Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Аягүл Мантай: Тургеневтің үйі...

14.02.2017 3883

Аягүл Мантай: Тургеневтің үйі

Аягүл Мантай: Тургеневтің үйі - adebiportal.kz

Тургеневтің үйіне кірген сәтте Джон Голсуорсидің «Тургенев – роман жазатын талғампаз ақын» деген сөзі есіме түсті. Шынында да, Тургеневтің шығармаларын оқып отырған сәтте поэзия оқып отырғандай сезімде боласың. 

a0081575a784576b519f4f2a8af1cafc.jpg

Мәскеудегі Тургеневтің үйі – кезінде ақсүйектер тұрғаны бірден сезілетін еңселі ағаш үй. Көп жыл шетелде тұрған жазушы анасына, үйіне жиі келіп тұрған. «Неге Ресейге түбегейлі оралмайсыз?» деген сұрақты жазушыға әріптестері мен оқырмандары жиі қойыпты. Сонда бекзада болмысты жазушы «Мен өзімді Парижде жақсы сезінем. Менің шығармашылығым үшін Париждың орны ерекше. Жазушы қайда өмір сүрсе де, жақсы, өте жақсы жазуы керек. Жазушының қайда өмір сүретіні маңызды емес, оның жақсы жазуы, оқырманын ойлантуы маңызды» деп жауап береді екен.

Тургенев Мәскеудегі үйіне келген сайын үйіне ақын-жазушы достарын шақырып, әдебиет туралы, қоғамның бет алысы туралы ұзақ әңгіме айтатын. Сосын «Адамзат үшін құнды дүние қалдыруымыз керек. Қалдыра аламыз ба?» деп ойланып қалатын.

feb69495b2e63b4946030dcd9c0e1625.jpg

Тургеневтің үйін аралап жүріп, жазушы терең, ойлы жанарымен менің әр қадамымды бақылап тұрғандай сезімде болдым. Үлкен залда Тургеневтің жеке заттары, кітаптары қойылған. Біздің көзімізге Пушкиннің «Евгений Онегинінің» 1825 жылы жарық көрген, пышақтың қырындай кітабы оттай басылды.

Тургенев достарымен жиі аң аулағаны, аңшылықты жақсы көргені өзінің шығармаларында көрініс тапқан. Үйінде жазушының үш мылтығы сақтаулы тұр.   

c070d481f8c1308cbcbdf3fb9dc88808.jpg



Залдан өтіп, жазушының жұмыс кабинеті кірдік. Үстел үстінде екі шам, қаламсап, қолжазбасы тұр. Бөлмеге кішкентай кітап салынған шкаф, екі кресло қойылған. Екі креслоның ортасындағы кішкентай үстел үстінде шахмат тақтасы иесін күтіп тұрғандай. Жазушының жұмыс үстелінің дәл қасында үлкен тазы ит жатыр. Бір қарағанда құдды тірі итке ұқсайды. Әрине, бұл иттің мүсіні еді. Жазушы итті өте жақсы көріп, үнемі ит асыраған. Әрине, оқырман ит туралы Тургеневтің «Муму» шығармасын жақсы біледі. Жазушы үйінің басқа да бөлмелерінде кішкентай ит мүсіндері көп. Кітап қойылған шкаф үстінде үлкен сағат тұр. Жазушының жұмыс бөлмесі сол күйінде сақталған. Қабырғада Тургенев құрметтеген жазушылардың портреттері ілінген. Солардың арасында біздің көзімізге Мопассанның портреті бірден түсті. Шын жазушы талантты жазушыны мойындайды. Талантқа мойындау тән. Рас, Тургеневтің Толстой мен Достоевскиймен қарым-қатынасы жақсы болған жоқ, өзара басараздықтарына, бір-бірінің табиғатын қабылдай алмауына қарамастан, олар іштей бірін-бірі мойындады.



   

1537c2a7a4d0b05e00981b5d2a52729c.jpg





Аягүл Мантай, Мәскеу 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар