Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Атасының сыйлығы (балаларға арналған өлеңдер)...

20.08.2018 7140

Атасының сыйлығы (балаларға арналған өлеңдер)

Атасының сыйлығы (балаларға арналған өлеңдер) - adebiportal.kz

Танымал қаламгер Мылтықбай Ерімбетов шығармашылығында балалар әдебиетінің де орны ерекше. Әр жылдары жарық көрген балаларға арналған өлеңдерінің біршамасына әндер жазылып, мектеп оқулықтарына енген. Барша оқырмандарға, әсіресе өскелең жастарға арналған өлеңдерін ақынның порталымыздағы жыр жинағынан ұсынып отырмыз.

1-бөлім

Туған жерге саяхат

Отан

  • Ата, Сізге сұрағым бар?
  • Сұрай қойшы ұланым.
  • Отан – туым, Отан – арым, Отан – асыл ұраным.

Деген асқақ, ұлы сөздің мағынасы – сұрарым.

  • Балам, сенің өте дұрыс Отан жайлы сұрағың,

Мына біздер не көрмедік, не көрмедік, шырағым.

Қой соңында жүріп айттым жетімдіктің жыр-әнін,

Алты жаста әкемді іздеп, анамды іздеп жыладым.

Мен қаншама қиындыққа, қанша азапқа жолықтым,

Сонда әкемнің шаңырағы құлайды-ау, деп қорықтым.

Көрдім талай тауқыметті, көзден талай жас ақты,

Бірақ, жаным, өшірмедім әкем жаққан ошақты.

Жалғыз түйір нан іздедім, жанталастым қанша күн,

Балам сені, сен өмірге келмей жатып аңсадым.

Солай балам, артта қалды жетім күндер қапалы,

Шат дәуірге алып келді Егемендік Отаны!

Мен сияқты талай жетім жылап-сықтап өтер ек,

Бабаң, атаң бостандыққа шықпағанда жетелеп.

Отан деген – от анасы деген сөз ғой расында,

Демек Отан өзің туған ошағыңның қасында.

Айналайын, әрқашанда аяғыңды анық бас!

Өз ошағын сатып кеткен Отанды да жарытпас.

Бабаң, атаң, туған жерің, ошағыңның барлығы –

Бөлінбейтін өз өмірің – Отаныңның тағдыры.

Сондықтан да, қан майданда шегінбестен бір қадам,

Аталарың туған жердің әр сүйемін қорғаған!

Атаң, әкең және сені алып келген бүгінге,

Ұлы Отанның қасиеті – туған Ана тіліңде.

Өмірінде – балалардың, күресінде – атаның,

Соғыс емес, адал термен жаңарады Отаның!

Адам түгіл, қарлығаш та, оралғанда қайтадан,

Бауыр басқан ұясында бақыт жайлы айтады ән!

Ұя деген – үй дегенің, үй дегенің – ошағың,

Ошақ отын – Отан деген ұлы сөзге қосамын!

Ертең сен де енші аласың, көшіресің отауды,

Ұрпағыңа беру үшін өзің құрған отанды.

Ошағымда от ешқашан сөнбесіне – сенемін!

Отаныңды жат табанға бермесіңе – сенемін!

Планета – жалғыз Отан, егер адам қорғаса,

Уақытша бір шекаралар шырмағаны болмаса.

Сендер гүлге орайсыңдар адамзаттың тұрағын,

Төгілмесін қорғасындар, тер төгіңдер шырағым.

Біз қорғаған жеңісті алға апарыңдар, шырағым,

Сен қорғасаң, сені қолдар Отаның бар, шырағым.

Шетте елін шерменделер сағынып жүр, шырағым.

Әлпештеген Отаныңның қадірін біл, шырағым.

Ата, Әже

Жұлдыз дейсің, күн дейсің,

Жайнап тұрған гүл дейсің.

Ең жақсы гүл, жарық күн –

Әжең емей, кім дейсің?

Атаңменен кеңес те,

Өрле, биік белеске!

Бабалардың намысы,

Жүрегіңде емес пе?

Баба деген ұлы есім!

Шежіреден білесің.

Жүрді бастап жеңіске ол,

Әкелердің күресін.

Ту астында табысқан,

Бақыт үшін алысқан.

Әр бөбектің адамның қамқоры –

Ата, Әже – данышпан.

Алтын бидай өлкесі

Тербеліп алтын бидай, тебіреніп,

Алтын күн шуақ төге еміреніп,

Ақырын айдарымнан аймалайды,

Аяулы атамекен желі келіп.

Шыдамас тентек кеуде селт етпеуге,

Диқандар Отан үшін тер төккенде.

Даламның ұлан-асыр қуанышы,

Артық қой аңыздан да, ертектен де.

Даланы бала болып келген білер,

Даланы миллиарднан берген білер.

Бақытын термен күрер, тербелдірер,

Даланы мекендейді орденділер.

Бірігіп, тер төгуге дос қолдары,

Білмейсің дала қане, аспан қане.

Аймалап алып күнді бара жатыр,

Ақ бидай, алтын бидай баспалдағы.

Қойыны кең даланың толған шебер,

Қалайша олар барда арман сөнер?

Даланың құдіретін түсінесің,

Даладай қасиетің бар болса егер.

Бұл дала

Бұл дала күлді талай, жылады да,

Келеді күй әуені құлағыма.

Чикаго қаласына қызықпаймын,

Құмартпаймын Альбион тұманына,

Алматы жеткізеді мұрадыма.

Төбесі ақша бұлтқа өрмелеген,

Көкке діңгек үйлерді көрмеген ем.

Астанада кең басып жүремін мен,

Зәулімдерге илікпес кеудеменен.

Бауырым, жолдасымдай жалпы халық,

Болсын деп болашағым жарқын анық.

Аяймын Боливиялық бүлдіршінді,

Нан іздеген дорбасын артып алып!

Шетелде адам ұлы адамды алдап,

Жатқанда қорғасын оқ, ажал жалмап.

Қайғыдан – ауырамын және содан,

Жазыламын ырысты Даламды ойлап!

Түнгі оттар

Жүрген жерім серуендеп – қала маңы,

Жанған отқа құмарттым даладағы.

Шетке шығып шаһардан алаулатып,

Отыр өңшең қазақтың балалары.

Қайғы-мұңды түсінсін қайдан бұлар?!

Шеттерінен қиялшыл, армандылар.

Ертегіден шыға кеп ат шалдырған,

Алты жасар Алпамыс, Қобландылар.

Шыбық аттың тізгінін ерге таңып,

Көңілдерден сейілген өңге қауіп.

Тоңып кеткен жұлдыздар түсіп жатыр,

Күзгі аспанның төрінен жерге тамып.

Уқалайды көздерін түтін кірген,

Оңай жөнге келеді бітім бірден.

Ергежейлі тайпаға және ұқсайды,

«Аспан жақтың адамын» күтіп жүрген.

Қас батырдай қайтерсің, ғажаптардын,

Бұ жақтарын шолады, о жақтарын.

Сырбазданып, баптанып, сөз қозғаған,

Қазақтарым,

Кішкентай ғажаптарым!

Шардара

Ендірер қызғалдақтай құм шырайын,

Әкеліп асыл дария, сыршыл ағын.

Жантайып киіз үйде жатқан бабам,

Сезбеді-ау жамбасынан су шығарын.

Көшті бабам, ол нені аңсамады,

Жібермеді туған жер, ел самалы.

Сенбеді, құмға тұтас су толар деп,

Шеген сап, құмдық қазып көрсе-дағы.

Киімдей көз құртын жеп киілмеген,

Жемістей – жеткізбеген, иілмеген.

Құдықты қырық құлаш әзер қазып,

Бұл құмнан тамшы сұрау қиын деген.

Күсті қол, қатқан табан көнтерілі,

Бірі – кеш, кетіп жатты, ерте бірі.

Көретін күн болар ма, дескен олар,

Құм дала дария болар ертегіні.

Көрмеді, көрді бірақ, немересі,

Шардара су қоймасы деген осы!

... Екі жас қайық айдап келе жатыр,

Балыққа шыпа толған кенересі.

Құмыра

Туған жердің құмына,

Арнаған сан сапарды.

Тапты бала құмыра,

Мектебіне апарды.

Сол құмыра табылған,

Жіберілді қалаға.

Алғыс айтып, ғалымдар,

Хат жолдады балаға:

«Рақмет саған, балақан,

Іс атқардың бағалы.

Ұлан-байтақ, кең Отан,

Құпиясы мол әлі.

Құмыраңнан сенің де,

Көп мәлімет алынды.

Қазып алған жеріңде,

Қала болған кәдімгі.

Аты Отырар делінді,

Көп еді үйлер ... көшелер.

Туып-өскен жеріңді,

Жақсы біліп өсе бер».

Фараби

Дәшті Қыпшақтың.

Қолбасы болар әр ұлы,

Арыстан жүрек, жолбарыс білек – Дала ұлы,

Керуенге еріп көкжиек асып кететін,

Неліктен саған көшпелі тірлік дарыды?

Сом кесек күміс, ұсынды саған алтынын,

Алтынға, сомға сатылмай кеткен жарқыным.

Сырдариясын сағынып құйылып тұрған Арыстай,

Еліңді ойлап өтіпті Баба, әр күнің.

Сығанақ пенен Сауранды ойлап өттің бе?

Таразды, Шашты, Сайрамды ойлап өттің бе?

Исфаған менен Нишапур жақсы, дегенмен

Фарабтай шаһар жоқ мүлде.

Фарабтың аты өшпеді тегі, өшпеді!

Көшті де кетті Шыңғыстың даңқы көшпелі.

Өнерің қалды, өрнегің қалды – кестелі,

Кирдің басы емес алтын жалатқан местегі.

От басы тұсап омалтып қойды-ау ақылды,

Дамаскі болып алатын демің ақырғы.

Ескі Бағдаттың төрт қақпасы да қол бұлғап,

Кір жуып, кіндік кесілген жерге шақырды.

Шемен боп қатып, шорланып шерің көңілде,

Неліктен көндің араб жерінде.

Өткір пышағы жарқырап жүрген белінде,

Қыпшағым маған опа таптырмас дедің бе?

Садақ сілтем жер – туған ел тұрды көңілде,

Туған ел тартқан ақымағын да, ерін де.

... Сан ғасырдан соң, орнынан тұрды Отырар,

Шөліркеп келген Ұлына сүтін беруге.

Қаратаудағы петроглифтер*

*тасқа қашалған суреттер

Өткенің маған бұлыңғыр,

Сырыңды айт, бәрін маған айт.

Отыз бес ғасыр бұрынғы,

Ойран боп кеткен қаланы айт.

Жер тектес қадым ғұмырлы,

Жартастың жұмбақ сырын айт.

Отыз бес ғасыр бұрынғы,

Бабаларымыздың жырын айт.

Үш мыңдай сурет ... тұр көк шың,

Күзетіп сонша жасақты.

Неліктен салды суретшің,

Арбаға жеккен қос атты?

Қимастан ұзақ қарадым,

Қыздырды кенет денемді ой:

«Сәйгүлік қуған Даланың,

Ұландарымыз» деген ғой.

Көңілімді, баба, қозғадың,

Әсерсіз өнер өнер ме?

Сәйгүлік қуған өз қаның,

Ойнақшып тұрды денемде.

Ғасырым бөлек, басқа кез,

Ырғағы бөлек тоқ жырдың.

Атымды бірақ тасқа емес,

Жүрекке жазсам деп жүрмін.

Әкетайым суреті

Тойлайтұғын кез жетті,

Менің туған күнімді.

Ағам сурет көрсетті,

  • Сыйлығым, - деп, - бүгінгі.

Алтыдасың бүгін сен,

Кім екенін айта ғой?

Ол суретті білуші ем,

Дедім:

  • Әкем-папа ғой.

Бар досымды жинады,

Ағам сурет сыйлады.

  • Бақытты бол, гүлім! – деп

Әкем тұрды күлімдеп.

Бөбек

Бейбіт күн! О қандай әдемі!

Жайнайды кең аспан әлемі.

Күлімдеп көшеде келеді,

Бақытты заманның бөбегі.

Қауызын жаңа ашқан гүлдер де,

Бақыттан ән айтар бұл жерде.

Аналар әрқашан бақытты,

Бөбектер шаттанып жүргенде.

Маңайда гүл көктем көгілдір,

Қарайды Күн көктен төгіп нұр.

Сәбидің күлкісін нұрлы еткен,

Гүлді еткен өмір бұл, өңір бұл!

Ақтау. Шевченко.

Думанды қала – бағстан,

Түседі көзге алыстан.

Теңіздің бойын жағалап,

Шағала үйлер жарысқан.

Ал кеше, аптап, шөл еді,

Күн нұры сүйген көне еді.

Тарастай талай ақынның,

Тілінде арман көп еді...

Қараңғы, қатал заманда,

Қамалып қапас қамауда.

Қаһарман кобзарь жырлады,

Келерін бақыт Адамға.

Даланы сүйді тағы да,

Украинасын сағына.

Үмітпен шыбық қадады, ол

Айналды Тарас бағына.

Ақ мәрмәр тастап қаланып,

Ақтау деп атты жаңа алып,

Күліп тұр сәби – жас қала,

Теңіз бен шөлден жаралып.

Бейнеу

Тоғыз жолдың торабы –

Тірелетін ат басы.

Бейнеу – достық орамы,

Бейнеу – достық қақпасы.

Түбектегі ұлттардың,

Саны елуден асады.

Бақыт балын жұтқан кім?

Еңбеккерлер жасағы.

Ұлы Достық аралы,

Бейнеу – жаңа бұтақ бір.

Қазылмаған кен әлі,

Жазылмаған кітап бұл!

Су

  • Су! – дейді,

Күбірлейді құм кезерген,

Маңғыстау арман етті суды ежелден.

Жантақ пен ебелектің мекені боп,

Жайқалып шыға алмады гүл де жерден.

Ыстық жел, сары сағым, сол құм барып,

Сорлатты жолаушының қойнын қарып,

Алапат ащы суы айдынданған,

Теңізге қараушы еді ел мұңданып.

Талмады, талай байғұс ішіп көрді,

Тоқ теңіз тұщымады түсіп көңілі...

... Ұлы Отан, игі ғылым жетістігі,

Теңіздің ащы суын тұщытты енді.

Ақ қала аласұрып су демейді!?

Ырғын су! Іш, құя бер, гүлге, мейлі!

Адамның құдіретіне мойынсұнған,

Тәкаппар теңіз ғана үндемейді.

Маңғыстау

Баяғы меңіреу дала ма?!

Жо-жоқ, олай санама!

Жүйткиді состав далада-

Өзің-ақ содан шамала.

Қай жаққа, мейлі, қарама,

Ақ шаңқан үйлер – шағала.

Жаңаөзен, Ақтау, Жетібай,

Шетпе мен Бейнеу ... ғана ма?

Талайдың қаны төгілген,

Талайлар кеткен өмірден.

Тарихтың көне беті – ол,

Тағдыры елдің көрінген.

Көненің күйін шертпе, біл!

Ертегі өңір, ерке өмір.

Мұнайын құйған Отанға,

Маңғыстау деген өлке бұл!

Түрікмен көрші

Қос тамшыдай тағдыры,

Екі кедей бар еді.

Бірі – қазақ, ал бірі,

Жас түрікмен бала еді.

Қанышер бай – иенің,

Қолында еді өмірі.

Аттың жалы, түйенің,

Қомында еді өмірі.

Еңбек берген бақытқа,

Кенеліп еді екеуі –

Ел нығайған уақытта,

Теңеліп еді екеуі.

Барып құмға сол бала,

Болды түрікмен шопаны.

Қазаққа да – кең дала,

Ақтылы қой отары.

Арғымақтай желді ме?

Уақыт қалай өтеді!

Талай жылдан соң, міне,

Кездесіпті екеуі.

Қазақ қала, даланы

Аралатты досына,

Досы таңдай қағады,

«Астанаңыз осы ма?»

Серпіп қойып сеңсеңін,

Зәулім үйге кіреді.

«Еңбегіңе мен сенің

Ризамын!» деп күледі.

«Өшсін қорлық іздері,

Бауырым, - деді түрікмен.

Білек түгіл, біздегі

Жүректер де біріккен.

Оралмайтын кетті ізбен,

Көне күндер, тегінде.

Мына күнге жеткізген

Мың рақмет, Еліме!».

Бәрі, бәрі есімде,

Деп, - маңайды барлайды.

Екі достың төсінде,

Алтын жұлдыз жайнайды.

«Қонақ болып кел, онда

Поезға өзің мініп пе ең?!»

Деп әзілдеп вагонда,

Қол бұлғады түрікмен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар