Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Айдын БАЙЫС, жас ақын: Ұлылықтың өзі – қарапайымд...

13.03.2017 5404

Айдын БАЙЫС, жас ақын: Ұлылықтың өзі – қарапайымдылықта

Айдын БАЙЫС, жас ақын:  Ұлылықтың өзі – қарапайымдылықта - adebiportal.kz

Бүгінімізге қарап болашағымызды бағамдасақ, бүгінгі жас қаламгерлерге қарап, ертеңгі әдебиетіміздің даму ауанын байқайтынымыз рас.  Әдебиет алыптарының шығармашылығына сүйсінгенде, жас кезінде қандай кітап оқып, қандай ой айтты екен деп қызығатынымыз бар. «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса  сақа ғой, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой» демей ме?! Ендеше, біз де жас қаламгерлердің әдебиет төңірегіндегі ойларымен бөлісіп, олардың соңғы жазылған шығармалары арқылы қандай ой толғатып, не мазалап жүргенінен оқырман қауымды хабардар етпекпіз.  (Олардың да ертең классик болмасына кім кепіл?!) Бұл жолғы сұқбат иесі – жас ақын Айдын Байыс.

 

 - Айдын бауырым, өлеңіңді оқып отырсақ еріксіз иманы жоғалмаған аңғал ауыл,  қараша үй, қоңыр тірлік еске түсіп, көңілге жылылық орнайтыны рас. Осы ретте, сенің жырларың балалық шақты сағынудан  тұратын секілді көрінеді.


 - Дәл байқағансың. Өмірдің өзі сағыныш сияқты көрінеді кейде маған. Бақыт деген не деп жатамыз ғой. Бақыт деген осы екен деп бақайынан ұстап алған ешкім жоқ. Меніңше ол өмірдегі қас-қағым сәт ғана. Оны дер кезінде байқамайсың да. Уақыт өте келе, таңдайыңа татыған соң барып бірақ түсінесің. Сосын еріксіз сағынасың. Мұнымен айтпағым, менің балалық шағым бақытты мезеттерге толы болды. Болмысыңа «фундамент» болған соң, өлеңдерімнің көбі сол шақпен байланысты шығар.


...Жалпы, мен, Балқаш қаласында, көк көлдің жағасында туып-өстім. Иә, қалада тудым. Бірақ сол қала қала болмай тұрып әуелі «Рабочий» деген кент пайда болған. Кәдімгі момақан ауыл. Біздің қарашаңырақ сол кентте. Бәріміз сол үйден шықтық. Атам Байыс аймақтағы жалғыз бура ұстаған адам. Оған қандай қажыр-қайрат керек екенін ойлай беріңіз. Даланың адамдары сияқты біз де төрт-түлікті айдап, Бала Дересін деген жаққа жайлауға көшетінбіз.


...Баланың өз жұрты нағашы жұрты демей ме. Арқаның алтын алқасындай болған аядай Ақтоғай елі менің сол аяулы нағашы жұртым. Тұсауымды да сол ауылда, Тоқырауынның бойында, селеу шөппен кескен. Каникул десе болды, бала Айдынды Балқаштан таппайсың. Дәуітәлі ақын айтқандай, «Балқашым менің Ақтоғайым, Ақтоғайым менің Балқашым» деп тартып отырамын. Елдің баласы қалаға қашушы еді, сенің ауылға қашатының не деген сөзді талай естідік.


Міне, мен осылай, көк көл мен керімсал даланы тел еміп өстім. Өлеңдерімдегі кейіпкерлер де қарапайым, өмірде бар адамдар. Балқаш-Ақтоғай деген Жұмақтың тұрғындары.


 - Бүгінде замандастарың әлемдік жауһарлардан әсер алып, түрлі эксперименттерге де барып жатыр.  Сен  «Жаңамен достаса алмай, ескімен қоштаса алмай» жүрген жоқсың ба?


 - Верлиберді айтып отырсың ғой. Замандастарым оқыған жауһарларды біз де оқыдық. Ол кімге қалай әсер етті, мәселе сонда ғой. Мысалға, мені  жапон поэзиясы керемет баурап әкетті. Хокку мен танка үлгісіндегі өлеңдер қазақтың төрт жол қара өлеңімен туыс та сияқты көрінді әрі-беріден соң. Олардағы табиғи нәзіктік, сурет, образ, пейзаж ғажап! Ақыл айтпайды. Түптің-түбіндегі үндестік, бұл екеуі де – тұтас ұлттың қолтаңбасы. Яғни, дәстүр. Тәкен Әлімқұлов айтады, «Асылы, топырақтан асып туар гений болмаса керек» деп. Топырақ дегені осы дәстүр, тамырың. Танка үлгісінде мен де жазып көрдім. Эксперимент дедім, болды, одан әрі қаузаған жоқпын. Себебі мен жапонның жерін басып, суын ішіп, ауасын жұтпадым. Ол менікі емес. Әсер ғана. Ал қара өлең менің бойыма ананың сүтімен, әжемнің әлдиімен сіңген. «Жаңа» дейсің ғой, жақсының бәрі жаңа. Жақсы өлеңге «адвокаттың» қажеті жоқ сосын. Мысалға, күні кеше жазылғандай боп Кеңшіліктің өлеңі көкейімде сайрап тұр дәл қазір. Эксперименттен қаш демеймін, оқы, біл, таныс, көр. Бірақ, жасандылыққа барма. Қазығың қара өлең екенін ұмытпа.


 - Алдыңғы толқын ағалардың алғысын алып жүргеніңді естіп-біліп жүрміз. Тіпті, Есенғали ағамыз телефон арқылы өзіңе батасын берген екен. 


 - Иә. Шатыр шегелеп жүр едім, телефоным шыр ете түсті бір күні. Арғы жақтағы дауыс Есенғали көкемнің дауысы екенін білгенде қатқан күйімде қалдым. «Өлеңдерің жақсы екен, жаза бер, қазір жазып қал. Кейін өзі тоқтайды ол» деп күліп ағалық ықыласын білдірген.


Мен жалпы, «Мақтағанда керең бол» деген принципті құп көрем. Жылы сөзге зәруміз ғой бәріміз, дегенмен, пендесің ғой, масайып қалуың әбден мүмкін, қаласаң да қаламасаң да.


Мақтаншақ деп жүрер. Басқа да лебіздерді тізбектегім келіп тұрған жоқ. Тек, екі ақын ағаларымның ілтифатын жағым жерге түскенше айта берем. Ол, мектепте оқып жүргенімде іздеп келген ақын Нұрдос Кәрім. Ол, құйын мінез ақын Аманхан Әлімұлы. Бұл ағаларыма Алла разы болсын!


 - «Ақын»  дегенге анықтама, сеніңше?


 - Қызық сұрақ екен. Жұматай Жақыпбаев «Ақынмын деген біртүрлі, мен жақсы адаммын дегендей боласың» депті ғой. Ақын деген аспаннан түскен адам емес әйтеуір. Періште де, пері де емес. Елден бөле-жарып тұрған қасиеті сезімталдығы дейін десең, ақыныңды он орап алар сезімтал суретшілер бар, музыканттар бар. Талантты жандар деп қысқа қайырайын десең, талант тек ақынға қонбайды, талантты аспаздар бар, талантты тігіншілер бар, талантты оқырмандар бар. Сөз киесі қонған қызық халық ғой.


 - Құралпыластарыңнан кімді «мықты»  деп бағалайсың?


 - Жоғарыда айтқандай, «Жігітті бұзғың келсе бетіне мақта» дейді қазақ. Мықтылар аз. Ешкімнің атын атап, түсін түстегім келмейді. Жүрістерін бұзып алам ба деп қорқам. Дегенмен, біреуін айта кетейін, кейінгі кезде мұнтаздай мөлдіретіп жазып жүрген Асылан Тілеген бауырымның өлеңдерін сүйсініп оқимын. Шынайылық деген сондай болады. Ұлылықтың өзі – қарапайымдылықта емес пе.


 - Соңғы өлеңіңді оқысақ...

***

Жұпарың жариялап үр көктемді,

Жуып-шайып жіберді күллі өкпемді.

Көңілімнің көліне қонған аққу!

Әйтпесе оған, кім келіп, кім кетпеді?


Келер күн де үмітін толтырды шат,

(Жайып тұрса жақсы ғой ол күн құшақ.)

...Жүрмін енді, ізіңе жағадағы

Жетіп келіп жығылар толқын құсап.


Сұхбаттасқан: Наурызбек САРША



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар