Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Аягүл МАНТАЙ: Уақыттарын ұрлап жатқаным үшін оқырм...

28.01.2017 8545

Аягүл МАНТАЙ: Уақыттарын ұрлап жатқаным үшін оқырмандарымнан кешірім сұраймын...

Аягүл МАНТАЙ: Уақыттарын ұрлап жатқаным үшін оқырмандарымнан кешірім сұраймын...  - adebiportal.kz

Оқырмандарымды алдағым келмегендіктен, аз жазамын

Аягүл, қазір не жазып жүрсіз? Әңгімені осыдан бастайықшы...

–Құдайды іздеу туралы, оқырманға ақиқатты танытатын көлемді шығарма жазуды армандаймын. Қазір осы мақсатқа жету үшін ізденіп жатырмын. Құдайды іздеу туралы шығарма жазу үшін өзің Құдайға жақын болуың керек, Құдайды танып, тақуа болуың керек. Құдайды Толстой мен Гандидың деңгейінде танығым келеді.

Ал сұрағыңызға нақты жауап берсем, жақында «Бөтен» атты жаңа әңгімемді аяқтадым.

– Сіз маған өз оқырмандарыңызды алдап жүрген секілді көрінесіз. Олар сізден жаңа дүниелер күтеді. Ал сіз әлеуметтік желіде қоғамның ішкі қарсылығын дөп басатын жазбаларыңызды жариялаумен ғана шектеліп жүрсіз...

– Жазушы ешқашан оқырманын алдай алмайды, тек қана өзін-өзі алдап, оқырманын жоғалтады. Оқырманның ештеңесі кетпейді. «Оқимын» деген адамға жақсы кітап көп. Мен өзімді де, оқырманымды да алдағым келмегендіктен, аз жазам. Ешкімді қайталамайтын, тіпті өзімді де қайталамайтын, ешкімге ұқсамайтын шығарма жазғым келеді. Тек оған уақыт керек, сосын әлеуметтік қиыншылық еңсемді басып, жазуға мойын бұрғыза бермейді. Мойындаймын, жалқаумын. Талант – Құдайдың адамға берген ерекше сыйы. Құдай берген талантын дамытпаған, ізденбеген адамның тиісті жазасын алатынын да білем... Жақсы шығарма ұсына алмай жатқаным үшін, уақыттарын ұрлап жатқаным үшін барлық оқырманымнан кешірім сұрағым келеді.

– Кейде маған әлеуметтік желідегі жазбаларыңыз арқылы өзіңізге «белый PR» жасап жүрген секілді көрінесіз. Солай ма?

– Әрине, бұл – сіздің жеке пікіріңіз. Менің де өзіме тән жеке тұлға ретінде, жазушы ретінде пікірім бар. Қоғамға қатысты көзқарасым бар. «Жазушы ретінде мына мәселеге үн қосуға тиіспін, бұл – менің парызым» деп қоғамдық мәселеге қатысты фейсбукте көзқарасымды білдіріп отыратыным рас.

Байқасаңыз, соңғы кезде әлеуметтік желіге өте сирек кірем. Себебі, уақытымды көп ұрлайды. Уақыт болса, зымырап өтіп жатыр. Өмірін әдебиетпен байланыстырған адамның уақыт жоғалтуы – қасірет. Мен оқымаған, мен оқуға тиіс қаншама кітап бар.

Қоғамды ояту – ақын-жазушының міндеті

– Қазір ақын-жазушылар саяси көзқарасын жиі білдіріп жүр. Бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

– Ақын-жазушылар қоғамдық мәселеге бейтарап қарамай, көзқарасын білдіріп жатса, қуану керек. Қоғамды ояту – ақын-жазушының міндеті. Кешегі жер дауында үн қоспай, сырттай үнсіз бақылап отырған ақын-жазушы да аз болмады. Ұлттың болашағына қатысты мәселеге үн қоспай, жеке басын күйіттеп, жалтақтап, жағымпазданып жүретін ақын-жазушыдан ештеңе күтуге болмайды. Олардың өмірде ғана емес, әдебиетте де позициясы айқын емес. Бірақ олар сыйлыққа қол жеткізудің жолын жақсы біледі...

– Бірде еліміздегі телеарналардың бірінде әдебиет жайлы сөз қозғалды. Сонда жазушы ағаларымыздың бірі «Мәскеу таланттарды алып қалады. Аягүл де сол жақта қалуы мүмкін» деген пікір білдірді. Сіз Мәскеуге қаншалықты керексіз?

– Бірде анам «Өзім көрмедім, теледидардан көрген ауылдың әйелдері айтып жатыр. Бір жазушы сені қатты мақтапты, «Аягүлді енді Мәскеу алып қалуы мүмкін» депті. Қызым, жақсы жазбай-ақ қойшы. Көз тиеді» деп шырылдап еді. Анам мектепте оқып жүрген кезімде де «жақсы оқымай-ақ қойшы, көз тиеді» деп жиі айтатын. Үш ұлынан ерте айырылған анамды жақсы түсінем, аналық сезіммен менің болашағыма алаңдаған түрі ғой. Анам менің жақсы жазуды қатты армандайтынымды, сол үшін ізденетінімді қайдан білсін?!

Мақтанғаным емес, мәскеулік ұстаздарым шығармашылығым туралы жылы пікір білдіріп, қолдау жасады. Егер өзіме сіз айтқандай, пиар жасап жүрсем, мәскеулік әдебиетшілердің шығармашылығым туралы жазған пікірлерін фейсбуктағы парақшамда жариялар едім. Бірақ оған менің арым мен ұятым жібермейді.

«Мәскеуге керекпін» десем, өтірік айтқан болам және оған ешкім сенбейді де. Өзімді шығармашылық тұрғыда дамыту үшін Мәскеу маған керек.

– Жалпы Мәскеу біздің ақын-жазушылармен қаншалықты таныс? Жылда әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілген кезде «біздің ана жазушы мықты, мына жазушы мықты. Олар да Нобельге лайық» деп бір шулап аламыз. Әдебиеттің айналасында жүрген соң, «бізді әлем емес, осы Мәскеу тани ма екен?» деген сұрақ ылғи да көкейімде жүреді...

– Мәскеуге алғаш барған кезімде орыс әдебиетшілерінен «Бізде мынандай мықты жазушылар бар. Сіздер біздің осы жазушыларды танисыздар ма, оқыдыңыздар ма?» деп сұрадым. Олар «жоқ» деп бастарын шайқады. Кейбірі «Сіздің әңгімелеріңізді оқыдым, ол туралы өзіңізге пікірімді айттым» деп қалжыңға бұрып құтылды.

Кезінде елде жүргенде бір-екі жазушымыз туралы жазғанда «әлемге әйгілі жазушымыз» деп фамилиясының алдына «сүйкеп» жібергем. Әлем түгілі, біздің сол жазушыларымызды Мәскеу білмейтінін түсініп, жылағым келді. Сонда біздің жанымыз пафосты жақсы көретінін түсіндім.

Былтыр стажировкадан өту үшін мәскеулік бір университетке бардым. Нинель Литвиненко есімді профессор әйел: «Олжас Сүлейменов – мықты ақын. Кезінде «АЗиЯ»-сын сүйсініп оқыдық» деп мақтап жатты. Қасымызда отырған әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі де Нинель апайды қоштап, Олжас Сүлейменовтің шығармашылығына жоғары баға беріп жатты. Қуанып, қанаттанып шықтым.

Мақтап жүргендер Ерланның шығармашылығын түсінбейді

– Өзіңіздің замандастарыңыз жайлы айтыңызшы. Байқағаным, Тоқтарәлі Таңжарықтың, Ерлан Жүністің, Бауыржан Қарағызұлының шығармашылығы жайлы жақсы пікірдесіз. Сіздіңше, осы ақындардың өзгелерден артықшылығы қандай?

– Тоқтарәлінің поэзиясының шынайылығын, табиғилығын ұнатам. Егер ақын болсам, Тоқтарәлінің «Жазуын» неге мен жазбадым?» деп қызғанған болар едім. Кейде «Тоқтарәлі неге жазбайды? Өлең жазбай кетті ғой» деген пікірді оқып қалам. Тоқтарәлі бұдан кейін ештеңе жазбаса да, өз биігінде қалады. Егер ақын 10 жақсы өлең жазу керек болса, Тоқтарәлі жазды, жазып қойды.

Ерланның өлеңдерін оқығанда, өзімді кроссворд шешіп отырғандай сезінем. Жақсы мағынада айтып отырмын. Мұндай сезімді Павичтің кітаптарын оқығанда сезініп едім. Ерлан – көп мақталып жүрген жақсы ақын ғой, бірақ сол мақтап жүргендердің көпшілігі Ерланның шығармашылығын түсінеді деп айта алмаймын. Ерлан – интеллектуал ақын.

Меніңше, Бауыржанның шығармашылығының басты артықшылығы: ол Құдайды, ақиқатты іздейді. Мәңгілік сұрақтарға жауап іздеп, шарқ ұрады. Бауыржанның поэзиясын оқығанда өмір мен мәңгіліктің, күрделілік пен қарапайымдылықтың арасындағы «қашықтықты» көрем.

– «Егер ақын болсам, Тоқтарәлінің «Жазуын» неге мен жазбадым?» деп қызғанған болар едім» дейсіз. Ал прозада кімді қызғанасыз?

– Толстойды, Гюгоны, Достоевскийді, Золяны қызғанам.

«Шабыт» біткен соң қорланып, өлгім келген

– Сіздерден кейінгі әдебиетке келген буын болғандықтан, аға буын туралы «аңыздарды» жиі естиміз. Сіздің Мәскеуге кетуіңізге «Шабыт» фестивалінен орын ала алмауы себеп» дегенді құлағымыз шалды. Елімізде өтетін әдеби байқаулар туралы ойыңыз қандай?

– «Шабытқа» біраз жыл бұрын қатыстым. «Шабытта» Астана қаласының әкімінің бе, әйтеуір бір сыйлық алғаным бар. Ол кезде Түркияда оқитын ініме, Алматыда оқитын студент сіңліме көмектесетін едім. Жарты жылдық жалақымды алдын-ала жаздырып, долларға ауыстырып, ініме беріп жіберетінмін. Басқа газет-журналдарға мақала жазып, азын-аулақ қаламақыға күн көретінмін. Сол кезде бір колледждің жатақханасында келісіп тұрғандықтан, тұратын жеріме көп ақша төлемейтінмін. Жұмыс алыстау болса да, ақшам болмай, үйге көбіне жаяу қайтатынмын. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, мен «Шабытқа» ақша үшін қатыстым. «Бас жүлде алам, 250 мың теңге алам» деп қатыстым. Менің амбициямды қалай қабылдайсыз – өзіңіз білесіз, мен байқауға қатысқан кезде «Бас жүлде алам» деп қатысамын. Себебі, өзіме сенем! Өзіңе сенбейсің бе, шығармашылыққа келудің қажеті жоқ. Рас, қазір байқауларға қатыспаймын.

...Бірде мені бір әдеби байқауға қазылар мүшесі болуға шақырды. «Қаламақым қанша болады?» деп едім, «Қаламақысы несі? Жұрттар қазылар мүшесі болғанға қуанады» деді. Кешіріңіз, мен қазылар алқасы болғанға қуана алмайды екенмін, бұл мен үшін соншалықты бедел емес. «Жүз шығарма оқып, ой қорытуыма тура келеді. Қаншама уақытымды алады» деп едім, әлгі кісі: «Сізге 100 шығарма оқудың қажеті жоқ. Жүлде алатын шығармаларды оқысаңыз болды» деді. Әсілі, байқамай айтып қалды-ау деймін. Осыдан-ақ біздегі әдеби байқаулардың қаншалықты әділетті өтетінін бағамдай беріңіз. Біреу рулас інісін, біреу рулас қарындасын сүйрейді... Әдебиетке адалдық дейсіз бе? Бұл әдеби мифке айналды ма деймін.

Сіз айтқандай, Мәскеуге «Шабыттан» орын ала алмағаным үшін кеткенім жоқ. Өзімді іздеп кеттім. «Шабыттан» орын ала алмаған талантты жастарды жұбатып, көз жасын сүрткім келеді. Рас, кезінде «Шабыт» біткен соң мен де жыладым. Тіпті қорланғаным сондай, өлгім де келген. Қазір күлкім келеді. Неткен ақымақ болғам? Дегенмен, «Шабыттағы» қазылар алқасы таланттардың сағын сындырмай, олардың психологиясымен абайлап жұмыс істеуі керек. Себебі, талантты жастардың жүректері тым нәзік, олар тым жас, тым қызба. Олардың тағдырымен ойнауға болмайды, таланттың обалы бар.

«Шабыттан» жүлделі орында көрінгендер шынымен сол орынға лайық па, жоқ па, оны уақыт таразылайды. Сенің «Шабыттан» жүлделі орын алғаның, алмағаның маңызды емес, талантты шығарма жаза алуың ғана маңызды.

– Біз кімді алдап жүрміз?

– «Біз» деп көпше түрде жауап бере алмаймын. Бірінші жақпен жауап берсем, мен өзімді-өзім алдап жүрмін, өзімді-өзім жұбатып жүрмін.

– Жалғыздықтан қорқасыз ба?

– Құдайдан ғана қорқам. Әр жазушының ішкі жалғыздығы болады. Бірақ бұл сезімнен қорықпаймын. Жан дүниенің жалғыздығынан, арпалысынан Құдайды шексіз сүйген кезде ғана арылуға болатынын түсіндім.

Мәскеуде оқуыңызды жалғастырып жатырсыз. Демек, сіз карьераны таңдадыңыз ғой...

– Жазушылық – дерт, бұл – менің дертім. Бұл дертті мен Құдайдан сұрап алдым ба, әлде тағдырдың сыйы ма, білмеймін. Сол себепті, өзімді карьера қуып жүрген қыздардың қатарына қоспаймын. Шынымды айтсам, мен де пендемін, шаршаймын, жалығам, торығам, мұңаям. Қатты шаршаған кезде әдебиеттен, жазудан жұбаныш табам. Жанымды жазу емдейді.

Ақынға тұрмысқа шығар ма едіңіз? «Потенциалымды жарыма арнап тастаймын» деп қорықпайсыз ба? Эгоист емессіз бе?

– Егер мені шынайы жақсы көрсе, менің де сезімім болса, әрине, шығам. Егер болашақ жарымның потенциалы шынымен мықты болса, қолдау көрсетем. Осы күнге дейін өзімді өзім сүйреп келем, тұрмысқа шықсам да, өзімді өзім сүйреуге шамам келеді.

Мойындаймын, эгоистпін. Эгоист екенімді ешқашан жасырған емеспін. Шығармашылық адамының эгосы болмаса, ештеңеге жетпейді. Өз басым талантты, білімді адамның «Мендігін» дұрыс қабылдаймын. Көкірегі ішіне түсіп кеткен адамдардан қорқам.

– Елге қашан ораласыз? Оқырмандарыңызға жаңа кітап ұсынатын да кез жеткен секілді.

– Елге қашан оралатынымды нақты шешкенім жоқ. Бір нәрсе анық: адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді.

Шынымды айтсам, қазір екінші кітабымды шығаруға дайын емеспін. Мәскеудегі ұстаздарым: «Ая, кітабыңды Мәскеуден шығар» деп жиі айтады. Жоспарым бойынша екінші кітабымды бес жылдан кейін елден, сосын Мәскеуден шығарғым келеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар