Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
«Ауылым – алтын тұғырым» конкурсының 3 томдық кі...

24.06.2017 7811

«Ауылым – алтын тұғырым» конкурсының 3 томдық кітабы жарық көрді

 «Ауылым – алтын  тұғырым» конкурсының 3 томдық кітабы жарық көрді  - adebiportal.kz

Ауыл... Самалын биік ғимараттар қалқаламайтын, даласына сайтан іздер түспеген, ауасы жусан аңқыған, таңы алаулап атып, кеші манаурап бататын алтын ұя... Тұрғындарының жаңа піскен күлшедей ыстық ықыластары мен әр қонағын Қызырдай күтетін көңілдері Сіздің санаңызға: «Жер жұмағы деген – осы» дегізердей.

«Сыбдыры таныс талыңның

Сырлас жел, самал, дауылың.

Оралмас балғын шағымның

Белгісі сенсің, ауылым», дейді Ақұштап ақын. Ауыл – балалықтың белгісі, даналықтың бейнесі, аңсар мен сағыныштың алтын тұғыры. Оған әр ақынның айтары бар, әр жазушының жазары бар.

Былтыр Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай ақындар мен жазушылардың арасында осы бір киелі мекен туралы шығармаларын саралайтын «Ауылым-алтын тұғырым» атты әдеби конкурс өткен болатын. Оны «Ауыл» партиясы ҚазКонтент» АҚ-ның "Әдебиет порталымен" бірлесіп арнайы ұйымдастырған еді. Конкурсқа шығармалар 1 жыл бойы қабылданып, барлығы 219 шығарма келіп түскен. Оның ішінде 18 шығарма драматургия жанры бойынша, 79 туынды проза жанры бойынша, және 122 еңбек поэзия жанры бойынша тіркелгендігін атап өткеніміз жөн. Сонымен қатар үздік туындылар арасынан сарапталып, ең үздік шығармаға «Алтын тұғыр» әдеби жүлдесі де тағайындалды. Міне, осындай игі іс-шарада ақын-жазушылар қаламына қанат қақтырып, ауыл бейнесін сөзбен суреттеген болатын. Үздіктер жүлделі болып, қаржылай марапатталды да. Марапаттау салтанатында «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев мұндай әдеби байқаулар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болатынын, сонымен қатар, осы сайысқа келіп түскен шығармалардың барлығы жинақталып, проза, поэзия және драматургия жанрлары бойынша бөлек кітап болып, бастырылып шығарылғанын айтып өткен еді. Әне-міне дегенше ол уақыт та келіп жетті.

ҚР Ұлттық музейінде «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсына қатысқан ақын-жазушылардың шығармаларын топтастырып, «Поэзия, проза, драма» жанрлары бойынша шығарылған 3 томдық кітаптың тұсаукесері өткізілді. Тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, драматургтер, министрліктердің өкілдері, ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Алғаш болып сөз алған «Ауыл» партия төрағасы Әли Бектаев бұндай байқаудың әдебиет айдынына жаңа қадам басқан жас дарын иелерін оқырманға танытуда, оларды қолдап, шығармашылығын дамытуға ерекше серпін беруде үлкен рөл атқаратынын айтып, шараның маңызы мен мәніне тоқталды.

- Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жер тақырыбына аса үлкен мән беріп: "Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі", - деп айтып өткен болатын. Осы мақаланың аясында бүгінгі іс-шара өткізілді.

Кешегі өткен сайыстың жариялы түрде, заманауи үлгі – әлеуметтік желіде онлайн түрде өтуі – шығармашыл жастарымызға шабыт бітірді. Республикалық деңгейде өткізіп жатқан конкурс тіпті халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Келіп түскен шығармалар арасында Қытай, Монғолия, Өзбекстандағы қандастарымыздың туындылары бар

Партияның жанынан құрылған шығармашылық кеңес байқауға төрелік ететін әділқазылар алқасын сайлап, комиссия тоғыз адамнан құралды. Комиссия төрағасы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист, белгілі жазушы Жабал Ерғалиев болды, сондай-ақ, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург - Рахымжан Отарбаев, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы драматург - Роза Мұқанова, жазушы-ғалым - Жолтай Әлмаш, ақын, жазушы, композитор Ерқожа Әлқожаұлы және бүгінде озық ойымен, өткір тілімен, жазу шеберлігімен оқырманын баурап алған жас ақын-жазушылар - Бауыржан Қарағызұлы, Ербол Бейілхан, Талғат Ешенұлы сынды майталман мамандар болды.

Біз бұл шараны партиямыздың атағын шығару үшін ғана жасап отырғанымыз жоқ. Ауыл дегеніміз – барлығымыздың алтын тұғырымыз, темірқазығымыз. Игі шара биыл да жалғасын тауып отыр, - деді партия төрағасы.

Тұсаукесер кеште ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист, белгілі жазушы Жабал Ерғалиев те шараның қазақ әдебиеті мен қалың оқырман үшін зор мәні барын айтып өтті. «Ауыл» тақырыбы кімге де болса етене жақын, жүрекке жылы тиетін, ешкімді бей-жай қалдырмайтын тақырып екені осы конкурс барысында айқын байқалды» - деді ол.

Ал белгілі жазушы, драматург Роза Мұқанова: «Шығарманың ішінде тұщымды, сапалы туындылар жетерлік. Сюжеттік желісі еліктіретін, оқырманын ойландыратын, тілі шұрайлы, ойы орамды, жазуы жатық дарын иелері жастар арасында бар екен. Оны оқып, біліп қуанып отырмыз. Мен драма саласында қазылық еттім. Оған түскен шығармалар ішінен режиссерларға таптырмас дүниелер өте көп», - деді.

Ақын, жазушы, композитор Ерқожа Әлқожаұлы болса: «Әсіресе шығармаларды оқу барысында жас ақын-жазушылардың ауылдағы ағайынның мәселесіне, күрмеулі қиындықтарға, жетістіктер мен ауыл-аймақ ерекшеліктеріне қанық екені көрініп тұрды. Конкурс шығармашылық деңгейден шығып, халықтың әлеуметтік-рухани жағдайын бейнелейтін ерекше құбылысқа айналды», - деді.

Аталмыш шараға еліміздің түкпір-түкпірінен конкурқа қатысқан ақын-жазушылар келіп, оларға шығармалары жинаққа енген кітап сыйға тартылды.

P.S. Ауылым – алтын тұғырым» атты әдеби онлайн-конкурсы биыл да өз жалғасын тапты. «Әдебиет порталына» күн сайын жаңа шығармалар келіп түсуде. Биылғы конкурстың да қорытындысы ел тәуелсіздігі күнінің алдында шығарылып, ондағы шығармалар жинағы тағы да 3 томдық болып басылатын болады.

«Ауыл» партиясы бұл әдеби конкурсты дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастыратын болады.

Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар