Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Азамат Қасым. 34 жастағы қала басшысы

09.04.2020 1990

Азамат Қасым. 34 жастағы қала басшысы 12+

Қазақтың қаласы да, даласы да майданға бар қуатын бердi. Әсiресе Алматы қаласы соғыстың алғашқы жылдарында майдан даласын үздiксiз азық-түлiкпен қамтамасыз етiп тұрды.

Осы уақытта Алматыны 34 жасар басшы – Қазақ КСР Халық ағарту комиссарының орынбасары қызметiн атқарып келген Мұхамеджан Әбдiхалықов басқарды. Шаһарға бiр жыл билiк жүргiзген басшы майдан мен қала арасын жалғаған «алтын көпiр» болды. Оған сол кездегi жарқын iстерi куә.

1941 жылдың 22-маусымындағы қаралы хабар бүкiл Одақ халқын тiтiркенттi. Бұл уақытта Мұхамеджан Әбдiхалықов Қазақ КСР Халық ағарту комиссарының орынбасары болатын. Соғыс бастала салысымен Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң бюросы оны Алматы қалалық атқару комитетiнiң төрағасы етiп бекiттi. Жаңа басшының мойнына көп мiндет жүктелдi. Соғыс шағы, уақыт тығыз. Алайда қала басшысы кезек күттiрмейтiн шұғыл шаралардың бәрiне үлгеруге тырысты. Ең алдымен өздерi аш-жалаңаш жүрсе де, соғысқа аттанған боздақтарға вагон-вагон киiм-кешектер мен азық-түлiктер жөнелттi. Сонымен қатар Батыс аймақтардан көшiрiлген түрлi өндiрiс орындарының Алматыда орнығуына, тылға көшiрiлген өндiрiстiң жұмысшы мамандарын жұмысқа орналастырып, үй-жаймен қамтамасыз еттi. Шеттен келушiлердiң төлқұжаттарын тiркеуден өткiзiп, олардың iшер ас, киер киiмдерiне дейiн барынша қамтамасыз етiп отырды.

Мұхамеджан Әбдіхалықов

Әсiресе шаһар басшысы ретiндегi Мұхамеджан Әбдiхалықовтың мына бiр iсiн айтқан абзал. Ол бар-жоғы екi айдың iшiнде қала орталығынан жүретiн трамвай жолын I-Алматыдағы вокзалға дейiн жеткiздi. Бұл – кез келген басшының қолынан келе бермейтiн шаруа. Олай дейтiнiмiз, соғыстың қарбалас шағында «арбаны да сындырмай, өгiздi де өлтiрмей» нәтижелi iс қылу билiктiң портфелiн ұстаған қандай басшыдан болсын биiк жауапкершiлiк пен ұтқыр ұйымдастырушылық қабiлеттi күтерi сөзсiз. Мұхаң – бiз айтқан халыққа, ұлтқа қызмет етудiң нағыз үлгiсiн көрсеткен, соның шыңына, биiгiне құлаш ұрған тұлға. Оған бiлiктi басшының соғыстың шымылдығы түрiлген, арандай аузын ашқан алғашқы жылдарындағы қала толы босыған жұртты бiр қолға, бiр уысқа тырп еткiзбей ұстауы – бұлтартпас дәлел.

Жалпы, Мұхаметжан Әбдiхалықовтың майданның бастапқы шағында Алматыдай алып қалаға, iрi өндiрiс пен бiлiм ошағына басшылыққа келуiнiң өзiнде үлкен мән бар сияқты. Бiрiншiден, жас басшы партия мен комсомол iсiне әбден төселген, ел басқаруды бiр кiсiдей бiлетiн едi. Мұны орталықтағы басшылар да тап басып таныды. "Сабақты ине сәтiмен" демекшi, соғыс уақытында халық комиссарын шаһар басшысы қызметiне ауыстыруын кеңестiк билiктiң ұтқан жерi десек, артық айткандық емес. Екiншiден, майданның қарбалас шағында, шаһардағы ұлардай шулаған аламан жұртты сабырға шақырып, саналы iске бағыттауда да ақылы мен айласы қатар келген дегдар басшы керек болды. Бұл тұрғыда Орталықтың серкелерi де өз бағыттарынан адаспады, Әбдiхалықов та өз iсiнде тура жолдан танбай, әбжiл қимылдап, қала тiзгiнiн берiк ұстады. Осылайша, көздi ашып-жұмғанша сынаптай сырғып бiр жыл да өттi. Мұхаметжан Әбдiхалықовтың шаһар басшылығындағы қызметi осымен тәмамдалып, 1942 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетiнiң V Пленумы оны Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң үгiт-насихат жөнiндегi хатшысы етiп тағайындады.

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОҚУЛЫҒЫН

ЖАЗҒАНЫ ҮШIН ДЕ ҚУҒЫН КӨРДI

Бiлiктi басшы бұл қызметiнде бес жылдай жемiстi еңбек еттi. Басшылық қызметте жүрiп, әдебиет пен мәдениет, тарих пен өнер салаларына, ұлттық тарих пен әдебиетiмiздi жаңаша қырынан танытуға талпынған әдебиетшiлерiмiз бен тарихшыларымызға қамқор қолын созған уақыты – осы жылдар бедерi. 1943 жылы Мұхаметжан Әбдiхалықов пен академик Анна Панкратованың редакторлық етуiмен тұңғыш «Қазақ ССР тарихы» кiтабы жарыққа шықты. Аталған кiтап жарыққа шыға салысымен оның соңына шырақ алып түсушiлер көбейдi. Тарихшыларға мәлiм: 1942-1947 жылдары елiмiздегi идеологиялык шайқас негiзiнен, тұңғыш "Қазақ ССР тарихының" жазылуы мен әйгiлi "Бекмаханов iсiне" байланысты болды. 1949 жылғы "Қазақ ССР тарихының" екiншi басылымында Кенесары қозғалысы туралы жазылған бұрынғы концепция өзгертiлмей берiледi. Ақыры бұл iске Мәскеу араласып, Бекмахановты партиядан шығарып, қуғынға ұшыратады. Соған байланысты Iлияс Омаров хатшылықтан алынады. Осындай тар кезеңде қазақ деп шырылдаған тарихшыны аяғынан шалып қалғысы келгендер бой көрсеткенде Мұхаң бiр сөздi болып, өз пiкiрiнде қалып, бiржақты азаматтық көзқарас ұстанды. Ермұхандай есiл ер басын тауға да, тасқа да ұрып жанына пана iздегенде, Мұхаң қасынан табылды. Достықтың бұдан артық қандай үлгiсi бар. Ерекеңнiң жары Қалима жеңгейдiң айтуынша, тұрмыс тауқыметiн тартып жүрген шағында ол кiсi: "Кеттiк, Мұхаңа қонақ болып қайтайық" деп тартып кетедi екен.

Достықтың алды да, арты да кең ғой. Мұхаметжан Әбдiхалықов өз дәуiрiнде қазақтың әйгiлi жазушысы Мұхтар Әуезовпен де үлкен сыйластықта болған. Бiр дәлел. Ұлы қаламгер 1942 жылы шыққан «Абай» романына қолтаңбасын қойып, Мұхаңа ұсынып тұрып: "Әдебиет досы – жолдас Мұхаметжан! Бiздiң ЦК мен Совнарком 1939 жылғы қаулысында қазақ тiлiнде проза жанры даму қажет деп едi. Сол қаулыға жауап есебiнде жазылған шығарма осы едi. Оқып, сынап, жолдастық пiкiр айтуыңызды күтiп" деп 1942 жылы 22-шiлде күнi қол қойыпты.

Сегiз қырлы, бiр сырлы азаматтың хатшылық қызметiнде жүргендегi тындырған iргелi iстерiнiң бiрi – Қазақстан Ғылым академиясының құрылуы. Еңселi ғимарат 1946 жылы 1-маусымда ашылып, ел игiлiгiне қызмет ете бастады. Осы жылдары бiлiмдар басшы баспасөзге де бiлек сыбана кiрiсiп, бiр жылдай "Қазақстан большевигi" (қазiргi "Ақиқат") журналына бас редакторлық еттi. 1947 жылы Мұхаң хатшылықтан түсiп, Қазақстан КП ОК-i жанындағы Партия тарихы институтының аудармашысы болып қызметке орналасты. Ол жерде жиырма жыл табан аудармай еңбек еткен жан 1967 жылы зейнеткерлiкке шықты.

АХАҢ БIЗГЕ ҚАЗАҚ ТIЛI МЕН

ӘДЕБИЕТIНЕН ДӘРIС БЕРДI

Бүгiнде қадiрлi ақсақал 99 жаста. Алпыста ақылынан адасып, сексенде селкiлдеген талай ақсақалды көрдiк. Мұхаң жүздi алқымдаса да, жүзiн бермеген. Өзi тың, сөзi анық. Ұмытыла бастаса да, өткен күннiң өрнектерi көз алдында. Әсiресе ұлылықтың өлшемiндей болған ұстаздарының ұлағатты сөздерi санасында қалыпты. Бiр ғасырдың ғұмырын түгесiп, қос ғасырдың шегiн жалғаған жасампаз қариямен ұзақ әңгiмелестiк. Көп нәрсе айтты. Алдымен сауал төркiнiн Алматы қаласын басқарған жылдардан бастадық. "Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпептi". Ақсақалдың айтары аз емес екен.

– Соғыс басталған кезде мен Совнаркомда орынбасар болып қызмет iстеп жүргем. Майдан басталған соң менi қалалық атқару кеңесiнiң төрағалығына қызметке шақырды. Өздерiңiз бiлесiздер, ол уақыт – соғыстың басталған кезi. Нағыз қарбалас шақ. Жан-жақтан астанамызға адамдар келе бастады. Ресейдiң iрi қалалары Мәскеуден, Ленинградтан көптеген жұмысшылар, интеллигенция өкiлдерi, әншiлер мен әртiстер келдi. Сонымен қатар Алматыға Мәскеу, Ленинград қалаларынан завод-фабрикалар көшiрiлiп әкелiндi. Ғылым академиясының негiзгi институттары да осында орналастырылды. Шиырып айтқанда, Ресейдiң жоғарыда аталған екi қаласының ең маңызды ғылыми орталықтары Алматыға әкелiндi.

Бiлуiмiзше, ағайынды Михалковтар соғыс басталған жылдары сiздiң үйiңiзде тұрған көрiнедi.

– Бiздiң үйде тұрғаны рас. Ол уақытта мен Алматы қалалық кеңесiнiң төрағасымын. Сергейдiң өзi, әйелi, анасы, екi баласымен бiзбен бiрге тұрды. Кейiн де жақсы араластық. Үйге үнемi келiп тұратын.

– Соғыс жылдары Алматы қандай едi?

– Алматыға адам сыймай кеттi. Қалалық кеңестiң жаны машинаға толды. Көшiп келгендердi әр аудандарға бөлiп, баспанамен қамтамасыз еттiк. Сөйтiп, Алматыны бiраз тазарттық. Кейiннен олардың талайы елiне қайтты. Бiзде тұрақтап қалғандары да болды.

– Алматы соғыс уақытында майданға азық-түлiктi мол жiбердi ғой.

– Көп жiбердiк. Вагон-вагон азық пен киiм-кешек майдан даласына ағылып жатты. Жалпы Қазақстанның майданға көп еңбегi сiңдi ғой. Мен өзiм де майдан даласында бiр жарым айдай болып қайтқам. Өзiмiздiң әскерлердiң, 8-гвардияның жауынгерлерiнiң арасында болып, жағдайларымен таныстым.

– Ол уақытта Қазақстанның басшысы кiм едi?

– Қазақстанды Скворцов деген басқарды. Соғыс бiткеннен кейiн Скворцовтың орнына Горков келдi. Ол да үлкен қызметте болған адам. Горковтан соң Орталық Комитеттi Шаяхметов басқарды.

– Өзiңiз осы аталған басшылардың қайсысына жақын жүрдiңiз?

– Барлығымен жақсы араластым. Бұлардың қай-қайсысымен болсын достығымыз берiк болды. Бiрлiкте болдық. Кез келген мәселеде бас қосып, ақылдасып, маңызды iстерде бiр жерден табылдық. Бiздiң арамызда «сен сырттан келдiң, сен iштен келдiң» деген дүниәуи әңгiмелер болған емес. Бәрiмiз өте тату жұмыс iстедiк.

– Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы болған Жұмабек Тәшеновтың көзiн көрген адамсыз. Ұлтшыл басшының тұлғасын көрген жұрт ең алдымен ол кiсiнiң өткiрлiгiн еске алады.

– Жұмекеңнiң қасында талай болған адаммын. Содан да болар, қайраткердiң көп қыры маған мәлiм. Бiр мысал айтайын. Нақты қай жылы екенi белгiсiз, бiрде Өзбекстан мен Қазақстан шекарасында Хрущев пен Тәшенов кездеседi. Хрушевтiң жанында Өзбекстан Халық ағарту комиссары Насенова деген әйел болады. Үшеуi қатар келе жатады. Жол-жөнекей әңгiме үстiнде Хрушев: «Жүрiп келемiз, жүрiп келемiз, не деген бiтпейтiн жер?! Осыншама жердiң бәрi қазақтiкi ме? Жоқ, бұл мүмкiн емес, бұл – әдiлетсiздiк. Шынында, бұл өзбекке тиiстi жер ғой» деп өзi бастап тиiседi. Тәшенов өзi мұндай артық сөз, адасқан ойға шыдамайтын жiгiт. Қанжардай тiлiп түсер өткiрлiгi және бар. Хрущевқа қарап: «Бұл – қазақтың заңды жерi. Оған тарих куә. Тарих бойынша солай бекiтiлген. Солай болып қала бередi де» – деп бұл жердiң тек қазаққа ғана тән екендiгiн бетiне басып айтады.

Содан Хрущевқа ұнамай қалған. Жалпы, Хрущев ұрдажық, есерсоқтау, мазасыз адам болған. Басшы адам шыдамды, салмақты болу керек қой. Бәрiн тыңдап алып, тоқетер сөздi сонда айту керек. Хрущев ондай емес, әй-шәйға қарамай, сөзiңнiң аяғын күтпей, салған жерден iлiп әкететiн едi.

Мұхаң қаланы басқарған жылдарды, сол уақытта өзiмен қызметтес, серiктес, пiкiрлес болған жандарды есiне алғанда әлдеқандай мұңның құшағында отырды. Оның себебiн де түсiнгендей болдық. Үзеңгiлес серiктерiнiң талайы қызмет бабында жүрiп ат жалын құшыпты. Билiктiң бұлталаңын көп көрiптi. Көкiрегiн керген талай басшы мен қу құлқынның қамы үшiн халқының мүддесiнен аттап кететiн таққұмарлардың алдынан өтiптi. Ұлты жолында, ұлтарақтай жерi жолында уыстап у iшер, қара нардай жауыр болған жампоздарға қанаттас болыпты. Бұдан әрi ақсақалмен әңгiмемiз туған ел, өскен орта төңiрегiнде өрбiдi.

Қай жылы отбасын құрып едiңiз?

– 1932 жылы отбасын құрдым. Осы жылы институтты бiтiрiп, 23 жасымда шаңырақ көтердiм.

– Өзiңiз қай жердiң тумасысыз?

– Қарағандының қазағымын. Қарағандының жанында ағылшынның оқ-дәрi жасайтын Спасск деген зауыты бар. Мен сол жерде дүниеге келгем. Бiз бес ағайынды едiк, бесеуімiз де сонда туғанбыз. Менен үлкен екi ағам жұмыс iстеп, жөндеп оқи алмады. Ал мен оқуды, бiлiм алуды үзбей, мектеп бiтiрген соң Петропавловскiдегi ФЗУ-да оқыдым. Оны тәмәмдағаннан кейiн, яғни 1926 жылы Қызылордадағы Халық ағарту ииститутына оқуға қабылдандым. Ол жерде маған ұлы Ахаң – Ахмет Байтұрсынов қазақ тiлi және әдебиетi пәнiнен сабақ бердi. Екi жыл өте сол кездегi Халық ағарту комиссары Ораз Жандосов Алматыда халық ағарту институтын ашты. Қызылордада бiлiм алып жатқан бiр топ студент Алматыға ат басын бұрдық.

– Әкеңiз туралы айтыңызшы.

– Әкемнiң аты – Әбдiхалық. Әкем iскер адам едi. Қазақтың Баянаула, Қарқаралысы, анау Бурабайдың, бойы – қалың ағаш шығатын жерлер. Менiң әкем сол Баянның тумасы. Ел ол кiсiнi құрметтеп «үйшi Әбдiхалық» деп атаған. Ағаштан түйiн түйген жан болатын. Киiз үйдiң сүйегiн, кереге, уық, шаңырақты ол кiсiдей жасайтын кiсi сирек болған. Ауылдағы жұрт: «ей, қарағым, кiмнiң баласысың?» дегенде, «Әбдiхалық деген кiсiнiң баласымын» деймiн. Сонда «е, үйшекеңнiң ұлы екенсiң ғой» деп ауылдың кез келген үлкен-кiшiсi құрмет көрсететiн.

– Ананың орны қашанда бөлек қой. Есiңiзде анаңыздың қандай қасиеттерi қалыпты?

– Анам өте қарапайым жан болды. Есiмi – Зейнеп. Ол кісі де Баянауылдiкi. Есiмде қалғаны, шешемнiң бiр ағасы болатын. Зор денелi. Таңғалатыным, бiр өзi жегiлген сегiз атқа иелiк ететiн. Ондай көшiрлер сирек қой. Баламыз ғой, ол кезде қазiргiдей көлiк жоқ, бiздi жанына алып тау-таудың арасымен құйындатқанда тойдан қайтқан анамызды көргендей қуанатынбыз.

Әке тiлегi, ана жүрегi Қарағандыдан қанат қаққан жасты биiктерге кұлаш серметiптi. Жiгерлi жас орта мектептi бiтiрген соң Қызылорда асып, одан Алматы келiптi. ҚазПИ-да бiлiм алды. Мұхаң өмiрiнiң өрнектi, нұрлы да әсем шағы осы тұс. Сол бiр жылдар жүрегiне сөнбес жылулық ұялатыпты. Бар қазақтың намысы мен арына айналған тұлғалардың тектiлiгiн бойына үлгi тұтыпты. Ахаңның алдын көрiп, Сәкеннiң сөзiн тыңдапты.

БАЙТҰРСЫНОВТАН КЕШIРIМ СҰРАҒАН ОРЫС ПРОФЕССОРЫ

Сiз 1928-1932 жылдары Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында оқыдыңыз. Институт ректоры Санжар Асфендияров болды. Сол бiр жылдар қалай едi, несiмен есте қалды?

– Бiздiң ректорымыз Мәскеуден келдi. Ол кiсi Мәскеуде Шығыстану институтының ректоры, содан соң Мәскеу университетiнiң Шығыстану факультетiнде кафедра меңгерушiсi болып қызмет iстеген. Әкесi Ташкентте генерал-губернатордың аға аудармашысы болған. Санжар сонда кадет корпусын бiтiрiп, әрi қарай Мәскеуде бiлiмiн жалғастырған. Алматыға келерiнде: «Өзiм қазақпын. Қазақ тiлiн ұмытып бара жатырмын. Сондықтан мен елiме барып жұмыс iстеуiм керек» дептi Санжар ағамыз. Айтса айтқандай, қайраткер Алматыға келiп, елiне қызмет еттi. Өте бiлiмдар жан едi. Шет ел тiлдерiне жүйрiк-тiн. Амал қанша, Асфендияровтай асылымыздың түбiне 37-нiң қырғыны жеттi. Сiбiрге дейiн жаяу айдаған ғой. Не деген жауыздық десеңiзшi. Кейiннен мен сол Асфендияровтар тобында болған, Сiбiрге дейiн бiрге барған жанды көрдiм. Әлдеқайда жас адам. Әскери. Соның айтуына қарағанда, ұсталғандардың барлығы Сiбiрге жеткен жерде әбден шаршап, жығылып өлiптi. Солардың iшiнде ең жасы үлкенi Асфендияров екен. Серiктерi «жер түбiне» жеткенше кезек-кезек арқалап отырыпты.

Ендi Асфендияровтың мiнезi деген керемет едi. Баламен балаша сөйлесетiн. Сол кездегi дайындық курсына жаңадан келген балалармен өзiнiң құрдасындай шүйiркелесетiн. «Қарақтарым, сендер ұялмаңдар, мен қазақтың кейбiр сөздерiн шет елде жүрiп ұмытып қалдым. Сендер менiмен ұялмай сөйлесiңдер» дейтiн. Бiр қызық жайды айтайын. Шамасы Санжар ағамыздың Мәскеуден ендi келген кезi. Бiзге сабақ бередi. Бiрде үзiлiсте барлық студенттер есiк алдында тұрғанбыз. Жанымызға ректорымыз келдi. Арамыздағы бiреу «Санжар аға, Мәскеуден қашан келдiңiз?» деп сұрады. Жайсаң жан саспастан «Бүрсiгүнi келдiм» деп жауап бердi. Бүрсiгүнi дегенi келер шақ кой. Бiз күлген жоқпыз. «Санжар аға, оны бүрсiгүнi демейдi, алдыңғы күнi дейдi» дедiк тағы бiреуiмiз. Өзi күлген жоқ. «Айналайындар, мен Мәскеуден сендердi аңсап келдiм ғой. Өзiм қазақпын. Ана тiлiмдi шала бiлемiн. Сондықтан да мына бүрсiгүнi деп тұрғаным — сол тiлдi ұмытып бара жатқандығымның белгiсi. Сендер менiң қате сөйлегенiмдi көрсеңдер, ұялмаңдар. Түзетiп жүрiндер. Сендер арқылы қазақ тiлiн бiлiп шығайын. Өзiмнiң ана тiлiмдi бiлмесем, мен қандай қазақпын. Мен елiме сұранып келдiм. Қуылып келген жоқпын» - деп бiзге қарап жылы жымиды.

Заман өзгерген сайын жағдай да өзгередi ғой. Бiздер институтқа келiп түскен кездегi интеллигенцияның, қазiргi интеллигенциядан көп айырмашылыңы бар едi. Ол кездегi зиялы тiк болмайтын. Бiзге Ахмет Байтұрсынов сабақ бердi. Ол кiсi бiлгенiн жұртқа түсiндiргенше асық болатын. Қазiргiлерден түсiнiк алу үшiн оның өзiне бiр сағат түсiндiру керек. Қазақ айтады ғой «ерiнiңнiң емеурiнiнен бiлдiм» деп, сол сияқты, олар сенiң не айтарыңды жүзiңнен оқитын. Бiр нәрсенi сұрасаң, қуанып қалатын.

Санжар Асфендияровқа жақын жүрдiңiз. Ол кiсi қазақ зиялыларынан кiмдермен етене араласты?

– Ол кiсiнiң тұсында институтта Ахмет Байтұрсынов жұмыс iстедi. Бiзге «Мәдениет тарихынан» дәрiс оқыды. Сонымен қатар Халел Досмұхамедов «Анатомия-физиологиядан» сабақ бердi. Математикадан Әлiмхан Ермеков бiлiм нәрiмен сусындатты. Байтұрсынов, Досмұхамедов, Ермековтар заманында тiл бiлiктiлiгi жағынан кейбiр орыстардың өзiн жолда қалдырған. Осы ретте мен өзiм көзбен көрген бiр жағдайды айтайын. Институтта оқып жүрген кезiм, бiзге Мәскеуден лекция оқуға орыстың Патов дейтiн үлкен бiр профессоры келдi. Өзi Маяковскийдiң досы екен. Өте бiлiмдi адам. «Адам мәдениетi» деген тақырыпта лекция оқыды. Бүкiл университетке. Барлық профессорлар қатынасты. Ахаң да болды. Ол кiсi сөйлеп болған соң ұлықсат сұрап ортаға Ахмет Байтұрсынов шықты. Баяндамасын әлгi орыстың оқымыстысынан әлдеқайда артық жасады. Ахаң сөзiн тәмамдағаннан кейiн жаңағы орыс профессоры оның жанына жақын барып, қолын алып «мен көп нәрсенi бiлмейдi екем. Сiздiң алдыңызда сөйлегенiме кешiрiм өтiнемiн» деп құшағына қысты. Ол кездiң адамдары мықты едi. Және сонша кiшiпейiл кiсiлер. Үзiлiстiң кезiнде балаша сөйлесiп тұрады.

«БЕТАЛДЫ СӨЙЛЕМЕЙДI, ДЕТАЛЬМЕН СӨЙЛЕЙДI»

Бiзге Сәкен Сейфуллин де ұстаздық еттi. «Қазақ әдебиетi» пәнiнен сабақ бердi. Өте көрiктi жан болатын. Ондай сұлу адам сирек. Жолдастары «Сәкен әйелдердi көрсе қызығып кетедi» деп қалжыңдайтын көрiнедi. Оны мен де көрдiм. Институтта үзiлiске шыққан әдемi қыздарды көргенде Сәкен қарап тұрмай «Ойпырмай, мына баланың сауырын-ай» дейтiн.

Ахаңдар қара сөздiң шешенi едi ғой. Ол кiсiлер дәрiс бергенде мақал-мәтел, сирек кездесетiн сөздер қолданса, жазып алатынбыз. Содан соң бiр жерлерде сөйлегенде сол сөздердi кәдеге жаратасың.

P.S. Ақсақалмен әңгiме осымен тәмамдалды. Шұғылалы, шуақты әңгiме. Қазыналы қарттардың сөзiн тыңдаудың өзi бiр ғанибет қой. Ғабеңше (Ғабит Мүсірепов) айтсақ, беталды сөйлемей, детальмен сөйлейдi. Өткен күн өрнектерi - дерек, мағлұматтар, кiсi аттары Мұхаң көкiрегiнде сайрап тұр. Таңданғанымыз рас. Амал қанша, уақыт адаммен санаспайды, жүз жасаған жанмен жылы қоштасып, жайыма тарттым. Қолын алдым. Кетерiмде қария: «Балам, тағы да кел» дедi. Үнсiз бас изедiм


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар