Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Аягүл Мантай: «Дон Жуан» ақынның трагедиясы

13.02.2017 3761

Аягүл Мантай: «Дон Жуан» ақынның трагедиясы

Өмір бойы өзімен-өзі алысып, бірде жеңіліп, бірде жеңіп, бірде итжығыс түсіп, өзін-өзі шаршатқан, өзін-өзі жұбатқан оның өмірі – тағдырдың картинасы еді.  Ол өмірде бәрінен көңілі қалып, бәрінен жалығып, жерлестерінен, Отанынан қашып, жыраққа кетсе де, поэзиядан бас тарта алмады. Себебі, оның өзі де, өмірі де – поэзия еді. Ағылшынның әйгілі ақыны Байрон бір аяғын сылтып басатын ақсақ болатын. Ұлының жүрегіндегі жазылмас жараны біле тұра, бірақ оны терең сезінбеген  анасы «менің ақсақ балам» дейтін. Бұл сұп-суық сөз баланы анасынан шеттете берді. Анасына ғана емес, мына әлемге деген реніші мен өкпесін ұлғайта берді. Ұрсып қалған балалар да оны «ақсақ» деп келеке ететін. Тіпті өзі ғашық болып, өлең арнаған Мэридің «Сол ақсақ жігіт маған керек еді?» деген сұп-суық сөзін естіп қалып, қатты қорланғаны бар. «Сол  ақсақ жігіт» кейіннен ағылшынның ғана емес, Еуропаның сұлу әйелдерін өзіне ғашық етіп, артынан жүгіртіп, сезімдерімен ойнады. «Сол ақсақ жігіт» қаншама сұлудың түсіне кіріп, арманына айналды.  «Сол ақсақ жігіт» әйелдерді ғана емес, бүкіл әлемді аузына қаратып, ұлы туындылар тудырды.  Бұл – дүние есігін Лондонда 1788 жылы кедейленген ақсүйек отбасында ашқан Байрон ақын еді. Тіпті ақсақтығынан қатты қорланған Байрон бірде дәрігерге барып, кемістігі бар аяғын кесуді өтінген екен. Дәрігердің үгіттеуінен кейін  аяғын кескізу туралы райынан  қайтыпты. Бәлкім, көңілдестерін қолғаптай ауыстыруының бір себебі: баяғы Мэри бойжеткеннің «Сол ақсақ жігіт маған керек еді» деген сөзімен байланысты шығар? Ызаланған, кектенген Байрон Мэриден ғана емес, барлық әйел баласынан өш алғысы келген секілді. Бәлкім, өзі толыққанды сезінбеген ана махаббатын әр әйелдің бойынан іздеді ме екен? Байронды көзі тірісінде жерлестері «жеңілжүрісті, бұзылған»  деп айыптады. Біздіңше, Байронның «жеңілжүрістілігінің» бір сыры – оның психологиялық соққы алуында жатыр.  Онсыз да тым сезімтал ақын көшеде біреулер аяғына ұзақ қараса, ақсақтығынан қорланып, депрессияға жиі түсіп, арақ-шарап ішіп, тіпті анаша шегіп, жатып қалатын. Ол ажалымен ойнап жүріп, қаншама шығармалар жазды. Шығармаларын таласып оқып, талантына көз жұмған қоғам ақынның болмысын, табиғатын қабылдай алмады.

46303c6cbc94bd3c05ba4035b102919d.jpg

Толықтыққа бейім етжеңді ақын өмір бойы диетамен тамақтанып, семіруден сақтанып жүріпті. Бірақ қатты депрессияға түскенде диета ұстау қайда, толған үстіне тола түсті.  Тіпті Байрон әйелдердің ер адамның көзінше тамақтанғанын жаратпапты. Ақсүйектер жиналған балдар мен кештерде ақынға ғашық әйелдер Байронның көзінше асты тіпті шұқып та жемеуге тырысыпты. Тіпті Байронның әйелі Анабелла  өмір бойы таңертең де, түсте де, кешке де Байронсыз, жалғыз өзі тамақтаныпты. Байронның әйелі демекші,  Анабелла  екеуінің жұбайлық өмірі бір-ақ жылға созылды. Дәулетті, текті жердің қызына Байрон өзін-өзі құтқару үшін,  өзі үшін өте қымбат жан-әпкесі Августаны өсектен арашалау үшін үйленді.

Августа – Байронның әкелері бір, шешелері бөлек әпкесі. Екеуінің балалық шағы екі бөлек әлемде өтті. Байрон Августамен он үш жасында танысты. Бұл кезде Августаның жасы он жеті де болатын. Августаның айттырып қойған жігіті барын білген Байрон қатты қайғырды. Бұл –  әпкесін жат жерге қимаған бауырлық қарым-қатынастан туған сезім емес, қорқынышты сезім еді. Байрон өз әпкесін еркектік сезіммен жақсы көріп қалып еді. Бұл, өкінішке қарай, өтпелі сезім болмай, күннен күнге ұлғая берді. Қаны бір бауырының сезімін сезінген әпкесі бұған тосқауыл қоюдың орнына, ол да Байронды әйелдік сезіммен ұнатты. Қаны бір туыстар, әпке мен іні аттамауға тиіс шекарадан аттап кетті... Олар ерлі-зайыптылардай қарым-қатынаста болды.  Бұл – Байронның ең үлкен трагедиясы еді.  Шайтанның арбауына түскен ақын әпкесінен қанша қашса да, айналып келіп, әпкесіне орала берді. Әпкесі Августа Байроннан Медора есімді қыз туды. Ұяттан өртенген ақынға өмірмен қоштасу керек не адам секілді өмір сүру керек еді. Ол өз өмірін өзгертуге талпынды.

Байрон Анабеллаға үйленгеннен кейін де шайтанның арбауынан шыға алмай, әпкесімен қарым-қатынасын жалғастырды. Әпкесі әрі көңілдесі Августа туралы Байрон «Біз ешқашан ұрыспаймыз, оңаша қалғанда жиі күлеміз. Мен оның қасында өзімді өте жақсы сезінем» деп жазады. Байрон, өмірден жаны ешқашан тыныштық таппаған ұлы ақын әпкесінің әрі көңілдесінің қасында тыныштық тапса, тапқан шығар.  Бірақ... төрт баласы бар, күйеуі бар әйелдің өзінің бауырының көңілдесінің рөлін ойнағаны – кешірілмейтін қылмыс. Августаның терең, парасатты әйел болмағаны осыдан-ақ байқалады. Бірақ біз – сот емеспіз. Оларды даттауға да, ақтауға да қақымыз жоқ. Байронтанушылар Августаның әдемі болмағанын, қарапайым, білімсіз әйел болғанын жазады. Байрон әйелдердің білімділігін ұнатпайтынын ешқашан жасырмаған. 

Байронның «дон Жуандығынан» шаршаған әйелі Анабелла қызы Ада өмірге келгеннен кейін төркініне кетіп, күйеуімен ажырасу туралы сотқа арыз береді. Байрон кешірім сұрап, талай өлең жазса да, күйеуінен әбден көңілі қалған Анабелла алған бетінен қайтпайды. Байронның әйелінен кешірім сұрап жазған өлеңін оқыған талай қыздар мен келіншектер бұл кезде  «Шіркін, Анабелланың орнында біз болсақ қой, Байрон бұл өлеңдерін бізге арнап жазғанда ғой. Не деген қатігез әйел» деп Анабелланы  кінәлап жатты. Бірақ ешкім де ақынмен өмір сүрген Анабелланың орнына өзін қойып, Байронмен өмір сүрудің, шын мәнінде, қиын екенін түсінген жоқ. Анабелла ешқашан тұрмысқа шыққан жоқ.  Бүкіл өмірін қызы Адаға арнады. Өзі математиканы жақсы көретін Анабелла Аданың математикаға деген бейімін байқап, оны осы салаға бейімдеді. Ада – өз кезінде әйгілі математик болды. Бүгінде Байронның қызын әлем ең бірінші программист ретінде біледі.

Әйелі Байронды қызымен араласуына тыйым салды. Бұған қатты қайғырған Байрон болмады. Бұл кезде ақын «көңілдестер әлемінде» көңіл көтеріп жүрді.  Әпкесі Августадан басқа әйелдердің бәрі Байронды тез жалықтырды. Мысалы, ақсүйек әйел Каролина Лэм Байрон өзін тастап кеткенде ызаланғаны сондай, бір кеште өз қолын өзі кесіп жібереді.

Байронның өмірінде үлкен рөл ойнаған әйелдердің бірі –Тереза Гвиччиоли. Ол тіпті Байрон үшін  өте дәулетті, граф күйеуімен ажырасады.

Байрон 1824 жылы Грецияда түріктерге қарсы  соғысып жүріп, безгек ауруынан көз жұмды. Өлер алдында бүкіл ақшасын, 100 мың фунт стерлингті  әпкесі Августаға қалдырады. Бұл ол кезде өте көп ақша болатын. Және әйелі Анабеллаға әпкесі Августаға қамқор болуын өтініп, хат жазады. Августа барлық ақшаны екі жылдан кейін жоқ қылады. Августаға барынша қамқор болуға тырысқан Анабелла шаршап, қолын бір-ақ сілтейді.  

Байрон мен оның көңілдестері  туралы том-том кітап жазылды. Бірақ... одан Байронның беделі төмендеген жоқ. Себебі, адамзат үшін  әлемге «Чайльд-Гарольд»,«Прометей», «Лара», «Корсар», «Дон Жуан» сынды өлмес туындыларды берген Байронның шығармашылығы қымбат. 








Аягүл Мантай




Теги: #Байрон

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар