Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Аударма саласындағы Назипа Құлжанованың рөлі...

16.11.2019 6192

Аударма саласындағы Назипа Құлжанованың рөлі 12+

Аударма саласындағы Назипа Құлжанованың рөлі - adebiportal.kz

Қазақ даласындағы көркем аударма саласының дамуы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ыбырай, Абай аудармаларынан бастау алғандығы белгілі. Ал ХХ ғасырдың басында аударма арнасының ерекше серпінмен кеңеюіне Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұқтар Әуезов сынды ұлт мақтаныштарының айрықша ықпал еткендігі даусыз. Осы жолда Алаштың даңқты қайраткерлерімен иық теңестіре ересен еңбек етіп, қазақ əйелдерінің ішінен талантымен көзге түскен Нәзипа Құлжанова халқымыздың тарихында мәңгілікке қалды. Аудармадан бөлек Н.Құлжанованың ұстаз, ағартушы, журналист, жазушы, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы ретінде есімі бүкіл қазақ еліне танылғанын және ХХ ғасырдың басында өз халқын ілімге, мәдениетке шақырып, жаңалықтың жаршысы болғанын айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар Н.Құлжановаға А.Байтұрсынұлы, С.Торайғыров, С.Сейфуллин сияқты ой-парасат иелерінің өлең арнауы, оның білім және ғылым жолында өзіндік орны бар екенін одан әрі айқындай түседі. «Замана сыншысы А.Байтұрсынұлының Нəзипаға арнаған серт сөзіндей сыр толғауы қандай десеңізші!

Рақатсыз өтсе де өмір жасым,
Бұл жөнімнен құдайым айырмасын.
Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,
Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым…

Су да болар ол жолда, тау да болар,
Жаудың оғы, жайған тор, ау да болар,
Мынау пайда, мынасы зиян демек,
Ол ерліктің ісі емес, сауда болар.

Шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар,
Шалдыққанға мұқалмас ерлер де бар.
Қайраттанып, қажымай тырмыссаң да,
Шыққызбайтын жолыңда өрлер де бар. …»
[1, 6.]

Н.Құлжановаға ағалық мейіріммен С.Торайғыров:

«Ардақты, бар Нəзипа деген ханым,
Газет, журнал жүзінде жұртқа мəлім.
Оқыса сондай əйел шығар ед деп,
Оқығандар бағалар сөздің дəмін

Неше күн қыдырсаң да таба алмассың,
Семейдің одан өтер адал жанын.
Ақ көңіл, мінезі оңды, жүзі жарқын,
Ынтасы жеткізбекке əйел халқын.

Жəне бар əйелге хас нəзік сезім,
Танитын бір көргенде-ақ істің нарқын.
Атақты Байтұрсынов «Мысалында»,
«Н-ға» деп өлең жазып, жайған даңқын…»
[2, 191 б.] – деп арнау өлең жазған.

Н.Құлжанова киелі Торғай жерінде дүнеге келіп, сол жердегі қазақтың аса көрнекті ағартушысы Ы.Алтынсарин іргесін қалаған орыс-қазақ мектебінде алғашқы білімін алды. Кейін Қостанай қаласындағы қыздар гимназиясында білімін жалғастырды. Оқуын аяқтаған соң, алдымен Торғайда мұғалімнің көмекшісі болып қызмет атқарды. 1905-1920 жылдары Семей қаласындағы оқытушылар семинариясында ұстаздық етті. 1920 жылы Н.Құлжанова Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару бойынша арнаулы комиссияның құрамында жұмыс істеді. Н.Құлжанова 1923 жылы «Қызыл Қазақстан» журналына жұмысқа орналасып, сол жерде әдеби аудармашылыққа бет бұрды. Қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген ұлт қызметкері аударма өнері арқылы ұлттық əдебиетіміздің өркендеуіне, әдеби туындыларымыздың орыс әлеміне танылуына өзіндік септігін тигізді. Әсіресе А.Құнанбайұлы, Ы.Алтынсарин, Ғ.Мүсірепов шығармаларын орысшаға аударуы ол кез үшін ерекше жағдай еді. «Нәзипа қазақ және орыс халқы арасында Абайдың поэтикалық шығармашылығын алғаш насихаттаушы болды. Ол Абайдың «Махаббат туралы», «Желсіз түнде жарық ай» («Безветренная ночная луна») өлеңдерін орысшаға аударды. Соңғысының аудармасы 1915 жылы «Сибирский студент» журналында басып шығарылған болатын.»[3]


Н.Құлжанова көбінесе орыстың классикалық әдебиетінен қабырғалы шығармаларды қазақшаға аударды. Ол В.Г.Короленконың «Күн тұтылғанда», М.Горькийдің «1905 жыл, январьдың 9-ы күні», А.Куприннің «Лапылдап жанған крейсер» (1905 жылдың көтерілісінде Қара теңізде болған оқиға), А.Скиталецтің «Полевой сот» және Б.А.Лавреневтің «Қырық бірінші» атты повесін қазақ тіліне тəржімалады. Н.Құлжанованың аудармашылық шеберлігі жайлы ф.ғ.д., профессор Серік Негимов былай дейді: «Бұл шығармаларда замана ахуалы, халықтың хал-жайы, кейіпкерлердің ішкі дүниесі, сөз саптасы, ойлау жүйесі, қоғамға, уақытқа көзқарасы, дəуір шындығы, ел тағдыры аса бір көркемдікпен, суреткерлік зейін-шеберлікпен, өнерпаздықпен тебіреністі сипатталған. Сондықтан да білім-ғылыммен мұздай қаруланған Н.Құлжанованың орыстың классикалық əдебиетімен етене таныстығы, суреткерлік зерде-санамен қабылдауы, орыс тілінің образдық-метафоралық жүйесін, табиғатын жыға түсінуі, астарын сұңғылалықпен тануы, яғни, түпнұсқаның рухын, сырын, сұлулығын жүйріктікпен сезініп-түйсінуі (стилистикасын, синтаксисін, фразелогиясын, интонациялық-мелодикалық құрылымын, музыкалық архитектоникасын) ұлт тілінде соншалықты əсерлі, мəнерлі, жатық сөйлеткен.»[1,13б.]


Н.Құлжанова жоғарыда аталып өтілгеніндей, орыс жазушыcы М.Горькийдің «1905 жыл, январьдың 9-ы күні» атты тарихи шығармасын қазақшаға аударған болатын. Ұлт зиялысының аударма саласындағы аталмыш еңбегіне тоқталып өткенді жөн көрдік. «Ресейде Бірінші орыс революциясының басталуына 1905 жылы 9 қаңтарда Петербургте өткен «Қанды жексенбі» оқиғасы түрткі болды. Бұл оқиғада ІІ Николай патшаның бұйрығымен бейбіт демонстрацияға қарсы қару қолданылған еді.» [4] Максим Горький осы бір қанды оқиғаны өз шығармасында суреттейді. Н.Құлжанова жазушының дүниетанымына, мәнеріне, стилистикалық сипатына бойлай отырып, шама-шарқынша бұл дүниетанымды, стильді ана тілінің құралдарымен барынша әдемі жеткізе білген. Мысалы, шығармадағы бейбіт шеруге шыққан алаңсыз орыс жұртын аудармада қазақтың шұрайлы бай тілімен төмендегідей сипаттаған:


«Түстері құлпырып, көздері жайнап, адымдары бұрынғыдан гөрі шапшаңдап келеді, дене қызуына қосыла көңіл де көтеріліп толқып келеді. Халық əлі де көбеюде, топ үлкейіп, көше жылынайын деген тəрізді, адам дауыстары ашығырақ, қаттырақ шығады.»[1,257б.] Жазушы суреттеген патша бұйрығымен жазықсыз оққа ұшқан халықтың көрінісін қазақ тілінде барынша əсерлі сөйлеткен: «Көптің ішінен адамдар екеуден, үшеуден құлап жатыр, біреулер отырып қалып, біреулер іштерін басып, бір жаққа жүгіріп барады, ақсаңдап, еңбектеп барады, ақ қардың беті ала қызыл болып жарқырай қалады. Қызарған қар бусанып, жайылып, адамның көзін еріксіз тартады. Топ кейін лықсып тоқтап, қата қалды да, бір мезгілде жүздеген кісінің адам айтқысыз, жан түршігерлік ащы айқайы жерді күңірентті. Оқ тескен тəннің ашуының шыңғыртқаны көкіректі кернеген кектің, ызаның қайнаған долы дауысы, көрген қорлыққа қарсы шыққан ашу, түсінісе алмағандықтың қайғылы зары, жалынған, жəрдем күткен ыңырсыған өтініш. Осының бəрі біріне-бірі жалғасып, дірілдетіп, көкті күңірентіп, жауар бұлттай шұбарланып аға берді.» [1,261б.] Жазушы сипаттаған аяусыз талқандалған халықтың көрінісі қазақ тілінде төмендегідей берілген:


«Бір жаңа өспірім бала аяғының астына құлап еді, қылышын ішіне бір тықты... Ышқынған дауыспен айқайлап, шамшыл атша жан-жағына секіріп, біреу бетіне бөркін лақтырды, біреулер уыс-уыс қанды қарды лақтырып жатыр. Офицердің қасына, найзаларын алдына ұстап, бір неше солдат фельдфебель жетіп келді. Халық қашты. Жеңген батыр халықтың артынан қылышын сермеп тұрып, бір мезгілде көтерген қолын төмен түсіріп, аяқ астында қансырап еңбектеп жүрген балаға қылышын тағы бір тықты.


Сонан соң тағы да күңгірлеген керней дауысы шықты. Бұл дауыстан таныған жұрт ышқынып қашып, алаңды босатып жатыр. Керней дауысы əуені жарып, иреңдеп, бейне офицердің батырлығын, солдаттардың жанары сөнген көзін, офицердің қызыл бояу қылышын, жалбыраған мұрттарын күйлеп, əн қосқандай.


Жылы қанның ал қызыл түсі адамның көзін амалсыз тартып қоймастай тілек жандырып, мас қылғандай. Солдаттар елеңдеп, жан-жаққа қаранып бейне тағы оғына тірі тамақ іздегендей...»[5,84.] Ағартушылық жолында жүрген Н.Құлжанова Қазақстанда алғашқы көзі ашық қазақ әйелі ретінде аударма арқылы тұтас бір халықты ақпараттандырып отыруға да атсалысқанын байқауға болады. Өйткені, «Қанды жексенбі» оқиғасының әсерінен қазақ өлкесіндегі жұмысшылардың революциялық белсенділігі артқандығын, елдің тұрмыс-тіршілігіне, ауыр жағдайына, жүргізіліп отырған қоныстандыру саясатының озбырлығына, жердің талан-таражға салынғанына байланысты баскөтерулер болғандығын тарихтан білеміз.

Қорыта келгенде, Н.Құлжанова ұлттық туындыларымызды насихаттаумен қатар, орыс тіліндегі шығармаларды қазақшаға аудару арқылы қазақ әдебиетінің өркендеуіне айтарлықтай өз үлесін қосты. Сонымен қатар қазақ халқының саяси көзінің ашылуына да ықпал еткендігін айта аламыз. Қазақтың қайсар қызы, журналист, ұлықты ұстаз, аудармашы Н.Құлжанованың өмірі мен артында қалған тағылымды мұрасы бүгінде жас ұрпаққа өнеге болатындығы сөзсіз.

Қолданылған әдебиеттер:


1. Негимов С., Нəзипа Құлжанова шығармалары// “Ана тiлi” баспасы ЖШС, 2014, – 6-7,13, 257, 261 бб.
2. Негимов С., Айқын Нұрқатов шығармалары// “Ана тiлi” баспасы ЖШС, 2013, – 191 б.
3.http://www.cdni-arhiv.vko.gov.kz/kz/news.htm?id=43
4. http:// kazaksha.info/sayis/қазақстанның-хх-ғ-басындағы-әлеуметт/
5. Жаңа мектеп» журналы, 1927 жылы, №1. –84 б.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,

PhD докторы Қуаныш Жұмабек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар