Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Айзада Оразалы. Мен күніге періштемен тілдесем......

27.03.2022 3258

Айзада Оразалы. Мен күніге періштемен тілдесем... 12+

Айзада Оразалы. Мен күніге періштемен тілдесем... - adebiportal.kz

Әкеге сағыныш

Әке, сендік бар сабырды сағындым,

Қайырылмас қарша күнді сағындым,

Домбыраны бір құбылтып өзгеше,

Шертіп тартар саусағыңды сағындым.

Әке, сенің мұртыңды да сағындым,

Тым сымбатты сыртыңды да сағындым,

Төс қалтада маған сақтап жүретін,

Қатып қалған құртыңды да сағындым.

Әке, сенің әзіліңді сағындым,

"Қызым, міне, әзір"-іңді сағындым,

Қабағыңды түйген кезде түсетін,

Маңдайдағы әжіміңді сағындым.

Әке, өзің қойған атты сағындым,

Шахмат бірге ойнамақты сағындым,

Өз қолыңмен берген күтіп шөбіңнен,

Қорадағы тойған атты сағындым.

Әке, сенің палауыңды сағындым,

Пышылдаған танауыңды сағындым,

Анам жоқта, амал жоқтан шашымды,

Шатыстырып тарауыңды сағындым.

Әке, сенің жылуыңды сағындым,

Елден ерте тұруыңды сағындым,

Табаныңа тіреп тұрып кей-кезде,

Мені "ұшақ қылуыңды" сағындым.

Әке, сенің қолдарыңды сағындым,

Сен таптаған жолдарыңды сағындым,

"Оқы,қызым, адам бол" деп дем беріп,

Жиі айтатын қолдауыңды сағындым.

Әке, сенің иісіңді сағындым,

Тап-тұйнақтай жиысыңды сағындым,

Көріп жатсаң теледидар - еркелеп,

Айналшықтап тиісуді сағындым.

Әке, сенің жөтеліңді сағындым,

Мойныңа сап көтеруді сағындым,

Анам ұрсса - сөзім(ді) сөйлеп, қорғаштап,

Көзді қысып өтеріңді сағындым.

Әке, сендік жылы үнді сағындым,

Жанға жақын қылығыңды сағындым,

Бойым жетпей,үстел қойып жуғышқа,

Жуып берер шұлығыңды сағындым.

Әке, сенің есіміңді сағындым,

Кіріп келер есігіңді сағындым,

Ешқашан да жыламағын деуші едің,

Мендік ,мынау,кешір мұңды,сағындым...

Мен - (н)айзамын!!!

Болған сəттер солғын тартып,күйреген,

Болған сəттер бақытсыздық билеген,

Тарам жолда тағдырының тастары,

Қай пенденің маңдайына тимеген.

Қақым бар деп құлаш ұрып,қайтадан,

Алыс емес бақытымды байқағам.

Көңіліме қаяу салған жандарды,

Өмірімнен шығарып сап,жəй табам.

Еш тынымсыз тіршіліктен күйбелең,

Əр күн сайын талай нəрсе үйренем.

Шалыс басқан қадамымды аңдитын,

Дұшпандарым мені көкке сүйреген!

Бес күнімнің бəйгесінде дүрбелең,

Оза шауып,алып жатыр жыр белең,

Сұрап жатса бəз-біреулер,айта бар,

МЕН - АЙЗАМЫН!ИМЕНУДІ БІЛМЕГЕН!

МЕН - НАЙЗАМЫН!ЖҮРЕКТЕРДІ ТҮЙРЕГЕН!!!

Періштемен тілдесем...

Шындық осы, сенсең де сол, сенбесең,

Мен күніге періштемен тілдесем,

Ол қараса - тас жүрегім елжіреп,

Таң-тамаша, бір ғажайып күн кешем.

Жымиысы - шипа болар жаныма,

Бұл қалпымды танымасаң, таныма,

Күлкілі боп көрінсем де сыртымнан,

Дәл осы сәт бұйырған ғой бағыма.

Оның тілі - ең таза тіл ғаламда,

Түсінбейді сондықтан да адамдар,

Ғайбат айту, налу, ашу жоқ мүлдем,

Сенбесеңдер, салыстырып қараңдар.

Жүрсе дағы күтімсіз-ақ, түк етпей,

Ол тым нәзік, терісі оның жібектей,

Ұйықтап жатса - бар пәктікті жинаған,

Қол жетпейтін, мінсіз салған суреттей.

Бұл құдірет қойған бәрін құмартып,

Ұлғаяды махаббатың күн артып,

Француздық әтірлерің әдірем,

Сүт сасыған періште исі мың артық!

Шындық осы, келіс,мейлі, келіспе,

Бәріміз де болғанбыз, рас,періште,

Пендешілік жасаған соң белгісіз,

Кіреміз бе, кірмейміз бе пейішке...

Шындық осы, келіс, мейлі, келіспе!!!

Үйленеді екенсің...

Саған қояр санамда сұрақтар мың,

Артқы күнге ашылып сыр ақтардым,

Үйленеді екенсің, білдім бүгін,

Маған бәрбір дедім де, жылап қалдым.

Өткен күнде өзіңді ұнатқанмын,

Өкпем кімге, енді, рас, жырақтармын,

Үйленеді екенсің тым жақында,

Естіп жатып, шалынып құлап қалдым.

Білем ғой жолдарымыз бөлінгенін,

Айтқан өзім " ешқашан көрінбегін",

Үйленеді екенсің басқа қызға,

Сонда да қонады екен көңілге мұң.

Өзіңмен өтем деуші ек белес, қырды,

Бұл тіпті қызғаныш та емес сынды,

Жүрегімде қол бұлғап саған қарай,

Түсініксіз қимастық елес тұрды.

Деуші едім ғой өзіңе ойым-шығын,

Мен сене алмай отырмын, тойың-шының?

Қыңыр сәби секілді мына қалпым,

Өзі ойнамас, ұстатпас ойыншығын.

Кенеттен кім болды екен үйленерің,

Кімді сүйер, маңдайды сүйген ерін,

Мен кеше алмай қатеңді кетіп едім,

Ол кешіпті, көп екен үйренерім...

Оразалы Айзада Есенболатқызы 1999 жылы 14 наурызда Райымбек (қазіргі Кеген) ауданы, Жалаңаш ауылында туған. С.Бейсембетұлы атындағы орта мектептің түлегі. 2016-2020 жылдар аралығында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде журналистика мамандығы бойынша шыңдалды. 2020 жылдан бастап облыстық “Жетісу” телерадиокомпаниясында редактор, тележүргізуші қызметін атқарады. Облыстық “БӘРІНЕН ДЕ СЕН СҰЛУ” байқауының жүлдегері, “ЖМУ АРУЫ - 2017” сұлулық сайысының жеңімпазы, республикалық “100 өлең” бәйгесінің 1 орын иегері.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар