Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Авангард»: еркін форматтағы поэтикалық кеш...

22.08.2019 4567

«Авангард»: еркін форматтағы поэтикалық кеш 16+

«Авангард»: еркін форматтағы поэтикалық кеш - adebiportal.kz

Жарық жылдамдығымен жарыса жан-жақты жетілу үдерісіндегі жаһандану заманында қоғамның сан саласы қарыштап дамуда. Ал өмір керуеніне лайықты ілесе алмаған дүниелер уақыттың шаңына көміліп қалып-ақ жатыр. Ал поэзия, қашанда жүрек төрінде сөз құдіретінің киесі болып қала бермек. Оған Руми мен Рудакиден бастап шығыстың шоқ жұлдызды классик шайырлары мың жыл бойы жырлаған Тараз шаһарының бүгінгі жырсүйер жастары һәм олардың өзекжарды, жаңашыл жырлары дәлел. Бұл сөзіміздің растығына қарт шаһардың қақ төріндегі «Global Coffee» атты кофеханасында әулиеаталық әдебиетсүйер жастар ұйымдастырған «Авангард» поэтикалық кеш барысында көпшілік куә болды.

«Өлең – сөздің патшасы» деп хакім Абай айтқан жыр тілі қазақы қоғамға таңсық емес. Ел ел, ұлт ұлыс болғалы бері тойда да, майданда да, күнделікті өмірде де, досқа да, жауға да өлеңдете өрекпіп сөйлеу қазақ халқының о бастан қанына сіңген қайталанбас ізгі қасиет. Нарық пен нәпақаның мүддесі үстемдік етіп тұрған бүгінгі кезеңде бұл қасиет жоғалмағаны көңіл қуантады. Әрине, қазақтың Мағжаны мен Мұқағалиін, Қадыры мен Қасымын, Төлегені мен Тұманбайын ешкім ұмытқан жоқ, ұмытпайды һәм ұлықтайды да.

Дейтұрғанмен, әр дәуірдің өзіндік үні, сарыны, жанры бар екені айдай анық ақиқат. Қазіргі қазақ поэзиясы өз заманын қалай әспеттеуде? Қаламды жанына серік еткен бүгінгі қазақ жастары не жазып, қандай тақырыпты қаузап жүр? Олардың бағыты, екпіні, аяқ алысы, аянбас шабысы қандай? Өйткені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деп шегелеп айтқан болатын. Демек, мемлекет тек сұңғыла саясат пен экономикалық энергиямен ғана өмір сүрмейді, яғни барлық жағынан бәсекеге қабілетті, мәуелі мәдениет пен өміршең әдебиет, қуатты рухани құндылықтармен мәңгі жасайды деген сөз.

Жата жастана жамандасақ та, бізден әлдеқайда көші ілгері еуропалық елдерде ақын-жазушылар қашаннан өркениет биігінен түскен емес. Құдайдың құтты күні әдеби кездесулер, іс-шаралар, жаңа жинақтардың тұсау кесерлері өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Һәм поэзиясы да, прозасы да заманауи тұрғыда жаңа жанрлармен байып келеді. Нақты уақытта қазақы қаламгер жастар да олардан қарыстай қалыс қалар емес. Отандық әдебиеттің уызын емген олар әлемдік классиектерді де сарқып ішіп, санаға сіңіруде. Нәтиже де жоқ емес. Қазіргі кезде Жамбылда осындай бір топ жас ақындардың шоғыры қалыптасып үлгерді. Жасыратыны жоқ, олардың алды халықаралық, республикалық мүшәйраларда алдына жан салмай, белгілі марғасқа қаламгерлердің батасын алып жүрсе, енді бірі отандық әдеби ортаға мойындалып келеді.

Биылғы «Жастар жылында» арнайы бас қосқан жамбылдық жастар Тараз төрінде керемет әдеби сазды кеш ұйымдастырды. «Неге поэзия – тек сезімнің, ал ғылым – тек зерделіліктің көрінісі болуға тиіс? Ақылсыз адам шығарған өлең жолдары нақылға айналмайтыны хақ» - деп ақын Олжас Сүлейменов айтпақшы, жалынды жырларымен жалғанға жарық шашқан Тараз жастарының өлеңі көпшіліктің көңілін ерекше әсерге бөлеп, талант пен тапқырлыққа тәнті етті. Шара жауыр болған жиналыстар тәрізді емес, еркін форматта, ашық диалог түрінде өтті.

Кештің ұйымдастырушылары да, басты кейіпкерлері де шығармашыл жастардың өздері болды. Кофеханадағы көңіл толқытқан басқосуға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Несіпбек Дәутай бастаған Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрадин Рақай, белгілі режиссер Камат Касенов, Қазақстан жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының басшысы, ақын Хамит Есаман арнайы келіп, жалынды жастардың жаңашыл жырларын тыңдап, жастардың шығармашылығына жанашыр тілдектерін, ізгі лебіздерін жеткізді.

- Мұндай бастама бізде кенжелеп тұрғаны рас. Оның үстіне биыл «Жастар жылы». Жастардың шығармашылығына, ой өрісіне, идеяларына басымдық берілетін уақыт. Жастық қанжар секілді. Кез келген жеріңді осып жіберуі мүмкін. Бабаларымыз «Құйрығы жоқ, жалы жоқ – құлан қайтып күн көрер?» деп айтқан еді ғой. Адамның мұңы, жан дүниесіндегі азап шері болмаса ол қандай ақын болады? Қандай жазушы болады? Рухани жаңғырудың бір нышаны осы. Ол атқа мініп, асық ойнап, арқан тарту немесе небір фестивальдар өткізу емес. Олай кете беруге болмайды. Адам келе жатқан ұрпақпен мақтану керек. Мен айтпағанды осылар айтады, мен жасамағанды осылар жасайды деп өзінен кейінгілер өзінен озғанына қуана білу керек. Ол шындық. Сондықтан, осындай шараға ұйытқы болып, жан дүниесімен ат салысып жүрген жастар ел мақтанатын ақын, жазушы, я болмаса мәдениетті, өркениетті адам, азамат болып қалыптасарына кәміл сенемін, - деді өз сөзінде әлемдік әдеби тұлғалардың жастық амбициясынан сыралғы сыр шерткен жазушы Несіпбек Дәутайұлы.

Ал облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрадин Рақай жастардың сөзден іске көшіп һәм ешкімге арқа сүйеп, ештеңеге жалтақтамай өз еріктерімен шығармашылыққа арналған шараны ұйымдастыруына ризашылығын білдіріп, талантты өрендерге толағай табыс тіледі. Және бұл шараға Алматыдан халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, жас ақын Батырхан Сәрсенханның арнайы келіп, өзекжарды өлеңін оқып, тараздық замандастарына жүрек сөзін жырмен жеткізуі де поэзияның география мен беографияға бөлінбейтін, біртұтас рухани әлем екенін аңғартты.

Басқосу барысында қазақстан жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы, ақын Хамит Есаман ізбасар інілерінің бастамасына рухани қолдау білдіріп жыр оқыса, облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасарының міндетін атқарушы Асхат Райқұл, облыстық «Арай» газетінің директор-бас редакторының орынбасары, ақын Тұрсынбек Сұлтанбек, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті директор-бас редакторының орынбасары Бекнұр Сатыбалдиев төрден төбе көрсетіп, белгілі ақындар Маралтай Райымбекұлы мен Ерлан Жүністің жырларын оқып, аймақта ақындық сарынның сабақтастығын жалғап жүрген жастарға ақжарма тілектерін төкті. Олардың ізін ала кештің кейіпкерлері, жас ақындар Данияр Әлімқұл, Табиғат Абаилдаев, Нұржан Қадірәлі, Нұрболат Сатымқұл, Нұрболат Жолдасбек, Арайлы Жақсылық, Файзулла Төлтай бастаған, Әлімжан Шөңгербай, Ғайникен Маралтайқыз, Нұрлан Әбдікәрім, Аян Ермекұлы, Бексұлтан Көштаев қостаған бір топ қыз-жігіттер сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін тебірене оқып, көпшіліктің жүрек шөлін жауқазын жырмен басты. Кеш барысында әріптесіміз Мұратхан Әлімхан мен өнерлі өрен Бекарыс Көштаев, жас ақын Нұрлан Әбдікәрім жанды дауыста гитарамен һәм домбырамен лирикалық әндер шырқап, шығармашылық кештің шырайын аша түсті. «Өлең өндірісін қойып, шын мәнінде поэзия жаз дер едім» дейді Ғабит Мүсірепов. Тараздық шығармашыл жастардың поэзиядағы авангардтық культі шын мәнінде ардақты поэзияның бар екенін, болатынын және болашағы да зор екенін айшықтап бергендей. Режиссер Камат Касенов алдағы уақытта көне шаһардың жас ақындары жайлы қысқа метражды фильм түсіру туралы ойын да жасырмады. Кеш барысында мектеп қабырғасындағы оқушылар да өздерінің тырнақалды жыр туындыларының тұсауын кесті. Ән құйылып, жыр төгілген аядай ғана кофеханада ине шаншыр орын болмады. Осылайша тараздық жастар әдебиеттің бүгіні мен болашағы турасында сыр шертіп, рухани романтикалық кештен қимай тарқасты.

«Жастар жылында» жастардың өздері бұлқына булығып өз өнерлерін халықпен бөлісуін баянды болашағымыздың бір нышанына баладық. Алдағы уақытта жас ақындар еркін форматтағы бұл шараны шаһардың әр төңірегінде ай сайын тұрақты түрде ұйымдастырып тұруды жоспарлап отыр. Көпшіліктің күткені де, сұранысы да осы.

Айсана НҰРБАП


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар