Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Айбозым өз мәресіне жетті...

19.11.2021 4618

Айбозым өз мәресіне жетті 12+

Айбозым өз мәресіне жетті - adebiportal.kz

Қажыбай Жахин – Көкшетау өңірінен түлеп ұшқан асқақ дауысты әнші еді. 1966 жылы бұрығы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының 12 декабрь (қазіргі Береке) аулында дүниеге келген Қажыбай Жахин үш жасынан домбыра тартып әуестене бастаған екен. Ата-анасы Бадық пен Зәмзамия да төңірекке танылған өнерлі адамдар болады. 1983 жылы ол Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыкалық училищеге байқаудан тыс қабылданған жас талант Қажыбай 1986 жылы Алматыда өткен «Әнші» атты дәстүрлі әншілер сайысына Біржан салдың «Айбозым» әнімен қатысады. Қажыбайдың кең тынысты, шырқау дауысы әйгілі әнші Қайрат Байбосыновтың назарын өзіне аударады. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк студиясына (қазіргі эстрада-цирк колледжіне) қабылданып, қазіргі әйгілі әнші Рамазан Стамғазиевпен бір бөлмеде жатып, музыка әлеміне бірге қанат қағады.

Оқуын бітірген соң туған жеріне оралған Қажыбай Жахин Арқа сал-серілерінің дәстүрін жалғастырып, Көкше өңірін әнге бөледі. Әншінің паспортындай болған «Айбозымнан» өзге қаншама әнді әуелете шырқаған асқақ дауысты талант иесінің ғұмыры 54 жасында үзілді. Айбоз әншінің өзі өмірден өткенімен, соңындағы қалың елі ұмытпақ емес. Соның айғағындай, Көкшетау қаласында Қажыбай Жахин атындағы І Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы 17-18 қараша күндері Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында сәтті жүріліп мәресіне жетті. Байқаудың екі іріктеу кезеңінен өткен үміткерлер арасынан жеңімпаздар анықталып, «Көкшетау» мәдениет сарайында көрермендер мен қала қонақтары алдындағы Гала-концерт берілді. Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған байқауға Алматыдан арнайы келген ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Рамазан Стамғазиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Еркін Шүкіман, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкеновалар төрелік жасады.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 20 орындаушы арасынан Сәкен Әлімханов, Біржан Айтахметов, Фархат Жәкіш (Нұр-Сұлтан қаласы), Нариман Әбдірахманов (Алматы қаласы), Тәттімбет Хабдыраззах (Шымкент қаласы), Азат Әбдіғалым (Қарағанды облысы), Біржан Есжанов (СҚО), Шыңғыс Сәрсенбай және Аслан Мұхамедияр (Ақмола облысы) 100 мың теңге ақшалай сертификатпен және белсенді қатысқаны үшін дипломымен марапатталса, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Еркебұлан Қарыпов ІІІ дәрежелі дипломмен және 600 мың теңге ақшалай сертификатқа ие болды.

Нұр-Сұлтан қаласының өкілі Өзгеріс Шерікбай ІІ дәрежелі дипломмен және 800 мың теңге ақшалай сертификатпен марапатталды. І дәрежелі диплом және 1 млн теңге ақшалай сертификатқа Нұр-Сұлтан қаласынан келген Алуа Қалымбекова ие болса, көкшетаулық Бауыржан Нұрмұханов бас жүлдеге ие болып, байқауға тігілген автокөлікті тізгіндеді.

Әншіге, қазақтың дәстүрлі ән өнеріне құрмет деген – осылай болса керек-ті. Арқа төрі Көкшетауда дүбірлеп өткен Айбоз әнші Қажыбай Жахин атындағы байқау өз жалғасын таба бергей дейміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар