Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Атырау елі, өзіңмен күллі қазақтың бағы байтақ-ау!...

04.10.2017 13202

Атырау елі, өзіңмен күллі қазақтың бағы байтақ-ау!..

Атырау елі, өзіңмен күллі қазақтың бағы байтақ-ау!.. - adebiportal.kz

Меңдекеш Сатыбалдиевтың туғанына – 80 жыл

Қазіргі қазақ поэзиясына алпысыншы жылдардың бел ортасында келіп, «құйрықты жұлдыздай» ағып өткен танымал тұлғалардың бірі – Меңдекеш Сатыбалдиев. Бар-жоғы отыз алты жыл ғұмыр кешкен ақын өзінен кейін өз алдына жеке зерттеуге лайық қомақты әдеби мұра қалдырды.

АТЫРАУ ЕЛІ, ӨЗІҢМЕН КҮЛЛІ ҚАЗАҚТЫҢ БАҒЫ БАЙТАҚ-АУ

«Азырақ болып ортаңда, көңіліңде жүрсем көбірек» деп өзі жырлағандай, оның әдеби шығармашылығы – бүгінгі күннің биік эстетикалық талғамы мен талабына жауап беретін, идеялық-көркемдік жағынан аса құнды еңбектер. Өлең өлкесіндегі алғашқы адымдары – тырнақалды туындыларында-ақ өзіне тән қаламгерлік мәнерімен, өлеңдегі өзгеше өрнек-нақышымен, мәйекті тіл, ұтқыр ұйқасымен, сыршыл сазымен әдебиет әлеміне еркін еніп, қазақ жырының қалың көшіне іркілмей ілескен Меңдекеш Сатыбалдиевтың ақындық болмыс-бітімі оның көркем дүниелерінен айқын аңғарылады.

«Сезім, ойы, бақылау аңғарғыштығы күшті ақындардың әрқашан да өрісі кең. Ондай ақындар өмірді ұсақ-түйекпен, өткелең сезімдермен өлшемейді, дәуірдің, қоғамның тынысымен өлшейді. Келешектің сыры бүгінге, бүгіннің сыры ертеңге жалғас екенін олар үздіксіз сезінеді. Осылай сезіну шын ақынды әлеуметтік құбылыстардың да, жеке өмірінің де әділ жыршысы етеді. Әрбір жаңа ақынның ашылуы жаңа жұлдыздың ашылуындай» болатынын қазақ өлеңінің қара нары Әбділда Тәжібаев терең пайымдаған. Осы тұрғыдан келгенде, сезім шуағы басым нәзік лирикадан балладалық оқиғалы, публицистикалық пафосты жанрларға батыл ойысыңқырап, көркем аудармаға да ден қойып, бұларға қоса көркем проза, кейде таза журналистік саланы да шет қалдырмай, қазақтың сөз өнеріне бірсыпыра құнды-құнды дүниелер әкеліп қосқаны, сөз жоқ, Меңдекештің айта қалғандай қаламгерлік қуатын танытса керек. Соның бәрінде де оның азаматтық ашық үні, ой-парасаты, кесек ой бітімі, әсіресе, туған елге деген перзенттік махаббаты айқын аңғарылып отырады.

Ақын – халықтың жады ғана емес, тілі, ділі, үні, рухы! Ендеше, ақынның артында қалған асыл мұрасы – жырсүйер қауымның рухани сусыны. Меңдекеш Сатыбалдиевтың жекелеген көркем туындылары туралы Әбіш Кекілбаев, Әбу Сәрсенбаев, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырзалиев, Фариза Оңғарсынова, Тұрсынхан Әбдірахманова және басқалардың мерзімді баспасөз бетінде айтқан ойлары мен пікірлері болмаса, оның ақындығы өз алдына жеке зерттеу объектісіне айналған жоқ еді. Біраз жыл бұрын бұл олқылықтың орнын толтырып, академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен «Меңдекеш Сатыбалдиевтың әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Бұл ғылыми еңбекте басты нысана ақын шығармаларының көркемдік табиғатын айқындау болғандықтан, М.Сатыбалдиевтың бүкіл шығармашылығы тұтастай қарастырылып, қаламгердің идеялық-тақырыптық, стиль, жанр аяларындағы өсу, қалыптасу жолдары, өзіне тән эстетикалық, философиялық әлемі, тілдік бейнелеу амал-тәсілдері жүйелі түрде зерттеліп, дәйекті пікірлермен тұжырымдалған болатын.

Шын талант бүгіннің нысанасын ғана меже тұтпайды десек, Меңдекештің «Азырақ болып ортаңда, көңіліңде жүрсем көбірек» деп жырлауы өзіне жарасымды.

Меңдекештің лирикалық қаһарманы үнемі қозғалыс үстінде. Оның ту етіп көтеретіні – адамгершілік, адам бойындағы ең ізгі қасиеттерді дәріптеу, туған ел, туған халықтың тыныштығы, келешегі төңірегіндегі толғаныс. «Бір қатын бір қанішер туғандықтан, жетім-жесір қаптап кеткен» деп өзі жырлағандай, сонау соғыс жылдарына да қайта оралып, саналы адам ұрпағына келер қауіпті ескертеді. Ақынның арманы – «Жақсылықты ақ жібек ауаға орап, дүниенің барлығына үлестіру», «Таңдардың шұғыла кірпіктеріне түнеп, ертеңгі күннің құрсағында жүру». Ақынның арманы – асқақ арман, ақ арман. Меңдекештің шығармаларынан сұрапыл соғыс жылдарындағы елдегі ауыр халді, халық тұрмысын бейнелейтін туындыларды мол кездестіреміз. Сол кездегі мұңды, шерлі суреттерде ақынның балалық шағы жүр.

АТЫРАУ ЕЛІ, ӨЗІҢМЕН КҮЛЛІ ҚАЗАҚТЫҢ БАҒЫ БАЙТАҚ-АУ-3

«Бұл күнде күдіктенгіш балалар да,

Кешегі соғыс салған жараларға.

Жоқтықтың батпан жүгін артып өстік

Қара шай, қара талқан, қара нанға.

«Шыдасаң, құлындарым, сорға шыда!» —

Дейтұғын кемпірлер де қолбасы ма?

Қантқа емес,

Хатқа біз зарыққанбыз

Таласып пошташының дорбасына…»

немесе :

«…Құлаған үйде құламай қалған мұржадай,

Бір қауым жанның орнын сипап мен қалдым»,

немесе:

«…Жүрегімді алып алдынан шықсам солдаттың

Кемпірлер мені мүсіркеуші еді кем сеңдеп» деген жырларда өткен күндердің жүрекке із қалдырған таңбасындай сарғайған сағынышы, мұң-сыры мөлдіреп, жүрек-жасындай төгіледі.

Ақын осылайша, өзін ойландырған, толғандырған мәселелерді табиғи сырға орап, сезім шынайылығымен жеткізе білді. Дарынды ақындардың қай-қайсысының да шығармаларынан тұтастық, айқын бедер табуға болады. Ақынды тұлғалайтын, оның жеке әлемін айқындайтын – жақсы өлеңдерінің тұтас жүйесі. Ал, ақындық тұлға өлеңдегі айтылған сырға сендіріп, оқырманын биік мұраттарға жетелеп қана қоймай, сезімін тәрбиелейді. Өмірдің қарама-қайшылығынан, қасірет-мұңынан, үміт-арманынан ақындық тұлға түзген лирикалық қаһарман – айналып келгенде ақынның өз бейнесі. Яғни, «мені». Меңдекештің поэтикалық кредосы оның өз «мені» арқылы былай түйінделеді:

«Өмір, менің дертім һәм еншім өлең,

Жақсылықты өндірер кеншің ем мен.

Мен отыз көрмеген жамағатқа

Жұтап қалар болсам да енші берем!

Уа, келер күн, күшейтпе күздігіңді,

Мен итшілеп жимаймын мүлігіңді.

Алтын соқпақ секілді жарқ еткізіп

Түнектерге шашамын білігімді!

Кім де-кімнің басына аспан құлап,

Қорланса егер қан жұтып, аштан жылап.

Бар қазына-байлықты судай шашам,

Ар-ожданды, баламды шашпан, бірақ».

Ақынның бұл адал сырында ар алдында есеп беретін, намысы ояу адамның тебіренісі, жүрек лүпілі бар. Өзгенің даңқын жамылып, өзгенің көлеңкесінде жүріп, өзінің телпегін көрсетуге тырысатын рухани мүгедектіктен ада сезім. Дүниедегі ең жаман жұт – ақын жанының суықтығы. Меңдекештің өзі де өмірде қандай ақжүрек, жайсаң жан болса, оның өлеңдері де таңғы шықтай таза, мөлдір, «шаңқай түстегі шағырмақ күн секілді, жүректерге жетсем-ау шуақпенен» деп өзі жырлағандай, өлеңінің өн бойынан жылылық пен ізгіліктің лебі есіп тұрады. Ақындық мінез деген осы болса керек. «Бүгінгі ақындарда ақындық мінез жоғалып барады» деген пікірлер айтылып қалып жүр. Ақындық мінез ақын жанының суықтығынан жоғалады. Ақын жанының суықтығы – пендешіліктен, ұсақтықтан, менмендіктен. Жеке басының эмоциясын жырлаудан аса алмаған ақын үлкен ақын бола алмайды. Ал, Меңдекештің толғанысы бөлегірек:

«Өзім бір өз боп өтпесем,

Өлеңге беріп өзімше өң.

Жайықша тулап жетпесем

Жырымнан менің безін, сен» — деген жыр жолдарында, өзін-өзі тексеріп, өзін-өзі адамгершілік тезіне салып, өзгелердің көңіліне өзін жауапкер санайтын ақындық мінезі көрінеді. «Айқаста жықсам жетпей ме, Жалғыз-ақ, палуан кітаппен» дейтін шумағымен өзінше ой айтқан ақынның абыройын бүгін де, ертең де сол «палуан жалғыз кітабы» қорғап шығатындай.

«Бүгінгі қазақ поэзиясында лирикамыздың даму барысындағы негізгі тенденцияның, негізгі бағыттың бірі болып отырған медитативтік лирика саласында жұмыс істеп, поэзиямыздағы медитативтік лириканың Абай салған жолын, Абай дәстүрін жалғастырушы жастар да бар. Бұл тұрғыда Қадыр Мырзалиевты, өмірден ерте қоштасқанымен, ауызға аларлық мұра қалдырған Төлеген Айбергенов пен Меңдекеш Сатыбалдиевтың есімін атауды әділ де орынды деп санаймыз» деп жазды Тұрсынхан Әбдірахманова. Осы тұрғыдан алғанда, өмір мен қоғам туралы, өзі туралы сыр толғау, жақсыға жетелеп, жаманнан аулақ болуға үндеу, адамшылыққа, ақыл-парасатқа баулу тәрізді көңіл-күй лирикасы М.Сатыбалдиев шығармашылығының да мәнді бір саласы деуге болады. Меңдекеш Төлеген Айбергеновтың жыр-өнегесінен тәлім алып, Төлеген дәстүрін жаңашылдықпен дамытып, одан әрі өз стилінің табиғатын даралай түсті.

Маңғыстау жаққа

Омырауыңды ашып келмесең.

Маған да арын бітер ме еді –

Арындылығыңды көрмесем?! — деген жыр жолдарында Меңдекештің жүрекжарды шындығы шамырқанумен ұштасқандай. Замандасының үлкен дарынын мойындау ғана емес, өзі де өршіл рух, үзеңгі қағысар күш танытады. Бұл – ақын шығармашылығының өзгеше жемісті саласы.

«Меңдекеш ақын өлеңдерінің стилі мен формасынан, тақырып жағынан кешегі марқұм Төлеген Айбергеновтың ақындық дауысы естілетін секілді. Бірақ, мұны еліктеу емес, ақындық үндестік, талант қырының туыстығы дер едім. Меңдекештің шыңға шабуында, әрине, Төлегеннің алғашқы да, ағалық шылбыры да болуы ықтимал.Ол – тек бұлақ көзін аршушы күш» деп жазды Ғафу Қайырбеков.

Меңдекеш ағамыздың жұбайы Рузия апай айтқан мына бір сырлы әңгімеден Төлеген мен Меңдекештің бауырдай туыс, етене жақын қарым-қатынаста болғанын аңғарамыз. Әңгіме атақты «Ақ ерке Ақ Жайық» әнінің шығу тарихы туралы. «Ақ ерке Ақ Жайық» әні Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновтың Атырауға келген шығармашылық сапарында туған. Көңілді өткен ән-жыр кешінен соң атыраулық жас қаламгерлер Алматыдан ат арытып келген қос талантты Жайық бойымен серуендетеді. Толқындары ай сәулесімен ойнаған түнгі Жайықтың керілген көркем келбеті ақынның да, композитордың да шабытын оятқандай. Кенет, жанындағы дабырлай сөйлегендерге Шәмші қолын көтеріп «тоқта» дегендей белгі береді. Ешкім ештеңе түсінбей үнсіз қалады. Жүзінде қан ойнап, ойлы көздері ұшқын атқан Шәмші құлағын Жайыққа тосып, «Естідіңдер ме, Жайық ән салып жатыр» дейді. Композитордың бұл қылығына түсінбегендер күлерін, не күлмесін білмей тұрып қалады: «Жайық та ән сала ма екен?!»

Содан шабыттың шаңқан бозына мінген Шәмші әннің музыкасын, Төлеген әннің сөзін бір түн ішінде сол кездегі « Атырау» газетінің қызметкері, ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтың Жайық жағасындағы жалдаған жеркепе үйінде жазып, «Ақ ерке Ақ Жайық» өмірге келген. Бұл жайды жазушы-драматург Берік Қорқытов әннің жазылу тарихы туралы жазған мақаласында айтады. Бұл жайды Меңдекеш Сатыбалдиевтың жұбайы Рузия апамыз да сағынышпен еске алады бүгінде: «Атырауда тұрған кезіміз еді. Ол кезде «Гурьев» деп аталатын. Жайық жағасындағы шағындау жер үйімізге қонақ көп жиналатын. Меңдекеш ерекше қонақжай еді ғой. Үйімізден кісі арылмайтын, сәлемдескеннің бәріне де ізет көрсетіп, бауырмалдық мінез көрсетуден шаршамайтын.

Бір күні Алматыдан Төлеген мен Шәмші келді. Олар әзілдеп, біздің үйді «кішкентай гостиницамыз» дейтін. Екеуіне қонақ бөлмемізді босатып бердік. Екеуі келді де, Жайық бойын ән мен жырға толтырды. Күнде жиын, күнде той, бітпейтін бір қызық әңгімелерге толы әдемі кездер болды бас қосқан таланттар үшін. Сондай сезімдердің әсерінен Шәмшінің көңілінде ән туады. Төлеген отыра қалып, түнімен әнге жыр жазады. Шәмші мен Төлеген сол түнді ұйқысыз өткізген сияқты. Таң атпай қуанып, «Ақ ерке Ақ Жайық» деп әндетіп оятқан бәрімізді. Меңдекеш сонда: «Тыңдашы, Рузия! Керемет қой! Мына Шәмші мен Төлеген қалай-қалай сілтейді?!» деп қатты қуанған еді.

«Арманым саған ауған,

Самал соқса жағалаудан.

Жүректе тербетілген

Ақ Жайығым,

Ақ еркем,

Аңсаған ән өлкем.

Жаным-ау дара туған,

Ағыстардан жаратылған.

Жайықтың жағалай тал

Жағасынан,

Қымбаттым,

Сен маған тіл қаттың»…

Жақсы әннің қашан да ғұмыры ұзақ қой! Әдемі ән жарты ғасырдан бері жүректердің төрінен орын алып, көңілді қуанышқа кенелтіп келеді. Егер сол кезде Меңдекеш сынды жайсаң дос болмаса, Төлеген мен Шәмшінің көңілін көтеріп, шабытын асқақтатпаса, «мұндай ғажап ән туар ма еді?» деп ойлаймын.

Меңдекештің жырларының тақырыбы сан алуан. Өлеңдерінің бір шоғыры туған жер, атамекен, Атырау-Жайық, Маңғыстау, Жылыой-Ақкиізтоғай тақырыбына арналса, енді бір шоғыры – Махамбет-Исатай туралы жырлары өршіл рух пен намыс отына қайралған алмас қылыштай өткір жырлар. Атырау туралы толғанса, ақын Каспийдей толқиды, Нарындай буырқанады, Жайықтай тасиды:

… Ізгілік деген кітапқа ылғи

Қосып бір жүрген бай тарау,

Атырау елі,

Өзіңмен күллі қазақтың бағы байтақ-ау!

Мен мұны айтам

Алатаудың да

Басына шығып шалқайып,

Мен мұны тіпті

Дүниенің түгел төрт бұрышына да айтам-ау!

Оу, маңғаз өлкем,

Мен саған әлі

Өлеңнен мұнара соқпағам.

Әйтсе де сенің сөзіңді сөйлеп,

Жоғыңды дәйім жоқтағам.

Гүлдерің түгіл –

Атамзаманғы ошақта қалған күлдерден

Қоздаған қызыл шоқ табам!

Меңдекеш туралы Әбіш Кекілбаев «Жайсаң» атты мақаласында былай деп жазады: «Көзін ашпай жатып жетім қалып, кісі қолында, тағдыр талқысын көрудей-ақ көріп өсіпті. Бұғанасы қатпай жатып, ауыр жұмыстар істеп, қар төсеніп, мұз жастанып, ауыр дертке ұшырапты. Талай рет оташының қолына түсіп, қабырғасын сөктіріп, бір жақ бұғанасынан түгел айрылып, өкпесін кестіріп, үштен бірі арқылы тіршілік кешті. Одан басқа адамның қарадай опырылып, опат табатын-ақ қасіреттері. Меңдекештің тұла бойы тұнған молшылық еді. Осыншама жоқшылықтың ортасында, осынша бейнет арқалап өсіп, мұншама дархандықты қайдан тауып жүр?! Алқалы жиын көрсе, арқаланып, үлкен-кішінің бабын тауып, сүйкімді мінезімен, тапқыр әзілімен бәрінің жанын балбыратып, қай отырыстың да қошын келтіретін жібек мінез, желең көңіл жайдары жан еді. Есіңді кетірердей ерекше үйірімді еді. Бірақ, ешкімге қылдай қиянаты жоқ, айтып жеткізе алмастай адал еді. Сөзінен, көзінен, өзінен әлдебір теңдесі жоқ оптимизмнің, өмірсүйгіштіктің лебі есіп тұратын. Ол сөйтіп, ел мүсіркейтін халден ел таңғалатын күйге бір-ақ жетті. Өмірде де, өлеңді де өжеттігінен танбады».

«Қабырғасын қаусатып,

Бір-біріндеп сөксе де.

Қабағын шықпас ер керек

Біздің бүйткен бұл іске».

немесе

«Арғымақтың баласы,

Арығанын білдірмес» — деген Махамбетке тән мәрттік мінез Меңдекештің өз бойынан да, өлеңнен де көрінеді дейтініміз сондықтан. Әйгілі ақынның «Қызғыш құс» өлеңін бойтұмардай қастерлеп, кітабына таңдап алуы да тегіннен тегін емес. Меңдекештің «Қызғыш құс» атты таңдамалы өлеңдер жинағы өзі өмірден өткен соң жарық көрді. «Махамбетке» деген өлеңінде Меңдекеш ақтарылып бар сырын айтып кеткендей:

«Ақиқатпен – қылышпен жеңем дедің,

Зұлымдықты айдаһар ініндегі.

Қайран қалам, ғұлама – кемеңгерім

Жүз жылдан соң оятты үнің мені.

Сен айдаһар жұтуды ойлағанда,

Бұл қазақты қызғыштай қорғадың-ау.

Найзағайлар төбеңде ойнағанда

Жайратқышың, дариға, болмадым-ау…»

Бұдан соң ақпа-төкпе ақын шабыты арнасынан асып, қара дауылын азан-қазан сапырып, «Махамбеттің монологы» болып бұрқырады:

«Қара аспандай мынау қаһарлы басыммен,

Қопармаспын ба, Қап тауының тасын мен?!

Құл бола алман көндігіп,

Қорғасын-қайғы қалжыратқанда,

Құзғындар көзі қанды баққанда

Қабыландай салам мен бүлік…»

Махамбеттің дәл осылай сөйлегені, ханнан қаймығып, биден бүгіліп көрмегені, тағдырының қатал заңымен қасарысып, қас жауының алдында сөзімен де, ісімен тайсалмай кеткені – тарихтан аян.

«Меңдекеш өзінің қажыр-қайратқа толы омыраулы ойларын өз аузынан айтуға әлі де болса жүрексінеді. Оларды дулығалы Махамбет ақынның дуалы ауызымен айтқысы келеді. Ауыздығымен алысқан тұлпардай тарпаң жыр жолдарын Меңдекеш атақты атасының аузына салып, ол өлеңді «Махамбеттің монологы» деп атаған. Батыр бабамыздың «Ереуіл атқа ер салмай» атты жойқын жырындағы «е» әрпінен ерліктің ебгей желі қалай соқса, өнер мұрагерінің «Махамбеттің монологы» атты өлеңіндегі үздіксіз қайталанатын «қ» әрпінен қайсарлықтың қара желі соғып тұрғандай» деп тебірене жазды Қадыр Мырза Әли.

«…Қаңқ етіп қанша артында қазы қалған,

Жалт етіп қанша артында жазы қалған.

Жатыр міне, батырдың бас сүйегі

Қабірден күні кеше қазып алған.

Өлеңмен отырды ма өсіңкіреп,

Ұлымен сүйіскендей төсін тіреп.

«Қапыда кеттім!» – депті-ау қайран батыр

Шапқанда басын қылыш бесінші рет

Сонда да бассыз дене күйремепті,

Құзғындай жау үстіне үймелепті.

Өз қанына шомылып бара жатып

Ақын жауын есікке сүйреп өтті.

Сонда да батыр қанша өкінді екен,

Ажалмен неге ойнауға бекінді екен?

Махамбеттің басы да біле білсек

Дүние-ай, жалаң қылыш секілді екен!» — деп жырлады өзегі толы өрт өлең ақын.

Меңдекеш ақын қайтыс болғаннан кейін оның жыр дәптерінен табылған өлеңдердің ішіндегі «Құпиялар» атты шағын өлең ақынның бір мінезін ашатындай.

«Мен жоғалсам, жоғалармын.

Арасында жатпаспын қоғалардың.

Бір қадалып қас дұшпан кеудесіне

Махамбет жебесіндей –

Мен жоғалсам, жоғалармын…»

дегені «мен де бір күн ел көзінен жоғалармын, бірақ, елеусіз, ескерусіз қалмаспын» деп өлеңдегі өз болашағын меңзегені секілді.

Ақын түйсігі қателеспепті. Артында қалған қабырғалы елі – қазағы Меңдекешті, оның өрелі де өжет жырларын ұмытқан жоқ. Бұл – бір. Бүгінде Атырау қаласындағы үлкен көше Меңдекеш Сатыбалдиев есімімен аталады. 1990 жылы Құлсарыдағы жаңадан салынған 2000 орындық мектепке халықтың ұсынысымен Меңдекеш Сатыбалдиев аты берілді. Бұл мектепте Меңдекеш мұражайы бар.

«Бір қадалып қас дұшпан кеудесіне

Махамбет жебесіндей –

Мен жоғалсам, жоғалармын…» дейді ақын.

Ойландыратыны, жаны жайсаң, ақынның қас дұшпаны болуы мүмкін бе?! Мендекеш «қас дұшпан» деп дүние-дұшпанды да айтқан. Адам бойындағы ашкөздік пен менмендік жақсы мінез емес дегенге саяды. Абай атамыз да «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» демеді ме?! Арманшыл ақынның:

Қыран қонар шыңның басы,

Желіктірсе әркімді.

Мен үшін тек санаменен

Шыңға шығу тартымды.

Сөкпеші, жұрт, бірде биік,

Бірде төмен жүрермін.

Арманымды алынбаған

Шыңдарыма жібердім…»

Меңдекеш ақын айтқандай, «санаменен шыңға шығып, қанат қаға алатыны да жақсы», ақынның «алынбаған арманын шыңдарына жібергені» де сенімді.

Биыл Кең Жылыойдың Ақкиізтоғай деген ауылында дүниеге келген ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтың туғанына 80 жыл толып отыр. Меңдекеш – отыз алты жыл ғұмыр кешсе де, қамшының сабындай қысқа өмірін өлеңге, сөз өнеріне арнаған, көп ізденіп еңбектенген бейнетқор адам. Сол бейнетін рахатқа балап, әдебиетке адал қызмет еткен қаламгер.

Меңдекеш поэзия саласында ғана емес, проза саласында да жемісті еңбек етті. «Қоңыр қозы» повесінің авторы, көркем аудармаға бейімділігін танытып, А.И.Покрышкиннің «Аспандағы айқас», татар ақыны Хасан Туфаның жырларын, моңғол жазушылары Лондон гейн Тудэвтің, Бохийн Басто, Пурэвийн Хорлоның және басқа да әңгімелерін қазақшаға аударды. Оның баяндауы мен суреттеуіндегі бейнелілік – көркем кестелі тілі аудармаларының келісті жақтарын танытады. Меңдекештің публицистикалық шығармалары кезінде республикалық басылымдарда жиі жарияланып отырған. Осы тұрғыдан алғанда М.Сатыбалдиев – жақсы публицист. Оның публицистикалық шығармаларын оқығанда өз оқырманын селт еткізіп, ой салып, әр оқиғаның, әр жағдайдың аражігін ажыратып, нақты ой-пікірін білдіріп отырғанын байқаймыз.

Қай салада жазса да, өзіндік үні, тілі мен стилі, суреткерлік мәнер-машығы, өзіндік ерекше қолтаңбасы бар қаламгер екенін танытқан Меңдекеш Сатыбалдиев – Атыраудың, елдің азаматы. Ел мен Ер – қашан да егіз ұғым. Меңдекештің отыздан сәл асқан жасында артына жазып қалдырған дүниелерін оқысаңыз, сексендегі шежіреші қариядай кәрі де ойлы. Ақыл-парасаттың биігінен қарайды. Ойлантады, тебірентеді, бүгінгі оқырманның да ойынан шығып, талғамын биіктетеді.

Шын таланттар өмірі осылай, өзі өмірден өтсе де, асыл қаламының ізі кеппейді…

Маржан ЕРШУ,

ақын, филология

ғылымдарының кандидаты

atr.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар