін қазған «Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихын, оның Әнұранға айналу тарихын жиналған қауымға әдемі жеткізді.


«Нұрсұлтан Назарбаев «Менің елім» әнін Әнұранға айналдыру мәселесі бойынша көп ойланып-толғанды. 2005 жылы Елбасы Парламентте осы мәселені көтеріп, «осыны қараңыздаршы, қалай болады» деген ұсыныс жасады. Сосын Жұмекен Нәжімеденовтің жары Нәсіп Мұстахқызымен хабарласып, кейбір жолдарын заманға сай өзгертуге рұқсатын алды. Сол кезде Нәсіп жеңешеміздің өжеттігі болар: «Егер сол сөздерде өз қолыңызбен өзіңіз өзгертулер енгізсеңіз ғана келісемін», - деді Елбасыға. Міне, осылайша қазір көк аспанымызда әуелеп тұрған Нәжімеденов, Қалдаяқов, Назарбаев үштігінің жүрегін жарып шыққан Әнұранымыз өмірге келген еді», - деді депутат.


DSC_5191.JPG



DSC_5206.JPG


DSC_5245.JPG


DSC_5305.JPG


DSC_5219.JPG


ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов ертең Атырау қаласында Жұмекен Нәжімеденовтің үлкен ескерткіші ашылатынын айтып, жиналған жұрттан сүйінші сұрады. Бұл да болса ақынның есімін мәңгі тарихта қалдыру жолындағы бір белесі деп білеміз.

Келесі сөз кезегін алған белгілі ақын Есенғали Раушанов та Жұмекен туралы ойларымен бөлісіп, көрерменді бір серпілтті.


DSC_5236.JPG


«Жұмекен ағаның кезінде де, қазіргі біздің қоғамымызда да көп аурулар бар. Солардың бірі жершілдік пен рушылдық болса, кеше Президент Назарбаев өзінің теледидарға берген сұхбатында бұл туралы ерекше тоқталып айтты. Бұл індет Жұмекен тұсында да болып еді. Міне, осындай нәрселерге қарсы шыққан біздің Жұмекен ағамыз еді. Бұл кісіні таза ақын дейтініміз сол. Ол бір өлеңінде айтады:

Осынау кеудемдегі кішкене бас,

Үп-үлкен дүниенің сырына алаң.

Әрине, ауызбен айта беруге болады, бірақ осындай керемет өлеңдер жазу көп ешкімнің қолынан келе қойған жоқ.

Жұмекенде 4 қабырға болды. Үйдің төрт қабырғасы сияқты... Бір қабырғасы – ұят, бір қабырғасы – иман, бір қабырғасы – обал, бір қабырғасы – сауап. Обал, ұят, иман, сауаптан тұратын еді оның поэзиясы.

Осы күнге дейін қазақтың оны сүйетіні, құрметтейтіні сол үшін деп білемін», - деді Е. Раушанов.


Кеш соңында ақынның жары Нәсіп Мұстахқызы Ж. Нәжімеденовтің шығырмашылығын насихаттауға үлесін қосып жүрген азаматтарға алғысын айтып, батасын берді.


DSC_5297.JPG


«Елбасымыздың көрегендігінің арқасында Жұмекен елеп-ескеріліп, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері болды. Ол Жұмекен үшін емес, ол кейінгі жастар үшін жасалған іс.


Тағы бір айта кетерлігі, келесі жылы Әнұранның нагізі салынғанына 60 жыл толады екен. Соған байланысты, Нұрсұлтан Әбішұлына, Шәмші Қалдаяқовқа, Жұмекен Нәжімеденовке «Халық қаһарманы» атағын неге бермеске?!» - деген ұсыныс-тілегін де айтты. 



Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар