Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Асылбек Байтанұлы. Зейнелғабиден Әміреұлы трактатт...

07.06.2019 4418

Асылбек Байтанұлы. Зейнелғабиден Әміреұлы трактаттарындағы жаңашыл ойлар

Асылбек Байтанұлы. Зейнелғабиден Әміреұлы трактаттарындағы жаңашыл ойлар - adebiportal.kz

ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында Еуропа мен АҚШ, Жапония қатарлы елдер білім мен ғылымды жолға қойып, техникалық жетістіктер жарату арқылы қарыштап даму жолына түсті. Бостан елдер мен бодан ұлттардың арасындағы қоғамдық өркендеп жетілу деңгейі барынша алшақтап, әсіресе, ислам әлемі күш-қуаты, өркенитетегі жетекшілік тұрғысында анық артта қала бастаған кезең. Бұл дағдарысты күйден ислам, оның ішінде түркі әлемін құтқару үшін прогресшіл тұлғалар өз идеяларын ұсынып, жүзеге асыруға талпынды. Солардың бірі – қырым татары Ысмайыл Ғаспыралы (Исмаил Гаспринский) бастаған жәдидшілдік болатын. Жәдидшілдіктің мәні – ислами білім беру, әдет-ғұрып жүйесіндегі ескішіл қасаң қағидаларды заманға сай реформалап, адамзат қоғамының дамуына лайықты ілесіп, үлес қосу еді.

Патшалық Ресейдің түркі-мұсылмандық қоғамы арасында кеңінен тараған бұл идея, нұсқаның нәтижесінде жаңа тұрпаттағы медреселер туып қалыптасты. Олардың оқу мазмұнында, оқыту әдістемесінде үлкен өзгерістер жасалды. Мұндай білім ордалары сол кезеңдегі ресейлік ислам жұртының руханият орталықтары Қазан мен Уфада, Бұқара мен Самарқанда шоғырланды. Бұл медереселерде қазақ шәкірттер де көптеп оқыды. Бұдан өзге, Ресейдің түрлі арнаулы орта, жоғары оқу орындарында түрлі мамандықтар бойынша оқыған жастардың саны біртіндеп арта түсті. Дәл осы кезеңде қазақ интеллигенциясы қалыптасып, ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға кірісті. Іргелі білім ордаларын бітірген соң елге келіп, мектеп, медресе шәкірт тәрбиеледі.

Солардың бірі – Уфадағы «Ғалия» медресесінің түлегі Зейнелғабиден Әміреұлының (Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи). 1881-жылы қазіргі Ресейдің Омбы облысы Москален ауданы Саға атты ауылда дүниеге келіп, қазіргі Қазақстанның Ақжар ауданы Сиыршы ауылында 1920 жылы өмірден өткен Зейнелғабиден Әміреұлы – жаңашыл ұстаз, дін қайраткері, қаламы қарымды журналист.

Өмірден мезгілсіз ерте озса да соңында өшпес із қалдырған Зейнелғабиден Әміреұлының өнегелі ғұмыры мен шығармашылығы туралы әлі күнге дейін кеңінен насихатталып, жазған еңбектері толық жинақталды деп айта алмаймыз. Зейнелғабиден Әміреұлы Сиыршы аулында өзі ашқан мектебінде төрт-ақ жыл сабақ берген екен. Осы мерзімде ұстаздың алдынан тәлім алып үлгерген шәкірттерінің арасында ұлт қайраткері Смағұл Сәдуақасов, көрнекті филолог ғалым Ғайнетдин Мұсабаев, Қазақстан Жұмысшы-шаруалар инспекциясының төрағасы болған Хабиболла Әмрин, Үлкен, Кіші Қараой өңіріне танымал халық ұстазы Сабыр Мәліков қатарлы белгілі тұлғалар бар.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Зейнелғабиден Әміреұлы ХХ ғасырдың басында жарық көрген «Қазақ» газеті мен өзге де мерзімдік басылымдарға қоғамдық проблемаларды көтерген алуан тақырыптағы мақалалар жолдап жариялатып отырған және күні бүгінге дейін жинақталып, жарық көрген алғашқы басылымдарға зерттеу жасау, жеке адамдар мен отандық, шетелдік мұрғаттарда сақтаулы газеттер мен журналдарды іздестіріп табу – ертеңгі күні атқарылар іс ретінде қалып отыр.

Зейнелғабиден Әміреұлының қазірге дейін қолымызда бар ең үлкен еңбегі – 1909 жылы Уфадағы «Шарх» баспасынан жарық көрген «Насихат Қазақия» атты трактаттар жинағы. Небәрі 38 беттен тұратын бұл шағын кітапшаға алуан тақырыптағы 9 трактатпен қатар, Абай Құнанбайұлының бірнеше өлеңі мен Сәдуақас Шорманұлының екі өлеңі енген. Абай өлеңдерін алқашқылардың бірі болып алғаш баспа бетіне шығарушылардың бірі ретінде де Зейнелғабиден Әміреұлының еңбегі ерекше. Автордың өз кітабына бұл өлеңдерді енгізіп отырудағы мақсаты – «жаһұт қазақ әдебиеті» деп атай отырып, қазақтың тілі ұтқыр, сөзі кестелі поэзиясын түрки тілінде оқитын барша оқырмандарға жеткізу болған.

«Насихат Қазақия» жинағындағы трактаттар мынадай тақырыптарды қамтиды: Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік ахуалы, дін жағдайы, қазақтардың тіл тазалығы, шаруашылық жүргізу қалпы мен жергілікті басқарудағы түрлі өзгерістер, ел арасында білім беруді ұйымдастыру, қазақ әдебиеті және оның деңгейін көтеру мәселелері, халықты замана талабына сәйкес медициналық біліммен қаруландыру, отбасыларды тазалыққа баулу қатарлы мәселелер.

Трактаттарда көтерілген мәселелердің барлығы да ұлт өркені жолындағы маңызды екендігі даусыз. Бүгінгі күннің биігінен қарағанда, осыдан бір ғасырдан астам уақытта қазақ халқының қандай деңгейге жеткенін және осы деңгейге жету жолындағы алғашқы қадамдардың қалай басталғанын сезінуге болады. Бұлардың кейбіріне тоқталып өтелік:

1. «Насихат Қазақияда» ұлттық тілге негізделген жазу мәселесін көтерілді. ХХ ғасырдың алғашқы кезеңіне дейін қазақ тіліне арналған, қазіргі оқып, жазып жүргеніміздей әліпби әлі дүниеге келген жоқ еді. Осыған байланысты әдеби тіліміз, әдеби нормаланған сөздік қорымыз әлі түзілген жоқ болатын. Мысалы, Абай, Шәкәрім т.б. ақындарымыздың бізге жеткен қолжазбасы да, баспа бетін көрген еңбектері де қадимше немесе ұсул-жәдит заманындағы оңайлатылған түрки татарша болды. Тілімізге тән көптеген дыбыстардың таңбасы жоқ болғандықтан, бұл жазуды танитын маманды адам болмаса, мұны бүгінгі кез келген қазақ түсіне қоюы екіталай. «Насихат Қазақия» еңбегін шығарудағы автордың басты мақсатының өзі шығарманы таза қазақша жазуға болатындығын дәлелдеу екендігін көреміз. Әр халықтың жетістікке жетуі жолындағы басты себеп өнер, білім, ғылым болатындығын айта келе: «әрбір адам оқып фаһымларлықтай нағыз қазақша кітаптар басылып шығара бастаса екен» деген ойын айтады. Мұның себебі – Қазан төңкерісіне дейін Ресейлік түркі әлемінің рухани жетекшілігі татарларда болғандығы. «Түрки» аталғанымен, жыл сайын жүздеп, мыңдап шығып жатқан кітаптардың барлығы негізінен татар тіліне анық жақын рухани өнімдер болды. Татар буржуазиясы бұл кітаптардан түсетін қарыжға қоса, түркі әлемінің ақпараттық кеңістігінің тізгіні татар зиялыларының қолында болуына осы ұлттан шыққан көптеген тұлғалар мүдделі де болған. Мұны қазіргі күндегі орыс немесе ағылшын тілінің өңірлік, әлемдік үстемдігімен салыстыра түсіндіруге болады.

Сол замандардан жеткен деректерге қарағанда, медреседегі татар тілінің үстемдігіне қарсы дау-дамайларға қатысты татар мен қазақ шәкірттері арасында жаңжалдар да туындап қалып отырған.

Осы ретте қазақ әліпбиі қалыптасуы тарихына аздап тоқтала кетейік. Ыбырай Алтынсариннің орыс әліпбиіне негізделген «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» мен орыс ғалымдары А.Е.Алекторов, А.В.Васильевтердің әліппелері бұл тұрғыдағы алғашқы қадамдар еді.

Жәдитшілер ұйымының бір топ мүшелері араб әліпбиі негізінде қазақ мектептері үшін жаңа оқулықтар жазғанын білеміз. Олар араб тілінің фатха, дамма, кесра, т.б. жыпырлаған белгілерінсіз, жылдам үйренуге қолайлы әліпби жасауды мақсат етті. М.Нұрбаевтың «Әліппесі» (Уфа, 1910), З.Ерғалиұлының «Қазақ әліппесі» (Қазан, 1910), М.Малдыбаев пен Ж.Аңдамасов бірлесіп жазған «Қазақша ең жаңа әліппе» (Қазан, 1912), К.Сырғалиннің «Қазақша әліппе кітабы» (Қазан, 1913) және т.б. оқулықтары мен оқу құралдары осы мақсатты жүзеге асыру жолындағы алғашқы ұмтылыстар болатын.

Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақиясы» 1909 жылы жарық көргенін ескерсек, қазақ сөздерін қазақ тілінің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларына сай жазу жолындағы талпыныс ретіндегі жоғарыдағы «Әліппелер» жасалуының негіздемесі осындай кітаптар болған деп бағамдауға болады. «Рисалем (Өсиет) қазақ атына жазылған соң көбірек орында қазақ шеуесынде алып, бәлки нағыз қазақ тілін естімеген татар ағайындарымызға да қазақ әдебиетінен фи алжәмлә нәмуна өрнек көрсету ниетімен қасіретімді білдіріп майдан етісерге қойдым», - деп кітабының алғысөзінде ескертуі бекер емес.

2. Дінді көзсіз дүмшелікпен емес, жүрек көзімен ұғынуға, болашаққа жоспармен қарауға үндейді. Зейнелғабиден Әміреұлы өз трактатында былай деп жазады: «Бұл турасында Құран Кәримде: Хақ сұбыханака уа Тағала бәнделеріне тапсырып айтады: «Ей, адамдар, ізденіңіз, ойланыңыз, көріңіз, біліңіз, білгенмен білмеген, көзі бар мен көзі соқыр бірдей емес, көңіл көзі соқыр адамның дәрежесі малдан төмен. Білімсіз болсаңыз қор боларсыз, дүниеде кем болғаныңыз сықылды ахиретте де қор боларсыз». Осы трактаттағы «Жақсылық немесе жақсылық жолына жету – өз ізденуімізден» деген ойды Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен. Тағдыр қылды деулерді Шығарамын сөзімнен», - дейтін өлең жолдарымен үндестіруге болатындай.

Зейнелғабиден Әміреұлы өзге халықтардың жыл сайын өзгеріп, күн сайын ілгерілеп, білім, өнер, ғылым игеріп дамып бара жатқанына, ал қазақтың қам-харекетсіз артық қанағатпен өмір өткізуге бейілдігіне налиды: «Таңдағы тамақ – Тәңірден, көппен көрген ұлы той», – деп, кеткенді іздемей, барына қанағат қып: «Тәңірі асыраған тоқтыны бөрі жемейді», «Ертеңгісін есек қайғырады», – деген тәуекелшіл бір халық еді», - деп ұлт мінезіндегі бейғамдыққа налиды. Мұндай қамсыздықтың әсте дұрыс еместігін, «алма піс, аузыма түс» дейтіннің кебімен әрекетсіздікке жол беруге болмайтыны турасында ол мынадай ой айтады. «Дұрыс, бүгін рахат, ертең не болар екен? Таңдағы тағамға бүгінгі кәсіп болса керек. Қатын ерге, ер жерге қарап жүрмесін, өнерсіз кісі – қанағатшыл. Құрғақ тәуекел шариғатта жоқ. Қасқырына жолықса тоқты түгіл, боқтығын да қоймас. Ертеңгісін есек те ойлайды. Адам баласы бес-он жыл алдағысын ойласа керек. Жүз жылғысын ойлаушылар да бар».

3. Тіл, діл, дінді таза ұстап, салт-дәстүрді сақтап дамытуға шақырады. Бұл кезеңде, яғни ХХ ғасырдың басында қазақ тілі мен діліне төнген қауіп кейінгі замандардай болмаған еді. Бұл турасында Зейнелғабиден Әміреұлы былай деп жазады: «...өз лұғатымыз бойынша тіл өнерін сақтап, олай-бұлай бұрмаламай, тілімізді, дінімізді өзгертпей, шеттен өнер-білім жинап, мақтаулы ғадет, табиғат, шариғат, ақылға ұнаулы көркем ғұрыптарымызды қалдырмай, екі дүниеде де қор болмас үшін тіршілік тылсымын да біліп, ақыл, фікір (дағра) қорасын зорайтсақ екен». Осыдан жүз он жылдан астам бұрын айтылса да, бұл ойлар бүгінгі күн ішін де өз маңызын жойған жоқ.

4. Қазақ халқын жаңа шаруашылық жүргізу салтына бейімделуге шақырады. Зейнелғабиден Әміреұлы сол заманда Ресейге қараған алты миллиондай қазақ мал өсірумен шұғылданып, көшіп қонып ғана жүрген халық екендігін айта отырып, соңғы кездері қазақ қоғамында байқала бастаған прогресс нышандарын қуана хабарлайды. Бұрынғыдай емес, ел білім, ғылым жайында ойланатын болған; ауыл басы молда, мұғалім ұстап бала оқыта бастаған; мал мен тері кездемесімен шұғылданып сауда істейтін қазақтар көбеюде; егін салу кәсібі дами түсуде. Бұларды атай келіп, қазақ халқының ілгерілеп, қатарға қосылуына алғышарт – осы аталғандары дамыта түсу екендігін айтады. Сондай-ақ қазақ жерінің қара топырақты өңірлерін өзге ұлт өкілдері көптеп келіп мекендеп, игеріп кетпеуі қажеттігін де айтады: « ... Енді біздің қазақ сол қалған жерінің ең жақсы, бетегелі, қара топырақ, сулы орындарына орнығып, келешек заманда ең қадірлі жер егін шығатын жер деп біліп, оған-бұған алаңдамай егін жағын қуаттандырып, шама келгенше мал өсіру кәсібін де қалдырмай, сауда сату етіп, бұрынғы жалқаулықты азайтып дүниеде хор, фақир миллет болудан сақтансаңыздар екен».

5. Көркем мінезге ұмтылуға шақырады. Ел болып ілгерлеушілікке қол жеткізу үшін бойдағы жаман ғадеттерден, мінездерден арылу қажеттігін айтады. БІреудің сыртынан ғайбат айтуға, жазықсыз жала жауып, күнәсін тартудан аулақ болуға шақырады: «Біреу біреуді мысқыл қылып, бір ел екінші елге күлмесін, өз басына күлу жақын. Біреуге жаман атақ жапсырып, өзіңізді ғайыпты қылмаңыз. Халық көзіне сұлу, таза адам көрініп, ішінде жаман ой, жауыз факірлі болмаңыз. Хақтық, шындық, туралық, ғаділдігі болмаған адам Алла қасында залымлар дейді. Алла әмірінен қорықсаңыз біреуге жауыз күмән қылудан сақтаныңыз, біреудің жасырған мінін (ғайыбын) тексермеңіз...»

Зейнелғабиден Әміреұлы бұл еңбегінде «Жаман адам кім, жақсы адам кім» деген сұрақтарға жауап іздейді де мынадай қорытынды айтады: «Адамдардың ең жақсысы: өз пайдасын ғана ойламай, көп қайғысын ескеріп халық пайдасын көздеген кісілер-дүр. Адамдардың ең жаман жауызы: халыққа пайдасыз, зарарлы, бұзақы адамдар».

6. Мансапқорлық, партияқұмар топшылдықтан сақтандырады. Абайдың «Болды да партия, ел іші бүлінді» дейтіні тәрізді, Зейнелғабиден Әміреұлы да «Болыстық сайлауында партияға бөлінуде пайда бар ма? Зарары қанша?» деген трактатында аталған ел ішілік науқанның көлеңкелі тұстарына тоқтала отырып, мұндай әрекеттердің себеп-салдарын, өзара шен таластырған пәтуасыз бақталастықтарды терістей отырып, ысырапқорлық, мансапқорлықтан сақтануға шақырады: «Ғақыл, білім иесі болыс болмаса да, қадірін халық таныса керек. Бұл тұрғыда бұрынғылар айтқан екен:

«Жақсы адам жаман болмас, жағы түсіп қарыса да,

Жаман адам жақсы болмас, қанша Қыдыр дарыса да,

Әмудария харам болмас, қанша иттер сарыса да», -

деген өлең жолдарын келтіреді. Зейнелғабиден Әміреұлының болыс сайлауына қатысты ойларын тым ықшамдап беріп отырмыз.

7. Әр ауылда мектеп, медресе салып отырықшылық сипатқа көшуге шақырады. Бұл кезеңде қазақ арасына татардың указной моллалары көптеп келіп, ел өміріне араласа бастаған болатын. Мұның қазақ халқын діни доғамға барынша мойынұсындыру үшін жасалған қадам болуына қарамастан, халықтың діни көзқарасы қалыптаса бастағандығы анық болатын. Автор балаларды оқыту жөнінде мынадай ой-пікір айтады: «Балалар оқуы үшін де бөлек мектеп салып, оқытушы моллалар да бала оқыту тәртібін білетін ғылымы бар үлгілі медреседен шыққан адам болуы керек еді. «Қисық арба – жол бұзар, шала молла – дін бұзар», – деген секілді (асыл тағлым) бала тәрбиелеу жөнін білмеген моллалар балалардың ақылын, табиғатын, құлқын тәмам бұзып бітіреді. Жас бала жаңа өсіп келе жатқан шыбықтай қалай исең солай иілуге келеді. Сондайын жас табиғатты әлгі ғылым тәрбие, усули тағлымнан хабарсыз мұғалім әпенді өзінің қисық тезіне салып таңертеңнен кешке шейін балаларды қамап, ауыл шетінде бір баланың ойнағандығы мойнына түссе шыбық салып, балаларға еш уақыт жылы жүзбен қарамай, қолында шыбығы, балаларды тергеуге алған кісідей алдына жүгіндіріп, ақырып-шақырып балаларды су жүрек қылып, тамам оқудан ықласын алып бітеді. Балаларға осындай моллалардан сабақ оқу – үлкен михнат көрініп тұрады», - деп ұсул-жәдит бағытының көзқарасын анық танытып өтеді. Балаларды ұзақ уақыт қамап оқытуға, қол көтеруге қарсы болады және мұны өзі орнатқан мектеп тәжірибесінде жүзеге асырады да. Жаңашыл педагог ұсул-жәдиттің тәртібін ұғындырады: «Енді бұрынғы екі ай әліппе, үш ай иман шарт, алты ай әптиек оқитын уақыттар өтті. Бұл күнде мектептер тәртіпке қойылып балалардың түсініп оқуына лайықты пайдалы, жаңа кітаптар шығарылды, сол кітаптарды ретімен оқытып бала тәрбиелеу ғылымын білген адамдар аз уақытта көп нәрседен хабардар қылады», - деп атап көрсетеді. Бұл рас тәжірибе болатын.

8. Бала оқытатын ұстаздың міндеттері туралы жаңашылдық ой айтады. ХХ ғасырдың басына дейін, тіпті одан кейін де бала оқытудың заманауи қағидаттары қазақ қоғамында қалыптаспаған еді. Медреселер мен ауылдық мектептерде балаларды оқыту тақыр еденде немесе киіз үйдің ішіне төселген сырмақ арқылы жүргізілетін еді. Әрі шариғатта көрсетілегіндей, шыбықпен жазалау да күшінде еді. Зейнелғабиден Әміреұлы былай дейді: «Бала оқытып мұғалімдік қылған моллалар ең басында өзін өлшеуге салып, нендейін қызмет етуге міндетті екендігін фаһамлап, төменде айтылмыш уазифаларында болулары ләзім. Аһл ғалым болған кісі сабырлы, уа қаралы болсын. Халыққа үлгі, түзулікке басшы болсын. Жүріс-тұрысында жеңілдік қылып, халық көңілін сөндірмеске иждахат етсін. Ойын мәжілістерінде болудан қатеге үзсін. Қысқасы: халықты уағызлап, қалдыруға лайық, шарға қалатын істер мұғалім әфәндінің өзінен табылмасын.

Сондай-ақ ұсул-жәдитке дейінгі қазақ қоғамында балаларды сыныпқа бөліп, арнайы белгіленген мерзімде ғана оқытудың жөн-жобасы да жоқ еді. Бұл жөнінде ұстаз былай деп талап қояды: «Оқытқан балаларды сыныпқа бөліп, әр сыныптың өзіне лайықты кітаптарын алдырып, әр күн төрт сағат оқытылсын. Сағат араларында демалыс беріліп, жеті жастан кем бала оқытылмасын. Балалар оқытылған орын мүмкін халде таза болып, оқыған балалардан басқа іс істеуші болмасын. Сабақ ерте сағат тоғызда басталып, он екіде ас ішуге таралсын. Түстен кейін бір сабақ оқылып мұғалім әфәнді әр баланың дәрежесіне қарай ертең даярлап алып келу үшін, балаларға жазу я басқа оқыған сабақтарын әзірлеуге міндетті қылсын. Тырысып, ұмтылып жақсы сабақ оқымаған балаларға бірінші дәрежеде сөзбен айтып, болмаса мінәсіп жаза қояр. Ләкин шыбық жұмсау болмасын», - деп үлкен гуманизмге үндейді. Расымен де, әр жұма сайын балаларды суға салып жібітілген жас шыбықтармен ұру – ислам дінінде ғасырдан ғасырға созылып келе жатқан үрдіс болатын.

Қазақ балаларына тек қазақ тіліндегі оқулықтарды ұсыну қажеттігін де атап өтеді. Бұл айтылған ой бірнеше жыл өткенде қазақтың ұлт зиялыларының күшімен орындалғанын білеміз: «Қуат қалима иесі болған, қаламы жүйрік мұғалімдеріміз уақыт өткермей ел ішінде қазақ балалары оқуға лайықты әртүрлі кітаптарды нағыз қазақ тіліне айналдырып тәржіме етіп бастыруға иждиһат етмек керек. Әр халықта жас балалар үшін өз тілінде басылған кітаптары бар. Біздің қазақ балалары татарша жазылған кітаптарға да түсінбейді. Көрінген кітапты оқып ғұмыр оздыру мақсұт емес. Балалар оқыған сөзін өз сөзімен жатқа сөйлесе пайда береді», - деп ой қорытады..

9. Өзге тілді үйрену қажет боғланымен, өз тілін ұмытпауды ескертеді. «Орысша оқып тіл үйрену шариғатымызда дұрыс па? Файда-зарары қанша?» деген трактатында осы ойды айтады: «Енді бізге де орысша жазып сөйлей білуге керек. Аралас тұрған халықтың тілін білмеуде көп зарар бар, тіл білу арқасында көп орнында өзімізді уа миллетімізді кемшіліктен, түрлі халакліктен сақтауға болады», - дейді. Бұл Абайдың: «Орыстың тілін білсең, тең отырып, ырғасарға керек» деген ойымен үндесіп жатыр. «Оқымаған адамдардың өз арасында орыс тілін араластырып сөйлеуі зиянды дедік, оның үшін бұл ғадет өз тілімізді ұмытуға себеп болады. Ата-бабадан келген тілді ұмытудың зарарын сөйлеуге қажет жоқ. Қысқасы: өнерлі болсын, өрнекті болсын, сегіз қырлы, бір сырлы болсын, «ат айналып қазығын табар» дегендейін, тұтқасы мықты болсын», - деген ой-тұжырымындағы «тұтқасы» деген сөзді бүгінгі күннің проблемасы тұрғысынан алғанда отбасында, ата-анасы қазақша сөйлесе, бала ешқайда бұрылмайды, ана тілін қадірлейтін азамат болып шығады деп түсінуімізге болатын сияқты.

10. Қазақ әдебиетін қадірлеуге шақырады. «Әдебиет қазақия, яки, қазақтардың тіл мәнері» атты трактатында Зейнелғабиден Әміреұлы қазақ тілінің барша түркі тілдері арасындағы ең асылы екендігін ескертеді: «Басқа тіл араласып көп өзгерілмеген асыл түрік тілі, бір сөзден неше сөз таратуға келетін әр нәрсеге есім қойылған кеңірек лұғатты қазақ тілі деп айтуға жарайды». Қазақтың кез келгені сөздің майын тамызып сөйлейтін шешен, қара тілдің қайығы екендігіне еш таңғалуға болмайтынын айтады: «Әһмде сөзуарлық, астарлы, қинаялы сөздер біздің қазақта екінің бірі, егіздің сыңарынан табылды. Көз алдыңда қарасын үзетін шаһбазлары болғаны сықылды, кетпен тұяқ кемеңгерлері де болады. (Табиғи) сүйегіне біткен, самсаған сары қолда қағылмай, сөз асылын тербеп, тілінің майын ағызатын өлеңшілері де болады. Айтылмыш сөзге ұсталық әр халықта мақтаулы болғаны сықылды, өлеңшілік те құрметсіз, қадырсыз емес еді. Ғараптардың Лабидиі, орыстардың Пушкині қияметке шейін халық тілінде сөйлеп, тарихқа жазылды», - дей келе, бекерден бекер пайдаға аспай, ауызекі тілімізде телегей теңіз болып толқып жатқан әдеби тіл байлығымызды көшелі жұрттар тәрізді қағаздап, шешендерді ел алдында заманауи үлгіде көсілтіп сөйлететін заман жетті деген ой айтады: «Енді милләт бақшасын ғылым, мығарыппен зияттап, ғаділетліктің сарабында шешендерімізді сөйлестіріп, өлеңшілерімізді озыстырсақ мәжілісіміз гүлді, сөзіміз бұлды болар еді. Жалғыз-ақ сол шешендік байлаусыз, дәмсіз, көпке пайдасыз құрғақ ағымнан болмағаны сықылды, мақтаулы өлеңшілік те біреуді мақтап-қақтаумен біреуді сақтап-жақтаумен болмайды. Бәлки, шешеннің тілі, шебердің қолы ортақ болсын. Өлеңнің іші алтын, сырты күміс болып үлгі, өрнегіменен сұлу болсын...».

Ахаң, Ахмет Байтұрсынов «Тіл құрал» мен «Әдебиет танытқыш» атты еңбектерін теориялық тұрғыдан еш қапысыз тағандап, шегендеп туған халқының көсегесін көгерту үшін ұсынғанға дейінгі қазақ жазу-сызуының жағдайын, әдеби тілінің жай-күйін, жалпы ел өмірінің ахуалын осыған байланысты алда шешілер проблемаларды бағамдау үшін Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» трактаттар жинағын оқысаңыз анық көз жеткізе алған болар едіңіз. Қазіргі қазақ тілі мен әдебиеті – қалай айтсақ та бір ғасыр жүзінде үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындырғаны анық. Зейнелғабиден Әміреұлының шағын еңбегінде көтерілген мәселенің барлығы мақала барысында қамтылған жоқ. Ұлтымыздың тіл білімі, әдебиеттану, мәдениет салаларында бағындырған биігі бастауында осындай ұлт зиялыларының тұрғанын ұмытпай, орнымен дәріптеп еске алу дұрыс болмақ.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар